Axios: Күрдтер Ирандағы режимге қарсы шабуылға дайындалып жатыр
Ирактағы күрд қарулы жасақтары АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (CIA) мен Израильдің Моссад барлау қызметінің қолдауымен Ирандағы режимге қарсы шабуылға дайындалып жатыр.
Бұл туралы Axios басылымы жазды. Ал Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Ирактағы Күрдістан аумағындағы күрд базаларына зымыран соққыларын жасаған.
Reuters агенттігінің 2026 жылғы 4 наурыздағы суретінде Ирактағы ирандық күрдтердің штаб-пәтеріне жасалған дрон шабуылы көрсетілген.
Басылым мәліметінше, соғыс басталардан алты күн бұрын Иракта орналасқан, Ираннан шыққан бес күрд тобы Тегеран билігіне қарсы күресу үшін Иран Күрдістанының саяси күштері коалициясын құрғанын жариялаған.
Axios дерегіне сәйкес, бұл коалицияның Иран-Ирак шекарасы маңында мыңдаған жауынгері бар.
Дереккөздердің бірі соңғы апталарда бұл жасақтар Ирактағы лагерлердің бірінен жүздеген жауынгерді Иранға жібергенін айтты.
Моссад пен ЦРУ бастамасы
Басылымның жазуынша, Ирак аумағынан Иранға қарсы құрлықтағы шабуыл жасау үшін күрд топтарын қолдау идеясы бастапқыда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Моссадқа тиесілі болған. Кейінірек бұл бастамаға ЦРУ қосылған.
Израиль шенеуніктері режим құлаған жағдайда Иранда күрд автономиялық аймағын құруға әскери ғана емес, саяси қолдау көрсетуге уәде берген.
Алайда дереккөздердің бірі:
«Мәселе мынада – ирандық күрд топтарының әскери қуаты жеткіліксіз, сондықтан олар тек зеңбірекке тосқауыл болатын күшке айналып кетуі мүмкін», – деді.
Axios мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге күрдтердің шабуылын қолдамаған. алайда кейінірек Ақ үй мұны қолдайтыны мәлім болды.
Бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп егер күрд күштері Иран аумағында шабуыл бастаса, оларды қолдайтынын мәлімдеді.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, күрд жасақтары Батыс Иранға ықтимал басып кіру мәселесі бойынша АҚШ әкімшілігімен байланысқа шыққан. Бұл туралы The Hill басылымы жазды.
— «Менің ойымша, олардың мұны жасағысы келетіні тамаша. Мен тек қолдаймын», — деді Дональд Трамп Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Түркия жағдайды бақылауда
Осы жағдайға байланысты Түркия 5 наурызда Ирандағы күрдтердің PJAK («Күрдістанның еркін өмір партиясы») ұйымының әрекеттерін бақылап отырғанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің дерегінше, ирандық күрд топтары АҚШ-пен Иранның батысындағы күштерге шабуыл жасау-жасамау мәселесін талқылаған.
Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы
28 ақпан күні таңертең АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы беруді бастады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасын жою ниеті бар екенін мәлімдеп, иран армиясын қаруын тастауға, ал халықты «өз тағдырын өз қолына алуға» шақырды.
Иран мемлекеттік БАҚ-тарының мәліметінше, шабуылдар салдарынан 1000-нан астам адам қаза тапқан.
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен бірнеше жоғары лауазымды әскери басшылардың қаза тапқаны расталды.
Жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы бірнеше елге соққы жасады, онда да адам шығыны бар. Тегеран араб елдерімен соғысып жатқан жоқ екенін айтып, соққылар аймақтағы АҚШ әскери базаларына бағытталғанын мәлімдеді.
4 наурызда Түркияға қарай ұшып бара жатқан Иран зымыраны қағып түсірілгені хабарланды.
Ал 5 наурызда Әзербайжан Иранды өз аумағына дрон шабуылын жасады деп айыптады.