Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 23 Шілде 2024

«Ай мен Айша» – ұлттық жарақат жайындағы спектакль

1

Халық санасынан өшпейтін, мәңгі жасайтын туындылар болады. Ел бұл шығармаларға қайыра шұқшиып, әр ұрпақ өзіне қажетін тауып, жаңадан түлетіп жататыны сондықтан.

 ХХІ ғасырда дүние төңкерілгендей рухани құндылықтардың арзандаған кезге бетпе-бет келгенде халықтың өз тамырына, өткен тарихына қайта оралтып, жақындататын да осындай туындылар. Сондай өлместердің қатарында жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармалары да бар.

ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында түбегейлі өзгерістердің кезеңі ретінде шегенделіп қалды. Дәуір басында орыстың патшалық өкіметі бастап кеткен отаршылдық саясатын кеңес одағы демографиялық геноцид пен этномәдени экспанция, қанды репрессиялар арқылы жүзеге асырып жатқанда Гитлер бастаған екінші дүниежүзілік соғыстың қызыл оты жер жаһанды жайлап, ұлтымызды ғана емес, күллі әлемді қан сасытып кеткені белгілі. Бұқара халық қамын ойлаған естияр зиялысынан айырылып, ес жия алмай отырғанда, «жығылғанға жұдырық» дегендей сұм соғыстың қасіреті ерлерімізді жалмап, көктей солдырды. Бұл кезеңнің ащы запыраны көкесіз өскен ұрпақтың көкірегінде шемендей қатты. Қазіргі кезде біз бұл беймаза заманды «ұлттық жарақат (травма)» деп айдарлап жүрміз ғой. Жазушы Шерханның көп жазбалары осы «ұлттық жарақатты» қозғағандықтан оқырманның жүрегіне алтын сәуледей құйылып, жадында сайрап жатады. Қай қайсысы болса да биік сахнаға, көркем фильмге арқау болуға сұранып-ақ тұр.

Жазушының бірқатар драмалық шығармалары ғана емес, прозалық дүниелері де сәтімен сахналанып, көзі қарақты көрерменімен әлдеқашан қауышқан. Солардың арасында оза шауып, оқ бойы озық тұрғаны, көркемдік деңгейі кемелі − Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының сахнасында жүріп жатқан «Ай мен Айша» қойылымы.

Аталмыш спектакльдің редакцияланып, қайта өңделген жаңа нұсқасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқаны оң шешім екеніне талас жоқ.

«Ай мен Айша» драмасы Ш.Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» повестері мен «Ай мен Айша» романының желісі бойынша сахнаға лайықталып, драматургиялық желіге түсірілген. Инсценировка авторы драматург Еркін Жуасбек осы шығармалардағы көтерілетін негізгі тақырыптар мен айтар ойды бір арнаға тоғыстырып, етек-жеңі жинақы оқиғаға қиюластырыпты. Соның нәтижесінде ғұмырнамалық драма халық басынан көшкен кең құлашты трагедиялық құбылыстарды қисынды баяндайтын сахналық өзекке айналыпты.

Жазушы шығарманың авторы десек, ал спектакльдікі режиссер екені қашанғы аксиома. Спектакль режиссері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сахнаның сырына қанық, кәнігі суреткер ретінде көркем туындыға қойылар барлық талаптарды сақтай отырып, ой толғапты. Спектакль – эпикалық-монументалды мизансценаларымен кестеленіп, халықтың қилы тағдырын, қазақтың қанында қалған соғыс қасіретін көрсетуге құлаш сермеген. Қойылымның музыкалық партитурасы, актерлік ансамблі, сценографиялық шешімі көркемдік идеяға бағындырылып, тұтастыққа ұмтылған.

Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық жарақатты өнер тілімен жеткізген бұл спектакльден «ұлттық мінез», «ұлттық психологияны» да анық байқаймыз. Режиссер қазақ ауылының басына түскен нәубетті көрсетуде қарапайым адамдардың кең пейілділігін, мейірімділік, бауырмалдық сынды жақсы мінездерімен қатар, күштіге жалтақтап-жағыну, әлсізге тізе батыру сынды жат қылықтарды да айшықтайды.

Режиссер Т.Жаманқұлов пен қойылым суретшісі М.Сапаровтың көркемдік ізденістері инсценировканың негізгі идеясынан туындаған. Спектакльдің бейнелік шешімі ретінде алып қара қақпа көрсетіледі. Бұл алып қақпаның семантикасын әр тараптан талдап қарастырсақ, бір жағынан қарағанда бораны басылмайтын қараша ауыл өмірінің қиындығын, екінші жағынан арғы дүние мен бергі дүниенің арасындағы қақпа (өлім мен өмір арасындағы деуге де келеді) деп топшыласақ, қайсыбір сәттерде Кеңес өкіметі жүргізген қызыл саясатының «темір қақпасы» деп те оқылып отыратыны бар. Қара қақпа спектакль бойы шешуші оқиғаларға араласып, оның көркемдік мәнін ашуға үлесін көп қосқаны рас.

Қойылымның атауындағы айдың бейнесі сахнаның қақ төрінде қайыра қайталанып көрсетіліп тұрады. Ай бейнесі спектакльдің мазмұнын байытуға мол еңбек еткен. Жалпы ай бейнесі әйелдік сипатқа ие. Ай − сұлулық пен әдеміліктің белгісі. Әйелге тән нәзіктік пен сезімталдықты ай арқылы жеткізуді автор да, режиссер де дұрыс пайымдаған. Ай қазақта жаңарудың, жаңғырудың да белгісі ретінде қабылданады. Сондықтан спектакльдегі ай бейнесі басты қаһарман Айшаның рухани кемелдігімен қатар өріледі. Айшаның аймен сырласуы, мұңын шағуы табиғаттың бірегей қос жаратылысының рухани жарасымдылығының көрінісі деп танимыз. Қойылым режиссері мен суретшісі кейіпкерлердің жан дүниесін табиғат құбылыстарымен, сұлулығымен шендестіре сипаттауы көркем идеяның ашылуына мол септігін тигізіп, спектакльді метамәтін деңгейіне көтереді.

Сахналық оқиғалар өтетін қарапайым ғана ауылдың бейнесін тоқалтам арқылы көрсетіп, қараша халықтың тіршілігін детальмен сөйлетуі де сенімді. Қоржын тамды мекендеген бұрындары бай-қуатты ғұмыр кешкен Мамай мен Айшаның бүгінгі хәлі аянышты. Режиссер Мамай бейнесіне де көп салмақ береді. Т.Жаманқұлов бұл екі бейнені бір деңгейге қоя отырып, тек Айшаны ғана алдыңғы планға шығаруды мақсат тұтпай, ауыл қартының трагедиясын қоса баяндайды. Мамайдың да прообразы соғыс кезінде барлық күрделі тауқыметті жауапкершілігіне алып, ауылда қалған қатын-қалаш пен көк өрім бала-шағаға қарап қалған, тылдағы қол былғар ауыр жұмысты қара нардай қайыспай көтерген қариялардың жиынтық бейнесі еді.

Бас кейіпкер Айша бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарынды сахна шебері Дария Жүсіп сомдайды. Сахнагердің трагедиялық хәл-күйді еркін көсіліп жеткізе білетін қабілеті спектакльдегі Айша бейнесінен анық байқалды. Айша-Дария әдеби нұсқадағы кейіпкерге табиғаты жақын шыққандықтан оның іс-қимылына, сезімдеріне риясыз сеніп отырасың. Себебі актриса Айшаның болмысын диалектикалық даму үстінде, үздіксіз күресте аша білген. Алғашқы сахналарда ақшыл көйлек киіп, желекпен жүрген жарқын жүзді жас келіншектің кейінгі көріністерде өз отбасына ғана емес, өзгелерге де қамқор ел анасына айналғанын нанымды ойынымен шебер жеткізді. Ол Айша бейнесін сомдауда мелодрамалық ұсақ тәсілдерді қолданбайды. Көз жасына малынып, өз сезімін тежей алмаған боркемік ана перзенттеріне не үлгі көрсетер еді. Актриса Д.Жүсіп осыны мықтап ұққан. Сондықтан ойынында трагедиялық қуат, рухани ірілік бар. Артист ойыны сыртқы қимылға сараң, қимылдары ширақ болғанымен, әсіре қарқын да жоқ. Бірақ үн-дауыстағы болаттай ауыр салмақ іштегі қан-құсаны, жүректегі жан жарақатын мейлінше нақты жеткізіп тұр. Шер мен шеменге толы зарлы үні өңменіңнен өтіп, құйқаңды шымырлатады. Сахнагер кейіпкерінің психологиялық жан тебіреністерін кесек ым-ишараттарымен айшықтайды. Айша-Дария аспанға қарап екі қолын көтеріп күңірене күрсінгенде табиғат та, ай да бірге күрсініп тұрғандай әсер етеді. Спектакльдегі Айшаны барша қазақ аналарының жиынтық бейнесі десек, олардың соғыс кезіндегі өлім мен өмір арасындағы рухани күресін Дария Жүсіп барлық шынайылығымен жеткізіп бере алды. Актриса ойыны эпикалық кемелдігімен, мүсінділігімен есте қалады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Айдос Бектеміров сомдаған Мамай бейнесі ұрпағы үшін жанын аямаған қарияның шарасыздықтан туған трагедиясын дөп басып көрсетті. Тәжірибелі актер өз кейіпкерін соғыста шейіт кеткен ұлының жалғыз тұяғын өзгеге тентіретпеймін деген оймен кенжесіне жеңгесін әмеңгерлікпен әперуге де дайын екендігін, қаталдыққа ұрпағының болашағы үшін мәжбүрліктен барғанын сенімді етіп кескіндеді. Сахнагердің орындауындағы Мамай бейнесі кесектігімен, монументалдылығымен көз тартады.

Қойылымдағы әр рөл спектакльдің көркемдік тұтастығына еңбек еткен. Г.Жақыпова сомдаған кейуана Қамқа бейнесі мен А.Өмірова орындаған Тотиясы, актер Ж.Толғанбайдың Мұртазасы халық басындағы қасіретті жүрекпен түсінуге ықпал етті. Спектакльдің лирикалық атмосферасын түзген Айдай – С.Құлымбетова мен Нұрперзент – Е.Бектас ойындары көрушіні алыста қалған балалық сәттерге оралтып, ыстық сезім сыйлағаны рас. Е.Тұрыс жасаған Барысхан бейнесі албырттығымен, қызуқандылығымен жадымызға жазылып, ерекше ықыласымызды тарта білді.

Қорытындылай айтқанда, қазақ халқының басындағы ұлттық жарақаттың көрінісін көз алдымызға әкелген «Ай мен Айша» философиялық астары терең көркем туынды. Айшадайын рухы биік аналарымыз, Барысхандай сағы сынбас жастарымыз барда қазақ халқы мәңгі жасайды деп сенеміз. Бұл қойылым қандай марапатқа болса да лайықты екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.

Меруерт Жақсылықова,

театртанушы, өнертану кандидаты

Тегтер: