Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:20

«Аяғым қайда?»: Астанадағы жол апатынан кейін қос аяғынан айырылған Алуа туралы

Алуа
Фото: ашық дереккөз

Астанадағы жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған кішкентай Алуаның жағдайы ауыр.

Қыздың нағашы ағасы жиенінің қазіргі күйі туралы айтып берді:

"Күні-түні көз ілмейді. Тек укол салғаннан кейін ғана аздап мызғып алады. Үнемі жылайды, «аяғым қайда?» деп сұрай береді. Бұл сұрақ — нағыз азап", - дейді ол.

Мектеп оқушысының отбасы балалар омбудсмені Динара Закиевамен де кездескен.

"Анасымен бірге реабилитация мен протездеу туралы сөйлестік. Алуамен бірге кітап ақтардық, аздап пицца жеді, бірақ үнемі «қолыма алыңдаршы, далаға шығамын» деп өтініп отырды", - деді омбудсмен.

Динара Закиеваның айтуынша, бүлдіршінге көмектесу мәселесі Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің жеке бақылауында тұр. 

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауыр жол апатынан кейін ес-түссіз жатқан мектеп оқушысы 4 маусым күні есін жиды. Қазір ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.

"Қыздың жағдайы оңалып келеді. Бүгін оң динамика сақталса, арнайы бөлімшеге ауыстырылады. Қасында анасы болады. Сонымен қатар психологтар отбасымен жұмыс жүргізуді жалғастырып жатыр", – делінген басқарма хабарламасында.

Аталған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен тағы екі адам қазір ем алып жатыр.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек журналистерге қыздың отбасына неге өзі бармағанын түсіндірген.

«Ол қыздың анасына менің әріптестерім, менің орынбасарым бірнеше рет барды. Кеше балалар омбудсмені болды. Бүгін де менің орынбасарым сол кісілермен бірге барады», - деді ол.

Жеңіс Қасымбек екі аяғынан айырылған қыздың отбасына қандай көмек берілетінін де айтты.

«Сақтандыру көлемі 20 миллионның көлемінде және әкімдік қосымша 10 миллион теңге береміз деп жоспарлап отырмыз. Баспана мәселесін де шешіп береміз. Оны ресми түрде айтамын», - деді ол.

 

Тегтер: