Аягөздегі қайғылы оқиғадан кейін HRW билікті мүгедектігі бар балаларды қорғауға шақырды

24.05.2020, 02:59

3

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін пандемияға байланысты мүгедектігі бар балаларды арнайы интернаттардан қауіпсіз жаққа көшіру амалын «шұғыл қарастыруға» шақырды.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Аягөздегі арнайы қызмет көрсететін балалар орталығында кәмелет жасқа толмаған төрт баланың қайтыс болғаны хабарланған еді. Мүгедектігі бар балалар тұратын интернатта 2-29 сәуір аралығында 2006, 2008, 2009 және 2012 жылғы үш ұл және бір қыз бала қайтыс болған.

HRW ұйымының айтуынша, ресми мәліметке сәйкес, бұл ауыр оқиғалардың коронавирус пандемиясына қатысы жоқ болғанмен жұқпалы ауру тараған кезде осындай институттарға бірінші кезекте қауіп төнетінін дәлелдеген. Ұйымның пікірінше, мұндай жағдайда балалар отбасында болуы керек және Қазақстан үкіметі «балаларды институттан отбасыларға немесе отбасыға ұқсас формада жұмыс істейтін бірлестіктерге көшіру үшін шұғыл қаражат бөлуі тиіс».

«Балалар қауіпсіз жаққа көшірілгенге дейін билік интернаттар ішінде инфекциялық бақылау шараларын қолға алып, күшейтуі тиіс, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, интернатта тұратын адамдар мен қызметкерлердің медициналық көмек алуына жағдай жасауы керек. Тек осылай ғана Шығыс Қазақстанда болған қайғылы оқиғаның қайталанбауына жол бермеуге болады» делінген хабарламада.

Ұйым бұған қоса, өткен жылы шілде айында жариялаған баяндамаға сүйене отырып, Қазақстанда мұндай мекемелерде тұратын балалардың әлімжеттікке жиі ұшырайтынын, оқшауланып, дұрыс күтім көрмейтінін айтады.

Бастапқыда Аягөздегі балалар өліміне "қызылша індеті себеп болды" деп айтылды. Кейінірек бұл ақпарат жоққа шығарылды. 20 мамырда зерттеу нәтижесімен таныстырған ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат «балалар туғаннан пайда болғаннан аурудың асқынуына байланысты бір ай ішінде әр уақытта қайтыс болды» деп мәлімдеді.

Жақында бұған қоса осы интернатта тұрған 10 баланың "қызылша" диагнозымен инфекциялық ауруханаға түскені белгілі болды. Кейбірінен ішек инфекциясы табылған.

Бұл арнайы мекеменің мемлекеттік сатып алу арқылы ақсерке, бекіре уылдырықтары, жылқы еті, майшабақ, сиыр еті сияқты азық-түлік түрлерін сатып алғаны белгілі болды. Мекеменің бұрынғы қызметкерлері мұндай азық-түлік балалардың ас мәзіріне кірмеген деді. ШҚО жемқорлықпен күрес қызметі «бұл фактіні назарға алғанын» хабарлады.

Қазір Қылмыстық кодекстің 317-БАБЫ («Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiби мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. ІІМ істі «бақылауға алғанын» хабарлады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34