Аяғымыз бар-ау, аяқкиім жоқ
Бүгінгі қазақ аяғына не киіп жүр? Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз қытай мен түріктің өтірік «брендтерін» киіп алып шапқылап жүрміз.
Әлемге әйгілі Аccademia, Geox, Timberland, Baldinini, негізінен, бақуаттылардың аяғында жүр, көбіміздің қалтамыз көтере бермейді.
Соңғы деректер бойынша бізге келетін аяқкиімнің 75 пайызы Қытайдан тасымалданады. Қалғаны Ресей мен Түркиядан келеді. Одан арғысы бағасы қымбаттау болса да, бренд деген аты бар АҚШ, Германия, Италия, Голландиядан жеткізілуде. Адам жалаңаяқ жүре алмайды. Жазғысы бар, қысқысы бар – жыл сайын пәлен бәтеңке мен етікті тоздырамыз. Мұны жақсы білетін шетелдіктер сапасыз өнімді тықпалаудан танар емес. Әрине, олар біздің аяғымызды ойлап жатқан жоқ. Майлы шелпектен кім айырылғысы келеді дейсіз. Осыншалықты «аяқтан қалуымызға» өзімізді ғана кінәласақ болады. Бір кездері күллі Қазақстанды аяқкиіммен жарылқаған «Жетісуды» жаптық. Шымкенттегі «Восход», Ақтөбедегі, Қызылордадағы ірі аяқкиім фабрикалары да алдыңғысының кебін құшты. Қазір республикада аяқкиім тігетін 100-ден аса шағын кәсіпорын бар деседі. Бірақ масқара болғанда, олардың өнімі ішкі қажеттіліктің 1-2 пайызын ғана қанағаттандырады екен. Онда да бұлар, негізінен, мұнайшылар мен құрылысшыларға қажетті арнаулы аяқкиім шығарады. Яғни ірі компаниялардың тапсырысын орындаумен шектеледі.
Жалпы, тігіншілік қазаққа таңсық кәсіп емес. Төрт түлік малдан ішер асы мен киер киімін айырған ағайынның ата дәстүрден біраз ажырап қалғаны ғана қынжылтады. Кезінде мал шаруашылығымен айналысқан Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүн-жұрқа, тері-терсек атаулы іріп-шіріп жатыр. Мал баққан жұрт «жүнді ешкім алмайды» деп еңірейді. Соңғы кездері шіріп жатқан жүнді өртейтін болдық. Барды ұқсата алмасақ, енді қайтпекпіз?! Шикізатты Қытайға су тегінге сатқанымызға мәз болып жүргендейміз. Жыл сайын Қазақстан Қытайға 5 млн ірі қараның, 10-15 млн ұсақ малдың терісін экспорттауда. Ал статистика мына жайларға қанықтырды. Жыл сайын бізде 500 мың тоннадан артық мақта талшығының 10 сорты, 30 мың тоннаға жуық жүн, 7,5 млн тонна тері өнімдері жиналады екен. Бұлардың түгелі дерлік шикізат күйінде шетел асады. Себеп біреу – қазақ жерінде аста-төк жатқан шикізатты өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Оларды салмасақ, өзге ел бюджетінің бүйірін бұлтитып, өзіміз баяғы таз кепешпен жүре бермекпіз.
Майтабандар толып жүр
Сапасыз аяқкиім аяқты құртады. Қазақстан ортопедиялық зерттеу орталығының мамандары Қытайдың сасық аяқкиімін киген балалардың 70 пайызының аяқтары дұрыс дамымағанын анықтаған. Қазіргі жастардың майтабан боп, әскерге жарамауы да сол себепті. Жағдай жыл өткен сайын ушығып отыр.
— Табанның қалыптасуы бес жасқа дейін өрбиді. Бала жүрмеген уақыттағы майтабандық – физиологиялық нәрсе. Ал 2-3 жасқа келгенде неврологиялық дерт байқалса, табанның сіңірлері нашар дамиды. Сондықтан балаға дұрыс аяқкиім таңдаудың маңызы зор. Арзан бәтеңкеге ортопедиялық аяқкиім деп жазып қойса, оған сенудің қажеті жоқ. Олардың супинаторлары өте сапасыз. Кейбір ата-аналар майтабандылыққа мән бермейді. «Жақсы ғой, ертең өскенде әскерге алмайды» дейтіндері де бар. Алайда жағдай қауіпті. Себебі бала өсетін жасөспірімдік уақытта табанға түсетін салмақ ұдайы артады. Аяқ тез талады, бірте-бірте қан тамырларының варикозы дамуы мүмкін. Бізге қаралған балалардың 60 пайызы майтабан болып шықты. Ата-анаға берер кеңесім – ұл-қызыңызға аяқкиім аларда дәрігермен ақылдассаңыз жақсы болады, – дейді бізге берген сұхбатында оралдық ортопед-дәрігер Жасұлан Мұқан.
Ауылда аяқкиім тігіліп еді...
Осыдан 6-7 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылының тұрғыны Нәсіпқали Жылқайдаров инновациялық жобаларға берілетін 3 млн теңге көлемінде грантты ұтып алған-тұғын. Сөйтіп, ауылдағы бос тұрған үйді аяқкиім тігетін цехқа айналдырды. Қайтарымсыз грант қаржысы ательенің құрал-жабдықтарын сатып алуға жұмсалды. Тігін цехына жұмысқа алынған ауыл тұрғындарын іске баулуға ағамыздың ұлы Ришад көмектесті. «Әсем» деп аталатын шағын цех таза табиғи материалдан өнім шығара бастады. Қажетті шикізатты Мәскеу, Самара, Ташкент, Шымкент қалаларынан алдырып отырды.
Аяқкиімнің тігілуі процесі былай: алдымен болашақ аяқкиімнің құрақтары пішіледі. Жеке бөліктерді жедел дайындап тіге алатын шеберлер оларды әп-сәтте дайын бөліктерге айналдырады. Содан кейін барлық бөліктер рет-ретімен тігіліп, қажетті саңылаулары салынады. Табаны облыс орталығы Оралда құйдырылады. Сосын ғана саудаға шығаруға жарайтын тауар пайда болады.
Аядай жердегі ателье бір кездері айына 300-500 жұпқа дейін аяқкиім тікті. Бағасы да қолжетімді еді. Мәселен, бүлдіршіндердің жазғы аяқкиімі 500-800 теңге аралығында, арнайы жұмыс аяқкиімі 3000-6000 теңге шамасында болды. Қонышты әскери үлгідегі аяқкиім (берцы) 6 мыңнан 8500 теңгеге дейін тұрды. Нәсіпқали аға тапсырыспен күреске, көкпарға арналған аяқкиімдер де тікті, ат әбзелдерін жасады. Дайын өнімін Орал қаласындағы бір компанияға ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша өткізіп жүрді. Яғни Аралтөбеде тігілген аяқкиім облыс аумағына тарап жатты. Нәсіпқали Жылқайдаровтың кәсібі ауыл тұрғындарына да шарапатын тигізіп, Алтын Төлеуғалиева, Нұргүл Бекетова, Гүлшат Қожжанова, Әнуар Рысқалиев секілді ауылдастарын жұмыспен қамтыған еді. Өкінішке қарай, түрлі кедергілер, әсіресе коронавирус індетінің таралуы кәсіпкердің жұмысын әзірге кідіртіп тұр. Қазір Оралға қоныс аударған Нәсіпқали аға елдегі жағдай түзеліп, індеттің беті қайтса, мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық болса, ауылдағы кәсібін қайта жандандырмақ ниетте.
– Бізде жүн де, тері де бар. Өкінішке қарай, оны өңдеп, кәдеге жаратып жатқандар мүлде аз. Жағдайды реттеу үшін үкімет сырттан келетін аяқкиімге салынатын қосымша құн салығын белгілі бір уақытқа арттыруы керек. Сонда отандық кәсіпорындар аяғынан тік тұрып кетер еді. Мәселен, Ресейде аяқкиім өндірісі мен былғары өңдеу ісін қорғау үшін сырттан келетін былғары өнімдерінің бір тоннасына қомақты кедендік салық салынуда. Ал бізде кедендік салықтың көрсеткіші тым төмен. Оның үстіне еліміздегі тері-терсектің бәрі сыртқа заңды жолмен кетіп жатқан жоқ. Бұған тосқауыл қоятын уақыт жетті, – дейді «Әсем» цехының жетекшісі Нәсіпқали Жылқайдаров.