Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:12, 11 Қазан 2022

Аяқсыз қалған күрес

None
None

Өткен аптада Алматыда белгілі қоғам қайраткері, кезінде оппозиция жетекшісінің бірі болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті.

Жиынға алыс-жақын шетелден қонақтар, еліміздің өзге аймақтарынан Алтынбек Сәрсенбайұлының достары мен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен әріптестері келіп қатысты. Ұлттық кітапханада өткен конференцияда ине шаншар орын болған жоқ. Қонақтардың бәрі Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына тағзым жасап, болмысына шынайы құрметпен қарайтындарын айтты.   

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл басқосу бұрынғыларынан басқаша болғаны бірден байқалды. Өйткені Алтынбек Сәрсенбайұлы оққа ұшқан 2006 жылдан бері бұл тақырып жабық болды. Қоғам да, достары мен жақындары да Алтынбектің атын ашық айтудан тайсақтайтын-ды. Мемлекеттік басылымдар Сәрсенбайұлы туралы материал жариялауды қойған. Ал саясаткердің журналистикадағы ағалары мен курстастары Алтынбек туралы жақ ашпайтын. Бүгінгі конференцияға бұрын бойын жасырып жүрген адамдардың бәрі жиналыпты.

Жиынды белгілі ғалым, Сәрсенбайұлының курстасы Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде С.Медеубекұлы: «Тарих, филология, әлеуметтану, қоғамтану, саясаттану, журналистика ғылымында Алтынбектану деген бағытқа түрен салынды. Енді ғылыми негізде сараптап, Алтынбектей тұлғаның қалыптасуының негізі неде? Алтынбектің рухы кейінгі ұрпақтарға жұғысты болу үшін қайтпек керек? Қалай зерттеу керек? Қай бағытта, қай қырынан алып саралау керек» деген мәселелер қозғады.

Жүргізушінің кіріспе сөзінен алғашқы құттықтауды саясаткердің журналистикадағы бірінші ұстазы Намазәлі Омашевқа берді. Профессор шәкірті туралы әңгімені қоғамда қордаланып қалған тақырыптармен сабақтастырып бастады. Көпшіліктің уақытын алғысы келмеген ғалым: «Алтынбек бізге шәкірт болған шығар. Бірақ біз Алтынбекке ұстаз бола алдық па? Ол өз дәуірінен оза туған ұл еді. Қазақ қоғамы үлкен азаматты сақтай алмады» деді. Одан кейін, Сәрсенбайұлының саясаткерлігін, тазалығын, аңғарымпаздығын, сабырлы қасиеттерін атап айтты. Ұстаз сөз арасында журналистер күніне байланысты Алтынбек Сәрсенбайұлымен пікірталас болғанын еске алды. 28 маусым – БАҚ туралы заңның қабылданған күні. Сол күнді журналистер күні деп белгілеу – Алтынбектің шешімі екенін еске алды.

Сөз алған қонақтардың бәрінің естелігін жариялау мүмкін емес. Дегенмен баяндамашылар мен арнайы дайындықпен келген қонақтардың ішінен тұщымды айтылған ойлар болды. Мәселен, саясаткердің курстасы Еркін Қыдыр досының студенттік күнінен бергі естеліктерімен бөлісіп, Алтынбек Сәрсенбайұлының қоғамдық және саяси тұлғасын үшке бөліп түсіндірді.

Бірінші кезең – Алтынбектің журналистік және редакторлық қызметі. Жиырмадан енді ғана асқан жігіттің журналистикадағы орны мен редакторлық қырын барынша аша сөйледі.

Екінші кезең – Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан енді-енді тұра бастаған кезіндегі Алтынбек Сәрсенбайұлының мемлекеттік қызметке араласуы. Алтекеңнің алғашқы мемлекеттік қызметі – Қазақстанның идеологиясын жасау еді. Отызға толмай орда бұзды, министр болды. Ақпарат саласын он жылға жуық басқарды. Қандай министр болды? Ол да зерттелуі керек. Еркін Қыдыр осы жағын көбірек қамту керек дегенді жеткізді.

«Үшінші кезең – Алтынбектің демократиялық қоғам құру жолындағы саяси қайраткерлік кезеңі» деді досы. «Ол министр болды, биліктің барлық баспалдақтарынан өтті, бәрін көзімен көріп, басынан кешті. Бұл жүріспен Қазақстанда түбегейлі өзгерістердің болмайтынына көзі жеткен соң, үлкен өзгерістер жасағысы келді. Назарбаевты да сол жолға тартқысы келді. Бірақ ондай үміті үзілген соң, қызметін тапсырып бұқаралық саясатқа біржола кетті. Егер басын бұғып жүре берген болса, қазір Алтынбек осында отырар ма еді? Бірақ оның табиғаты ондай өтіріктерді қабылдай алмады. Тумысынан сондай азамат. Билік, мансап қуған жоқ, мақсат қуды. Сөйтіп, саяси күреске бел шеше кірісті. Зерттеушілер осы үшінші кезеңіне көбірек көңіл бөліп жатады. Меніңше, болашақта зерттеушілер оның өмірінің бірінші және екінші кезеңіне де мойын бұрса деймін» деп түсіндірді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының оппозициялық жолда бірге болған мүдделес досы Болат Әбілов марқұмның принципке адал азамат екенін еске алып, демократиялық қоғам құру жолында оққа ұшқан бүгінгінің батыры екенін атап өтті. Одан кейін тарихшы Сәбит Шілдебаев саясаткер өміріндегі азаттық үшін күрестегі кезеңдерін бөліп, талдап тұрып түсіндірді. Арғы тарихтағы қазақ батырлары мен көсемдерімен салыстырды.

Баяндамашылардың арасында саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің талдауы жан жақты шыққандай болды. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлының «Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?» деген мақаласын негізге ала отырып баяндама жасады. Саясаткердің күрес жолындағы ұстанымдары мен ой-толғамдарын батыс саясаткерлері мен кейбір демократиялық мемлекеттердегі саяси тұлғалардың өмірбаянымен салыстырып отырып сөйледі. Сәрсенбайұлы әділдік үшін күрескен жылдардағы жағдай мен дәл қазіргі жағдайды салыстыра сөйледі. Қаңтар оқиғасына дейінгі және кейінгі саяси жағдайлардың бәрінің бастауында Сәрсенбайұлы аңсаған демократиялық қоғам құру идеясы жатқанын сөзіне тиек етті. Ал Алтынбек арманы аяқсыз қалған күрес екенін ескертті.

Өзге де баяндамашылар Сәрсенбайұлын әр қырынан талдап, конференцияда барынша толыққанды мағлұмат беруге тырысты. Шара аясында екі кітаптың тұсауы кесілді. Оның бірі – Алтынбектің өзінің жазған мақалалар жинағы. Екіншісі – саясаткер туралы өзгелердің жазған естеліктері мен зерттеу мақалалары.

Конференциядан кейін ұйымдастырушылар марқұмға арнап ас берді. Асқа осы жиында болған азаматтарден бөлек, Сәрсенбайұлының рухани және мүдделес достары болды. Жуырда ғана шетелден оралған Ғалымжан Жақиянов пен Ораз Жандосовтар Сәрсенбайұлы туралы бұрын еш жерде айтылмаған естеліктерімен бөлісті. Алтынбектің тәуелсіз Қазақстанды құру жолында шындық үшін шырылдап, оққа ұшқан оғлан екенін өкінішпен еске алды. Жақындары мен ағасы Рысбек Сәрсенбайұлына алғыс айтып, жесірі Салтанат пен артында қалған ұлы мен қызына жақсы тілектерін жеткізді. Он жыл бірге оқыған достары Алтынбекпен мақтанатындарын айтты. Астан кейін «Алатау» өнер театрында Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған ән кеші өтті. 

Айтпақшы, осыған дейін Алматы облысында саясаткер оқыған мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілген болатын.

Тегтер: