Аятжан Ахметжанұлы, педагог: Бір жылда 147-ақ күн оқып, бәсекеге қабілетті болғымыз келеді

Білім саласында шешілмеген түйін көп. Әсіресе үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының проблемасы Астананы қызықтырмайтын сияқты.
Бас мұғалімнің басын бала емес, хиджаб қатырып жүр. Белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы Қазақстанның білім жүйесіндегі қордаланған түйткілдерді санап, «Жас Алаштың» сауалдарына арнайы жауап берді.
–Аятжан мырза, жаңа оқу жылы басталып жатыр. Биыл соңғы қоңырау 1 маусымда болып еді, Тамыз кеңесінде қайтадан 25 мамырға бекітті. Сондағы шулап жүргеніміз 1 апта ғана уақыт. Не ұттық осыдан?
–Ұтқан ешнәрсеміз жоқ, қайта ұтылдық. Біз сарапшылардың шығарған кәсіби көзқарасын, зерттеулердің шешімін қоғамдық у-шудың табанына салып, аяғына жығып бердік. Бұл жерде кәсіби көзқарас жеңілді, әлеуметтік желідегі айғай-шу жеңді.
–Оқушыға үш ай демалыс көп емес пе? Біз жалпы Кеңес одағы кезіндегі білім стандартымен жүреміз деп, білім көшінен кешігіп жатқан жоқпыз ба?
–Ауызға сөз салып отырсыз ғой. Бізді құртқан сол кеңестік білім жүйесі. Бұл ұзақ әңгіме… 2017 жылы 6 күндік оқудан 5 күндік оқуға көшкен кезде, бір жылда 34 оқу күнін жоғалттық. Сол 34 күндік оқудың жүктемесін қалған күндерге шашып жібердік. Бұрын 181-182 күн оқысақ, қазір 147-148 күн ғана оқимыз. Бірақ балаға түсетін салмақты қалай шешуді ешкім ойлаған жоқ. Министрлік 3-4 жылдан кейін мұның қателік екенін түсінді, образды түрде айтқанда 182 күннің тамағын 148 күнде жесе адам денсаулығына зиян екенін білді. Сөйтті де 10 күн болса да салмақ азайтайық деп оқу жылын бір аптаға ұзартты. Халық та қызық, баланың болашағын ойлаудың орнына өре түрегелді. Заңгерлер «балалардың каникулын ұрладыңдар, сотқа берем» деп шықты. Бірақ оған әлемдегі басқа балалардың қалай оқитыны, кәсіби эксперттердің пікірі қызық болған жоқ. Үш ауысымды, апаттық жағдайдағы мектепте оқитын балалардың тағдырына алаңдап сотқа берем деген заңгер болмаған еді, ал оқушының каникулын қысқартқанда шыр ете қалды. Жазда үш ай демалыс оқушы үшін өте ұзақ, бала оқығанын ұмытып қалады.
Билік халықтың ығына жығалатын кезде жығылмайды да, жығылмайтын кезде жығылады
–Қазақстан оқушыларының көп демалатыны жайлы айтып қалдыңыз. Төрт тоқсандағы демалыстар, жазғы демалыстағы үш ай. Бұл көп пе сонда?
–Менің өз тәжірибем бойынша Қазақстан оқушылары бес күннен 38 апта оқу керек деп ойлаймын. Мен Кеңестен қалған жүйемен емес, озық елдер сияқты семестрлік оқуға көшу керек деп ойлаймын. Бірінші тоқсан мен екінші тоқсанның ортасындағы демалыс аптаны құрту керек. Қыстық каникулды 15 күнге созып, жаздық каникулды екі айдан асырмау керек. Үш ай демалыс бала үшін тым ұзақ. Бала оқығанын ұмытады дедім. Көп оқу балаға ауыр болмай ма деген пікір де бар қоғамда. Оқудан жынды болып кеткен жапонның балаларын көрдіңіз бе? Маған келген ата-аналар «Баламды Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейіне жеткізіп бер» дейді. Дұрыс, талап қою керек! Бірақ бала НЗМ-дағы оқушының деңгейіне жету үшін солар сияқты күндіз-түні оқу керек. 210 күннен көп оқитын Оңтүстік Кореяның баласы оқусоқты болып қалды ма, жыл сайын жаңалық ашып жатыр. Жапонның білім бағдарламасын көшіріп алған Қытай мектептері шілденің 5-і күні жаздық каникулға кетеді. Жазда екі айға жетер-жетпес уақыт қана демалады. Одан қытайлар өліп қалған жоқ. «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Білімге ұмтылатын уақытта демалысқа ұмтылатынымызға миым жетпейді менің. Министрліктікі популистік шешім: көп шулады, көп жеңді. Өзгерісті енгізген кәсіби зерттеушілер қайда? Солар ғой нақты сандар мен нақты дәлелдерді келтіретін. Халыққа оқу мерзімін үш тоқсанға түсіріп, аптасына 4 күн ғана оқитын өзгеріс енгізсең, ол да ұнай береді. Билік халықтың ығына жығалатын кезде жығылмайды да, жығылмайтын кезде жығылады.
–Заманауи білім беруде дамыған мемлекеттер қалай оқиды, біз қалай? Уақыт жағынан да, басқа жағынан да осыны таратып айтып беріңізші. Сингапур, Жапония, Финляндия сияқты елдерді алайықшы мысалы.
–Әлемде ең ұзақ оқитын ел – 43 апта, яғни 215 күн оқиды. Әлемде орташа оқу көрсеткіші – 182 күн. Яғни 365 күннің жартысын оқиды. Біздің оқушылар 147 күн ғана мектепке барады дедік. 365 күннің небәрі 147 күнінде ғана оқимыз. Орташа оқу деңгейіне де жетпей отырмыз ғой. Әлемдік қауымдастықта білімі сапалы елдің бәрі 12 жыл оқиды, біз 11 жыл оқимыз. Әлемде білімі дұрыс елдің бәрінің баласы бірауысымды мектепте күні бойы оқиды. Біз екі, үш ауысымды мектепте жарты күн немесе жарты күнге де жетпейтін уақыт оқимыз. Басқа дамыған елдердің, білімі мықты мемлекеттердің оқушылары 10 күнде алатын білімді біз балаларымызға 5 күнде бере салғымыз келеді. Шамамызға қарамай, өзімізше әлемдік деңгейде білім алғымыз келеді, бірақ аз оқығымыз келеді. Осыдан кейін білім сапасы туралы, балаларымыздың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі жайында не айтуға болады?
Сіз айтып отырған мемлекеттердің білім жүйесі озық. Бізге осы елдердің білім стандарттары қажет-ақ!.. Өзім Сингапурда болдым, екі орынбасарым Фин еліне барып қайтты. Үйренеріміз көп. Олар 6+3+3 деген бағдарламамен оқиды. 6 жыл – бастауыш, 3 жыл – орталау, 3 жыл орта мектеп. Әрқайсысы жеке-жеке мектеп. Бір-біріне қоспайды. Біздің оған жетуге қазір шамамыз жоқ. Үш ауысымды мектептердің проблемасын шешіп алмай жатып Жапонияны қайтеміз? Қайбір жылы мектептер үш тілде сабақ беруі керек деген әңгіме болған. Жаратылыстық пәндерді ағылшынша оқыту керек деген данышпандар пайда болды сонда. Қазақ тілінде қатырып сөйлей алмай жүріп, ағылшынша сабақ беру қай теңім?..
–Мектеп оқушыға білім береді. Бірақ соңғы жылдары мектептен тыс оқушыны «қосымшаға беру» деген тенденция қатты белең алып кетті. Тіпті 1-сыныптың баласын да мұғалімдері «Үлгермей жатыр, қосымшаға беріңіз» деп ата-анасына талап қоятын болған. Сонда толыққанды білім бере алмаса, мектеп не үшін керек? Бір үйден бірнеше бала мектепке баратын ата-аналар «қосымшаға» бере алмайды, бұдан әлеуметтік теңсіздік, оқушы үшін әлеуметтік кемсітушілік туындамай ма? «Қосымшаның» соңы мектептегі білім сапасын төмендетіп, мұғалімдердің жауапкершілігін азайтып, білімді «саудаға» айналдырып жібермей ме?
Мұғалімдердің жауапкершілігін министрлік азайтып отыр
–Бұл өте заңды сұрақ, әрі қаны тамып тұрған сауал. «Қосымша» деген не? Мектептің міндеті – оқушыға сапалы, тегін білім беру ғой. Сол үшін мектепке үкіметтен қаржы бөлінеді, мұғалімдер сол үшін айлық алады. Онда жауапкершілік қайда? Ұстаздарда жауапкершілік болу керек қой. Балаға мектепте толыққанды білім беру керек. Ондай жоқ бізде. Мұғалімдер үлгерімі нашар деген сылтаумен баланы «қосымшаға» лақтыра салады, сол оңай оларға. Ал ата-ана байғұс ақшасы болса баласынан аямайды. Ал бірнеше баласы бар ата-ана қайтеді? Баласын «қосымшаға» бере алмайды. Мұғалімнің оған жаны аши ма? Жоқ. Менің шырылдап отырғаным – осы әлеуметтік нашар топтардың жайы. Олар өлсе де, тірілсе де баласын «қосымшаға» бере алмайды. Міне, осыдан кейін әлеуметтік қайшылық пайда болады. Біздің де орталыққа қаншама ата-ана келеді, баласын бергісі келеді, бірақ ақшасы жоқ. Шамамыз жеткенше көмектесеміз...
Мұғалімдердің жауапкершілігін «қосымша» емес, министрлік азайтып отыр. 2017 жылы экс-министр Ерлан Сағадиев «Мектеп ҰБТ-ға жауап бермейді» деген бұйрық шығарды. Осы бұйрық мектептен білім сапасының жауапкершілігін алып тастады. Мектеп қазір білімге жауап бермейді, балаға баға қояды да отырады. Бала грантқа түсе ме, түспей ме, мемлекет 11 жыл баланы неге оқытты, ҰБТ-дан неге төмен балл алып қалды? Мектеп мұның біріне жауап бермейтін болды. Сол бұйрық шыққанда ата-аналар қатты қуанған, ешкім оның соңын ойламады ғой. Сол уақытта бұған қарсы шыққам, министрлік бар, педагогтар бар бәрі жабылып «жеді». Кейін Аймағамбетовтің тұсында да осыны бес-алты рет көтердім, әлі де айтып жүрмін.
–Таяқтың екі ұшы бар. «Қосымша» деп отырғанымыз – білім беру орталықтарының бизнесі. Орталықтардың көп болуы білім бәсекесіне оң әсер етсе ғой...
–Білім беру орталықтарының көбеюі – Қазақстанда білім сапасының нашарлығын көрсетеді. Мен де жекеменшік білім беру орталығын, жекеменшік мектеп ашып, жүргізіп отырған педагогпын. Егер мектепте білім сапалы болса, жұрт баласын білім беру орталығына сүйрейтін бе еді? Мектепте қанағаттанарлық білім берілсе, ата-ана артық шығындалып, білім беру орталықтарын іздей ме? Неге білім беру орталықтарында дайындалған оқушылар ҰБТ-дан жоғары балл алады? Неге 10-11 сынып оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындайтын арнаулы мектептер ашылды? Мұның бәрі мектептегі білімнің сапасыздығынан. Білім сапасының нашарлауына, оқушылар толыққанды білімді орталықтардан алуға амалсыз көндіріп отырған «перде» артында мүдделі топ бар ма деп ойлаймын. Яғни жұрттың қалтасын қағуға жұмыс жасайтын топ бар ма деп күмәнданамын.
Өзім сияқты жекеменшік мектептердің басшылары маған «Сен неге шырылдайсың? Бизнесің жүріп жатыр. Мемлекеттік мектептің мүддесі үшін неге шыр-пыр боласың? Қайта саған мемлекеттік мектептердің сапасыз болғаны жақсы емес пе, оқушы саған көп келеді» дегенді айтады. Қара басымның қамын ойласам, үндемес едім. Бірақ бұл жерде мемлекеттік мүдде, ұлттық мүдде тұр. Қаншама бала бар: білім алуға деген ниеті жақсы, бірақ орталыққа баратын ақшасы жоқ, мектептен толыққанды білім ала алмайды.
Біз 390 млн теңгеге 450 орындық, мемлекет 2,5 млрд теңгеге 300 орындық мектеп салады
–Жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептердің арасындағы бәсекенің арасалмағы қандай? Жалпы, осы тенденция бізді қайда апарады?
–Жекеменшік мектепті бизнес деп қарауға келмейді. Жекеменшік мектептердің көбеюі бәсекелестік тудыруға, мемлекеттік мектептерге ойлануға септігін тигізеді. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Шоу жасап отырған жекеменшік мектептер де бар. Мемлекеттік бақылау-қадағалау болмаса, жекеменшік мектептерден опық жеуіміз де мүмкін. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаса, кім көрінген жекеменшік мектеп ашып кетсе, одан білім көгермейді. Мемлекеттік бақылау болу керек дегенім – сол.
30 жылда мемлекет үш ауысымды мектептер мен апатты мектептердің проблемасын шеше алмады. Тағы отыз жылда да мұны шешпейді. Сондықтан жекеменшік мектептердің ашылғаны керек бізге. Сізге бір мысал айта кетейін. Атырау облысында 450 балаға арналған мектеп салып жатырмыз, 370-390 млн теңге кетті. Қазір құрылысы 90 пайызға аяқтап қалды. Ал бір облыста 60 орындық мектепті 300 млн теңгеге салған. Тағы бір екінші облыс 300 оқушыға арналған мектепті 2,5 млрд теңгеге салып жатыр. Мемлекет дәл осы қарқынмен, осындай есепсіз шығындармен салса, мектеп проблемасын ешқашан шеше алмайды. Осының бәрін құртып отырған – парақорлық деген ескі індет. Жекеменшік мектептер мектеп қажеттілігін жояды. Бірақ мені ойландыратын сауал – жекеменшік мектептердің кәсібилігі. Қазір діндарлар мен құрылысшылар, бизнесмендер жекеменшік мектеп ашуда. Білімнің сапасына кім жауап береді? Қадағалау болу керек дегенді тағы да айтамын. Мектептің меншігі қандай болса да, біз баланың тағдырын ұмытпауымыз керек. Бала мемлекеттің баласы. Министрліктің көзқарасы бірдей болу керек, анау мемлекеттік мектеп, мынау жекеменшік мектеп деген ұғым болмайды. Осыны ұмытпайық! Халық – мемлекеттің басты байлығы деген сөйлем конституцияның бірінші сөйлемінде де бар ғой.
–Қазіргі Оқу-ағарту министрлігі шешуге тиіс ең басты мәселелер қандай?
–Ең маңызды мәселе – 2022 жылы экс-министр Асхат Аймағамбетовтің кезінде білім бағдарламаларын қайта жасау туралы комиссия құрылып, әрбір пәннің бағдарламасын жасай бастаған. Сәрінжіпов бастап, Сағадиев аяқтаған «жаңартылған бағдарламаның» қате екені дәлелденген, оны министрлік те мойындайды. Бағдарламада, оқулықта өрескел қателіктер бар. Соны реттейтін комиссияның құрылғанына 1,5 жыл болды, бірақ жұмыс баяу. Оқу-ағарту министрлігінің алдында тұрған мәселе – осы. Екінші мәселе – алдағы бес жылда мемлекет екі немесе үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын шешіп алу керек. Бәсекеге қабілетті ел, бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек, алдымен осыны шешуіміз керек!
– Сұхбатыңызға рақмет!