«Аяусыз соққыға жығып, артынан атып өлтірген»: Жәбірленуші күйеуінің әскерде суицид жасағанына сенбейді
Қазақстан армиясында жауынгерлердің суицид жасау оқиғасы әдеттегі жағдайға айналып бара жатқандай. Әскери басшылық мүлдем басқа ресми нұсқа ұсынып әлек.
Өзіне қол салған жауынгерлердің туыстары мұнымен келіспейді. «Жас Алаш» бұған дейін де бірнеше сарбаздың мәселесін көтерді, жазды. Жақында тағы да редакциямызға шымкенттік тұрғын Жанар Қалаубаева «күйеуімді әскерде қасақана өлтірді» деп хабарласты.
Ж.Қалаубаева төрт жылдан бері «күйеуің суицидтен көз жұмды» деген шешіммен келіспей, күресіп келеді. Ресми нұсқа бойынша, офицер Бақытжан Әріпжан 2022 жылы Аягөздегі әскери бөлімде өзіне-өзі қол жұмсаған. Алайда жары мен туыстары бұл қорытындыны жоққа шығарады. Олар Бақытжан Әріпжанды «аяусыз соққыға жығып, артынан атып өлтірген» деп санайды. Отбасының айтуынша, қолдарында ондаған сараптама қорытындысы мен фотодәлелдер бар, бірақ іс әлі күнге дейін «суицид» ретінде қалып отыр.

Жыл тағы қазамен басталды
Биыл қаңтарда да төрт әскери қызметкер көз жұмды. Ресми ақпарат бойынша оның екеуі өзіне-өзі оқ атып, суицид жасаған. Шынымен де солай ма? Енді осыларды талдап көрейік:
– 27 қаңтарда Жамбыл облысында сарбаздың қаза тапқаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметкер снайперлік винтовкамен өзін-өзі атып өлтірген;
– 23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші оққа ұшты. Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өзіне-өзі оқ атқан. Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған екен;
– 14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік «КамАЗ» көлігі қағып кеткен;
– 7 қаңтарда Қазақстанның Ұлттық ұланында Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.
Қазақстан әскерінде жұмбақ өлім көбейіп кетті. Оның көпшілігі – суицид. Мұны кейбір шенділер мен депутаттар жоққа шығарғысы келгенімен, деректер бұлтартпайды. Мысалы, кейбір деректерге қарағанда, 2020-2024 жылдар аралығында Қазақстан армиясында 86 суицид және 20 суицид жасауға әрекет тіркелген. Көп жағдайда ресми нұсқа «қызметтің ауыртпалығын көтере алмады» деп жақауратады. Алайда ата-аналар бұл нұсқаға сенбейді.
Осы жерде тағы бір мысал келтірейік, былтыр қыркүйек айында Маңғыстау әскери бөлімінде бір емес, жеті жас сарбаз білегінің күретамырын кесіп, суицид жасамақ болды. Әскерилер мұны «психикалық ауытқу» деп түсіндірді. Алайда ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы: «Біздің балалар әскерге сап-сау кеткен. Бұл әлімжеттік пен зорлықтың салдары!», – деп мәлімдеді. Тіпті жас сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова командирлері ұлына жыныстық зорлық көрсетпекші болғанын, сондықтан ұлы өзіне қол салғанын ашық мәлімдеді. Кейіннен ол сотқа да жүгінген. Бірақ нәтиже болмаған. Министрлік жас сарбазды Астанада емдеп, үйіне бастапқыда қойылған диагнозбен қайтарып жіберген. Шарасыз Лаура Шынтемірова редакциямызға келіп, сұхбат та берді.
Қош, сонымен, енді Шымкенттегі Әріпжандар отбасының ісіне келейік. Ресми нұсқа бойынша капитан Бақытжан Әріпжан 2022 жылы мамырда Аягөздегі әскери бөлімде өзін-өзі атқан. Тергеу жүріп, ол «өзіне-өзі қол жұмсады» деген қорытынды жасалған. Бірақ бұл шешімге Бақытжан Әріпжанның әкесі, жұбайы және туыстары сенбейді. Жұбайы Жанардың айтуынша, оның күйеуін әскерде аяусыздықпен ұрып, артынан атып өлтірген. Алайда қолында бірнеше дәлелі болса да, күйеуі кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдей алмай жүрген көрінеді.

«41 сарапшы «кісі қолынан қаза тапты» деген қорытынды шығарды»
– Қазір менің жеке басыма, бала-шағама қауіп төніп тұр. Мені жұмыстан да шығарып жіберуі мүмкін. Бізді бала-шағамызбен қорқытып, қысым жасап жатыр. Үйімізге 3 рет келіп, қоқан-лоқы көрсетті. Күйеуімнің ісін ашпауға мүдделілер қазір беделді қызметтерде отыр. Тергеу ісін жүргізген Ержан Каташов Астанадағы әскери департаментте арнайы тергеуші болып қызмет істейді. Сондықтан күйеуімнің ісін аштырмай отыр.
Бұдан бөлек, олар БАҚ өкілдеріне мәлімет беруге тыйым салған. «Мына суреттерді көрсетуге хақыңыз жоқ» дейді. Алайда осы суреттерде жолдасымды қалай ұрғаны, көзінің көгергені көрініп тұр. Мұқият қарасаңыз, бұғанасы сынған, қара саны ісіген, арқасының сау тамтығы қалмаған. Бақытжанның денесі ғана емес, бас сүйегін де мыжып жіберген. Сосын ол құлаған соң «5 секундтан кейін оқ атылған» дейді, яғни, біреу атқан. Оны дәлелдейтін қолымда құжаттарым да бар. Міне, қолымдағы суретте жолдасыма атылған тапанша тұр. 41 сарапшы тексеріп, «кісі қолынан қаза тапты» деген қорытынды шығарды. Олар қандай арақашықтан тапанша атылғанын тексерейін десе, қолдарына дәлелдерді бермейді. Себебі әскери тергеу органындағы тергеушілер бір-бірімен сыбайлас. Күйеуім қаза тапқанда басында фуражкасы, үстінде киімі болғанын өз көзімізбен көрдік. Бірақ оларды негізсіз құртқан. Бізге берген қаулының ішінде киіміне қатысты құжаттарды тікпеген. Оқ пен гильза жоғалған. Оны қолымызға бергенде күйеуімнің қалай көз жұмғанын анықтай алар едік», – дейді Ж.Қалаубаева.
«Бұғанасы сынған адам тапаншамен ата алмайды»
Бақытжан Әріпжанның отбасы оның кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдеу үшін 2024 жылы эксгумация жасатқан. Алматыдағы Күрделі зерттеу институты тексеріп, 41 сарапшының 143 беттен тұратын жауабын шығарып берген. Жанар Қалаубаеваның сөзінше, сарапшылар «кісі қолынан қаза тапқан, аяусыздықпен сабаған, екі бұғанасы, мұрны сынған» деген қорытындыға келген.
– Демек, екі бұғанасы сынған адам 800 грамм тартатын тапаншаны көтеріп өзінің басынан атуы мүмкін емес. Мұны сарапшылардың өзі айтты.
Сосын біздің ісімізді жүргізген арнайы прокурор Бекет Әміреновке шағым түсірдік. Ол істі қайта тергеп, өрескел қателерді көре тұра істі жапқан. Біз одан «неге жаптыңыз?» деп сұрағанда, ол: «Маған прокурор Мақсат Қазиевтен «қазіргі дәлелдерді бермеңіз, 2022 жылғы дәлелдермен іс тоқтатылсын» деген бұйрық берілді. Мен соны орындадым», – деп жауап қатты. Сонда біздің елде әділдік жоқ па? Ісіміз Қазақстанда шешілмей ме?», – деп күйінеді жәбірленуші.
Ж.Қалаубаева бұл істің астарынан сыбайлас жемқорлықты көріп тұрғанын айтады. Оның сөзінше, күйеуінің қазасынан кейін Аягөз қаласындағы тергеуші жоғары лауазымға тағайындалып, Астанаға маңызды істерді тергейтін тергеуші болып ауысқан.
– Ол біздің ісімізді суицидпен сәтті аяқтағаны үшін, өкіметтің былығын ашпағаны үшін, сатылған қару-жарақ елге мәлім болмағаны үшін қызметте жоғарылады. Талғат Бекбергенов қазір бас әскери прокурордың орынбасары қызметінде. Осы жерден әділдіктің жоқтығы көрінеді. Сол адамдардың ықпалымен күйеуімнің қазасына қатысты іс ашылмай жатыр. Өткенде президент әскерилердің ісін шешуге 12 күн мұрсат берді. Арада талай уақыт өтті. Сонда біз көп сұрақтың жауабын кімнен аламыз? Егер осы дәлелдермен келіспейтін болса, 100 млн-даған теңгеге неге экспертиза жасады? Бұл ақшаны мемлекет бюджетінен бөліп берді ғой. Бұл босқа қаржы шашу емес пе? Қолымыздағы дәлелдердің барлығы рас, бірақ біз оны дәлелдей алмаймыз. Сонда біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Біздің қоғамда ешқандай орнымыз жоқ па? Айрандай ұйып отырған отбасы едік. Жарымның суицид жасауға ешқандай себебі жоқ еді. Арамызда ешқандай кикілжің, ұрыс болмаған. Тергеушілер телефонымызды алып, бір жыл тексерді. Ондағы мақсаты – «отбасындағы мәселе бойынша» деп кінә артайын дегені. Оған дәлел таппады. Осылайша істі дәлелсіз, «өзіне қол салған» деп жапты».
«Күйеуімді сатылған қару-жарақтың кесірінен атып өлтірді»
Ж.Қалаубаеваның айтуынша, күйеуін өлтіруге себеп болған. Ол еңбек демалысына кеткен кезде басқа әскери қызметкерлер қоймадағы қару-жарақтарды сатып жіберген. Ал Бақытжан Әріпжан дәл осы қару-жарақ пен басқа да заттарға жауапты басшылық қызмет атқарған. Кейіннен оған әлдебір құжаттарға қол қойдырмақ болған. Бақытжан Әріпжан бұған көнбеген. Осылайша істің ақыры оның өлімімен аяқталыпты.
– Күйеуім қаза тапқан кезде, сол бригаданың командирі Айбол Юсупов үйімізге келді. Олар мәйітті көрді. «Бақытжанның суицид жасауы мүмкін емес, жұмысын адал істейтін еді» деп айтты. Бірақ олар сол жерде болған оқиғаны ашып айта алмайды. Себебі оның бәрі жоғарымен келісілген. Бақытжан Аягөзде материалдық-техникалық құрылғылар бөлімінің командирі болып жұмыс істеді. Оның қолында барлық қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскерилерге берілетін киім-кешек, тамақ және жанармай болды. Меніңше, ол 40 күн еңбек демалысына кеткенде қару-жарақты әлдекімдер сатып жіберген. Содан соң Бақытжанға құжатқа қол қой деп мойындату мақсатында ұрған. Ол көнбеген соң атып өлтірген.
Одан да сорақысы мынау: 2023 жылы қараша айында күйеулері, ұлдары әскерде көз жұмған бірнеше адам президент әкімшілігіндегі 16-кіреберіске барып, жанайқайымызды айтқанда, сол жерде Қ.Жайсаңбаев деген президенттің көмекшісі ісімізді ашты. Сосын маған әуе қорғанысы департаментінен Салтанат Тұрысбекова хабарласты. Ол маған «сіздерге қандай көмек көрсетілді, біз 5 млн теңге аудардық. Алдыңыз ба? Ол жолдасыңыздың ақшасы» деп есеп берді. Бірақ мен ешқандай да ақша алмадым. Осы мәселемен қорғаушым бірнеше рет арыз да жолдады. Ешқандай жауап болмады. Сонда олар алдымен күйеуімді өлтіріп, сосын істі жүргізіп жатқан тергеуші, іске қатысы бар командир – барлығы қаржыны бөліп алған деп ойлаймын. Маған осы уақытқа дейін күйеуімнің жерлеу рәсіміне деп 240 мың теңге ақша бөлінді. Ал олар «5 млн теңге берілді» деп есепке жазып қойған», – дейді Б.Әріпжанның жары.

«Президентке дейін жаяу барамын»
Бақытжан Әріпжанның әкесі Құлыбек ақсақал да ұлының өлімі суицид емес екенін дәлелдейтін құжаттар бар екенін айтады. Ол денсаулығының нашарлығына қарамастан, әділеттілікті орнату үшін Астанаға дейін жаяу баруға дайын екенін де алға тартты.
– Мен 2 жылдан кейін 80-ге толамын. Баламның күйігінен жүрегім ауырды, қазір жасанды жүрекпен отырмын. Осыдан 2 күн бұрын ғана емханадан шықтым.
2022 жылы баламды әскерилер өлтірді. Неге өлтіргенін білмеймін. Бірақ өлтіргені анық. Олар жауапқа тартылуы керек. Баламды өлтіргені туралы дәлелдерді келтіре аламын. Мысалы, суретте балам өзін атты деген тапанша үстелдегі ұялы телефон үстінде тұр. Тапаншада «предохранитель» деген болады. Оны жоғарыға көтеріп қойсаң, тапанша атылмайды. Суреттегі қару атылмайтын жағдайда тұр. Бұл қалай сонда?! Ұлым алдымен өзін атып, сосын тапанша «предохранителін» жоғарыға көтеріп қойған ба? Мұны біреу істеген. Оны білу үшін уақытында қолдың таңбасын алу керек еді. Бірақ тергеушілер таңба алмаған. Ұлымның ісі үшін Астанадағы президентке дейін жаяу барамын, істі тоқтатпаймын, – дейді Құлыбек Әріпжан.

Қорғаныс министрлігінің қолданған шаралары неге нәтижесіз?
Былтыр Қорғаныс министрлігі 500-ге жуық жас жауынгерді «суицидке бейімі бар» деп әскери борышынан босатқан. Жалпы министрлік әскердегі суицидті жүйелі проблема санамайтынын да мәлімдеді. Алайда әскердегі оқиғаларға байланысты дүдәмал жайттар көп. Мысалы, депутат Нартай Сәрсенғалиев 2024 жылы «кейінгі 4 жылда армияда 86 суицид тіркелген» деп мәлімдеді. Бірақ қорғаныс вице-министрі Асқар Мұстабеков қаңтар соңында Сенат кулуарында Қазақстан Қарулы Күштерінде суицид жағдайларының азайғанын хабарлады. Оның айтуынша, 2025 жылы екі жағдай тіркелген, алайда олардың нақты себептері әлі анықталған жоқ. Ал 2024 жылы 4 жағдай тіркелген екен. Енді есептеп көрсек, депутат айтқан статистикадағы 80 суицид не болды? Оның бәрі 2 жылда жасалды ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жыл басынан бері Қарулы Күштерде тіркелген өлім жағдайларына байланысты қаңтар айының соңында бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, атыс жаттығулары кезінде сақтық шаралары қатаңдатылыпты, әскерилер психологиялық тексеруден өтіп, командирлер мен сержанттардың жауапкершілігі артқан. Сонымен қатар барлық оқиғалар бойынша кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған. Бірқатар бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары қызметінен босатылып, кейбір қолбасшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әзірге бұл шаралардың нәтижесі күмәнді. Себебі 17 ақпан күні Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» полигонында Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбазы қайғылы жағдайда көз жұмды. Министрліктің мәліметінше, оқиға жоспарлы далалық атыс жаттығулары барысында болған. Қару қолдану кезінде сарбаз жарақат алған. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Жас Алаш» сарбаздардың аналарының шағымынан кейін Қорғаныс министрлігіне «Әскерде әлімжеттік бар ма? Сарбаздар атынан несие алынатынын тексересіздер ме? Қауіпсіздік талаптары қандай?» деген сынды бірнеше сауал жолдаған еді. Ресми сауалымызға қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев: «Әлімжеттік айтарлықтай жоқ, кей жағдайда сарбаздар арасында түсінбеушілік туындап жатады, біз оған алдын алу шараларын жүргіземіз, әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйелері орнатылған және олар белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыс істейді. Сарбаз атынан несие алу жағдайы кездеспеген», – деп жауап берді.
Осы жауаптың келгеніне көп өтпей-ақ Отардағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаздың таяқ жеп, ауыр жарақат алғаны белгілі болды. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, сарбазды үш сержант ұрып-соққан, олардың бірі темір затпен соққы жасаған. Соның салдарынан сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынып кеткен. Қазір ол Алматыдағы әскери госпитальда дәрігерлердің бақылауында жатыр. Факт бойынша әскери полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу басталған.
Жалпы алғанда, министрлік бұған дейін де «әскерде әлімжеттік жоқ» деп мәлімдеген. Былтыр 20 қарашада қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың журналистердің: «Әскерде неге жиі өлім болады?», – деген нақты сұрағына «да вы что!» деп ыржиып, келеке еткендей болғанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ.
«Жас Алаш» газетінің редакциясы Жанар Қалаубаеваның мәлімдемесі бойынша Әскери бас прокурорға және Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР