Айбар ОЛЖАЕВ, экономист-сарапшы: Экономикалық құрылымды толық модернизациялау керек
Геосаяси құбылыстар мен әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету қабілеті басты мәселеге айналды.
Ішкі нарықты қорғау, «қазақстандық қамту» үлесін арттыру және шикізаттық емес экспортты дамыту бағытында қандай кедергілер бар? Бұл туралы белгілі сарапшы Айбар Олжаевпен сұхбаттастық. Отандық кәсіпкерлікті қолдау – бұл уақытша науқан емес, ел егемендігінің экономикалық іргетасын қалау. Сарапшының айтуынша, жүйелі модернизация мен дұрыс таңдалған мемлекеттік тетіктер ғана бізді нағыз өндіруші елге айналдыра алады.
– Бүгінгі таңда Қазақстанның ішкі нарығы сыртқы факторлардан қаншалықты қорғалған? Импортқа тәуелділікті еңсеру бағытында ілгерілеу бар ма?
– Ашығын айту керек, біздің ішкі нарығымыз әлі толық қорғалған жоқ, бірақ даму үстінде. Оны қорғаудың алғышарттары енді ғана қалыптасып жатыр. Қазіргі таңда біз импортқа тәуелділіктен толық арыла қойған жоқпыз: тауар айналымының шамамен 40-45 пайызын импорт, ал 50-55 пайызын экспорт құрап отыр.
Бұл жерде экспорттың импорттан басым болғанына емес, оның құрылымына мән беру маңызды. Біздің экспортымыздың негізі әлі де шикізат мұнай мен минималды деңгейде өңделген металдардан тұрады. Ал сырттан дайын тауарларды көптеп сатып аламыз. Сондықтан үкіметтің алдында тұрған басты мақсат – экономикалық құрылымды толық модернизациялау және экспорттағы қайта өңделген өнімдердің үлесін арттыру. Егер бұл жағдайды қазір өзгертпесек, шикізатқа байланған күйі қала береміз.
– Отандық өндірушілер неге өз еліміздегі ірі тендерлерден жиі қалыс қалып жатады? Жергілікті компанияларды қолдаудың қандай нақты тетіктері қажет?
– Бізде отандық компанияларды қолдауға арналған «преференциялар» жүйесі бар және бұл қазіргі жағдайда өте қажет. Себебі ынталандыру мен жеңілдіктерсіз төл бизнесімізді аяғынан тік тұрғызу қиын.
Шындығына келгенде, бізде жұмыс істейтін ірі компаниялардың көбі (әсіресе шикізат саласындағылар) отандық тауарларды тек мемлекет талап қойғаннан кейін ғана сатып алады. Егер мұндай талап болмаса, олар өнімді шетелден тасымалдауға бейім. Бұл жерде жасырын мүдде де болуы мүмкін: олар шығындарды көбейтіп көрсетіп, өздерінің аффилирленген (байланысты) компаниялары арқылы табысты сыртқа шығарып жіберуге тырысады. Бұл, өз кезегінде, бізде төленетін салық мөлшерін азайтады.
Сондықтан бізге үш негізгі тетік арқылы жұмыс істеу керек. Мәжбүрлеу: отандық тауар өндіруші сертификаттары арқылы компанияларды қазақстандық өнім алуға міндеттеу. Қаржылық қолдау: субсидиялау және жеңілдетілген кредиттер беру. Жүйелі жеңілдіктер: заңнамалық және тарифтік жеңілдіктер жасап, әкімшілік кедергілерді алып тастау. Бизнесті дамытудың бұдан басқа тиімді жолы іс жүзінде жоқ.
– Жергілікті өндірісті қолдау мен баға саясаты арасында қандай байланыс бар? Отандық өнімді жасанды қолдау бағаның өсуіне және қарапайым тұтынушының қалтасына әсер етпей ме?
– Керісінше, отандық өнімді қолдау – бұл макроэкономикалық тұрақтылықтың кепілі. Өзімізде өндіріс болса, ол экспорттық базаны арттырып, төл теңгеміздің бағамын нығайтады. Егер біз ештеңе шығармай, тек импортқа қарап отырсақ, кез келген сыртқы соққыдан экономикамыз шатқаяқтап, құлай береді. Сондықтан отандық өндірісті дамыту тек кәсіпкердің емес, мемлекеттің және әрбір азаматтың мүддесі.
– Алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасының құрылымы қалай өзгереді деп ойлайсыз? Шикізатқа тәуелділікті айтарлықтай азайту мүмкін бе?
– Егер біз жыл сайын экономикалық құрылымымызды 0,7 пайыздан 1,3 пайызға дейін өзгертіп отырсақ, бұл өте жақсы көрсеткіш болар еді. Осы қарқынды сақтасақ, 5 жылдан кейін нарықтағы «Қазақстанда жасалған» дайын тауарлардың үлесі қазіргіден әлдеқайда жоғары болады. Бұл мұнайға деген тәуелділікті толық жоймаса да, кем дегенде 10 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – экономикамыздың сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерілуі деген сөз.
Назерке АЛПЫСБАЙ