Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 20:05

Айбар Олжаев: Оңбаған экономист немесе бағамен күресіп бағаны өсірген мемлекет

М
Фото: Айбар Олжаевтың facebook парақшасынан алынды

Қазақстандағы экономикалық ахуалды, өсім, бюджетті жазған жазбаларымның астында «барлығы өтірік», «барлығы қымбаттап жатыр», «экономика өссе де халыққа пайда жоқ» деген комментер көп кездеседі. Әсіресе ұнайтын топ коммент - «экономистердікі былжыраған әңгіме».

Бұл комменттер тұрпайы жазылса да шындыққа негізделген. Барлығы расымен де қымбаттап жатыр.

Мен күнде түскі асты Алматыдағы №12 орталық емхананың асханасында ішемін. Палау, винегрет пен каркаде алғанда 1820 теңге төлейтінмін. Ал кеше ол 1920 теңгеге қымбаттай салды. Біздің тілімізше бұл бір күнде палау мен винегрет инфляциясы 5,5 пайызды көрсетті деп оқылады. 

Жұрт сынайтындай жөні бар, былжырамай нақты сұраққа көшейін. Неге бізде күн сайын, ай сайын, жыл сайын баға қымбаттай береді? Ну неге?

Сараптап, себебін анықтағанда өзім күліп жібердім. Біздегі қазіргі қымбатшылық біздің 10 жыл бойы қымбатшылықпен күрескеніміздің кесірінен туындап отыр. Қалайша?

Қазақстан 2014 жылдан бері қымбатшылықпен өзіне белгілі әдіспен ғана күресті. Ал ол баяғы кеңестен қалған әкімшілік-әміршілдік әдіс еді. Жаңағы саудагерді шақырып алып, сен бағаны өсірме деп бұйрық беру. Немесе әкімнің телеарнаны шақырып алып, өтірік базар аралауы. Бірақ нарық заманында мұндай бағыт мүлде жұмыс істемейді. Дұрыс емес. Оған қарсы жауап ретінде саудагерлер қолдан жасалған дефицит туғызады да, тауарларын өзіне керек бағада астыртын сата береді. Бірақ енді олар болашақтағы тағдырынан қорқып, өздерінің тәуекелдерін де ойлап, аз уақыттың ішінде барынша тез пайда табуға тырысып, тауар мен қызметті мүмкіндігінше қымбаттатады. Себебі, ертеңге деген сенім жоғалады. Бізде тура сондай жағдай орын алды. 10 жылдан бері осындай режимде келдік. 

Мемлекет мұның дұрыс еместігін биыл ғана түсініп, мысалы қолдан дефицит жасап келе жатқан жанармай сатқыштарды қадағалауды қойды. Олар қазір бензинді қымбаттатады. Ал халық, әсіресе таксистер жауап ретінде ертең электромобильдерге өтеді, сосын сұраныс азайып, бәсеке көбейіп, бензин бағасы нарық жағдайында өз қалпына келуі тиіс. 

Ал тарифтер неге қазір қымбаттауда? 2018 жылы біз үлкен қателік жібердік. Оған үкімет те, табиғи монополистер де кінәлі. Ол жылдары біздің барлық коммуналды жүйелеріміз, электр генерациясы, жылыту қазандықтары, оның құбырлары, жерасты коммуникациялар, барлығы тозып тұрған еді. Сол кезде дұрыс бастама көтеріліп, «тариф инвестицияға» жобасы қолға алынды. Яғни тарифтер көтерілуі тиіс, бірақ содан түскен ақшаға табиғи монополистер барлық инженерлік жүйені, құрылғыларды жаңалауы тиіс еді. Бірақ ішкі механизм дұрыс болмай, табиғи монополистер түскен ақшаны модернизацияға емес өздеріне айлыққа, бонусқа жарата бастады. 2018 жылы Бас Прокуратура осыны анықтап, жаңағы жобаны жауып тастады да, тарифті өсіруге тиым салды. 

Бірақ құрылғыларды, құбырларды жаңалау проблемасы ешқайда кеткен жоқ қой. Сол себепті, өзі ескіріп, тесілейін деп тұрған құбыр тағы алты жыл әбден шыдап, 2023 жылдан бастап барлығы жарыла бастады. 2025 жылы біз осы жобаға қайтып келуге мәжбүрміз. Тарифтерді өсіру арқылы ғана жүйелерді, құбырларды жаңалай аламыз. Басқа ақша жоқ. Бірақ енді монополистер айлыққа, бонусқа ұрлай алмайды. Енді модернизацияны кредит алып жасайды. Ал тарифтен түскен ақша сол кредитті жабуға тікелей жіберіліп отырылады.  

Бағдарламаға сәйкес тарифтер кезең-кезеңімен артып отырады, ал 2026 жылға қарай жалпы өсім 30%-ға жетеді деп күтілуде. 2025 жылдың жазы бойынша коммуналдық қызмет тарифтерінің орташа жылдық өсімі шамамен 16%-ды құрады. Оның ішінде суық су 97%-ға, жылыту 19,2 пайызға, газ 15,5 пайызға, электр энергиясы 11,3 пайызға, тұрғын үйді күтіп-ұстау 11,9 пайызға қымбаттады. Үкімет жаңа тарифтерді біртіндеп енгізуді жоспарлап отыр. Ең ауыры келесі жылы келеді. Келер жылы тарифтер 20–30%-ға көтерілуі тиіс. 

Осыдан 10 жыл бұрын біз бұл мәселені шешіп тастай алмадық. Сондықтан енді бізге не дым жоқ, не сәл қымбат деген екі вариант қана берілетін болады. Су мүлде жоқ, бірақ ештеңе төлемейсіз. Немесе су бар, бірақ ол кешегіден қымбат. Сіз қай вариантты таңдайсыз? Әрине су бар, бірақ сәл қымбат деген вариантқа амалсыз көнесіз. Егер біз қазір тарифті қымбаттатып, содан түскен ақшаға барлығын ауыстырып, жаңалап алмасақ, ертең су да, жарық та болмайды. 

Қымбатшылықтың үшінші қазығы – азық-түлік. Мұнда екі құбылысты айтар едім. Иллюзияны қою керек. Қазақстан өзін толықтай азық-түлікпен қамтамасыз етпейді. Әйтпесе бір жылда 4 миллиард долларға шетелден азық-түлік импорттамайтын едік. Сол 4 миллиард доллар импортты тамақтың тең жартысы, яғни 2 миллиард доллардың асы Ресейден келеді. Рубльдің курсы теңгеге шаққанда көтерілген сайын, бұл бір, Ресейдің өзінің 8-9 пайыздық инфляциясын қосыңыз, бұл екі, сонда жыл сайын импорттық тағамның тең жартысы 15-16 пайызға қымбаттауда. Ал Ресейден басқа елдерден келетін тамақ импортына теңгенің долларға жыл басынан бері 2 пайызға құнсыздануы мен доллардың өзінің 4 пайыздық инфляциясын қосыңыз. Шамамен 6 пайызға қымбаттау тіркей аламыз.

Екінші құбылыс. Ет пен дақылдардың экспорты. Қазақстан азық-түлікті импорттап қана қоймайды. Қазір біз аграрлы экспортты мемлекетпіз. Әсіресе ет мәселесіне келгенде қымбатшылықтың негізгі себебі – біздің фермерлер үшін ет пен малды ішкі нарыққа емес, экспортқа шығарып сату анағұрлым тиімді және пайдалы болып отыр. 12 ай бойы еңбек етіп, малын өсіріп, терін төккен шопанға «шетелге қымбатқа сатпа, ішкі нарыққа арзан сат» деп қалай айта аламыз? Қазірдің өзінде мемлекет тірі бұқаларды сыртқа экспорттауға тиым салып отыр. Ет бағасын қолдан ұстап тұру үшін. Ал ол бұқалардың стейкке арналған түрін өсіретін, элиталық бұқа өсірушілерге ауыр тиюде. Оны ішкі нарыққа сойып сатса, ешкім оның стейк ретіндегі жоғарғы маркасына қарамайды, кәдімгі ет ретінде алайын деп тұр.

Ең қиын сұрақ – енді не істеу керек?

Қазақстандағы қымбатшылықты тоқтату мүмкін бе? Тарифтер бойынша мүмкін емес. Коммуналды желілерді толық жаңалап алмайынша 5-6 жыл шыдау керек. Бірақ шынымен де, тарифтерден түскен ақшаның мақсатты жұмсалып жатқанын микроскоппен қадағалап тұру керек. Бензин бойынша нарық өз орнына қояды. Дефицитті азайту үшін BYD сияқты Қытайдың арзан көліктерін көптеп пошлинасыз кіргізіп, такси, яндекс барлығын осы электромобильдерге ауыстырып тастау керек. Ал азық-түлік бойынша. Өндіріс ашып, тамақтың бәрін өзіміз өндіре беру керекпіз.

Тегтер: