Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 24 Наурыз 2025

Айдар Әбішев: «Бөрі тотем»: түбі бір көшпелілердің өткені мен бүгіні

Айдар Әбішев

Жақында даңқты қытай авторы Цзяң Жуңның (Jiang Rong, 姜戎) «Бөрі тотем» романы қазақша сөйледі. Кітапты жарыққа шығарған – Steppe & World баспа үйі, қытай тілінен аударған – шығыстанушы, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші – Айдар Әбішев.

«Бөрі тотем» – экология, мәдениет, бостандық және табиғатпен етене тіршілік ету секілді тақырыптарды тереңнен қозғаған шығарма ғана емес, көшпелі халықтардың өткеніне үңіліп, олардың мәдениеті мен өмір сүру философиясын ашып көрсететін кесек туынды. Біз осы ретте аудармашымен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрдік.

Айдар мырза, «Бөрі тотемі» романы, жалпы, не туралы?

– Жазушы Люй Цзямин (Цзяң Жуң) – 1960 жылдары «Мәдениет төңкерісі» кезінде Бейжің қаласынан шалғайдағы Ішкі Моңғолия автономиялы районының Олұн даласына жер аударылып, ұзақ жыл моңғол малшыларының арасында тұрған, мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті халықтың көшпелі тұрмысына әбден қаныққан адам. Ол сол заманда көрген-білгенін, зерттеп тоқығанын жинақтап, осы «Бөрі тотемі» кітабын жазып шыққан.

Кітапта автор басынан өткен, есінде қалған, өзі көрген дала өмірін, адам мен қасқыр арасындағы қарым-қатынастарды, ХХ ғ. ІІ жартысында сахараға келген жаңа қоғамдық және әлеуметтік өзгерістерді жіті суреттеген. Сондай-ақ Цзяң Жуң өзі қызыққан ғұн, жуң, динлин, сянби, көктүрік, моңғол секілді ежелгі көшпелі халықтардың тарихынан көптеген фактіні, Қытайдағы ежелгі патшалықтардың жылнамаларында хатталған дала халықтары жөніндегі көп үзіндіні оқиға желісімен жақсы сабақтастырған. Бұған қоса, әдетте отырықшы жұртқа айқын көріне бермейтін көкжалдар мен көшпелілер және Көк Тәңірінің өзара байланысы туралы ой-толғамдарын молынан келтірген.

«Бөрі тотем» кітабы Қытайда алғаш рет 2004 жылы жарыққа шыққан. Сөйтіп, қытай қоғамының сана-сезімін дүр сілкіндіріп, 479 апта бойы (шамамен 7 жыл) ҚХР аумағындағы ең үздік 10 бестселлердің бірі болып тұрған. Сол мемлекеттің өзінде жалпы 150 рет қайта басып шығарылып, жалпы тиражы 5 млн данадан асқан. «Бөрі тотем» – бұл күндері 39 тілге аударылып, 110 мемлекетке тараған әйгілі туынды.

– Өзіңіз алғаш қашан оқыдыңыз, қалай әсер етті?

– Бұл роман жайлы тұңғыш рет 2005 жылы Бейжіңдегі қытай достарымнан естігенмін. Шынын айтайын, хәнцзу (қытай) ұлты өкілдерінің бөрілер, көшпелі халықтар мен дала өркениеті туралы сондай тамсанып, жарыса айтқаны өзіме де бастапқыда әрі қызық, әрі таңсық көрінген еді.

Арада бір-екі жыл өтіп, қызу талқыға түсіп, үлкен серпіліс тудырып, қалың оқырманның қызыға оқитын кітабына айналғанын білген соң, мен де «Бөрі тотемге» әуесім кетіп, іздеп тауып оқуға бекіндім. Дегенмен түпнұсқадан бірден оқып кету тым қиын ғой, сондықтан түсінікті тілдердің бірінде оқу керек деген ойға келдім. Сөйтіп, Шыңжаңның әкімшілік орталығы – Үрімжі қаласына жұмыс бойынша сапарлап барған күндерімнің бірінде Имин Әһмәди ұйғыр тіліне аударған «Бөрә тотеми» деген араб қарпімен жазылған екі томын сатып алдым. Романды алғаш ұйғырша оқып, ерекше әсер алдым. Ол кездері іссапарларға жиі шығатынмын, осы кітап біразға дейін жолда оқитын негізгі кітабым болды. Бөрілер жөніндегі талай әңгімені, романның өрбу желісін вокзалдар мен әуежайлардың орындығында, пойызда, ұшақта оқыдым.

– Кітапты аударам деп ұйғарған кезіңіз есіңізде ме, не түрткі болды?

Кітапты оқыған сайын, сондай ойға келе бастадым. Әсіресе 2009 жылы аударсам деген ниетім тіпті күшейді. Сол жылдары біздің өңіріміздің тарихына қатысты басқа бір қомақты тарихи кітапты аударып жатқандықтан, «Бөрі тотеміне» бірден кірісуге мүмкіндігім болмады. Әйтсе де Ұлыбритания, Франция, Жапония, Германия, Моңғолия және өзге де мемлекеттердің оқырмандарына жеткен бұл кітап неге менің еліме жетпей жатыр деген ой да жүйкені біраз қажады.

– Аударма барысын айтып беріңізші?

– Бірден айтайын, қытай тілінен қазақша аудару барысы емес, керісінше, аудару әдісі біршама күрделі болды. Бас-аяғы жеті жылға созылды. Бұған себеп: аудару барысында алған бағытым әуелде түзу болған жоқ. «Бөрі тотемі» кітабын ұйғыр тілінде оқып шыққан соң, бұл кітап міндетті түрде қазақ тілінде де басып шығарылуы тиіс еді ғой деп, қазақша нұсқасын іздедім. Осылайша, Қытайда Мүбәрак Әлиев, Дәулетжан Патихұлы, Нұрлан Болатұлы бірлесіп аударып, басып шығарған қазақша нұсқасын сатып алдым. Ол кездегі ойым – араб қарпіндегі қазақшадан кирилл жазуындағы қазақшаға өткеріп алсам, бүкіл еңбек осымен тынады деп санағанмын. Осынау қазақшадан қазақшаға «аудару» процесі 2011 жылдың күзінде басталып, 2014 жылдың жазында аяқталды. Алайда көшіріп жүріп мынаны байқадым: түпнұсқамен салыстырғанда, қазақша кітаптың мәтіні толық емес екен, сөйлемдер, тіпті толық абзацтар қысқарып кеткен тұстары жетерлік. Бұған қоса, кей кейіпкер, иттердің аты мен жер атаулары әр жерде әртүрлі жазылғаны көзге түсті. Сондықтан 2014 жылдың күзінде кітаптың түпнұсқасын негізге алып, әлгі үш аудармашының аудармасымен салыстыра отырып, қытай тілінен қайтадан тікелей аударуға тура келді. Сөйтіп, 2018 жылдың жазында аяқтадым. Нәтижесінде мәтіннің 85-90%-ын түгел өзгерттім, «түсіп қалған» тұстарын енгізіп, толықтырдым. Әр күні кешке, кейде түні бойы, мейрам күндері, яғни өзімнің негізгі жұмысымнан тыс уақыттың бәрінде осы романды аударумен болдым.

– Кітаптағы мәдени немесе тілдік ерекшеліктерді сақтау қаншалық оңайға түсті, қай сөздер немесе ұғымдарды тәржімалау қиындық тудырды?

– Жалпы, аудару техникалық жағынан қиындық тудырған жоқ. Аударып жатқанда үш-төрт сөздікті қатар пайдаландым. Негізгі ойым да сол еді ғой: қытай тіліндегі ерекшеліктерді толыққанды беру, біздің қоғамда қолданылмайтын немесе атымен жоқ нәрселерді кеңінен түсіндіру, әңгіме желісін жан-жақты да толыққанды көрсету үшін қосымша түсініктемелер енгізуге тура келді.

Шығарманың дәмін келтіретін кейбір моңғол сөздерін де, қытай нақылдарын да мағынасын өз қалпында сақтауға тырыстым, барынша тікелей аударып көрсетуге көңіл бөлдім. Оқиға желісі моңғол даласында болғандықтан, моңғолдың, көшпелілердің «иісін» беруге барымды салдым. Яғни оқырманға тағы бір қазақ өмірін суреттейтін кітап емес, керісінше, өзімізге біршама жақын, тарихымыз ортақ көшпелі халықтың болмысын және қазіргі кездегі тұрмысы мен төл табиғаттың трансформациясын жан-жақты көрсетуді мақсат еттім. Автор романда суреттеу мен бейнелеулерді қысқа, ал кез келген оқиғаны жай-жапсарына дейін келтіруге, әңгіме желісін қытайлық «шежіреші» тұрғысынан сюжеттерді тізбектеуге, дамытуға ерекше көңіл бөлген. Мұның бәрін оқырманымызға жатық, бесенеден белгілі және жауыр сөздермен, мақалдармен ауыстыру мүмкін емес, әрі бұл оқырманның ойын басқа жаққа бұратыны белгілі. Жасыратыны жоқ, маған тәржімалаудан гөрі, редакторлармен жұмыс істеу қиындау болды.

– Романдағы негізгі кейіпкерлердің мінез-құлқы мен қарым-қатынастарын аударғанда не нәрсеге көбірек мән бердіңіз?

Кейіпкерлердің көбі жиынтық бейнелер деп айта аламын. Мысалы, бас кейіпкердің бірі – малшы қарияның есімін Білге-ата деп бекерден-бекер қоймаған. Оның есімі көшпелі өркениеттің білгірі, түркі-моңғол халықтарына ортақ есіммен аталып, ежелгі көшпелілерді, олардың Көк Тәңірмен байланысын ұстап тұрған, салт-дәстүрлер мен өз елінің шежіре-тарихын жақсы білетін абызды білдіреді.

Оның баласы Батудың (Батыр) есімінен тұнып тұрған батырлық, өжеттік, ер жігіттің сипаттары, сондай-ақ ата-баба мұрасын жалғастыру секілді міндеттерді арқалаған тұлға екенін білесіз. Доржы, Үлжі, Сарылың, Ламжаб және өзге де моңғол малшыларының тұла бойынан ХХ ғасырда моңғол қоғамының бұрынғы көшпелі тұрмысы мен жайылымдық көшпелі мал шаруашылығынан біртіндеп осы заманғы адамы көп, жері тар, жайылымы тозуға бет бұрған Ұлы далада қораланған мал шаруашылығына өтудің қиын кезеңіне түскен дала жұртының бейнесін көруге болады. Тіпті Білге-атаның немересі Баярдың жүріс-тұрысынан ауылда өсіп, еркін жүрген, жасы кіші болса да, ешнәрседен жасқанбайтын, бүкіл малшы қауымының пысық, алғыр, епті, елгезек қара домалақ баласын көз алдыңызға елестетесіз.

Бұдан бөлек, Ұлы далаға жаны қас, көшпелі өркениеттің қадірі мен мәнін түсінгісі де келмейтін, болмысы бөтен, сахараны тек өзінің байып-ауқаттануының қайнар көзі ғана көретін тоғышар, жоғарыға жағымпаз, ал өз деңгейінен төмендерге өктем болған Бао Шигуй, Ваң Цзюнли, Пэң-інішек және басқа да кейіпкерлердің сөзі, ойы, санасы және іс-әрекеттері анық берілді. Осымен бірге, сан ғасырлық көшпелі елдердің тарихын сақтап келген кең далаға біртіндеп енген жаңа отырықшы тұрмыстың нышаны болумен қатар, оның табиғатына, нәзік экологиялық тепе-теңдікті бұзу жағынан жаңа қауіп әкелген қатерлі үрдістің өкілдерін оңай байқайсыз.

Осы кейіпкерлерден бөлек, Бейжіңнен жер аударылған, «бастауыш ұйымдарға» қара жұмысқа келген Чен Чжен, Яң Кэ, Гао Цзянчжуң, Чжаң Цзиюән секілді төрт студенттің бейнесі ерекше сомдалған. Дала малшылары секілді бұлардың да өмірі көп өзгеріске ұшырағанын, мемлекет астанасынан шалғай жатқан шекаралық өңірдің малшы ауылына топ етіп түсе қалған жастардың қиын өмірін ғана емес, сондай-ақ болмысы бөтен тұрмысқа бейімделу мен қабылдау үдерісін байқауға болады. Солардың ішінде жан-жақты бейнеленген кейіпкер, түпбейнесі автор Цзяң Жуңның өзі болған – Чен Чжен романның бүкіл құрылымының басым бөлігін құрайды. Оның үстіне, Гао, Яң, Чжаң, Чен секілді фамилиялардың (ныспылардың) қолданылуы да бекер емес. Тарихтан белгілі, бұл ныспылар сянби, табғаш, жуң көшпелі елдердің ұрпақтары қолданған, осы атпен қытай тарихында қалған, қытай мәдениетіне енген. Тіпті Цзяң Жуң деген – автордың өз аты-жөні емес, ежелгі Қытайдан солтүстікте және батыста мекендеген екі көне көшпелі халықтың атауынан құралған лақап ат. Осы атты пайдалануы оның ежелгі көшпелі халықтарға сүйіспеншілігін, құрметін көрсетеді.

Кітаптағы тағы бір негізгі кейіпкерлер ретінде бөрілерді, бөрілер үйірін және адамның уысына түскен бөлтірікті айтар едім. Әрине, мұндағы бөрі – жиынтық образ. Ол романдағы 35 тарау мен «Соңғы сөз» бөлімінде бар. Кітаптың әр парағында дерлік бөрі туралы айтылады, бейнеленеді. Негізгі әңгіме желісі осы түз тағысы, оның әрекеттері, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, адаммен қарым-қатынасы және табиғаттағы орны мен тигізген ықпалы төңірегінде өрбиді. Автор бөріні суреттеуде оның болмысы мен мінезіндегі барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін жасырмай бірдей көрсетуге, жете түсіндіруге ұмтылды. Адамға бағынбайтын, көнбейтін бөрілер бұл романда негізгі кейіпкерлермен бірге бір орында тең тұр.

– Бұл шығарманың өзектілігі неде? «Бөрі тотемді» не үшін оқуымыз керек?

– «Бөрі тотемде» бөрілердің өмірі, олардың түркі мен моңғол қауымдарына үйреткен тәлімі мен оларды шыңдауда атқарған рөлі, ежелгі көшпелілердің тарихынан нәр алу, Ұлы даланың экологиялық тепе-теңдігін сақтап қалу және келешек ұрпаққа басы бүтін қалдыру, сауда-экономикалық пайданың соңына түскен осы заманда сахараның нәзік табиғатын барынша қорғау және өзге де мәселелер қамтылған.

Бұл романды қазақ тіліне аударғандағы мақсат – жат ел өкілінің Ұлы дала, дала халықтары, бөрінің болмысы жөніндегі пікірімен, көзқарасымен таныстыру; не ойлайтынын көрсету, нендей қорытындыға келгенін баяндау; осы арқылы өзімізге, тарихымызға, көшпелілер өркениетіне сырттан бір көз тастау, бәлкім, жаңадан баға беруге әрекеттену.

Жалпы, бұл кітап негізінен ата-бабасы көшпелі болған әрбір адамның санасы мен еңсесін көтеруге, өзінің ежелгі көшпелі өркениетімен қайта қауыштыруға жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын.

– Жалпы, кітапта көп айтылатын «бөрі рухы, бөрі қаны» дегеніміз не?

– Кітапта айтылатын бөрі рухы, бөрінің қаны түсініктері қытай жазушысының өз өміріндегі тәжірибесіне сүйеніп жазған өз анықтамасы, түйсігі ғой. Ал қазақ, моңғол секілді дала халықтарында бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Еркіндікке талпыну, өрісін кеңейту үшін кеңістікті игеру, жан-жағын тақымына басу, өзінікін бермеу, өзгенікіне килікпеу, бостандықты аялау, соңына дейін күресу, өліспей беріспеу, туған жерін қасық қаны қалғанша қорғау – осының бәрі көшпелі халықтың бойындағы рухында, тамырындағы қанында қай-қашаннан да бар қасиет. Бөрі оттан, жарықтан, адамнан қорқады, тек азап шегуден, шаршаудан, өлімнен қорықпайды.

«Бөрі тотемі» қалада туып, қалада өскен маған дала өмірін, малшының күнделікті ауыр тұрмысын ашық көрсетті, таныстырды, әсер берді. Меніңше, бұл кітапты еліміздің ауыл тұрғындары оқып таңғала қоймас, тек салыстырма ретінде көруі мүмкін. Олар үшін романдағы басқа бағыттар құнды болса керек. Дегенмен қала-аудандарда өскен, мен сияқты «асфальттың балаларына», ауылдағы ата-әжесіне қонақ боп қана баратын азаматтарға ежелгі көшпелі өркениеттің егінші халықтарға тигізген әсерімен, шынайы көшпелілердің тұрмысымен, жайылымдық мал шаруашылығының қыр-сырымен, төрт түлік мал мен жабайы жануарлар тіршілігінің біз біле бермейтін көмескі де маңызды тұстарымен танысуға үлкен мүмкіндік береді.

– Болашақта тағы қандай кітаптарды аударуға ниеттісіз?

– 2000 жылдардың басында Шыңжаң университетінің Филология институты Орталық Азия мәдениетін зерттеу орталығының Ежелгі шығармаларды реттеу-зерттеу кеңсесі үлкен жұмыс жүргізіп, Қытайдың бірқатар ежелгі әулеттерінің жылнамаларындағы Орталық Азия мен көшпелі халықтарға қатысты тарихи деректерді теріп аударып, бөлек деректер жинағы етіп басып шығарған болатын. Нәтижеде, 2002 жылы «Бэйши» («Солтүстік әулеттер тарихы») жылнамасынан, ал 2004 жылы Вэй, Ци, Чжоу, Суй патшалықтарының жылнамаларынан алынған «Қытайдың 24 әулет тарихындағы Оңтүстік және солтүстік әулеттер дәуіріндегі Батыс өңірге қатысты тарихи материалдар» деген екі кітап жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл кітаптар сянби, түркі және басқа да ежелгі ұлыстардың тарихына қатысты деректер жинағы болғаны үшін өз әуестігіме салып, аударып жатырмын.

«Бөрі тотемі» кітабының басылуы аудармашының ғана сапалы еңбегінің жемісі емес, сондай-ақ Steppe & World баспасы, оның редакторлар ұжымының қажырлы жұмысының нәтижесі ғой. Осы кітапты басып шығаруға тәуекел етіп, Қазақстан оқырмандарына табыстаған Steppe & World Publishing баспасының ұжымына және баспагер Раиса Қадырға ерекше рақметімді айтамын.

Сұхбаттасқан

Асылан Қуанышұлы

Тегтер: