Айдар Хамит, әлеуметтанушы: Қандастарға қатысты мемлекеттік бағдарламалар ескірген
Жақында президент Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында көп талқыланған бір дүние Талғардағы Шерзат ісіне қарата айтқан қандастарға қатысты пікірі болды.
Онда: «Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!» делінеді. Қоғам бұл пікірді сан-саққа жүгіртіп, қызу талқылады. Жалпы бұрындар «оралман» делінген, кейін «қандас» деп аталған шеттен келген ағайындардың Қазақстанға бейімделу жағдайы қалай, олар қандай кедергілерге тап болады. Қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан бөлініп, оқшауланып қалған жоқ па, жаңа ортаға бейімдеу тұрғысында қандай жұмыстар жасалуы тиіс, бұл тарапта алда нендей нақты шаруалар атқарылуы тиіс. Осы сұрақтар төңірегінде әлеуметтанушы Айдар Хамитпен сұхбаттастық.
– Әлеуметтанушы ретінде президенттің қандастарға қарата айтқан сөзін қалай қабылдадыңыз?
– Соңғы жылдары шетелден келген қазақтарға «қандас» деген арнайы мәртебе берілді. Оған дейін «оралман» деп аталып келген еді. Алайда оларды дәл бұлай «қандастар» деп қоғамнан бөле қарау дұрыс емес. Әрине, ұлт және этнос ұғымы тұрғысынан алып қарағанда олар азаматтығы басқа елден болса да біздің этникалық қандасымыз, бауырымыз болып есептелінеді. Біз алғаш тәуелсіздік алған кезден бастап сырттағы қандастарымызды атажұртына шақырдық, соның нәтижесінде Қазақстанға алыс-жақын шетелден миллионнан астам қандас оралды. Олар демографиямызды арттырды, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Ұлттық болмысымыздың қалыптасуына ықпал етті. Алайда соңғы он жылдан бері қазақ көші тоқтамаса да, бәсеңдегені байқалады. Бұл негізі әлемдегі және елдегі саяси, экономикалық мәселелермен тығыз байланысты. Әсіресе соңғы уақыттарда қандастарымызға қазақ саны аз, экономикалық тұрғыдан әлсіз аймақтарға қоныстану ұсынылды. Бұл да көштің қарқынына әсер етті. Сондай-ақ бұл мәселе шеттен келген азаматтарға экономикалық, материалдық және құқықтық мүмкіндіктердің берілуімен де байланысты болды.
– Қазақстанда осындай әлеуметтік топ бар ма? Оларға қандай сипаттама берер едіңіз?
– Әрине, мұндай әлеуметтік топ бар, бұл заңмен де бекітілген. Қандастардың тұрғылықты елмен айырмашылығы бұрындары айтарлықтай байқалатын. Тұрғылықты халық оларды келген елімен байланыстырып атайтын, мысалы, Моңғолиядан келсе «моңғол», Қытайдан келгендерді «қытай» деп. Бұл негізі ғылыми тұрғыдан түсінікті жайт. Әдетте жеке микротоптарда, әсіресе ауылды мекендерде қай жақтан келсең, сол елді сізге қосақтап айтады. Бұл біреудің ұлтына, этносына байланысты емес, жалпы үрдіс. Сонымен қоса, адамдар арасында ақпараттың дұрыс жетпеуінен қалыптасқан қате түсінік бар. Яғни оларды соғыс кезінде, басқа да тарихи себептермен туған жерін тастап қашқандардың ұрпақтары деп ойлайды. Тағы бір себеп – қандастарға берілетін көмекке қатысты. Мемлекет шеттен көшіп келген қандастарға түрлі көмектер көрсетеді, үй, жер береді. Бұл да жергілікті халыққа әсер етеді. Осының салдарынан қандастарды «мемлекетке қол жайып отырған масыл топ» деп қарайтындар да бар.
– Біз қандастарын елге шақырған санаулы елдердің біріміз деп жиі айтамыз, сіздің ойыңызша, қандастарды әлеуметтік тұрғыдан Қазақстанға бейімдеу жұмыстары қалай жүзеге асты?
– Бастапқы кезде мемлекеттік қолдау әлсіз болды. Мысалы, Қазақстаннан Германияға көшкен немістерді қалай қарсы алғанын біз жақсы білеміз. Олар әуелі бейімделу орталықтарынан, тілдік курстардан өтті. Сол үшін арнайы мекемелер жұмыс істеді. Әрине, атажұртына оралған қандастар тілін, салтын сақтап келді. Бірақ экономикалық тұрғыдан қиындықтарға жолықты. Жоғары білімді мамандар өз орнын тапты. Ал білімі жоқ кісілер, әсіресе қарттар бұл тұрғыдан кедергілерге ұшырады. Мемлекеттің көмегіне мұқтаж болу деген де осы тұрғыдан, амалсыздан туындаған жағдай секілді. Егер біздің көші-қон бағдарламамыз басқаша болса, онда экономикалық тетіктер ескерілсе, мүмкін жағдай да басқаша болар ма еді? Мысалы, мал шаруашылығымен шұғылданатын Моңғолиядан, Қытайдан көшіп келген қандастарға жайылым жер берілсе, малдарын Қазақстанға алып келудің жолдары қарастырылса, олар өз күндерін өздері көрер еді. Бізде бұл тұрғыдан белгілі шектеулер болды. Қандастар Қазақстанға көшкенде өздерінің жиған-тергендерін, мүліктерін елге алып келе алмады. Сондықтан да мемлекет оларды толық қолдауға мәжбүр болды.
1990 жылдары қандастарды ортаға бейімдейтін орталықтар, қоғамдық ұйымдар өз беттерінше жұмыс істеді. Олардың кейбіреуін Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастардың өздері құрды. Сөйтіп көшіп келген қандастарды жаңа ортаға бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Алайда мұндай орталықтар уақыт өте келе қаржылық қиындықтарға ұшырады, мемлекеттен, жергілікті биліктен қолдау таппай ақырында жұмыстарын тоқтатты. Қазір мұндай ұйымдар өте аз. Сәйкесінше, қазіргі көшіп келген қандастар ортаға бейімделу, сіңісу тұрғысынан көмекті ертеректе көшіп келген туыстарынан алады.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстаннан тысқары елдерде 5-6 миллион қандастар тұрады. Олардың көбісі диаспора емес, ирредента. Ирредента дегеніміз – өздерінің ежелгі атамекенінде өмір сүріп жатқан халықтар. Яғни шеттегі қазақтардың басым бөлігі өзінің туып-өскен жерінде, Қазақстанның саяси шекарасынан тысқары жерде өмір сүріп жатыр. Әрине, олардың атажұртына көшуі өз шешімі. Егер шетелдегі қазақтар Қазақстанға көшіп келіп, өзінің, балаларының болашағын осы елмен байланыстырып жатса біз оларды барынша қолдауымыз керек. Тіпті олар елге көшіп келмеген күннің өзінде мәдени, рухани байланысты үзбеген жөн. Қазір Қытайдағы, Ресейдегі қазақтар ана тілін ұмыта бастады. Мұның алдын алу үшін екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстарды пайдалана отырып қазақ мектептерін сақтап қалу, қазақ тарихын оқыту жұмыстарын да іске асырған жөн. Бұл үшін арнайы бағдарламалар, келісімшарттар болуы тиіс.
– Алдағы уақытта бұл шаруалар қалай істелуі керек?
– Қандастарға қатысты кейбір мемлекеттік бағдарламалар қазір ескіре бастады. Оның кейбір тетіктерін қазіргі жағдайға байланысты қайта қарау керек. Ендігі негізгі стратегия жастарға бағытталуы тиіс. Жастарды оқу орындарына қабылдау, грант беру қажет. Шетелден келген жастар негізінен оқуға түсуде қиналады. Қазақстандық білім жүйесін білмейді. Айталық, жылда мемлекет тарапынан 4 мыңға дейін білім гранты бөлінеді қандастарға, бірақ соның тек 600-і ғана игеріледі. Демек алдымен грант бөлу тәртібін өзгерту қажет. Олардың кейбірі кириллица жаза да алмайды. Мысалы, Қытайдан келген қандастар бұған дейін А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі алфавитпен білім алған, қазақша сөйлеп тұрса да, кириллицаны жөнді оқып, жаза алмайды. Алайда олар қытай тілін жетік біледі. Олардың осы мүмкіндігін пайдаланып, шығыстану, қытайтану секілді мамандықтарда оқыту керек. Ал Ресейден келетін балаларды орыс тілі, ағылшын тілі сияқты мамандықтарда оқытса, техникалық мамандықтарға қарай жетелесе, бізге көбірек пайдалы болар еді. Яғни шеттен келген жастарды ҰБТ-ға байлап қоймай, басқаша бір мүмкіндік жасау қажет. Мысалы, олардан шығармашылық емтихан алып, сұхбаттасып, оқуға қабылдауға болады. Оларға грант бөлгенде Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Атбасар секілді өндірістік, шекаралық қалаларға жіберу керек. Кейін бұл балалар сол өңірде мекендеп, ата-анасын атажұртына алдырып, сонда тамыр тартып, тіршілік етуі мүмкін. Егер осылай істей алсақ, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан, демографиялық, экономикалық тұрғысынан қамтамасыз ете аламыз. Ең маңыздысы – осының бәрі арнайы бағдарламада жазылуы қажет.
Сұхбаттасқан Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ