Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:45

Айдар Хамит, әлеуметтанушы: Шерзат өлімі біздің қоғамды немқұрайлы болмауға шақырады

Айдар Хамит
Фото: ашық дереккөз

Шерзаттың ісі уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Жақында оның ағасы Нұрқанат белгісіз жағдайда қаза тапты. Сосын Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамалды.

 Енді, міне, Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймоваға қысым көрсетіліп жатқаны айтылуда. Себебі Бақыт осы уақытқа дейін Қазақстанда ешқандай құжатсыз, заңсыз жүріпті. Енді оны депорт жасамақшы. Негізі бұл іс төңірегінде де сұрақ көп. Неге Бақыт осы уақытқа дейін құжатсыз жүргенін полиция білмеген, неге дәл Шерзат ісі ушыққан кезде ғана оны елден қуалап жатыр? Жалпы Шерзат ісі қоғамды қалай өзгертті, бұл мәселенің астарында не жатыр? Алда не істелуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде біз бүгін белгілі әлеуметтанушы Айдар Хамитпен сұхбаттастық.

– Шерзат ісі қоғамда үлкен дүмпу тудырды, мұның себебі не деп ойлайсыз, осы іс қоғамда қандай шешімін таппаған құқықтық-әлеуметтік мәселелердің бетін ашып берді?

– Шынымен де Шерзат Болаттың ісі соңғы бір-екі айдан бері, шешімін таппай, одан өзге де мәселелерге ұласып жатыр. Мұны тіпті тұрмыстық мәселеден саяси мәселеге айналды деп айтылып жүр. Меніңше Талғар оқиғасы әлеуметтік, экономикалық мәселелерден туындап отыр. Егер осы тұрғыдан алып қарасақ, қоғамдағы ұзақ жылдарға созылған наразылық пен өмір сүру көрсеткішінің төмендігі, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың кәсіби біліктілігінің төмендігі секілді мәселелердің беті ашылады. Мұның бәрі ендігіде кешенді түрде қаралуы қажет. Меніңше мұның бәрі аймақтық, туыстық, сыбайластық жемқорлықтың кесірі. Яғни бізде әлі де меритократиялық принцип орнаған жоқ. Негізі кәсіби білікті мамандар төменнен жоғары қарай өз күшімен өсуі қажет. Ал бізде мұндай тәртіп сақталмайды, кімнің көкесі бар, кімнің танысы күшті, сол қызметте өседі. Оның кәсіби біліктілігі ескерілмейді. Ең әуелі біз осыны шешпесек, Талғар оқиғасы қайталана береді. Сондай-ақ қоғам осындай әділетсіздікке көз жұма қараудан, үндемей отырудан әбден шаршады. Әрине, отыз жылға созылған түрлі әділетсіздік халықтың тұрмысына айтарлықтай әсерін тигізді.

Негізі заң алдында барлық азаматтар бірдей жауап беруі қажет. Алайда бізде заң үстемдігі бәріне бірдей орнамайды. Көп адамдар заң алдында жалтарады. Тіпті лауазымды адамдардың балалары қылмыс жасаса, оның соңы аяқсыз қалады. Немесе айыппұлмен, шартты түрдегі жазамен шектеледі. Ал қарапайым адамдарға басқаша үкім шығады. Демек, бұл жерде әділдік принципі жұмыс істемей отыр. Мұның себебі өте қарапайым, отыз жыл ішінде Ата заңымыздың өзі қанша рет өзгерді, басқа да заңдарымыз, әлдекімдердің қажетіне қарай өзгерді, бұрмаланды. Сондай-ақ бізде көп заңдар орыс тілінде жазылады, қазақ тіліндегі нұсқасы өте түсініксіз. Мұның соңы адамдардың құқығын білмеу, құқықтық сауатсыздыққа алып келеді.

– ⁠Шерзат өлген соң талғарлық «Хутор» деген жер айтыла бастады, жалпы бізде мұндай қылмыстық топтар бар екені бұрыннан айтылады, бұл нені білдіреді, біздегі заңның әлсіздігі емес пе, неге әлі күнге осындай қылмыстық топтар өмір сүріп келеді?

Әрине, «Талғарда «Хутор» деген қылмыстық топ бар» деп ресми органдар оны тіркемейді. Бірақ халық, ел болып олар туралы, олардың қорғаушылары туралы жиі айтып жатса, мұндай топтың бар болуы мүмкін. Мұны әлеуметтануда «әлеуметтік нормадан ауытқыған қылмыстық топтар» дейді. Бұл әуелі отбасынан, жергілікті ортадан басталады. Содан белгілі бір аумақта жасөспірімдердің басы құралып, әртүрлі қылмыстар жасайды, тапсырыстарды орындайды. Мұндай топтарға көбінесе ауылдағы жастар үйір болады. Себебі олардың уақытын тиімді өткізетін ортасы ұйымдастырылмаған. Негізі жастар кешкі уақытын мәдениет үйінде, спорт залдарында өткізуі тиіс, ал ауылда ондай мүмкіндіктер болмаған соң, олар түнде көше кезеді. Мұның ақыры романтизацияға ұласады. Соңғы жылдары бізде криминалды топтарды романтизациялау, қылмыскерлерді батыр деп көрсету белең алды. Жасөспірімдер криминалды топтардың басшысын батыр етіп көрсеткен осындай фильмдерге еліктейді, соларға қарап бой түзей бастайды. Сонымен қоса, әлеуметтік экономикалық жағдай әлсіреген кезде адамдар осындай жолды таңдайды. Мысалы, 90-жылдары бізде әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын болды, сол тұста криминалды топтар белең алды. Демек қазір де сол жылдардағыдай жағдайымыз қиындап бара жатыр деген сөз.

Жақында Шерзаттың ағасы Нұрқанат қайтыс болды, осы кезде де құқық қорғау органдарына көп сын айтылды, мұны қалай қабылдадыңыз. Бір өлімнен соң тағы бір өлім, Шерзат ісінің бақылаусыз қалғандығын білдірмей ме?

Аз уақыттың ішінде екі өлім. Бұл олардың отбасы үшін өте ауыр жағдай. Шерзатты әке-шешесінің көзінше өлтірді, онан соң үйлері өртенді. Енді, міне, Шерзаттың ағасы Нұрқанат қайтыс болды. Мұның бәрі қоғамды қорқыныш сезіміне алып келді. Полиция қызметкерлеріне деген сенімді азайтты. Себебі полиция жағдайды бақылаудан шығарып алды. Негізі құқық қорғау органдарына, полицияға деген мұндай сенімсіздік жастарды шетелге көшуге мәжбүр етеді. Өйткені олар өз болашақтарын билікке сенімі қалмаған елмен байланыстырғысы келмейді.

Бұл істің тағы бір астары бар секілді. Шерзат ісін саясиландыру алдымен билікке керек. 2000 жылдардың басында Ресейде бірнеше теракты болды. Ондағы мақсат – қоғамда қорқыныш, үрей тудыру арқылы халықты биліктің маңына шоғырландыру еді. Байқасаңыз, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда билікке, полицияға деген сенім азайды, наразылық көбейді. Адамдардың саяси белсенділігі де азайған, бұл соңғы референдум, сайлауларда анық байқалды. Билік енді Шерзат ісінің әділ шешімін қоғамға көрсетіп немесе Талғарға тәртіп орнатуды кілт ретінде пайдаланбақшы. Сосын бізде осындай әділдік орнады деп айтпақшы. Қазір іс әбден ушықты. Бір отбасынан екі өлім, Қаржаубайды қамау, оның туыстарын қудалау. Егер осының бәрі бақылаумен істеліп жатса түсінікті, ал егер бақылаудан шығып кетсе, мұның соңы жаппай наразылыққа ұласуы да мүмкін. Себебі Шерзат өлімі Талғардың ғана емес, бүкіл мемлекеттік мәселеге айналды.

– Шерзат ісі бізге не үйретті, енді не істеуіміз керек?

Шерзат өлімі біздің қоғамды немқұрайлы болмауға шақырады. Қазір қоғам, жастар өзгеріп жатыр, бұрынғы ауылдық мәдениеттен қалалық мәдениетке көштік. 37 пайыз ғана халық ауылдық жерде өмір сүреді. Құндылықтар өзгеріп жатыр. Міне, осындай өзгеріске түскен қоғамда үнемі жаңа мәселелер туындайды. Адамдар бұрынғыдай ұжымдық көзқарастан арылып, жеке өзін ойлауға бет бұрады, осының бәрі біздің құндылығымызға, өмір сүру дағдымызға әсер етеді. Негізі бұл мәселелер жан-жақтылы зерттелуі қажет.

Сондай-ақ біз бала тәрбиесі мәселесін де тереңірек ойлауымыз керек. Әділетті қоғам орнатуды, сапалы білім беруді қамтамасыз ету шарт. Тағы бір маңызды мәселе – құқық қорғау органдарына қатысты. Қай бір жылы «реформа жүргізілді» делінді, бірақ қызметтік формалары ғана ауыстырылды. Сөйтіп косметикалық өзгеріс жасалды, ал сана модернизацияланбады. Сондықтан өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Сосын наразылықтар кезінде, Шерзаттың ісі секілді оқиғалар туындағанда полиция қызметкерлерінің аса қатыгездік танытуының өзі түсініксіз жайт. Сондықтан полицияға түбегейлі өзгерістер қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен полициялардың коммуникация мәселесі де аса маңызды. Олар қоғаммен жөнді байланыс орната алмайды. Оқиға туындағанда дер кезінде нақты ақпарат бере алмайды. Сосын адамдар тарап жатқан әртүрлі ақпараттарды пайдаланады. Негізі алғашқы ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырады. Ал қоғамның наразылығын тудырмас үшін жедел, нақты ақпарат жеткізу маңызды. Ал бізде баспасөз қызметі ақсаған. Тіпті министрлердің өзі қоғаммен байланыс орнатуға шорқақ. Себебі олардың көбісі ойын ұғынықты етіп, қазақша жеткізе алмайды, екіншіден жауапкершіліктен қашады, яғни бірдеңені қате айтып, жұмыстан қуылам ба деп қорқады. Соның кесірінен ақпарат кешігеді, бұрмаланады.

Сұхбаттасқан  Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ