Әйел тағдырына арналған «Ақжелең» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды

Қазақ авторлық киносы тағы бір жаңа туындымен толықты. Әйел тағдырына арналған «Ақжелең» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «AR production» продюсерлік орталығының қатысуымен түсірілген.

Фильмнің режиссері – Бекзат Смадияр бұл туындысында терең әлеуметтік-психологиялық астарға құрылған, ұлттық болмысты басты арқау еткен кино жасауға талпынған. Режиссердің айтуынша:
«Ақжелең» жобасының мақсаты – авторлық интеллектуалдық бағыттағы, әлеуметтік-психологиялық астары бар ұлттық фильм жасау. Біз кейіпкерлердің болмысын ашуда ұлттық менталдық құндылықтар тұрғысынан іздендік. Сондай-ақ, сюжеттік желіні құрастыруда барлық әлем халықтарына түсінікті ортақ мәселелерді қамтуға тырыстық. Себебі, әйел тақырыбы – адамзатқа ортақ тақырып. "Ақжелең» – домбыра күйлерінде қалыптасқан мектеп. Әйел тағдырын, мұң-шерін, қуаныш-қайғысын арқау еткен күйлер осылай аталды. Біз де қазіргі қазақ әйелдерінің «ақжелеңін» шерткіміз келді», – дейді режиссер Бекзат Смадияр.

Фильмнің бас кейіпкері – Жамалдың рөлін актриса Ақкенже Әлімжан, ал Рүстемнің рөлін Әлихан Лепесбаев сомдайды. Оператор – Еркінбек Пітірәлиев, қоюшы суретші – Сәбит Құрманбек.

«Ақжелең» – әйел болмысы мен тағдыры арқылы қоғамдағы терең әлеуметтік қабаттарды қозғайтын фильм. Ұлттық дүниетанымды жаңаша қырынан ашуға тырысқан бұл картина – қазіргі қазақ әйелінің ішкі әлемін, оның күресін, үміті мен мұңын суреттейтін эмоционалды әрі эстетикалық дүние.
Айта кетейік, фильмнің түсірілім жұмыстары толық аяқталды, алдағы уақытта монтаж жұмыстары жүреді.