Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 07 Қазан 2025

Әйел туралы әзіл немесе Мәдиевтің интернеті ЖИ-ден де ұялмайды

Мәдиев пен Дуров
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен аптаның аяғында Астанада тағы бір халықаралық форум өтті. Елорда мұндай жиын-тойдан кенде емес еді.

Кейінгі 20 жыл бойы діндарлар съезінен бастап, экономикалық, саяси және медиа форумдар мен конференцияларды жиі ұйымдастырып келеміз. Бірақ оның ешбірі ел экономикасына да, саяси реформаға да, баспасөз еркіндігіне де оң әсер еткен жоқ. 

Заман өзгеріп, көне форматтағы форумдардың қызығы қайтты. Әлемде тың технологиялардың пайда болуына орай енді технологиялық форумдар «трендке» шықты. Қазақстан 2024 жылдан бері мұндай жиынның бірнешеуін өткізіп тастады. Мысал ретінде ШЫҰ цифрлық форумы, Digital Almaty-2024 цифрлық форумы, Азия-Тынық мұхиты елдері цифрлық даму министрлерінің конференциясы сияқты бірнешеуін атасақ та жеткілікті. Мұндай жиындар бұрынғы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тұсында асқынып кеткен. Одан кейін тізгін ұстаған Жаслан Мәдиев те тойқұмар болып шықты. 

Қазақстан көштен қалмай цифрлы ел боламыз деп, енді іске кірісе бастағанда, өзге жүрт мүлде бөлек арнаға бет бұрып, жасанды интеллект әлеміне аяқ басты. Қазақ билігі мұндай дүрмектен қалай шет қалсын? Астана төрінде Digital Bridge-2025 деген халықаралық технологиялық форум өткізіп тастады. Әрине, елде цифрлық технологияның дамығанын, жасанды интеллектінің жалпыласқанын қос қолдап қолдаймыз. Бірақ соны алты құрлыққа сауын айтып, той жасамай-ақ, форум өткізбей-ақ дамыта берсек болмай ма деген сұрақ туындайды. Бұл салада дамып, бізден көш ілгері озып кеткен мемлекеттердің өзі халықаралық форумдар өткізуге құлықты емес.

Digital Bridge-2025 қандай жиын?

Жоғарыда Жаслан Мәдиевтің атын бекер атаған жоқпыз. 2024 жылы мамырда Бағдат Мусиннің орнын басқан Мәдиев жақында вице-премьер дәрежесіне жетті. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылғаны әсер етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында елде Жасанды интеллект министрлігін құрып, оны вице-премьер деңгейіндегі шендіге басқартуды тапсырған. Үкімет министрлікті де, шенеунікті де сырттан іздеген жоқ, Мәдиевтің мекемесі мен лауазымын өзгерте салды. 

Жаслан Мәдиевтің Жасанды интеллект министрлігінің алғашқы жұмысы халықаралық форум өткізу болды. Өздерінің айтуынша, бұл Орталық Еуразиядағы ең ірі технологиялық форум екен. Осы сипаттамадан да қазақ билігінің көне әдеті көзге ұрып тұр. Яғни, «ең ірі», «ең үлкен», «ең озық» дүние жасауға деген әуестік. Әдетте осындай популистік ұрандардың соңы сұйылып, нәтижесіз болып жатады. Мұндай мысал көп. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, Алматы маңында «Орта Азиядағы ең ірі экономикалық орталық» болатын Алатау қаласын салуға ниеттеніп отырмыз. 

Digital Bridge форумының ресми сайты да бар. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, форум – IT-компаниялар, технологиялық кәсіпкерлер, венчурлік инвесторлар, корпорациялар, IT-мамандар, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдеріне арналған ынтымақтастық алаңы. Яғни, IT-саласының мамандары инвесторларға өз жобасын таныстырып, тиімді келісім жасауға тырысады. Ал мемлекеттік мекемелер мен түрлі компаниялар өздеріне серіктес іздейді. Ресми ақпарат бойынша, 2–4 қазан арасында өткен жиынға 100-ден аса елден 500 инвестор, 500 стартап, 1 000 спикер келген. Жалпы қатысушылар саны 67 мың адамға жеткен. Бірақ бұл мәліметке сену қиын. Ресми сайттағы спикерлер деген бөлімде 17 адамның ғана аты аталған, оның бірнешеуі қазақстандық мамандар. 1 000 спикер жиналғаны рас болса, ресми сайтта кем дегенде 100-ін көрсетсе жарасар еді. Ал енді жиынға қатысқан 67 мың адам туралы айтып жатудың өзі артық. 

Форумның басты бөлігі Startup Alley деп аталған. Мұнда компаниялар жаңа идеясын инвесторларға, сарапшыларға, бизнес өкілдеріне көрсетті. Жобалар білім беру, медицина, мобильдік шешімдер, экотехнология, биометрия сияқты түрлі бағытты қамтыған. Сондай-ақ форум аясында IT-компаниялар көрмесі ұйымдастырылды, онда киберқауіпсіздік, финтех сияқты цифрлық технологиялар саласындағы жаңалықтар жұрт назарына ұсынылды.

Ал бұдан қандай нәтиже шыққаны белгісіз. Форумның арқасында қанша стартап демеуші тапты, қанша отандық IT-компания шетелдік инвесторлармен келісім жасады, халық өмірін жеңілдететін қандай тың шешімдер қабылданды, белгісіз. Бұл сұрақтарға жауап беруі тиіс Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми сайты 4 қазаннан бері бос тұр. Форум аясында 130-дан астам стартап пен IT-компания өз жобасын ұсынғанын ғана хабарлады. 

Экономист Әнуар Нұртазин аты жер жарған ірі форум өткізгеннен гөрі нақты бір бағытқа арналған мамандандырылған форум өткізу тиімді екенін айтады. Оның айтуынша, жыл сайын немесе белгілі бір мерзім интервалында қайталап өтіп отыратын дәстүрлі форматтағы жиналыстардың инновациялық және инвестициялық пайдасы болмайды. 

«Мұндай форумдардың нәтижесін экономикалық тұрғыдағы әсеріне қарап бағалау қажет, яғни, сол форумды Қазақстанда өткізгеннен бізге қандай пайда келеді дегенді ескеру керек. Елде форумдар мен конференцияларды өткізу қате деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ оларды өткізерде қаржы бөлудегі рационалдық пен нәтиже болу-болмауына қарап шешім қабылдау керек».

Digital Bridge-2025 қалай өтті?

Үш күнге созылған форумнан есте қалғаны – цифрлы болашақ туралы айтылған әдемі уәделер мен алыстан аттай қалап шақырған құрметті спикер Павел Дуровтың құрметсіз әзілі ғана. Жиналысты ұйымдастырушылар жұрт сынына көп ұшырады. Мысалы, журналистерді ақпараттық қолдау көрсетіңдер деп шақырып алып, залға кіргізбей қойған. Сондай-ақ жиын өтетін залда күзет күшейіп, спикерлерді фотоға түсіруге, сұрақ қоюға тыйым салған. Форумның ең парадоксқа толы тұсы – залда «шешендер» озық технологиялар жайлы айтып мақтанып жатқанда интернет істемей қалған. Яғни, жаңа технология форумында байланыс үзіліп, ескі дәуір орнаған. 

БАҚ-та тараған ақпараттан форум орыс және ағылшын тілінде өткенін байқадық. Залдағы жазулар тек орыс тілінде жазылған. Мемлекеттік тіл халықаралық форумның есігінен де сығалай алмапты. Жиында сөз алған спикерлердің басым көбі орыстілді мамандар екені байқалып тұр. Оны аз десеңіз, ұйымдастырушылар тек орыстілді блогерлерді шақырыпты. Олар парақшаларында жиынды мақтап, фото-видео жариялап жатыр – ешбірі мемлекеттік тілде сөйлемеген. 

Сондай-ақ форумға президент Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Ол жасанды интеллектті пайдалану үшін тиісті заңнама дайындап, цифрлық кодекс қабылдау қажет екенін айтты. Сондай-ақ үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналу жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы қыркүйектегі жолдауында да айтқан. 

Елде халықаралық форумдар көп өтетінін басында айттық. Сол кезден бері қалыптасқан тәжірибемізге сүйеніп айтайық, әдетте біздің билік мұндай жиындарға қанша қаржы жұмсалғанын айтпайды. Бюджеттен бөлінетін қаржы жабық коммерциялық мәселе деп санайды. Кейде мұндай жиындарды өткізуге бюджеттен ақша жұмсалмағанын, жеке компаниялар демеуші болғанын айтып ақталады. Бұл жолы да тура солай болды. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Digital Bridge форумына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтты, іс-шара демеушілер есебінен өткен. 

Бірақ қандай компания демеуші болды, қанша қаржы бөлді, форумға демеуші болғаны үшін ол компания мемлекеттен не алады деген сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр. Министрлік мұндай сұрақтарға әдетте сырғытпа жауап береді. Дегенмен E-өтініш платформасы арқылы сауал жолдадық. Жаслан Мәдиевтің есебі келіп жатса, алдағы сандарда оқи аласыздар.  

Сондай-ақ форумның екінші күні «Қазақстанда жасалған суперқосымшалар» деген панельдік сессия өтті. Спикерлері Тимур Турлов, Арсен Томский және Михаил Ломтадзе. Яғни, министрлік жаңа, форум жаңа, бірақ жұртқа көрсететін қосымшаларымыз ескі – сол баяғы Kaspi.kz, Freedom және inDrive. Оның үстіне соңғы екеуі ресейлік өнім екені тағы бар. Басқаша айтқанда жаңа технологиялар форумында ұсынатын жаңа ештеңеміз жоқ. Соған қарамастан, қаржы шашып, той жасай береміз. Тіпті үкімет емес, екінші деңгейлі банк жасап берген цифрлы жүйемен мақтанып жүргенімізге көп жыл болды.

ЖИ және жар таңдау

Digital Bridge-2025 форумының соңы концертке ұласып, Yenlik, Kalifarniya сияқты әншілер өнер көрсеткен. Озық технологиялар форумына той-бизнес өкілдерін шақырып, концерт қойғаны қалай? Бұл халықаралық жиынның табиғатына сай келе ме? Ресми іс-шараны шоу деңгейіне түсірудің қажеті қанша?

Шоу демекші, ұйымдастырушылар форумға ресейлік шоумен, әзілкеш Нурлан Сабуровты шақырыпты. Ол әзілдеген болып, бұрынғы отандасы, Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуровқа әлдебір сұрақ қойыпты. Ал ол «көптеген табысты адам Қазақстанға әйел алсам деп келеді, ал мен жасанды интеллект туралы сөйлесуге келдім» деп, айды аспанға шығарған. Кәсіпкер ешбір этикаға да, сыйластыққа да сыймайтын осы сөзді елдің ең ірі шенділері отырған ресми жиында айтты. Қазақ қоғамы бұл пікірге өре түрегелді. Әлеуметтік желілерді дәл осы сөзі үшін Дуровты елдегі жасанды интеллект жобасына жолатпау өз алдына, Қазақстанға мүлде кіргізбеу керек деген наразы пікірлер басып қалды. 

Түптеп келгенде, қит етсе шетелден маман шақыру да қазақ билігінің көне дерті. Тарихи фильм түсірсе, шетелден актер әкеледі, концерт қойса, шетелден әнші алдыртады. Міне, Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамытыңдар деген тапсырмасын ести сала, Дуровты тауып келіпті. Дуров – ресейлік кәсіпкер. Кезінде Вконтакте желісін жасап, аты шыққан. Кейін түрлі дау-дамаймен ол жобасынан айырылып, Telegram желісін құрды. Бұл жобада да басы даудан арылған жоқ. Былтыр тамызда Франция үкіметі Telegram желісі есірткі саудасына, балаларға қарсы қылмыстарға және алаяқтық схемаларға жол берді деп, Дуровты тұтқындаған. Кейін ол 5 млн еуро көлемінде кепіл сома төлеп бостандыққа шықты. Кезінде оның Вконтакте желісі де осындай айыптауға ұшыраған. Яғни, бұл бизнесменнің аты осындай лас ойындарда жиі аталады. Сөйткен Дуров Қазақстанға келіп, Астананың төрінде, ресми жиында отаныңды ажуаға айналдырады. ЖИ-ді дамыту оңай болмайтын сияқты...

Қуаныш Қаппас