Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:55, 06 Тамыз 2025

«Әйелді баспалдақтан итеріп жіберді»: Амантай қажы даулы жағдайға алғаш рет пікір білдірді

Қажы
Фото: ашық дереккөз

Әйел адамға қол жұмсады деп айыпталған Амантай қажы алғаш рет оқиғаға қатысты түсініктеме берді. 

Ол стадионға жаттығу жасау үшін барғанын айтып, бұл оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеді.

«Менің бұл іске қатысым жоқ. Бұл – әдейі ұйымдастырылған әрекет. Видеода оның қалай құлағаны көрініп тұр. Мен ол жерде жоқпын. Жұма күні әдеттегідей таңғы сағат 6-да стадионға бардым. Ол кабинеттен шықты да, айтуға да ыңғайсыз, мені құшақтады. Мен қолыммен итеріп жібердім, ол құлап бара жатқан соң мен көтеріп алады деп ойлады-ау деймін. Мен олай істемедім, жаттығуымды жасап келсем – ол шай ішіп отыр екен. Болғаны сол», - деді Амантай қажы.

Белсенді оқиғаның артында жемқор күштер тұр деп санайды. Оның айтуынша, әлдекімдер әлгі әйелді ақшаға сатып алған.

«Олардың жалақысы аз. Әлдекім оны сатып алған. Кейін мен бірден ауруханаға бардым. Өйткені мен – адаммын. Дәрігерлер “қарап шықтық” деді. Ол отыр. Бұл – бәрі жемқорлардың тірлігі. Мен айтамын, халықтан алшақ шенеуніктер менің халықпен еркін сөйлесетініме қызғанышпен қарайды», - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін желіде Алматыда белсенді Амантай қажы әйел адамды баспалдақтан итеріп жіберді деген видео тараған болатын. Бұл жайтқа қатысты кейінірек полиция пікір білдірді.

Анықталғандай, белсенді Амантай қажы өзіне қол көтерді деп айыптаған әйел — 76 жастағы зейнеткер болып шықты. Жасалған шабуылдан кейін қария жамбас сүйегінің сынуымен ауруханаға жеткізілген. Оған төрт сағатқа созылған ота жасалды.

Зейнеткердің айтуынша, сол күні таңертең ол ғимараттың кіреберісінде Амантай қажымен жолығып, амандасқан. Алайда белсенді оны итеріп жіберген, нәтижесінде ол баспалдақтан құлап кеткен.

Тегтер: