Айгерім Саттыбаева Моңғолиядағы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты
Қазақстандық боксшы Айгерім Саттыбаева (48 кг) Моңғолияда өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Осылайша, ол кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті. Ал Ұлжан Сәрсенбек турнирдің келесі кезеңіне өте алмады.
Ширек финалда Саттыбаева төрешілердің шешімімен (3:2) Өзбекстан өкілі, әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері Сабина Бобокулованы жеңді. Енді финал жолдамасын ол моңғолиялық Номундарь Энх-Амгалан мен вьетнамдық Фам Тхи Куинь Ань арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен сарапқа салады. Кездесу 7 сәуірде өтеді.
Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) ширек финалда Таиланд спортшысы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Пунрави Руэнросқа төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының құрлықтық біріншілікте алтыншы спортшысы ұтылды. Бұған дейін турнирден Санжар Ташкенбай (50 кг), Жазира Орақбаева (51 кг), Элина Базарова (54 кг), Римма Волосенко (60 кг) және Лаура Есенкелді (65 кг) шығып қалған еді.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының аясында өтіп жатқан Азия чемпионаты 30 наурыз – 10 сәуір аралығында Моңғолияның Улан-Батор қаласында ұйымдастырылып жатыр. Жарысқа 21 елден 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жалпы 20 жүлде сарапқа салынады (ерлер мен әйелдер арасында 10-нан). Қазақстан құрамасынан барлық салмақ дәрежесінде 20 боксшы қатысуда.
Айта кетейік, бұған дейін Айбек Оралбай (+90 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) да жартылай финалға шыққан болатын.