Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 18 Мамыр 2025

Әйгерім Жақыпбек, әлеуметтанушы: Қариялардың мәдени өмірі той, құдалық, құдайы тамақпен шектелген

Әйгерім Жақыпбек
Фото: ашық дереккөз

Әдетте адам ғұмырын ұзақ сапарға теңеп жатамыз. Әсіресе ұзақ жол жүрген адам кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, әйтеуір, қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді.

 Бір қызығы, біз жастық жайлы айтқанды, оның ыстық жүрек, мығым қуатына сүйсінгенді жақсы көреміз. Ал қарттық пен кәріліктің қыры мен сырына қанығып, зерттейтіндер аз. Статистикалық деректер бойынша Қазақстан халқының 12 пайызға жуығын зейнеткерлер мен қарттар құрайды екен. БҰҰ классификациясы бойынша халқының 7 пайызынан көбі 60 жастан асқан адамдар болса, ол ел қартаюшы санатына енеді. Қарттықты немере бағып, той-жиында бата беру деп қабылдайтын қоғамдағы дәстүрлі түсінік кейінгі жылдары өзгерген. Қазіргі қарттардың көбі әлі де белсенді, бойындағы күш-жігерін пайдалы жұмсағысы келеді. Қарияларымыз қара шаңырақтағы бауырмалдық пен мейірімнің шырағы, ұрпақтың жылы ұясының бапкері іспетті еді. Бірақ қазіргі қоғамда ата-әже ұғымы дәстүрлі ұлттық таным шеңберінен шығып, бақытты қарттық қағидасы өзгерді. Статистикалық деректерге сүйеніп, бүгінде қарттар үйінің саны артты, қараусыз қарттар көбейді дегенімізбен, алдымен қазіргінің қариясы қандай деген сұрақ алға шығып келеді. Осы тақырып төңірегінде бүгін біз қарттық кезең мәселелерін зерттеуші Әйгерім Жақыпбекпен сұхбат құрдық. 

Байқасақ, қоғамда қарттыққа байланысты белгілі бір қалыптасқан қағидалар бар. Әдетте «кәрілік» не «әдемі қарттық» дегенде еске тек ата-әже рөлінде, қымыз-қымыранды, ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушы қарттар түседі. Десек те, осындай мәдени-ұлттық «қағидалар» мен қалыптасқан ережелер кейде отбасылық, әлеуметтік мәселелердің тууына түрткі боп жатады. Бәлкім, қарттық кезеңге деген қоғам көзқарасын өзгерту керек шығар. Ең алдымен осы туралы ой тарқатайықшы.

– Қарттық кезең мәселесін зерттеуге 10 жылдан бері қызығып келемін. Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Түркістан облысына қарасты ауылдарда 2014 жылдан бері әртүрлі әлеуметтік тақырыпта зерттеулер жүргізіп, түрлі сауалнама, сұхбат пен фокус топ өткіздім. Сол зерттеулердің барысында барған ауылдарымда сауалнама алу үшін әр үйге кіріп, сауалнамаға жауап беруін сұрайтынмын. Адамдардың көбі бұған құлықты болмайтын, тіпті сауалнама сұрақтарына жауап беруге қорқатын. Бірақ сол ауылдардағы қарияларға біздің не істеп жүргеніміз қызық сезіліп, сұрақтарымызға жауап бергісі келетін. Үйлеріне шайға шақырып, бізбен сөйлесіп, ауылдың өзекті мәселелерін айтып, сауалнамамызға барынша ашық жауап беруге тырысатын. Осылайша, маған ауылдарға барғанда ата-апалармен cөйлескен, барған ауылымның тыныс-тіршілігімен танысқан, халықтың жағдайын білген ұнай бастады. Қариялардың өмірін жақсырақ біле бастадым. Олар әлеуметтік, саяси және мәдени тұрғыда белсенді болмаса, жастар «уақыт жоқ» деп сылтау айтып, белсенді, ашық қоғамның құндылықтарын төмендете бастайды деген ой келді. Өкінішке қарай, ауылда тұратын қариялардың көбі жаңа нәрсеге қызығушылығы бар болғанымен, олар үйдің төңірегінен шықпайды, бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған, қариялардың мәдени өмірі тек той, құдалық, құдайы тамақпен шектелген деген ой келді. Олардың бос уақыттағы әлеуметтік, саяси және мәдени белсенділігін арттыру бойынша ізденістер жасап көргім келді. Осылайша, өзімнің мамандығыма қызығушылығым да арта түсті. 2018 жылы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша докторантураға түстім. Диссертациялық тақырыбымды «Қарттардың әлеуметтік эксклюзиясын жеңудегі белсендіруші технологиялар (Шымкент қаласы мысалы)» деп алып, сол бойынша ізденістер жүргізе бастадым. Қарттық кезеңнің мәселелері мен оны шешудің технологияларын іздеу жұмысым 2018 жылы басталды. 2020 жылы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының жүргізген «Қазақстандағы қарт адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары мен олардың қажеттіліктерін бағалау» бойынша әлеуметтанулық ұлттық кешенді зерттеудің құрамында болып, Шымкент және Түркістан облысында қариялар мен сарапшылардан сұхбат алдым. Бұл зерттеудің мәліметтері қазір қалада және аудан орталықтарында бой көтерген Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының ашылуына түрткі болды. Ол менің қарттық кезеңді зерттеуге қызығушылығымды арттырды.

Қоғамда қарттық жайлы біржақты пікір қалыптасқаны рас. Менің ойымша, қарттыққа деген қоғамдағы көзқарас бүгін не кеше ғана емес, тарихи, мәдени, тіпті идеологиялық факторлардың ықпалымен қалыптасқан. Қазақ қоғамында қарт адам даналықтың, тәжірибенің иесі әрі ұрпаққа жөн сілтеуші ретінде құрметке ие. Алайда бұл рөл шектен тыс романтизацияланып, қарт адамдардың жеке қажеттіліктері мен дамуға деген құқығы ескерусіз қалып жатады. Мәселен, зейнет жасына жеткен әйел тек немере бағушы, ал ер адам ақсақал ретінде ғана қабылданады. Олардан жаңа кәсіп үйрену, спортпен айналысу, саяхаттау немесе белсенді әлеуметтік өмір сүру күтілмейді. Мұндай көзқарастар қарттардың өзін-өзі бағалауына, қоғамнан шеттетілуіне, тіпті депрессияға ұшырауына себеп болуы мүмкін. Қоғамға қарттықты басқа қырынан даму кезеңі, жаңа мүмкіндіктердің уақыты ретінде көрсету маңызды. Бұл үшін медиа мен білім беру жүйесінде қарттықтың балама үлгілерін насихаттау, мәдениет үйлерінде, қоғамдық орындарда зейнеткерлерге арналған шығармашылық, кәсіптік және әлеуметтік бағдарламалар енгізу қажет. Қарт адамдар тек мұра сақтаушы емес, сонымен бірге қазіргі заманның белсенді субъектілері екенін көрсету әлеуметтік әділеттілік пен инклюзияның көрінісі.

- Әдетте қарттық дегеннің өзі де биологиялық жаспен, шектеулермен байланысты деп ойлаймыз. Алайда қарттықты адамның рухани кемелдену кезеңі ретінде қарастыруға бола ма? Сіздің ойыңызша, шын мәнінде «әдемі қартаю» деген не және оны біздің қоғам қалай түсінеді?

– Қарттықты тек биологиялық шектеулермен өлшеу оның мәнін тарылтып жіберетін көзқарас. Иә, жасы ұлғайған сайын адам ағзасында табиғи өзгерістер болады, бірақ қарттық – тек дененің әлсіреуі емес, ол сонымен қатар рухани, тұлғалық кемелдену кезеңі дер едім. Менің зерттеу және тәжірибемнен түйгенім, «әдемі қартаю» дегеннің өзі де – адамның жасына қарамастан өмірден мән табуы, әлеуметтік байланыстарын сақтау, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін жоғалтпау. Бұл денсаулықты күту ғана емес, сонымен бірге эмоционалды тепе-теңдік, өмірлік тәжірибені бөлісу, жаңа істерге ашық болу. Мысалы, сурет салуды бастау, ерікті болу, саяхаттау, жастарға ментор болу – мұның бәрі де әдемі қартаюдың бір қыры. Ал біздің қоғамда бұл ұғым көбіне сыртқы бейнемен — көп балалы әже, дәстүрлі киім киген ақсақал бейнесімен байланыстырылады. Бұл, әрине, қазақы мәдениеттің бір көрінісі. Бірақ бізге қарттықтың балама үлгілерін де кеңінен таныстыру қажет. Мәселен, белсенді өмір салтын ұстанатын, жаңа технологияны меңгерген, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын зейнеткерлердің де бейнесі қоғамға пайдалы. Өйткені бұл қазіргі заманда қарттықтың да өзгеріп жатқанын көрсетеді. Сондықтан «әдемі қартаю» бұл шаблон емес, әр адамның өз жолы, таңдауы. Қоғам соны қабылдай білуі керек.

Әдетте қарттық кезеңді көп қария даналықпен, ақылмен, сый-құрметпен, өмірлік тәжірибемен, бақытпен, өлімге дайындықпен сипаттайды. Қариялар әрдайым «әдемі қартаю» туралы көп айтады. Олар оны деннің саулығымен, отбасының татулығымен, отбасында қарияға деген сый-құрметпен, балаларының амандығымен және оларды үйлендіріп, келін түсіріп, қызын тұрмысқа беріп, той жасаумен, немерелерін бағумен, балаларынан мейірім мен қамқорлық сезінумен байланыстырады. Қарттар үйінде тұратын қарттар өзін әдемі қартаюдан шектелген сезінеді. Олардың пікірінше, «әдемі қарттық» деп үйде бала-шаға, немере-шөберенің ортасында отырып, солардың қылықтарынан бақыт сезімін сезініп, шаруасына көмек беріп, бір керегіне жарап отыруды айтады. Отбасында тұратын қарттар үшін қарттық кездегі бақытты сезімді оларға балаларының жақын тұруы сыйлайды. Қариялық шаққа өткенде, балаларын жиі көріп тұруды аңсайды. Бұл – бір өңірлік ерекшелік. Сондай-ақ қалада тұратын қарттар зейнет жасына келгенде жақсы демалу, шипажайларға бару, әлеуметтік байланыс орнату, адамдармен араласуды «бақыт сыйлайтын сезім» деп сипаттайды.

– Қарт адамдардың қоғамдағы орны туралы батыс және шығыс мәдениеттеріндегі ұстанымдарды салыстырғанда үлкен айырмашылықтар бар. Әдетте батыс елдері «кәрілікті екінші тыныс ашылатын кезең» деп санайды. Ал шығыс елдеріндегі менталитет бойынша бұл түсінік басқаша қалыптасқан. Осы жайында сөз қозғайықшы. Себебі неде?

– Батыс және шығыс қоғамдарындағы қарт адамдарға деген көзқарастың түбірі өмір сүру философиясында, отбасы құрылымында және әлеуметтік саясатта жатыр. Батыс елдерінде, әсіресе Еуропа мен Солтүстік Америкада, «белсенді қарттық» ұғымы кең таралған. Бұл көзқарас қарттықты — екінші тыныс, жаңа мүмкіндіктер кезеңі ретінде көреді. Мұнда зейнеткерлер жиі саяхаттайды, білім алады, волонтерлікпен айналысады, тіпті кәсіп ашып жатады. Мұның бәрін мемлекет тарапынан қолдайтын арнайы бағдарламалар мен инфрақұрылым бар. Қарт адамдардың дербестігі мен таңдауы бірінші орынға қойылады. Ал шығыс қоғамдарында, соның ішінде Қазақстанда, қарттық көбіне құрмет пен дәстүрмен ұштасады. Қарт адам – отбасының үлкені, моральдық билік иесі. Бірақ бұл рөл көбінесе біржақты, яғни қарт кісі тек үйде отыруы, жастарға ақыл айтуы, салт-дәстүрді сақтауымен шектелуі мүмкін. Мұндай ұстаным қарт адамның даралық еркіндігі мен дамуға деген құқығын кейде көлеңкеде қалдырады. Яғни олар қоғам өміріне толыққанды қатысушы емес, «моральдық символ» рөлінде қалып қояды. Батыстың тәжірибесінен алар нәрсе көп: мысалы, өмір бойы оқыту жүйесі, жас ерекшелігіне бейімделген спорт және мәдени орта, жалғызбасты қарттарға арналған әлеуметтік қолдау қызметтері. Ал шығыс үлгісінен үйренетін маңызды нәрсе – үлкенге құрмет, ұрпақтар сабақтастығы, отбасы жылуы. Ең бастысы, осы екі жүйенің артықшылықтарын үйлестіре отырып, қарт адамдардың белсенді, саналы, қадірлі өмір сүруіне мүмкіндік жасау.

– Кейбір ата-аналар: «Мен сені өсірдім, енді сен мені бақ» деп баласына борыш артып жатады. Осы «міндетсіну» салдарынан бала мен ата-ана арасында жиі кикілжің орнайтыны да рас. Бұл жағдайдың жалпы себебі неде? Қандай да бір саяси-әлеуметтік себептері бар ма?

– Иә, бұл өте нәзік әрі күрделі әлеуметтік мәселе. Қарттықты бала мен немереге байланған тәуелділік күйі ретінде қабылдау – біздің қоғамдағы дәстүрлі отбасылық құрылым мен әлеуметтік саясаттың тарихи қалыптасқан салдары. Біріншіден, бұл жағдайдың мәдени негізі бар. Қазақ қоғамында ата-ананы бағып-қағу – перзенттік парыз, адамгершілік өлшемі ретінде қабылданады. «Ата-ананың қадірін білген бала – адам» деген ұғым балаға кішкентайынан сіңіріледі. Бұл – жағымды құндылық, бірақ егер ол мәжбүрлеу мен «міндетсіну» сипатына ауысса, онда эмоционалдық қысым мен кикілжің тудырады. Ата-ана өзінің қажетін ашық айту орнына, өткен еңбегін еске салып, моральдық қарыз талап еткенде, екі буын арасында түсініспеушілік пайда болады. Екіншіден, мұндай тәуелділік ахуалының әлеуметтік-саяси тамыры да терең. Кеңестік кезеңде де, одан кейінгі өтпелі кезеңде де қарт адамдарға арналған тұрақты, сапалы әлеуметтік қолдау жүйесі толық дамымады. Зейнетақының төмендігі, арнаулы қызметтердің жеткіліксіздігі қарттарды амалсыздан балаларға тәуелді етіп қойды. Бұл – жеке отбасының емес, жүйелік деңгейдегі мәселе. Сондай-ақ қазіргі урбанизация мен миграциялық үдерістер балалардың басқа қалаға, елге кетіп, ата-анамен арақашықты арттыруы бұрынғыдай «бір үйде үш ұрпақ» моделін әлсіретті. Ал жүйелі әлеуметтік қолдау болмаған жағдайда, жалғыз қалған қарттың баласына «сен менің бар тірегімсің» деуден басқа амалы қалмайды.

– Енді зейнет жасына жеткен адамдардың қоғамға пайдалы болу мүмкіндігі мен құқығы туралы айтайықшы. Әдетте мемлекет қарттарды «жұмыс күшінен тыс қалған» топ ретінде қабылдайды. Жалпы қарттыққа байланысты «пайдасыздық» ұғымы қайдан шыққан? Бұл түсінікпен күресе аламыз ба? Мүмкін бұл тұрғыдан қарттардың өзінің белсенді болғаны керек шығар.

– Бұл түсінік индустриалды жүйенің, яғни адамның құндылығын тек еңбек өнімділігімен өлшейтін көзқарастың сарқыншағы деп ойлаймын. Ал қазіргі қоғам – тек еңбек емес, тәжірибе, даналық, әлеуметтік жауапкершілік, менторлық сияқты адами капиталды бағалайтын, күрделене түскен қоғам. Сондықтан зейнет жасындағы адамдардың қоғамға пайдалы болу құқығы мен әлеуетін шектеу – тек әділетсіздік қана емес, бұл – ресурстан айырылу. Менің пікірімше, қарт адамдардың әлеуеті – олардың жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибесінде, дағдысында, бай ішкі дүниесінде. Бұл әлеуетті іске қосу үшін қоғамда белсенді қарттыққа жағдай жасалуы керек. Яғни зейнеткерлікті тыныш өмірге бой ұсыну, жаңа мүмкіндіктер кезеңі ретінде қабылдануы қажет. Білім алу, өз ісін ашу, ерікті болу, жастарға тәлім беру, тіпті саяси немесе мәдени ортада белсенді болу – мұның бәрі зейнет жасындағы адамдарға қолжетімді болуы тиіс. Әрине, бұл өзгеріс тек мемлекеттен немесе жүйеден ғана емес, қарт адамдардың өзінен де басталуы керек. Қарттықты әлсіздік немесе шектеу ретінде емес, қайта, еркіндік пен өзін-өзі танытудың кезеңі ретінде қабылдау ішкі серпіліс тудырып, жаңа тыныс ашады. Бірақ ол үшін қарт адам өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да белсенді қатысушысы екеніне қоғам сенуі керек.

– Әдетте «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп санайтын қазақ халқы үшін бұрында қарттар үйінің болуы біртүрлі ыңғайсыз жағдай секілді көрінетін. Тіпті әлі күнге дейін қоғамдық ортада «қарттар үйіндегілердің бәрі өзге ұлттан, онда қазақтар жоқ» деп те айтылады. Меніңше, бұл стереотип тәрізді. Осы туралы білгім келеді. Жалпы қарттар үйінің көбеюіне не әсер етті?

Қазақ халқы үшін «қарты бар үй – қазыналы үй» деген сөз тек мақал емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік қағида болды. Бұл – қарттарды ұрпақ тәрбиесінің, рухани сабақтастықтың, өмірлік тәжірибенің иесі ретінде қадірлеу мәдениетінің көрінісі. Сондықтан қарттар үйінің болуы – көпшілікке ұлттық құндылықтарға қайшы құбылыс сияқты сезілді. Бірақ бұл жерде шындық пен стереотипті ажыратып қарау маңызды. Қоғамда «қарттар үйінде тек өзге ұлт өкілдері тұрады, қазақтар онда жоқ» деген пікір – шынында да, стереотип. Шын мәнінде, Қазақстандағы қарттар үйлерінің басым бөлігінде ұлты қазақ қарттар бар, тіпті соңғы онжылдықта олардың саны едәуір өсті. Бұл – әлеуметтік-экономикалық, мәдени өзгерістердің, миграция мен урбанизацияның, отбасылық құрылым трансформациясының нақты салдары. Мен сұхбаттасқан адамның бәрі қарттар үйіне өз еркімен келген. Шыны керек, өз басым сол жерге қатты қалап келген жанды көрмедім. Бәрінде өмірлік жағдай қарттар үйіне алып келген. Мысалы, біреудің әлеуметтік жағдайы нашар болады, үйі жоқ болады. Қазақ отбасында көбіне – айғай, ұрыс-керіс. Қариялар содан шаршап, қажып, осы жерді өзі іздейді.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: