Айгүл Сайлыбаева ісі: Ресейде туыстары ұсталды деген ақпаратты ҚР СІМ тексеріп жатыр
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі ұсталды деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Оның ағасы Қанат Сайлыбаев 23 желтоқсанда әлеуметтік желідегі парақшасында іздеуде жүрген Александр және Наталья Донцовтардың Мәскеу полициясы тарапынан анықталып, ұсталғанын жазған. Оның айтуынша, қазір оларды Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі дипломатиялық рәсімдер мен бірнеше азаматтықтарының бар-жоғына байланысты қарастырылып жатыр.
Алайда Kazinform жолдаған ресми сауалға жауап берген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта Ресейдің құзырлы органдарынан расталған ақпарат түспегенін мәлімдеді.
"ҚР СІМ-де Наталья мен Александр Донцовтардың ұсталғаны туралы ресми дерек жоқ. БАҚ-та жарияланған мәліметтерге байланысты Қазақстан тарапы Ресей Федерациясына тиісті сұрау жолдады, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министрлік экстрадиция мәселелері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын және қолданыстағы халықаралық әрі ұлттық заңнама аясында қаралатынын атап өтті.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Александр мен Наталья Донцовтар Қазақстанда Айгүл Сайлыбаеваны азаптау фактісі бойынша іздеуге жарияланған. Сонымен қатар Германияда Айгүл Сайлыбаеваға қатысты адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Германия құқық қорғау органдары 2024 жылы оның енесіне халықаралық іздеуге жариялаған.
Айгүл Сайлыбаева – Астанадағы Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол 2024 жылдың маусым айының басында Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен. 4 маусымда қызын балабақшаға апарып, содан кейін байланысқа шықпаған. Сол күні баланы балабақшадан әжесі – Наталья Донцова алып кеткен, ол да кейін із-түзсіз жоғалған.
Айгүл Сайлыбаеваның сүйегі бірнеше аптадан соң Бенсхайм қаласының шетінде табылды. Сараптама зорлық-зомбылық белгілерін растады: қол, мойын және бет тұсынан пышақ жарақаттары анықталған. Мәйіті пластик қапқа салынған күйде болған.