Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:35

Айыпқан МҰХАМАДИЕВ, заңгер: Жаңа Конституцияның жобасы әлі өзгереді

Айыпқан МҰХАМАДИЕВ
Фото: Жас Алаш

Қоғам Қазақстан тарихындағы үшінші Конституцияны қабылдауға дайындалып жатыр. 31 қаңтарда БАҚ-та жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Содан бері көпшілік жобаны қызу талқылап жатыр.

Жаңа жобада сынға ұшырап, қоғам талқысына көп түскен бірнеше бап бар. Ең көп талқыланғаны – ұзақ жылдан бері жалғасып келе жатқан мемлекеттік тілге қатысты дау. Конституция жобасының 9-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Мұны түсінікті әрі орынды деп санаймыз. Бірақ осы баптың 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген талап тұр. Көпшілік осы тармаққа наразы. Заңгерлер мен саясаттанушылар «тең қолданылады» деген сөз қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық қуатын теңестіріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін түсіреді деп санайды.

Бірақ жаңа Конституция жобасының авторлары мен шенділер көпшіліктің пікірін жоққа шығарып, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін 9-баптың 1-тармағы жеткілікті деп есептейді. Билік өкілдерінің ешбірі 2-тармаққа қатысты толымды түсініктеме берген жоқ. Сол себепті «Жас Алаштың» тілшісі белгілі заңгер, заң ғылымының кандидаты Айыпқан Мұхамадиевке хабарласып, осы мәселеге қатысты пікірін сұрадық.

– Жаңа Конституция жобасындағы мемлекеттік тіл туралы бапқа қатысты қоғамда дау туындады. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Конституция жобасын талқыламас бұрын, мемлекеттік тілге қатысты бапта нақты не жазылғанын біліп алуымыз қажет. Сол баптағы талап орындалмай отыр деп санаймын. Парламентке «мемлекеттік тіл дегеніміз не, оны қалай қолдану керек?» деген тақырыпта тыңдалым өткізуді ұсынып жүрмін.

Жаңа жобадағы 9-бап қазір қолданыстағы Конституцияның 7-бабын сөзбе-сөз қайталайды, ешқандай өзгеріс жоқ. Яғни, мемлекеттік тілге қатысты ұстаным 1995 жылғы Ата заңмен бірдей. Мемлекеттік тілдің тұғырына қона алмауына Үкіметтің, Парламенттің заңды өрескел бұзып келе жатқаны себеп болып отыр.

Неге бұлай айтып отырмын? «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл ел аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», – деп жазылған.

Бұл Конституциядағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген талап «мемлекетті басқару, заң шығару және iсқағаздарын жүргiзуде тек қазақ тілі қолданылуы керек» дегенді білдіреді. Демек мемлекетті басқарып отырған Президент пен Үкімет, заң шығаратын Парламент және соттар қазақ тілінде іс жүргізуге міндетті. Бірақ шын мәнінде олардың ешқайсысы бұл талапты сақтап отырған жоқ. Барлық ісқағазды орыс тілінде дайындайды, қызметті орыс тілінде жүргізеді. Мемлекеттік органдар заңды бұзып отыр дегенім – осы.

Мен депутаттарға: «Заңды неге орыс тілінде талқылайсыздар? Бұл әрекеттеріңіз заңсыз», – дедім. Ал олар «арамызда қазақша білмейтін депутаттар бар» деген желеумен ақталады. Бұл ақылға қонбайды. Тіпті Парламент қабылдап жатқан заңдар орысша жазылып, орысша талқыланған болса, олардың заңдық күші жоқ деген сөз. Сондай-ақ президенттің жолдауы, Үкіметтің қарарлары, ісқағаздары толық қазақ тілінде жүру керек. Бұл – заң талабы.

– Бірақ 9-баптың 2-тармағында «орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деп тұр емес пе?

– Бұрынғы 7-бап пен жаңа Конституция жобасындағы 9-баптың 2-тармағында «орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылғаны рас. Бірақ бұл жерде көпшілік мемлекеттік ұйым мен мемлекеттік органды ажырата алмай отыр.

Мемлекеттік ұйым деген не? Бұл – мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер акционерлiк қоғамдар. Басқаша айтқанда, құрылтайшысы мемлекет саналатын компаниялар мен заңды тұлғалар. Бұларды мемлекеттік ұйым дейміз. Ал жергілікті өзін-өзі басқару органдары дегеніміз – мәслихаттар. Осы мекемелерде қызмет ететін мамандар қазақ және орыс тілінде іс жүргізе білуі керек.

Ал мемлекеттік органдар – Президент әкімшілігі, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар және Парламент. Мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйым ұқсас ұғым болғанымен, Конституцияда бөлек қолданылған әрі олардың құқықтық мәртебесі мүлде басқаша. Конституцияда мемлекеттік органдарда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады деген сөз жоқ. Яғни, біздің елде мемлекеттік мекемелер Конституцияны бұзып, орыс тілінде іс жүргізіп жүр. Сол үшін оларды сотқа да бердім, бірақ сот арызымды қабылдамай қойды.

Иә, Конституцияда мемлекеттік органдарда тек мемлекеттік тіл қолданылсын деген талап жоқ. Өйткені Ата заң қысқа-нұсқа жазылуы қажет, әр бапты талдап жазып отыруға мүмкіндік жоқ. Конституцияда басты қағида ғана көрсетіледі, қалғаны арнайы заңдарда нақтыланады. Тіл туралы заңда «мемлекеттің басқару тілі – мемлекеттік тіл» деп көрсетіліп тұр. Ал Конституцияда мемлекеттік тілдің қай тіл екені анық жазылған.

Сондай-ақ Конституцияда «мемлекеттік қызметкер қазақ тілін білсін» деген талап жазылмаған, жазылуы да мүмкін емес. Өйткені Конституция мемлекеттік тілді айқындап тұр, соған сай мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде жұмыс істеуге міндетті. Оның үстіне Конституциялық Кеңес қаулысында «қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi» екені анық көрсетілген. Демек, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту үшін Конституциядағы талаптарды орындау қажет деп есептеймін.

Айтпақшы, ел арасында «орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие» деген жаңсақ түсінік бар. Конституцияда, заңдарда мұндай норма жоқ. Атышулы 7-баптың (қазіргі 9-бап) 2-тармағында «... орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Шамасы «ресми тіл» деген сөз осындағы «ресми түрде» деген сөз тіркесінен шыққан болуы мүмкін. Бірақ бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейді.

– Жаңа Конституция жобасы жарияланған соң қоғамда жер тағдырына қатысты да алаңдаушылық туындады. Кей ағайын Ата заңда «шетелдіктерге жер сатылмайды» деп анық жазылмағанына наразы сияқты.

– Жерді сату-сатпауға қатысты мәселе Конституцияда емес, арнайы заңдар арқылы реттеледі. Мысалы, «Жер кодексі» бар, сонда жазылады. Сондай-ақ Конституцияда «биліктің бастауы – халық» деп көрсетілген. Біздің сөз етіп отырғанымыз – Ата заңның жобасы ғана. Бұл жобаға қазір заңгерлер, қарапайым азаматтар қарсы болып отыр. Сондықтан бұл жоба әлі өзгереді деп есептеймін.

Сондай-ақ 5-баптың 6-тармағында: «Жекелеген өңірлердің экономикасын дамыту мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін», – деп жазылған. Бұл бап нені білдіретінін түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Оны нақты түсіндіру керек. Негізі мұндай мәселені Конституцияға енгізудің де қажеті жоқ еді. Бұл – арнайы заңдар арқылы реттелетін мәселе. Осыған дейін де бізде арнайы экономикалық орталықтар болды. Мысалы, өзінің сот жүйесі бар Астана халықаралық қаржы орталығы бұрыннан жұмыс істеп тұр. Оны Ата заңға неге енгізіп қойғаны түсініксіз.

Менің ойымша, комиссия мүшелері халыққа әртүрлі ақпарат ұсынып отыр. Халық не айтатынын білгісі келетін сияқты. Ал халық қатты сынға алып жатыр. Сондықтан көп нәрсе өзгеруі мүмкін.

– «Конституция жобасы әлі өзгереді» деп отырсыз. Бірақ оны әзірлеушілер үгіт-насихатты күшейтіп, мақтауын асырып жатыр. Соған қарағанда, осы жобаны қабылдауға тырысатын сияқты. Сіз талқылауға ұсынылған жаңа жобаға қандай баға бересіз?

– Бұл Конституция жобасындағы басты жаңалықтардың бірі – вице-президент лауазымы. Қоғамда осы тақырып көп талқыланып жатқан сияқты. Жобада вице-президентті мемлекет басшысы өзі тағайындап (Құрылтайдың келісімімен), өзі босататыны жазылған. Ал заңгерлер вице-президент лауазымы енгізілетін болса, бұл қызметті атқаратын адам міндетті түрде президентпен бірге сайлауға түсу керек деп санайды. Өйткені вице-президент тағайындалатын болса, алда-жалда президент қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда ел басына халық сайламаған, лайықсыз тұлға келуі мүмкін.

Неге бұлай айтып отырмыз? Конституция бойынша, президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатса, орнына вице-президент отырады. Жаңа президент сайлауы 2 айда өтеді. Тағайындалған вице-президент осы 2 айда қолындағы құзыретін пайдаланып, сайлауда жеңіп шығуға әрекет етуі әбден мүмкін. Яғни, халық сайламаған вице-президент мемлекет басқару мүмкіндігіне ие болып кетуі ғажап емес. Дегенмен заңгерлер вице-президент болып отырған адамның сол жолғы сайлауға қатысуға құқығы жоқ екенін айтады. Бұл – дұрыс. Бірақ бұл талаптың сақталатынына кім кепілдік береді?

Сондай-ақ жаңа жоба президент өкілеттігін күшейтіп жібергендей көрінеді. Мысалы, мемлекет басшысы бұрын Сенаттың келісімімен тағайындайтын бірқатар лауазым иелерін енді жеке өзі тағайындайды. Бұдан бөлек, биліктің тепе-теңдігі қағидасы өрескел бұзылды. Қазіргі Ата заңның 3-бабы 4-тармағында: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді, олар тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сай жүзеге асырылады», – деп жазылған. Ал жаңа Конституция жобасында (4-бап 4-тармақ): «Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас және ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады», – деп тұр. Яғни, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі туралы қағида алынып тасталған. Биліктің тепе-теңдігі қағидасы өрескел бұзылды деуіме себеп – осы.

Сұхбаттасқан Қуаныш Қаппас