Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:28

Айыппұл – Отан алдындағы борышқа айналғанда...

айыппұл
Фото: 5region.kz

«Көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады»; «Тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер айыппұл төлейді»;

 

 «Орташа жылдамдықты асырғандар айыппұл арқалайды»; «Отшашу атқандар жазаланады»; «Kaspi-нөміріне көп ақша түскендерге айыппұл салынады»... Бұл – кейінгі бір айда отандық БАҚ-та жарияланған жаңалықтар тізбегі.

Мұндай ақпарат жұрт арасында кең тарап, наразылыққа толы әңгімелерге арқау болып отыр. Содан барып, «Қазақстан – Штрафстан» деген сөз тарады. Бұл әңгімеге тіпті, әдетте бейбіт жүретін, билікшіл депутат Азат Перуашев та араласты. Ол мәжіліс мінберінде үкіметті «Штрафстан құрып жатырсыңдар» деп айыптады. Оның айтуынша, шенділер айыппұлды желеу етіп, елді тонап жатыр. Бірақ Перуашев бұл сөзді кәсіпкерлер тұрғысынан айтты. Ол көп мөлшердегі айыппұл заңсыздықтың алдын алу үшін емес, бизнесті бопсалау мақсатында қолданылады деп санайды. Егер депутат ақылға қонымсыз айыппұлдар бизнесмендерді ғана емес, қарапайым халықты да тығырыққа тіреп отырғанын айта алса, «халық қалаулысы» деп қолпаштар едік. Ал 20 миллион қазақстандыққа ортақ проблемадан кәсіпкерлерді ғана қорғағаны халық сайлаған депутатқа аса жараспайтын әрекет екенін айта кеткен жөн. («Ақжолдың» төрағасы сондай екен деуден аулақпыз, дегенмен ел арасында депутаттар белгілі бір топтың мәселесін көтергені үшін «қаламақы» алатыны туралы айтылып қалады. Бұл ретте әсіресе ірі жер иелері мен бизнесмендердің қолы ұзын деседі).

Негізі жалпы жұрт жарыса талқылап жатқан ақылға қонымсыз айыппұлдың көбі бұрыннан бар. Жол ережесін бұзған жүргізушілерді, түнде шулап, отшашу атып, жұрттың тынышын алғандарды жазалайтын заңдар ертеде қабылданған. «Орташа жылдамдықты есептеу» сияқты 2024 жылдың аяғында қабылданған су жаңа заңдар, «заңсыз жеке кәсіпкерлікке қарсы» алда қабылдану мүмкін жоспардағы заңдар да бар.

Бірақ мәселе заңның қашан шыққанында емес, ел билігінің кейінгі кезде айыппұл салуға құлшына кірісіп кеткенінде болып тұр. Бұрын бар болса да, сақтала бермейтін нормалар мен жаңадан шыққан ереже-тәртіптер айыппұл жазуға таптырмайтын сылтау болды. Кейінгі кезде айыппұл көбейіп кеткенін ресми статистика да растайды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында көрсетілген есепке сенсек, 2024 жылы мемлекеттік органдар айыппұл есебінен 191 млрд теңгеге жуық қаражат жинаған. Бұл бұрынғы есептерден айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мысалы, 2023 жылы азаматтарға 146 млрд теңге айыппұл салынса, бұл көрсеткіш 2022 жылы – 124 млрд, 2021 жылы – 82 млрд теңге болған.

Айыппұл артқанмен, жол апаты азайған жоқ

Айыппұлдың көп бөлігін жүргізушілер төлейді. 2023 жылы оларға 88 млрд теңгеден аса айыппұл салынған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 40 пайыз жоғары көрсеткіш. Ең өкініштісі, айыппұл арқалағандардың саны артқанмен, жол апаты мен өлім-жітім азаймай тұр. Бұл жолдағы сансыз камералар тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтеді деген биліктің уәжіне күмән туғызатыны өз алдына, тіпті үкімет бюджеттің кемістігін айыппұл арқылы толтырмақ деген сөз гу-гу есіп тұр. Бұған полиция қызметкерінің рациясына штрафты молынан салу туралы бұйрық беріліп жатқаны естілетін, қыстың басында тараған видеоның да әсері көп болды.

Қазақстанда айыппұл мөлшері де жоғары. Мамандар азаматтардың табысы мен айыппұл көлемі сай келмейтінін айтып жүр. Мысалы, Аустралияның Budget Direct сақтандыру компаниясы 2021 жылы жүргізген зерттеу бойынша, Қазақстан ТМД аумағындағы көлік жылдамдығын асырғаны үшін ең жоғары айыппұл салатын ел деп бағалаған. Біздің елде оның көлемі – 137 доллар болған. Ал Қырғызстанда жүргізушілер – 59 доллар, Тәжікстанда – 21, Түркіменстанда – 14, Ресейде – 69 доллар төлейді.

Былтыр қараша айында бір топ мәжіліс депутаты бейнебақылау камерасы арқылы салынатын айыппұл мөлшерін кемі екі есе азайтуды ұсынып, вице-премьер Роман Склярға сауал жолдаған. Үкімет басшысының орынбасары бұл ұсынысқа тіс-тырнағымен қарсы болып, елде онсыз да жол апаты көп, айыппұлды азайтсақ, жолдағы қауіпсіздік ақсайды деп қара аспанды төндірген.

Скляр мырзаның бұл уәжімен келісу қиын. Ресми статистика камера саны мен айыппұл мөлшері жол апатын азайта алмайтынын көрсетіп отыр. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы ақпарат бойынша, 2024 жылы жол апатының саны екі есеге артып, 16 мыңнан 32 мыңға жеткен. Зардап шеккендер саны 19 мыңнан 40 мыңға дейін артқан. Ал жол апаты салдарынан қайтыс болғандар саны 2 543 адамнан 2 579-ға жеткен. Қара жолда қаза тапқандар саны кейінгі 5 жыл бойы ұдайы өсіп отыр. 2020 жылы – 1 997, 1 921 жылы – 2 270, 2022 жылы – 2 425 адам.

Яғни Роман Скляр айтқандай, бақылау камералары жол апаты мен кісі өлімін азайта алмай отыр. Мұның өзі бейнекамералар қауіпсіздік үшін емес, қаржы жинау үшін тұрғанын білдіретін сияқты. Мысалы, Алматы қаласында және қала маңындағы 4 жолақты үлкен жолдарда автомобиль жылдамдығын сағатына 40 шақырымға шектейтін камералар толып тұр. Адамдар 50 км/сағ жылдамдықпен жүргені үшін айыппұл төлейді. Ал қалааралық және ауыл-аймақтағы 2 жолақты тар жолдарда камера жоқ. Алыс жолға шыққан жүргізушілер сағатына 100 шақырыммен жүретін жолда 150-200-бен жүйткіп жүр. Кісі өліміне себеп болатын ауыр жол апаттары осындай жолдарда жиі болады. Бірақ біздің полицейлер иегінің астындағы қала жолдарын бақылап, автобус жолағына шыққан, жол шетіне тоқтаған жүргізушілерге айыппұл салумен шектеліп отыр.

Автосарапшы Аян Сауранбаев қазіргі айыппұл салу жүйесі жол апатын азайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналмағанын растайды.

«Ақшасы бар жүргізуші жол ережесін қайта-қайта бұзып, айыппұлын төлеп жүре береді. Мұны жүргізушіні тәртіпке шақырып, қауіпсіздікті сақтау деп қалай айтамыз? Егер қауіпсіздікті күшейткісі келсе, бір ережені бірнеше рет бұзған жүргізушіні қайта емтихан тапсыруға жіберсін. Сонда ғана ол қателігінен сабақ алып, қауіпсіздікті сақтайды. Қазір камераның көздегені – айыппұл салып, қазынаны толтыру ғана болып тұр», – дейді маман.

Айыппұл бюджеттің бүйірін толтыра ма?

Бұрын негізінен көлік жүргізушілері айыппұл төлесе, 2024 жылдан бастап жолда жүрген өзге адамдар да нысанаға ілінді. Өткен бір жылда жаяу жүргінші, велосипедші және самокатшылар жол ережесін бұзғаны үшін 1,7 млрд теңге айыппұл төледі. Бұл – 2023 жылғыдан 35 пайыз көп.

2025 жылы «Сергек» камераларының нағыз жұлдызды сәті тумақ. Енді олар ірі қалаларда жылдамдықты асырып, бүтін сызықты басқан жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншіге жол бермеген, қауіпсіздік белдігін тақпаған, рөлде отырып телефон пайдаланғандарды да тіркейді. Демек халық қанша қарсы болса да, айыппұл көбейе береді деген сөз.

2024 жылы тұрғындарға 191 млрд теңгенің айыппұлы салынғанын айттық. Бірақ осының нақты қаншасы мемлекет қазынасына түсіп, қаншасы камераны орнатқан жеке компанияның қалтасында кететінін ешкім нақты айтпайды. Осы мәселені сұрап, ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған едік. Олар тіке жауаптан жалтарып, жиналған қаржы жергілікті бюджетке түсетінін ғана айтты.

«Қазір республика көлемінде жол ережесін бұзғандарды тіркейтін 24 мыңға жуық камера бар. Олардың көмегімен ереже бұзғандардың 60 пайызын анықтап отырмыз. «Сергек», «Автоураган», «Zerek», «Megacam Limits» камераларының желісін орнатуды және кеңейтуді әкімдіктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады, барлық камера әкімдіктердің балансында болады. Жол ережесін бұзған азаматтар төлеген қаражат жергілікті бюджетке түседі», – дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ә.Кениспаев.

Бірақ ашық дереккөздегі мәліметтерге қарап, жиналған ақшаның белгілі бөлігі ғана бюджетке түсетінін аңғару қиын емес. Мысалы, 2023 жылы көлік жүргізушілері төлеген 88,7 миллиард теңгенің 74,2 миллиарды ғана мемлекет қазынасына құйылған. Ал қалған қаржы технологияға қолдау көрсететін компанияларға бұйырады.

Қазақстан – табысынан шығысы көп елдердің бірі. Ел бюджеті негізінен шикізат сатудан түскен қаржыға арқа сүйейді. Кейінгі кезде мемлекет қазынасы ортайып, қаржы тапшылығы туындағаны айтылып жүр. Билік ұлттық қорға да жиі жол салатын болған. Үкімет бюджеттің бүйірін толтыру үшін салық мөлшерін көбейту, жатқан-тұрғанның бәріне айыппұл салу сияқты тәсілге көшті деген болжам туралы айттық. Бірақ экономист Сапарбай Жұбаев айыппұлдан түскен қаржы мемлекеттік бюджет үшін теңіздің жанындағы тамшымен бірдей дейді.

«Айыппұлдан түскен 200 миллиард теңге шамасындағы қаржының мемлекет бюджетіне ешқандай пайдасы жоқ. Бұл мемлекет тұрғысынан алып қарағанда өте аз ақша. Бюджеттің 0,1 пайызы ғана деуге болады. Біздің қазына шикізат сату, кәсіпорындарға салынатын қосымша құн салығы, азаматтардың жалақысына салынатын салық және кеден төлемдерімен толығады. Ал айыппұлдан түскен қаражаттың ел бюджеті үшін салмағы аз», – дейді сарапшы.

Бұл жерде тек айыппұл ғана емес, салықты көбейту мәселесін де ұмытпау керек. Жауапты мекемелер талқылап жатқан мобильді аударымдарға бақылау жүргізу, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтарға салық салу... Мысалы, билік бір азаматтың банк шотына 3 ай қатарынан 100 адамнан ақша түсіп, жалпы сомасы 255 мыңнан аса, оны тексеріп, заңсыз жеке кәсіппен айналысқаны үшін жазалауды жоспарлап отыр. Осыдан бірер жыл бұрын шетел асқан миллиардтарды елге қайтарып, заңсыз байыған олигархтарды тексереміз деп күшенген Жаңа Қазақстан елдің қалтасына көзін сатып, азын-аулақ айыппұлға күні қарап қалса, онда жағдай шынында нашар болғаны. Айыппұлмен болса да көмектесейік. Бұл да Отан алдындағы борыш...

Қуаныш Қаппас 

Тегтер: