Аймағамбетов қызылордалық клубқа барған мұғалімдерге араша түсті

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Түркиядағы трансвеститтер клубына барған мұғалімдерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Бейәдеп қылық көрсеткен Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты №250 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. Шет тілін меңгерген мамандар Қызыл теңіз жағасында тынығу үшін мектеп әкімшілігін ескертіп, ақысыз демалыс алуды ұйғарыпты. Алайда кейін ұстаздардың Түркиядағы трансвеститтер клубында демалған видеолары әлеуметтік желілерде тарап кетіп, ата - аналардың наразылығын тудырған. Қарамағындағы қызметкерлердің мұндай әрекетке барғандығы мектеп басшылығын да есеңгіретіп тастаған көрінеді. Осыдан кейін екі педагог та өз еріктерімен жұмыстан кетті.
Ал Асхат Аймағамбетов болса, мұғалімдер де өз құқығы бар қарапайым азаматтар екенін, сондықтан алдымен жағдайды түсінген жөн екенін алға тартты.
«Мұғалімдер де – бәріміз сияқты азамат. Олардың құқығын шектеуге болмайды. Сондықтан бұл жерде біз мұғалімдерге қойылатын талаптарды нақты ажыратуымыз керек екенін білесіздер. Әрине, жоғары талаптар өз алдына. Бірақ біз олар қарапайым азаматтар екенін түсінуіміз керек», деді Аймағамбетов.