Аймағамбетов мектептерге инспекторларды қайтару керек деп есептейді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды қайтару керек деп есептейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, инспекторларды алу ІІМ тарапынан қабылданған қате шешім болған.
Мәселе бірнеше рет әртүрлі деңгейде көтеріліп, мектеп инспекторларын алып тастауға болмайтыны туралы айтылып жүрді. Иә, сол кездің өзінде инспекторлар мектеп жанында жұмыс істеп жатса да, оларды түрлі іс-шаралар мен рейдтерге жиі тартып, негізгі міндеттерінен алаңдататын. Соған қарамастан, олардың мектептердегі болуы нақты нәтиже берді. Мектеп пен инспекторлар арасындағы өзара әрекеттесуде қиындықтар болды, бірақ оларды басқаша жолмен шешуге болатын еді.
Инспекторлардың жұмысы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей байланысты еді. Қазір мектеп инспекторларының жоқтығы бұл мәселелерді одан әрі ушықтырып отыр, деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін балалар омбудсмені Динара Зәкиева Қазақстан мектептерінде балалар арасындағы бұзақылықтың жиілеп кетуіне байланысты әр мектепке инспекторларды қайтару керек екенін айтқан болатын.