Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 29 Қазан 2024

Аймағамбетов пен Нұрбектің ашып-жабу ойыны

Асхат Аймағамбетов Саясат Нұрбек
Фото: Facebook / Askhat Aimagambetov

Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда 61 жоғары оқу орны болған. Арада он жыл өтер-өтпестен олардың саны үш есеге артып, 182-ге жетті. 2000-жылдардан кейін жұрт бала-шағасын университетке оқытуды парыз көре бастады. Сөйтіп, бұл саладағы бизнес қызды.

Ақырында, біліктілікті дәлелдейтін қағаз ашық саудаға салынып, сырттай оқу, «ақшамен жабу» кең етек алды. Дипломы бар, жұмысы жоқтар көбейді. Бұрынғы білім және ғылым министрлігі мұны лицензия мерзімінің шектелмеуінен деп түсіндірді. Заман жаңарып, талаптар өзгергенімен, университеттер оған сай немесе сай еместігіне қарамастан, ондаған жылдар бұрынғы лицензиясымен студент оқыта берді. Қысқасы, біліктілік талабы қойылғанымен, оны орындасаң да, орындамасң да айырмашылық шамалы еді. Сәйкесінше, ЖОО-лар материалдық-техникалық базаны жаңарту мен кадрлардың әлеуетін арттыру жайлы ойланбайтын да болды.

Одан бөлек, мүлде сабақ өтпейтін, емтихан алмайтын, объективті бағалар қоймайтын, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту кезінде заңбұзушылықтарға жол беретін университеттер де баршылық. Мұндай оқу орындары тіпті мемлекеттік тапсырыс, яғни грант алуға арналған конкурстарға да қатыспайтынды шығара бастаған. Олар осылайша қаржылық есеп беруден, артық-ауыс тексерістерден жалтаратын. Есесіне, жылдық оқу ақысын өте арзан етіп, ақша жасап жүрді. Тағы ҰБТ сертификатын «айналып өту» үшін жақын елдердегі ЖОО-ларға түсіп, бір-екі семестрден соң елдегі университеттерге ауысып алатындардың да қатары қалың. Осы мәселенің бәрі түптеп келгенде лицензияға тірелді. Оның мерзімі шектелмеген, ал қайта алудың шарттары мен нормалары белгіленбеген. 2019-2020 жылдары заңға өзгерістер енгізіле бастады. Осы кезеңде президент лицензияны қайтарып алуды, ЖОО-ларды жабуды күшейтіп, аталған рәсімді жеңілдету үшін заңнамалық түзетулер енгізу мәселесін қарауды тапсырды.

Президент айтқан соң жан қалсын ба, ЖОО-ларды лицензиялауға байланысты тексеру күшейе бастады. Экс-министр Асхат Аймағамбетов университеттерді жаппай тексеріп, біразының лицензиясын қайтарып алды. Қызметін тапсырарда есеп беріп, статистикасын санамалап, мақтанғаны да есте.

«Еліміздегі 15 ЖОО жабылды. Бұдан бөлек, алты оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, олар сотта қаралып жатыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық. Сонымен бірге оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияларды қайтарып алу бойынша тағы төрт ЖОО-мен сот процестері жүріп жатыр», – деп есеп берді Аймағамбетов кетерінде.

Әлбетте, бұл «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы» жоқ жекеменшік университеттер үшін ауыр соққы болды. Жемқорлыққа батқан, сол «системаға сіңіп кеткен» мемлекеттік университеттер де күйзелді.

Аймағамбетов жабады, Нұрбек ашады

Бір қызығы, жаңа келген Саясат Нұрбек Аймағамбетов жауып кеткен университеттердің біразын қайта ашып берді. Осымен бірге лицензия туралы мәселе де тәмам болғандай. 2022 жылдан кейін жабылған университет туралы хабар айтыла қоймады. Алайда ашылып жатқан филиалдардың санында шек жоқ. Саясат Нұрбек мұны жиі сөз етеді. Ал университеттерді жабу туралы ауыз ашып айтқан сәті аз. Бірде 2022 жылы 16 ЖОО-ның жабылғанын еске салғаны болмаса... Және 2023-тің басында: «Биылдан бастап біз мемлекеттік бақылау үлгісін өзгертеміз. Бұл принцип нөлден енгізіледі және ЖОО-ларды лицензиясынан тез айыруға мүмкіндік болмайды» деген. Мұнымен нені меңзегені де түсініксіз.

Осыдан кейін университеттердің жұмысы бақыланып жатыр ма деген сұрақтың туындауы да заңды. Негізі, ведомство профилактикалық бақылаулар жүргізіп, заңбұзушылықтар анықтаған жағдайда оны түзетуге уақыт береді. Немесе ата-аналар мен студенттердің, қызметкерлердің шағымдары мен өтініштеріне байланысты жоспардан тыс тексерулер жасайды. Қазір бұлар бар ма? Бар болса, бірде-бір ЖОО-ның жабылмағаны қалай? Әлде елімізде бәрі заңды, сапалы дегенге сенеміз бе? Сену қиын. Себебі 2024 жылғы жаңа негізгі біліктілік талаптары білім беру бағдарламалары, баспа және электронды форматтағы оқулықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттердің кітапхана қоры, оқу корпустарының жабдықталуы, ондағы медициналық пункттер мен асхана, инклюзия, жатақхана, білім алушыға қарастырылған ең төменгі шығын көлемі, оқытушылардың біліктілігін арттыру, шығармашылық және эксперименттік базамен қамтамасыз ету сынды жоғары стандарттарды қамтиды. Бұл талаптарға сай емес университеттерді анықтамау, жаппау мәселесі өз алдына. Кезінде өте төмен көрсеткіштермен жабылған ЖОО-лар жұмысын ешнәрсе болмағандай жалғастырып жатыр.

Аймағамбетов айтқан 15 те, Нұрбек айтқан 16 да күмәнді. Кезінде бас лицензиясынан айырылған Атырау инженерлік-гуманитарлық институты жабылғанымен, колледжі жұмысын жалғастырып жатыр. Тура сол секілді Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мекенжайында Қазақ-түрік академиясы мен колледжі, лицейі шәкірт тәрбиелеуде. Орда, Орталық Азия, Астана, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық институты мүлде көрінбейді, хабарсыз. Осы жетеуіне қарап, сапасыз университеттердің жұмысы тоқтапты дегенге сене бастайсың. Бірақ тексеру парағының 46-тармағының 35-і бойынша заңсыздықтар анықталып, бас лицензиясы кері қайтарылған З.Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті 28 білім беру бағдарламасы бойынша студент оқытуды жалғастырып жатыр. Тіпті магистрлер де даярлайды екен. Колл-центр мамандары университеттің мүлде жабылмағанын, жұмыстың үзілмегенін, «выпускниктер шығып», түлектер қабылданып жатқанын айтты.

2020 жылы министрлік «Орда» және «Мирас» университеттерін тексеру барысында білім беру саласындағы заңнаманы бұзу фактілерін анықтап, ақыры «Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1-шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды» деген ақпарат таратқан.

Осында сөз болып отырған Мирас университеті күні кеше Сеулмен меморандум жасасып, Шымкентте халықаралық қатынасты дамытып жатыр.

Оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерді оқуға қабылдау, ЖОО-ны оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру параметрлері бойынша әлсіз деп танылып, бірнеше тексерістен кейін жабылған академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті де жұмысын жалғастырып жатыр. Ресми ресурстарына: «Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті еліміздің оңтүстік өңірінің жетекші оқу, ғылыми, әдістемелік және мәдени орталықтарының қатарына кіреді» деп жазып қойыпты.

Тонын теріс аударып киген университеттер

Тағы бірнешеуі атын ауыстыра салыпты. Мәселен, Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институты. 1998 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институты болып ашылған, 2009 жылы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты болып қайта құрылған ЖОО 2022 жылы институт құрылтайшысының шешімімен «Қызылорда технология және қызмет институты» білім беру мекемесі болып өзгертілген. Яғни 2021 жылы бас лицензиясынан айырылған соң, атауын ауыстырған. Қызылорда облысы Әділет департаменті арқылы мемлекеттік тіркеуден қайта өткен. Бірақ Ақмешіттің де, Қызылорда технология және қызмет институтының да, қазіргі Ашықтық да «адресі» сол баяғы – Ғани Мұратбаев көшесі, 72.

1931 жылы негізі қаланып, 1996 жылы Көлік және коммуникациялар академиясы болып құрылған, 2000 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі берілген ЖОО да лицензиясынан қағылған соң ALT университеті болып қайта құрылған. Сонда кім кімді алдап жүр? Талаптарға сай емес, кадр әзірлеуге әлеуеті жетпейді деп жабылған, заңды түрде лицензиясы қайтарып алынған, соттаса да жеңе алмай жабылған университеттер арада бес жыл түгілі, бір жыл өтпей түлектер қабылдаған. Бұл туралы саясаттанушы Мөлдір Нұрбекқызы былай дейді:

«Елдің болашағы да, экономикасы да, басқасы да жастардың біліктілігіне тікелей байланысты екенін айтпаса да білеміз. Сондықтан білім-ғылымға күш салып жатырмыз. Осы себептен, бұл тақырыптың өзектілігі азайған емес. Бірақ оларды оқыту ісінің ақсағаны сонша, университет оқығаны да, оқымағаны да әріптес болатын деңгейге жеттік. Дипломды сатып алу дүкеннен киім алумен дәрежелес кейіпке енді. Осыдан кейін БҒМ мәселені зерттеп, лицензияны реттеуге көшті. Көпшілік, кәсіпкерлер қалайша нанын беріп, қарап отыр деп таңғалды да. Міне, көп ұзамай көріп отырғанымыз! Бұрынғы басшы мен жаңа басшының ісінде сабақтастық байқалмайды. Алайда қалыптасқан ситуация мен мемлекеттік саясат өзгерген жоқ қой. Соған қарамастан, ЖОО-ларды қатаң бақылау мен сапасыз университеттерді жабу ісі тоқтап тұр. Бұл орайда ғылым және жоғары білім министрлігі жауапкершілікті арттыру қажет деп есептеймін».

Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ