Әйнек ішіндегі драма
Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының сахнасында жазушы Қанат Тілеуханның «Кешірші…» драмасы қойылды. Бұл – автордың театр сахнасына қойылған алғашқы шығармасы.
Спектакльдің режиссері театрдың талантты әртісі – Қанат Архабаев. Қанат Архабаев өзі режиссер әрі басты рөлдегі Ғазизды сомдаса, ал жарының рөлін актриса Бибідана Мақсұт ойнап шықты. Диана рөлінде – Жаухар Еркінова.
Сахнадағы оқиға былайша өрбиді. Ғазиз бен Айзаттың үйленгеніне үш жыл болған. Бірақ араларында перзент жоқ. Перзент боларына да сенбейді. Әсіресе Ғазиз күдерін біржола үзген. Ал Айзат үмітсіз шайтан деп, жақсылықтан бас тартқысы келмейді.
Жұмысқа барып, үйге келіп құр жатуды әдетке айналдырған Ғазиз Айзатты үйінен қуып шығады. Бақытын басқадан іздесін дей ме, әйтеуір, бірге тұруды қаламайды. Өзі сырттан бір келіншекпен көңіл жарастырып, өмірін өткізіп жатады.
Сол кезеңде Айзаттың аяғы ауыр екені анықталады. Ғазиз оған сенбейді. Қатты итеріп құлатып, «көшеден тапқан баланы үйге әкелмексің» деп айыптайды. Ғазиздың сырттан тауып алған келіншегі де сол кезеңде бала көтереді. Сонда барып Ғазиз Айзаттың өтірік айтпағанын ұғады. Оған дейін бар кінә өзінде, кінәрат өзінің денсаулығында деп түсінген Ғазиз жанұшыра Айзатты іздейді. Кешірім сұрайды. Қосылады. Бірақ бала ауыр дертке шалдыққан еді. Көңілдесі де баланы тастап кетеді. Бір емес, екі бірдей баламен қалған Ғазиз шарасыз күйде Айзаттың алдына жығылады. Айзат бәрін кешірді.
Бұл қысқаша оқиғасы.
Өмір – әйел мен еркектің махаббатынан тұрады. Екі әлемнің түсініскенінен тыныштық тұрақтайды. Осы кезеңде қазақ әйелі мен еркегі бірін-бірі ешқашан түсінбегендей, түсініспегендей сипатта айтып, соны дәріптейтін болғанбыз. Бірақ шынымен солай ма еді?
Әрине, бұрынғы қазақтың ері мен әйелінің қарым-қатынасы туралы айтып, пәлсапа соғудан аулақпыз. Бірақ дәл бүгін ер мен әйелді, әке мен шешені бір-біріне қарсы қойып, жау ретінде сипаттағаннан біз ұтпаймыз. Керісінше, өмірдің мәні, дүниенің тұтастығы болған екі жаратылыстың тіл табысып, бақытты болуын айтсақ, сол жарасымды болар еді. Бекежанов атындағы театрдың ұтып отырғаны – осы. Ең бірінші қоғамдағы даулы сұраққа жауап іздеді. Өнердің бір мақсаты да осы болатын. Адамзат түйткілдерін шешетін. Адам баласының жанына үңілетін.
Біз автордан осы тақырыпқа неге барғанын, неге мән бергенін сұраған едік.
Қанат Тілеухан, жазушы:
Ішіңнен шыққан дүниені сахнадан көргенде қобалжиды екенсің
– Неге бұл тақырыпты жаздыңыз? Жалпы қаламгер өзін алаңдатқан тақырыпты жазады ғой. Сізді осы тақырып қатты алаңдатты ма?
– Бірде жұмыстан үйге қайтып бара жатқанмын. Күздің жауынды кештерінің бірі еді. Жолай үш адамды ала кеттім. Алдыңғы орынға жасы жетпіске таяп қалған апамыз отырды. Артқа менімен құралпас ер адам және жас қыз жайғасты. Еркек сыра ішкен, кәуап пен жуа жеген. Қысқасы, автокөліктің ішін жағымсыз иіс басып кетті. Қыз орта жолға жетпей-ақ көліктен түсіп қалды. Алдында отырған апамыз сыралатқан жігітке ақыл айта бастады. Жігіт үлкен кісінің сөзін бөлген жоқ. Кейін өзінің тағдырын айтқанда жүрегім ауырып кетті. Жұмысы да, үйі де бар екен. Жуырда ажырасып кетіпті. Оған себеп, кіндігінен бала өрмейді. Бұрында бір үйленген екен. «Кінә сенен деп» әйелін тастап кетіпті. Ол әйел кейін басқа еркекке тұрмысқа шығып, бала туыпты. Бұны естіген жігіт екінші әйелімен ажырасуға мәжбүр болыпты. Осы бір әңгіме «Кешіршіні» жазуға түрткі болды.
– Меніңше, екі нәрсе бар бұл қойылымда. Біріншісі, әрине, бала сүю. Екіншісі «кешірім» сұрау. Осы екеуінің қайсысы сізге маңызды көрінді?
– Ауылда Нүрет деген ақсақал болды. Өмір бойы қой бақты. Әжеміз қателеспесем, он үш құрсақ көтерген болу керек. Сақман басталғанда босанады екен. Сонда қойшы «қоймен бірге сен де жылда жағаласуыңды қоймадың ғой» депті. Малшының тұрмысы ауыр. Сонда да аналарымыздың балағынан бала саулап тұрды. Қазір экология дейді, тағы басқасын айтады. Перзентке зар жастар айналамызда қаптап кетті. Отбасын берік қылатын бала ғой. Бала адамның бар қызығы. Дүниеден ізсіз өту ауыр. Мен үшін бала сүю маңызды.
– Сосын қойылым ұнады ма, жалпы?
– Ішіңнен шыққан дүниені сахнадан көргенде қобалжиды екенсің. Бұндай эмоцияны алмағалы қашан. Спектакль режиссері Қанат Архабаев пен театр басшысы Мұхтар Ниязовқа және спектакльде ойнаған өзге актерларға да айтар алғысым шексіз. Адам бойында тек қана жағымсыз мінездер ғана болмайды ғой. Ғазиз қанша жараласа да, Айзатты сүйеді. Сахнада Дианамен байланысқа түскенде режиссер Ғазиздің нақсүйерін сахнадаға төрт бұрыш қорапқа кіргізбейді ғой. Жүрегіндегі ұясында тек Айзат екеуі. Бибідананың ойыны ұнады. Қанат та жаман емес. Премьера болған соң толқу болады. Тағы да жандарын сала түссе. Сахнада ең ақырғы спектакльге шыққандай ойнап шықса дейсің.
***
Расымен, бұл өте ауыр тақырып. Бірақ адам баласы үшін перзентсіз өту трагедия сияқты көрінеді. Мүмкін дүниенің мағынасы бала сүю, я сүймеуде тұрған жоқ шығар. Бәрінің басына бірдей бақыт жазылмаған ғой.
Әйтеуір өмірде осындай проблема бары рас. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Ал сол бейнетті, бәлкім, азапты көтеріп жүрген адамдарды біз қалай жұбатуымыз керек? Көңілге келмейтіндей, жүрекке тимейтіндей. Оның жолы өнер, сірә.
Қанат Архабаев, режиссер:
Бір көрермен менің өмірімді қойыпсың деді
Жаңа пьеса іздеп жүр едім. Ең бастысы, қойылмаған болуы керек болды. Кейін басшымыз Мұхтар Ниязов көркемдік кеңеске осы пьесаны ұсынды. Оқып, бірден көз алдыма елестеттім. Театрға қойса қалай болады екен? Киноға сценарий жазса, жақсы шығар еді деп ойладым. Театрдан гөрі, киноға сұранып тұрған тақырыптай көрінді. Бірақ өзіңе ұнаған тақырыптан бас тарту қиын ғой. Сахналап көргім келді.
Телевизияда жұмыс істедім. Сонда таныстарым бар, менің айналамда осы тақырып ауыр тиетін адамдар бар. Қазір осы проблема жастарға өткен. Кім қалай қабылдайды бұл сынақты? Әйел басқаша сезімде болады, еркек мүлде басқаша түсінеді мұны. Бәрі соған байланысты көрінді. Біреулер ауыр қабылдап, депрессияға түсіп, шыға алмайды. Қалай қабылдады? Әйелі мен күйеуі шыдаған. Біреуі депрессияға түскен.
Сосын сахнадағы оқиға шынының ішінде өтеді. Сезім нәзік, әйнек сияқты. Ғазиз бен Айзат сол нәзік сезімді түсінісе алмай жүр. Оқиғаның бәрі әйнек ішінде өтеді. Себебі сырт көз ылғи тамашалауға құмар. Соны жеткізгім келді.
Бұл өте ауыр болды. Кеше бір көрермен менің өмірімді тура жазыпсың деді. Өте ауыр болып кетті. Бір сахна қосу керек сияқты. Мүмкін бір жылу керек шығар. Өзім ойнап жүріп, лимон сияқты сығылып кеттім.
***
Маған актерлердің ойыны қойылымның ортасынан былай қарай ұнай бастады. Тура ортасына дейін іш пыстырарлық тонда, деңгейде болған сияқты. Өмірді әлі көрмеген, небір қиындықты бастан кешпеген адамдардың жаттап алған мәтіні сезімсіз оқылып тұрғандай әсерде болдым. Құрғақ мұң, жалаң сыбыр, жалған ойын. Мәтін әлі сіңбеген. Кейде өмірді жеткізу үшін өмірді білу керек. Мұқағалидың «Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем» деген жолдары тегін емес. Өмірді зерттеп көрмей, бірдеңе айту қиын. Ал қойылым – сол айту ғой. Қойылымның ортасында (баланың дерті анықталғаннан кейінгі) актрисаның ойынына жан біткендей болды. Сол сәттен бастап өзі де әсерлене бастағандай сезілді.
Хүсейін Әмір-Темір, Н.Бекежанов атындағы режиссер:
Әркімді өз өміріне үңілдірген қойылым
Өмірдегі оқиғаларды қағазға түсіріп, оған көркемдік бейне беру оңай емес. Негізгі нәрсе – адамдардың өмірін дәл суреттеу. Бұл жазушы үшін жақсы нышан.
Қанат Тілеуханның «Кешірші...» деген драмасын Қанат Архабаевтың режиссерлігі арқылы көрдік. Қанат (Архабаев) актер, бірақ соңғы кезде режиссерлік арқылы өз ойын жеткізуге талпынып жүр. «Кім?» деген қойылымы мен осы «Кешірші...» сабақтас. Бірінен-бірі туып жатқан сияқты. Алдыңғы қойылымның өрісі кең болса, бұл қойылымның концепциясы мықты. Өз мақсатын іске асыруға талпынған режиссердің пайымы бар. Қанаттың пьесасын Қанат өз дәрежесін де шығарды деп ойлаймын. Шешімі де осы қойылымның табиғатына, болмысына, драматургиялық тартысына да үйлеседі. Айнаның ар жағындағы көрініс әсерлі шыққан. Біреудің өмірін көріп отырмыз. Бәлкім, біз өзімізді тамашалап отырған шығармыз. Ғазиз бен Айзаттың өмірі арқылы әркім өзіне үңіледі. Сол ұстаным, сол шешім автордың шығармасын өз дәрежесінде шығаруға мүмкіндік берген. Актерлік ойындар, толғаныстар, тебіреністер кейіпкерлердің психологиялық көңіл күйлерін дәл жеткізеді.
Бұл – тың тақырып. Бұрын біздің театрдың сахнасында болмаған. Қазіргі қоғамның бір проблемасы жастардың ажырасуы. Баланың болмауы себепті, қазір көбі отбасылық өмірге шыдамайды. Ғазиздің басқа жанға көңіл аударуы драматургиялық қажеттіліктен туған дүние емес деп ойлаймын. Ол режиссердің өзі қосқан кейіпкер. Ол болса да, болмаса да ештеңе етпейтін еді. Бұл қойылымның қажеттілігінен туған кейіпкер деп ойлаймын.
Жалпы, біздің театрға жақсы шығарма келді деп айта аламыз. Көрерменнің ықыласы жақсы болды.
***
Театр – жанды құбылыс. Қойылым әр сәт сайын толығып, кемелденіп отырады. Біз айтқан азын-аулақ кемшілік уақытпен бірге дамып, түзеледі деп ойлаймыз.
Біздің көңілімізден шықпаған тағы бір тұс – декорация еді. Әрине, оқиғаны әйнектің ішінде өткізу – жақсы идея. Бірақ сол әйнектің ішінде үйдің атмосферасы сезілмеді. Бұл отбасындағы өткен оқиға болғандықтан, оның бір үй екенін көрермен сезінуі керек еді.
Жалпы қойылым өз көрерменін табар. Біреу өзін көрер, біреу көкейіндегі сұрақтың жауабын табар. Театрдың бір мақсаты сол болса керек.
Бағашар Тұрсынбайұлы