Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы: Білім алудағы теңсіздік таптық теңсіздікке алып келеді

Айсұлу Молдабекова
Фото: Айсұлу Молдабекова

Қазір қоғамда әлеуметтік мәселелер жиі талқыға түседі. Әсіресе үкіметтің ең төменгі жалақыны өсіруге «кідіріс» жариялауы біраз сынға ұшырады.

 Рас, үкімет қарапайым халықтың жағдайын түзету мақсатында түрлі жобаларды, бағдарламаларды қолға алды, әлеуметтік төлемдерді өсірді. Жыл сайын бұл салаға жалпы бюджеттен бөлінетін шығыстар да аз емес. Биылғы әлеуметтік саланың бюджеті 9,6 трлн теңгеге. Ал 2026 жылы Қазақстан бюджеті бойынша әлеуметтік салаға жалпы 10,7 трлн теңге бөлінгелі отыр. Соның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге. Адами капиталға (білім, ғылым саласына) 3,9 трлн теңге бөлінбек.

Дегенмен төлемдер көлемі жыл сайын артқанмен, адами капиталдың құны артып жатыр ма, әлеуметтік инфрақұрылымды толыққанды жетілдіру үшін не істеу керек? Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңдікті қалай теңестіреміз? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде біз әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу Молдабековамен сұхбаттастық...

– Айсұлу Тұрсынбайқызы, бізде әлеуметтік салаға жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаражат өсіп жатыр. Бұдан әлеуметтік саясатымыздың деңгейі өсті ме?

– ...Иә, бізде әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат тұрақты түрде өсіп келеді. Түрлі әлеуметтік бағдарламалар, әлеуметтік жобалар жоспарлануда. Әлеуметтік төлемдерді де жыл сайын өсіріп жатырмыз. Бірақ бұдан әлеуметтік саясатымыз өсті деп айта алмаймыз. Біз әлеуметтік саясатты дамытуды әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана байлап қойдық. Бұл дұрыс емес. Негізінде әлеуметтік саясат әлеуметтік төлемдер төлеумен ғана шектелмейді. Нақты дамуға жетелейтін әлеуметтік саясаттың үлгісі басқа болуы керек.

– Біз осы уақытқа дейін «мемлекеттік бақыланатын әлеуметтік саясат» үлгісін жасадық қой. Сонда қазіргі ұстанған бағытымыз дұрыс емес пе?

– Әлеуметтік саясатты жүргізудің әлемдік деңгейде түрлі-түрлі үлгілері бар. Мысалы, американдық модельді алатын болсақ, АҚШ-тың әлеуметтік төлемдер жүйесі капиталистік экономикалық модельге сай құрылған. АҚШ-тың әлеуметтік саясатында әлеуметтік төлемдердің басым бөлігі еңбекке негізделген. Төлемдердің бәрі жұмыс істейтін адамдардың жалақысынан ұсталатын жарналар арқылы қаржыландырылады. «Әр адам өзіне жауапты» деген нарық қағидасы басым. АҚШ мемлекеті де мінсіз қамқоршы емес.

Ал, Еуропа, соның ішінде Скандинавия елдерін мысал етсек, Норвегия, Швеция, Дания, ішінара Финляндия мен Исландия елдерінің әлеуметтік саясаты әлемдегі ең дамыған модель болып саналады. Скандинавияда әлеуметтік қызметтер мен төлемдер барлық азаматтарға қолжетімді, табыс деңгейіне қарамастан беріледі. Жәрдемақыларды еселі мөлшерде береді, жұмыссыз қалғандарды ұзақ уақыт қолдайды, мүгедектік, қарттық бойынша кең көлемді төлемдер ұсынады. Тиісінше, бұл елдерде табыс салығы өте жоғары (30-55 пайыз), жұмыс берушілер үшін де әлеуметтік жарналар жоғары. Бірақ бұған айырбас ретінде азаматтар тегін медицина, тегін жоғары білім, ұзақ ақылы декреттік демалыс, сапалы қоғамдық қызметтер
алады. Әлеуметтік төлемдер мол болғанына қарамастан, бұл мемлекет адамдарды еңбекке белсенді түрде ынталандырады.

Ал енді, Қазақстанның ұстанып отырған әлеуметтік саясаты, осындай елдердің әрбірінен үзіп алынған құрама модельге жатады. Қазақстанның әлеуметтік саясатында мемлекет жетекші рөл атқарады. Әлеуметтік қызметтер мен төлемдер Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Бізде әлеуметтік төлемдер көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жұмыссыздарға, аз қамтылған отбасыларға (АӘК) беріледі. Біздегі төлемдер экономикалық мүмкіндіктерге тәуелді. Скандинавия елдерінде барлық азаматтарға бірдей қызмет көрсетілсе, Қазақстанда көмек тек табысы төменнемесеәлеуметтік осал топтарғабағытталған.

Енді қараңыз, Еуропаның әлеуметтік төлемдері мен Қазақстанның төлейтін төлемдерін салыстыруға келмейді. Бізде, әрине, төлемдер өте төмен. Себебі Еуропаның жағдайы бізден жоғары, өндірісі дүрілдеп тұр. Қазынасына түсімдер түсіп жатыр, жоғары салықтан түсетін де түсімі көп. Олар бюджетке түсетін осындай түсімдердің барлығын оңтайлы, сауатты үлестіру арқылы әлеуметтік саясатын жетілдіріп алған, халқына жағдай жасап отыр. Ал бізде, керісінше, бюджетімізде жыл сайын тапшылық. Еңбек өнімділігі төмен, өндірістің дамуы кемшін. Әлеуметтік төлемдер алатын халықтың дені тек қана жәрдемақыға иек артып кетті. Тіпті ауылдық жерлерде баласына берілетін әлеуметтік төлеммен ғана күнелтіп отырған елдер бар. Мысалы, балаларға берілетін төлемдерден айырылып қалмау үшін өмірге тағы да нәресте әкеліп жатқан аналар бар. Төрт балаға 63 030 теңге төленсе, «бесінші баланы өмірге әкелсем, 78 мың теңгеден асырып жәрдемақы аламын» деген түсінікпен өмір сүретін әйелдер баршылық. Мұндай көзқараспен, мұндай бағытпен әлеуметтік саясат дамымайды.

– Ал сауатты модель қандай болуы керек?

Біздің Ата заңымызда «Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет»деп жазылған. Әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстан азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етугеміндетті, әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуы тиіс. Осыған байланысты әлжуаз топтарға, қоғамның осал топтарына, әрине, мемлекет тарапынан қолдау керек.Атаулы әлеуметтік көмектер мен әлеуметтік төлемдер сол үшін де беріледі. Бірақ сол төлемдердің екінші зардабы да бар.Адамдар ол төлемдерді алған сайын осы минималды кіріске әбден сүйеніп алмауы керек. Жоғарыда айтқанымдай, қазір бүтін бір отбасы осы жәрдемақы алатын күнді тосып, сонымен күн көріп кеткен жағдайлар болып жатыр. Зіңгіттей азаматтар баласының жәрдемақысына күн көріп отырған жайттар да бар. Әсіресе ауылдық жерлерде «екі қолға бір күрек таба алмай», жұмыссыз жүргендер көп. Егер біз әлеуметтік саясатты дамытудың сауатты үлгісін жасағанымызда, жағдай бұлай болмас еді. Мысалы, қазір бізде түрлі әлеуметтік бағдарламалар, жобалар бар. Мамандарды қайта даярлау, басқа мамандыққа бағыттау тәрізді жаңалықтар қолданысқа еніп жатыр. Бірақ осының барлығы формальды түрде ғана, яғни, тек қағаз жүзінде жүзеге асуда. Бізде әлеуметтік саясатты жүргізудің осындай белсенді үлгілері бар. Өкінішке қарай, соны жетілдіре алмай отырмыз.

– Оны жетілдіруге не кедергі?

Мәселен, бізде «Жұмыспен қамту 2020», «Жол картасы 2020», «Дипломмен ауылға», «Жастар тағлымдамасы» және басқа мемлекеттік бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың бәрі әлеуметтік саясатты белсенді жүргізудің формалары еді. Әттеген-айы, қазір осы бағдарламалардың нәтижесін көре алмай жүрміз. Өйткені аталған бағдарламалардың басым көпшілігі тек қағаз жүзінде жүзеге асып жатыр. Мұндай бағдарламаларға қатысатындар зейнетақы жарнасын өтірік бір кәсіпорындармен келісіп аударып отырады да, төлемді алып алғанша ғана жанталасады. Ал төлемді алып алғаннан кейін оны басқа мақсаттарға жұмсаған фактілер де кездесті. Мемлекеттің субсидияларын, гранттарын осындай жолмен жұмсайтындар да бар. Кейбір жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары да бюджеттен бөлінген қаражат игерілді деп көрсету үшін де осындай көзбояушылыққа барады. Бұл дегеніңіз – халыққа уақытша ақша берумен шектеліп отырмыз деген сөз. Мысалы, кәсіпорын бірнеше адамды қайта оқытуға өтініш берді делік, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Кейбір кәсіпорындар сол қаражатты алу үшін өзінде бар адамдарды қайта оқыттық деп рәсімдей салады. Міне, осылай жалған есеп беріп, реформаны қағаз жүзінде ғана жүзеге асыру белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге қатты кедергі болып отыр. Осыдан барып саланы дамытуға бөлінген мемлекеттің ақшасы құмға сіңген судай кетіп жатыр. Егер жағдай бақылаусыз осылай жалғаса беретін болса, біз «кедейлік қақпанына» мықтап түсеміз.

Жалпы, біз мамандарды қайта оқытып жатырмыз, гранттар береміз, бірақ бізде өндіріс орындары да шектеулі ғой. Мемлекеттің қаражатын шығарып, қайта даярлықтан өтіп немесе қайта оқығандардың барлығы күні ертең қайта барады? Осы жағын да ойлау керек тәрізді...

–Дұрыс айтып отырсыз. Бізде нарықта ұсынылатын жұмыс орындары да шектеулі. Мұндайда мамандарды қайта даярлап, қайта оқыта бергеннен пайда жоқ. Олардың пайдасын көру үшін экономиканың нақты секторында, яғни, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, өндірісте, жеңіл өнеркәсіпте, тамақ өндіруде жұмыс орындары ашылуы керек. Бізде, керісінше, жұмыс орындары көптеп ашылып жатқан жоқ. Қайта даярлаудан өткен мамандардың көпшілігі қазір алыпсатарлықпен айналысып жүр. Біздің қоғамдағы негізгі бизнес алып сату болып кетті. Бір жағымызда Қытай, екінші жағымызда – Ресей тұр. Осы екі елдің арасында біз алып-сатумен айналысып жүрміз. Қытай мен Ресейдің базарына айналдық. Рас, бұл да бизнестің бір түрі. Дегенмен ескеретін нәрсе, алыпсатарлық экономикада инфляция арта береді. Бүкіл нәрсе сол елге келетін импортқа тәуелді болады. Осыдан барып доллардың бағасы көтеріліп, теңге құнсыздана береді. Ең негізгісі, пандемия кезіндегідей жағдай болып, шекара жабылып қалса, біз өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете алмай, ішкі нарықтың сұранысын толтыра алмай қаламыз. Мысалы, қазір біз ішкі азық-түлік нарығын қамту үшін Польшаның алмасын, Испанияның қауын-қарбызын алғызып отырмыз. Оның орнына агросекторымызды дамытып, ауыл шаруашылығында жүрген диқандардың жағдайын жасағанымызда, отандық өнімнің үлесі артар еді. Қазір біздің диқандарымыз тіпті не егетінін білмейтін жағдайға жетті. Бір жылдары Шымкент жақтағы диқандардың барлығы жаппай мақта ексе, бір жылы жаппай бәрі қарбыз егеді. Сөйтіп қарбыздың көптігінен оны өткізетін жер таба алмай, ақыры оны тегін таратады. Қайбір жылы Алматы облысында пиязды тегін таратты. Міне, біздегі отандық өндірісті қолдау деңгейі осындай. Егер отандық өндіріс нақты қолдау тауып, нарықта жұмыс орындары көптеп ашылса, жаңағы қайта даярланатын мамандар да бос қалмаушы еді. Негізінде осының барлығын жүйелі түрде есептеп ойластырғанда экономика да тарықпайтын еді, бюджетте тапшылық та болмас еді.

Бізде, керісінше, жүйелі есептеу жоқ қой. Үкімет оның орнына тапшылықты Ұлттық қордан қаражат ала салып толтыра салуға машықтанып алды емес пе?

– Иә, бізде еңбек министрлігі таза әлеуметтік төлемдерді санап қана отыратын органға айналды. Министрліктің жыл бойы төлемдерді ұйымдастыру, соның есебін шығару, бүкіл калкуляторлық жұмысты жасаумен басы қатады. Себебі жалақыны немесе зейнетақыны сәл көтерсе ол бүкіл төлемдерге әсер етеді. Сосын барлығын қайта есептеу керек. Сондықтан болашақта еңбек министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Бұған білім және ғылым министрлігін де қосуға болады. Осы үш сала байланысып жұмыс істегенде ғана бірдеңе шығады. Себебі бізде қазір маман даярлағанда да тек қызмет көрсету саласындағы мамандарды көп даярлайды. Мысалы, ІТ-мамандары, экономика, маркетинг, менеджмент саласының мамандары көп. Бірақ экономиканың нақты секторын дамытатын мамандар аз даярланып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамытатын мамандар жоқтың қасы. Қайбір жылы балық шаруашылығы саласының мамандарын даярлауға көп гранттар берілді. Бірақ артынан сол мамандар қайда баратынын білмей қалды. Осы жүйелі мәселенің барлығын бірден шеше алмасымыз анық. Бірақ бұл мәселені біртіндеп шешу керек. Баяғыда білесіз, бізде индустриялық-инновациялық экономика деген болды. Сол бағдарлама аясында «100 индустриялды кәсіпорын ашу» жоспарланды. Өкінішке қарай, бұл да сол министрліктермен тығыз байланыс болмағандықтан толыққанды жүзеге аспады. Сондықтан министрліктер бір-бірімен біте қайнасып жұмыс істеуі керек. Бюджеттің, Ұлттық қордың ақшасына ғана иек артып отыруға болмайды. Ішкі нарықты дамыту қажет. Біздің нарығымызға қазір қысым көп. Өзге елдер сырттан келетін өнімдерге шектеу қою арқылы өз нарығын қорғайды. Ал бізде рұқсат етілгені өзі алдына елге заңсыз кіретін тауарлар мен өнімдер баршылық. Осының барлығына бақылау орнатып, өзіміздің отандық өндіріске қолдау білдіріп, ішкі нарықты қорғағанда Ұлттық қорға да қол сұға бермейтін едік. Экономикамыз да дамып, оқу-білімнен бастап, барлық әлеуметтік қызметтер тегін көрсетілетін еді. Көпбалалы аналарымыз мемлекеттің қолдауын толыққанды сезініп, әлеуметтік осал топтардың еңсесі тіктелер еді.

– Сіз бір сөзіңізде, Қазақстанда көпбалалы болу экономикалық тұрғыдан тиімсіз дегенсіз. Әлі сол пікірдесіз бе?!

Қазір осы жағдайды ұлттық құндылық, демография тұрғысынан қарамай, экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, шынымен де Қазақстанда көпбалалы болу тиімсіз. Себебі біздің қоғамда көпбалалы отбасының 60 пайыздан астамының отбасылық табысы жан-басына шаққанда тым аз, тіпті олардың кейбірі кедей тапқа жатады. Осыған сүйеніп барып, сондай пікір айтқанмын. Әлі де сол пікірдемін.

– Сонда көпбалалы болу экономикалық тұрғыдан мемлекетке тиімсіз бе, әлде отбасына тиімсіз бе?

Әрине, адамдық капитал, демография тұрғысынан ойлағанда көпбалалы аналар олар – Қазақстанның болашағы. Олар мемлекет үшін ешқандай тиімсіз емес. Ал көп бала өсіру өте қиын. Біздегі әлеуметтік төлемдердің төмендігіне қарап мен осылай айтқан болатынмын. Сол себепті оларға тек материалдық тұрғыда ғана емес, басқа да қолдау көрсету керек. Мен бұл арада сол отбасының өзіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айттым. Егер «роботтық ақылмен» айтатын болсақ, расымен де солай. Қазақстандағы балаларға төленетін жәрдемақымен ол балаларды оқыту, қажеттілікпен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Бұл тұрғыда «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген пәлсапаның заманы өтті дейсіз ғой...

Әрине, көпбалалы болу үшін үкіметтен жәрдем күткен дұрыс. Үкімет жағдайды жасау керек. Алайда көпбалалы отбасының өзінің де сақтандыру капиталы болуы тиіс. Сол арқылы балалардың қажеттілігін өтеп, денсаулығына, біліміне қаражат керек кезде ешқандай тарығу болмауы тиіс. Тіпті балаға арнайтын уақыттың өзі шектелмеуі керек. Ал мұндай әрекеттің бірі де жоқ, 6-7 баланы өмірге әкеліп, соның ішінен «біреуі суырылып шығып барлығын көтереді, жарып шығады» деген ойдан аулақ болған жөн. Еуропада бір-екі бала өмірге әкеліп, сол екеуінің әрқайсысын дамытады. Саннан гөрі сапаға мән береді. Ал бізде жаңағыдай 5 баланың жәрдемақысына күнелтіп отырғандар бар. Балаға уақыт бөлінбесе, оған инвестиция салынбаса, рухани жан-жақты бала болып өспесе, ертең елдің жайын ойлайтын, болашақ үшін алаңдайтын азамат та өспейді. Мысалы, әр балаға 5 жасқа дейінгі дамуына, 14-15 жас аралығындағы дамуына инвестиция жеткілікті деңгейде салынатын болса, ертең ол баланың мемлекетке берері де зор болады.

Осы арада ұсыныс ретінде мынадай бір ой айтқым келеді. Бізге болашақта көпбалалы аналарға жәрдемақыдан бөлек, өздері тұратын аймақта, ауылда, қалада сол балалар тегін баратын үйірмелерге баруына, жекеменшік мектептерде оқып білім алуына жолдамалар берілуі керек. Балалардың қосымша жан-жақты дамуына мүмкіндіктер қарастырылуы қажет. Ауылдағы мектептердің сапасын күшетуге күш салған жөн. Ауылдағы білім деңгейі қаладағы білімнің деңгейімен бірдей дәрежеге көтерілуі шарт. Алматының өзінде бір сыныпта 40 баладан отыратын мектептер бар. Осы арада айта кететін мәселе – ертең бізде 10-15 жылдан кейін таптар арасындағы айырмашылық қатты сезілетін болады. Себебі қазір жағдайы бар адамдар балаларын жекеменшік мектептерде оқытып жатыр. Ал жағдайы жоқ азаматтардың баласы үш ауысымдық мектептерде немесе бір сыныпта 40-45 бала отыратын мектептерде оқиды делік, ауылдық мектептердегі білім сапасы да сын көтере бермейді. Міне, күні ертең осы балалар ер жетеді. Еңбек нарығына араласады. Сол кезде инвестиция салынып, білімі жоғары мектептерде оқыған бала суырылып алға шығады да, ал жағдайы жасалмаған бала нарықтан өзінің орнын таба алмай қалады. Білім алудағы теңсіздік, ертең таптық теңсіздікке алып келеді. Сондықтан үкімет осы жағын ертерек ескеріп, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңсіздікті теңестіру қажет. Кезінде мектеп қабырғасынан фундаменті дұрыс қаланбағандықтан да, қазіргі біздің еңбек нарығында сапасыз мамандар өріп жүр. Осыны есте сақтаған абзал.

– Елдегі адам капиталының дамуына теңдей мүмкіндік болуы керек дейсіз ғой...

Иә, елдегі барлық азаматтардың дамуына тең мүмкіндіктер жасалуы керек. Ауыл мен қала арасындағы алшақтық жойылып, ауылдық аймақтарда да сапалы білім беретін мектептер болуы тиіс. Ауыл халқы да сапалы медициналық қызметтермен қамтылуы керек. Мемлекет ауылдық жерлерден жоғары технологиялық жетілген медициналық клиникалар ашуды ойластырғаны жөн. Ауыл халқы қазір білікті дәрігерге, сапалы медицинаға зәру. Тек қана диагностикадан өту үшін ғана қалаға шабылатын ауыл тұрғындары бар. Егер ауылда шағын фабрикалар, сапалы медициналық орталықтар, шағын кластерлер, жайлы мектептер ашылатын болса ауыл халқы да қалаға үдіре көшпес еді. Жұмыс орындары да ашылып, экономикалық тұрғыдан еңсеміз тіктелер еді. Осындай күн туады деп үміттенеміз және ол күнге жетуді қалаймыз. Лайым біздің әлеуметтік саясатымыз дамып, сондай жоғары деңгейге жетсін дейік...

Сұхбаттасқан

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ