Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:41, 26 Қазан 2023

«...Айта алмадым ешкімге!» (Асылан Тілегеннің «Хадия» жинағы туралы)

Аслан Тілеген
Фото: из открытых источников

Осы күні «мынау өлең, ақын – міне» деп кесімді сөз айтудың өзі қорқыныштан гөрі, өрескел сөзге айналып бара жатқандай. Бұрын қорқынышты болатын себебі, ақындардан қорыққандықтан емес, әділетін айта алмай қалам ба деп, жеті өлшеп, бір кесіп барып, айтатын сөзді айтушы еді.

Енді қанша әділет сүйгіш болсаңыз да, қанша өлшеп, неше кессеңіз де, сіздің сөзге тоқтар қауым жоқ демейік, бірақ бірен-сараң. Себебі ақын туралы, өлең туралы түсініктің аяғы басына шықты. Енді әркім өзі өлең деп түсінетін «поэзия» тұрғанда, не айтсаң да өрескел болатыны – сол.

«Ақындар әртүрлі болуы керек» дейтін баяғыдан келе жатқан қағида – сол қағида. Әртүрлі ақыннан сан түрлі өлең шығады. Бірақ тұтас поэзияға қойылатын талап – біреу. Ол техникаңызға сүйеніп, жүрегіңізді ауыртпай, жұп-жұмыр боп жазыла салмайды. Қанша техник, қанша философ, қанша саясаттанушы, қанша лирик болсаңыз да – жүрегіңізді көктеп өтіп, оқырманыңыздың да көңілін сол сезімге түсіру керек. «Жүректен шықпай, жүрекке жетпейді» деп пе еді?... Сол! «Кто не родился поэтом, тот им никогда не станет, сколько бы к тому не стремился, сколько бы труда на то ни потратил» (Брюсов).

Ақын – өз өмірінің, айналасындағы құбылыстардың, қуаныш-қайғысының, махаббат аңсарының, қоршаған ортасының тұтқыны. Дүниеде болып жатқан жәйттердің бірі де ақын көңілін толқытпай, жүрек қылын шертпей өтпейді. Жапырақтың сыбдырынан сырын, қардың ұлпасынан махаббатын, жаңбырдың тамшысынан тағдырын, ғашық қыздың жанарынан күллі өмір ағысын тауып алатын көрегендік, я тапқырлық ақындарға ғана тән қасиет. Ақынға қарапайымдылықпен қатар нәзіктік тән. Ал пафос пен қызыл сөз, қызу ұйқас өлеңші жұрттың бәрінде бар.

Жастардың өлеңі, аяқ алысы үлкендердің көбінің көңілінен шықпайды. Марқұм Аманхан Әлімұлы ағамыздың сөзі кейінгілердің шымбайына батып жатса да, кейбіреулері «шыбық тимей, шыңқ етсе де» сол сөзі жастарға дем беретін. Алдыңғы ағалардың кейінгі жастарға көз қырын сала жүргені, сын айтқаны, қамшылғаны – қалай болғанда да керек еді.

Аманхан Әлімұлы «жастар жылаңқы боп кетті» деп сөгіп еді. Негізсіз де айтпаған болуы керек. Тіпті Аманхан ағамыз айтқан буыннан кейін бірнеше буын жастар өлең өлкесіне келіп үлгерді. Солардың өлеңде әркімнің өз ерекшелігі болса да, тұтас алғанда ақындық дидарлары айқын көрінбей, жалпы бәріне ортақ пафос, лирика көлеңкесінде қалып келеді. Қазір өлең техникасына байланысты өндірдей жас ақындардың өзіне аса көп мін таға алмайсыз.

Ақ өлеңге қызығып келген ақындардың да, я сол бағытқа жүре келе ауысқан қаламдастардың да өлеңдерінен тұтас поэтикалық бейнені таппайсыз. Шашыраңқы ойлардың тізбегіне көміліп, дағдарасыз. Жалпы, ақ өлең ойдың ырғағы. Ұйқассыз-ақ арбалып, ой жетегіне түспесеңіз, тағы сол жасанды дүниені жатырқап отырасыз.

Ақындарды осы жасандылық құртады. Техниканың жасандылығын ой, сезім, тағдыр шынайы болса, кешіре салуға да болады. Ал сол сезім мен өмірдің, тағдырдың, күйік пен қайғының өзі жасанды болғанда, керісінше, қанша мықты техникамен, арасынан қыл өтпейтін ұйқаспен жазылса да, жек көріп оқисыз. Сонда поэзия деген не деген сұраққа тағы бір бас қатыруыңызға тура келеді.

***

Қазір өлеңнің жариялануынан, кітаптың жарық көруінен кенде емеспіз. Бір уақыттардағыдай он мыңдаған таралыммен шығып, кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып жатпаса да, жер-жерде, Алматы мен Астананың өзінде жылына қаншама өлең кітаптар шығып жатыр. Көбі ескерусіз, елеусіз қалып бара жатқандай.

Қолыма жас ақын Асылан Тілегеннің «Хадия» атты жыр жинағы түскен. Бұрыннан өлеңдерімен таныс ем, соңғы уақытта өз арамызда оқылып жүрген эпиграммалары да тәуір. Асыланның «Хадия» жыр жинағын оқығанда лепірген пафосты, жайдақ айғайды, қолдан жасалған қайғыны, сенімсіз махаббатты ұмытасыз. Қарапайым өлеңдері арқылы сезім тылсымына бойлатып, өзімен бірге күрсіндіріп, ғашық қылып, қайғыртып, қуантып қояды. Бейне саған достық пейілмен сыр айтып тұрғандай сыршыл, өкінішін парасатына жеңдірген мұңдас.

Ол кейіпкеріне жалынбайды, жалбақтамайды. Я аласармайды, алыстатпайды. Қол жетпесім деп де үздіге үзілмейді. Ардақтай отырып, жүрегін төсейді, мейірімін төгеді. Азаматтық болмысымен, шынайылығымен, тазалығымен, нәзіктігімен көмкерілген өлеңдері сәуле шашып, сіздің де көңіліңізге қонақтайды.

Ақынның өлеңдерін оқып отырып (әсіресе кітаптың бірінші «Жүректегі жазулар» атты бөлімі), көңіліңізде екі түрлі образ қалыптасады. Ақын мен ғашығы. Екеуінің арасындағы тағдыр кедергісі айтылмайды. Өзі де бар ойын өлеңге лықсытып төге салмай, сыр сақтайды. Ең нәзік сөздерді айтпай, сездіреді. Сезіндіреді.

Поэзия дегеніңіз, бәлкім – айтпағыңды айтпау. «Сезгеніңді сездіру» ғана болар.

***

«Сен мені сүйесің бе?» деп сұрашы,

Сұрашы,

Оның ешбір жоқ кінәсі,

Көзімнің көкке тамып кетті жасы...

«Сен мені сүйесің бе?»

Деп сұрашы.

Жауабын білемін ғой тек қана мен,

Бір сәтке қалғанында тоқтап әлем.

Кеудемді қарс айырып кіре сала,

Сол сәуле жүрегіме жеткен әрең.

Жауабын білемін ғой тек қана мен.

«Сен мені сүйесің бе?» деп сұрашы...

***

Асыланның өлеңдерінде ешкімге айтпайтын сырлары бірінші кезекке шығады. Оны өзі білер, я білмес. Бірақ өлең жазып отырып ол ішіндегі ешкімге айтпайтын ойымен бөліседі. Сөйте тұра жырлары айшығынан да айырылмайды.

«Мен өлеңді өзім үшін жазамын» депті Пушкин. Әлбетте, шын ақындарда солай. Асыланның да өлеңдерін оқып отырсаңыз, жариялау үшін жазылмағандай әсер береді. Өзімен-өзі, өз болмысымен, өз арманымен, мұңымен жеке қалып, бар сөзін тек өзіне ғана айтып тұрғандай.

Адамгершілік қасиетін алға шығара отырып, өрекпімей, қызбалыққа салынбай, салқын ғана сыбырлап отырған ақынның ішкі даусына құлағыңды түре түсесің.

Ақынның лирикасындағы конфликт алдымен өз ішінде жүріп жатыр. Әдетте адам мен адамның арасында болатын арбасу бұл жолы Асыланның өз ішіне түсіпті. Дұрыс қой. Ең алдымен адам өз өміріне, өз болашағына алаңдайды.

***

Жұпар иіс, жан дауысты сол сөзді,

Айтқым келді сізге арнап.

Оны айтудан нешеме жол болса өзге,

Қона алмайды бізге ол бақ.

Ғашық жардан туған аппақ сәбидей,

Келген сөз ол өмірге.

Ал мен оған ғашық жанмын нәбидей,

Құдайлық бар тегінде.

Жаннан туған,

Жардан жалғыз сол сөзді

Айта алмадым ешкімге.

Бұл ғаламнан жарды іздерлік болса өзге,

Жан сөзім, сен ескірме...

***

Асыланның шығармашылық интуициясы мықты. Ол өлеңдеріндегі көп ойға дәл осы интуиция арқылы жететіндей. Бірде бақытына асықса, бірде өз мұңымен арпалысып, тіршіліктің күйбеңіне де қанатын күйдіріп алады.

Біз әдетте күнделікті көріп, байқамай, елемей өтетін әрекеттерден мән тауып, мағына сыйдыру да, әлбетте, ақынға тән. Бірақ болымсыздың бәрін өлеңге айналдырмай, өзінше тапқырлықпен баратын жырларындағы сол тауып айтқан сөзінен гөрі Асыланның жалпы соған деген өз қарым-қатынасы, көзқарасы, ұстанымы бірінші кезекке шығады.

Үйдегі асық жардың да, өзінің де көңіл күйін бажырайтып көрсетпей, нәзік қана суреттеуінен оқырман бәрін ұғып, түсініп отырады.

***

Тірлік біткен қинап әрең,

Бүгінше оны бітіре тұр.

Көзіңде ме күйген әлем,

Әлем үйде күтіп отыр.

***

Неге мұңым көп меңдеттім,

Неге жүрек оймен әлек?!

Үйге аман жеткен жоқпын,

Отырғаным жәй ғана кеп.

Мұнша күйді кештім неден,

Неге сызды көп меңдеттім?!

Сұраған жоқ ешкім менен

...Үйге де аман жеткен жоқпын.

***

«Өн бойың тұрса өртеніп, От құшып қалай жазбайсың?!» деген сөзін Асыланның өлеңдерін тұтас оқығанда, соншалықты шынайы айтылғанын аңғарасың. Өзі үшін ғана жазады деуіміздің де себебі – осы. Бұл жырларды жариялаудың өзі ақынға оңайға соқпады деп ойлаймыз. Тіпті жазылып, жарияланбай тұрған да жырлар бар шығар деп ойлайсың. Өйткені әдебиет ешкімге айта алмайтын сөзіңді айттырады. Жан дүниеңді қажаған, жігеріңді құм қылған, болмысыңды қаусатқан жағдайлардан арылу үшін жазасың. Ал бар сырыңды төгіп-төгіп болған соң, оны жалпақ жұртқа жариялаудың өзі ауыр. «Сырымды тоқтатайын айта бермей» деген ақынның ішінде қанша сөз, неше сыр кетті екен десеңізші. Сол айтылмаған сөздің бәрі қаншама керемет өлеңдер еді. Адам өзінің сезімнің алдында (ол тек махаббат емес – қайғы да, қауыныш та, реніш те, жалғыздық та) қаншалықты дәрменсіз екенін түсінгінде қаламға жүгінеді. «Жалғыз-ақ қаламына сырын айтқан» ақынның құпиясын ашуға өлермендікпен ұмтылатын оқырмандарды ойлағанда, қиналасың. Оның жұмбағын, сырын ашудың қажеті шамалы. Оның оқырманға керегі де жоқ. Керегі – дәрменсіз пенде екеніңді ғана ұқтырса болды. Ал поэзия соны сездіретін күш.

Әр ақынның тұтас шығармашылығында бір бейненің жүретіні бар. Есенғалидың күзі, Аманханның айы, Ерғалидың түні бар дегендей. Ал Асыланның көктемі бар. Оның көктемі көңілсіз, жабырқаңқы, аяулы көктем. Ақын бұл мезгілді әдейі таңдамағаны да көрініп тұр. Бұл көктем оның өмірінің бір бөлшегі, ұмытылмас бір кезеңі. Мүмкін дәл қазір ақынға көктем соншалықты аяулы болмауы мүмкін. Бірақ бір кезеңдегі көңіліне ұя салған сол мезгіл өз көркімен емес, ақын көңіл күйімен сізді өзіне тартады.

***

Көктем келген жоқ біздің қалаға,

Дақпырты мұның барлығы –

Елесіндей ол жан анамыздың.

Атпаған бүршік тал гүлі.

***

Неге ертерек кетіп қалдың,

Көктем-ау?

Жан сүйетін жалғыздарды жоғалтып,

Тумысымнан тірлігім бе жоқ қарау?

***

Қоштасуға бола ма осы көктеммен,

Құдайым-ау, қай кезіме тап келгем.

Өзгесін айт, қайталайын қай әнді?

Осы көктем, осы көңіл – аяулы.

***

«Хадия» жыр жинағының екінші бөлімі – «Тастағы жазулар». Бұл бөлімге негізінен арнау өлеңдері енген. Өлең техникасын меңгерген ақын үшін арнау жазу қиын болмаса керек. Әр кейіпкерінің бір ерекшелігін тауып, жақсы өлеңдер жазуға талпынғанмен, шынайылығымен оқырмандарын баурай алмайды.

Арнау үшін арнау жазғанда ақынның көңілінде бәрібір шынайы сезім тұрмайды. Ал өз еркіңмен, құрметіңмен арнау жазудың табиғаты мүлде басқа. Оның үстіне бұл өлеңдер жалпы кітаптың табиғатына, алдыңғы бөлімінің сипатына келіңкіремей тұр.

«Күннің батуы» деген өлеңінде: «Біздің жақта тау жоқ-ты, тау секілді бұлттар ғана тұр төніп» деп жырлайды. Бұлттың бұл образын алғаш Ерлан Жүністен оқып едік. «Бұл қалада таулар жоқ, тау секілді бұлттар бар, Кейде кеткім келеді сол бұлттарға айналып» деп жырлар еді Ерлан.

Жалпы қандай бір образды бұрын әйтеуір бір адамның ойлап тапқаны анық. Кейін сол бейнелі сөз жаппай қолданысқа еніп, ақыр аяғында ортақ мұраға айналады. Асыланның бұл қолданысы кемшілік пе, жоқ па? Бір қарағанда Ерланнан ала салғандай көрінеді. Бірақ Ерланның сәтті образы қолданысқа сұранып тұрған да болуы мүмкін.

Мейірхан Ақдәулет, Гүлнәр Салықбай, Мұрат Шаймарандардың поэзиясында кездесетін «күннің қызыл кірпігі» деген образ енді қарасаңыз, поэзиямыздың ортақ сөзіне айналып кеткендей. Уақыт өте келе, көп ақын қолданған сайын бұл бейнелі сөз жаттанды тіркеске де айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Асыланның қолданысын Ерланнан алған бір сәтті образ деп қарастыруға болатын шығар.

Жалпы «Хадияға» дейін де Асыланның өзі бір жинақ шығарған. Бұл мемлекеттік тапсырыспен шыққан алғашқы кітабы. Қазақ поэзиясына жақсы ақын, жақсы кітап қосылды деп айтуға негіз бар.

Бағашар Тұрсынбайұлы