«Айтып-айтып өтті қарт...» (Абай өлеңдері мен аудармаларындағы қарт образы – әлеуметтік-мәдени категория, әдеби тәсіл)

Пушкиннің бағушы әжесі, Достоевскийдің пайызбен ақша беретін кемпірі мен Зосима қарты, Чеховтың айлақта кәріліктен көз жұмған Фирсы, Хемингуэйдің балықшы шалы – бәрі архетиптік масштабтағы кейіпкерлерге айналды.
Өмірдің қат-қабат толқындарында шайқалып, пенделіктің әрқилы сатысынан орын тепкен бұл кейіпкерлер тек қана кейіпкер болудан қалып, әдеби тәсіл деңгейіне көтерілді. Авторлар сол кейіпкер арқылы образ жасаумен қатар, өздерінің жылдар бойы жинақтаған толғаныстарын, я өздерін алаңдатқан өзекті сұрақтарды, болмаса қоғам, уақыт бағасын берді.
Қарттық кейде даналықтың белгісі болса, кейде ескіліктің, кейде ажал шегінде тұрған жалпы адами болмыстың да символы ретінде қарастырылды. Осы әрқилы бейнелер Абай өлеңдеріне де еніп, әлеуметтік-мәдени категория деңгейіне дейін өскен. Ақын қарттыққа ішінен де, сыртынан да бақылап, сөйлейді.
Осы екі позициядан қарағанда қарттық екі түрлі көрінеді. Ішінен қарағанда – жақтап тұрғандай, дәрменсіз, биліксіз хәлін мойындаған, түсінген қалпы қалса, сырттай қарағанда – сынап, жаңа көзқарас тұрғысынан бағалап, барлық кем-кетігін көріп, суреттейді. Симоне де Бовуар «Кәрілік» кітабында: «Адам өміріндегі кез келген жағдай сырттай бақылаушы көзімен де, я соны түсінетін, соған тап келген адамның өз ішімен де бағаланады. Кәрі адам өз жағдайын ең бірінші өзі түсініп, еш дәнекерсіз тірі қалыпта сезінеді», – деп жазады.
Ал оны сырттай көріп тұрған адам субъективті ғана бағалай алады. Абай да өзіне қатысты кәрілікті айтқан кезде осы сезінісі, шынайы бағасы анық көрінеді.
Ақын шығармашылығындағы қарт бейнесі аудармалары мен өз өлеңдерінде жиі кездеседі екен. Өзі жақын тұтып, ерекше ықыласпен аударған және түпнұсқадағы тылсым сезім мен албырт романтиканы тап басып қотара білген өлеңдерінде (Лермонтовтан аударған) шал образы ақын шығармашылығының өне бойында жиі ұшырасады. Біз алдымен осы телтумаларындағы бейнелерге тоқталайық.
Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы,Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.Жасынан білер ескі шалдың мінін,Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Абайдың Лермонтовтан аударған «Ой» өлеңінде екі ұрпақтың арасындағы тартыс жатыр. Түпнұсқасында сатиралық реңкі басым осынау өлеңнің жалпы табиғатында аяусыз алданған жас ұрпақтың жанайқайы бар. Дүниеде адам өзін-өзі алдайды. Айналасын алдайды. Бірақ қолында билігі бар жанның тұтас ұрпақты алдауынан асқан аярлық жоқ секілді көрінеді. Тіпті ары кеткен кезде өз замандастарыңның да көңілінен шығу үшін жалған сөйлеуің әбден мүмкін. Бірақ ұрпақ алдында өтірік айтуға бола ма?
«Бұл өлеңдер қанмен жазылған; қорлық көрген жанның жүрек түкпірінен шыққан: шер, зар... Келер ұрпақтың қайсы бұл жырдан өз жанының жарасын көрмейді, апатиясын сезбейді, ішкі бос кеңістігін шарлап, қайыра тіл қатпайды деп ойлайсыз?! Егер «сатираның» астарында ащы шындық пен қорланған қоғамның ашулы рухы жататын болса – онда Лермонтовтың «Ойы» – сатира және сатира поэзияның заңды түрі», – деп жазады Белинский.
Абай бұл аудармасындағы қарт бейнесі – жалпы өткен буынды меңзеген жинақтық образ. Өлеңнің түпнұсқасында да осы контексте қолданған. Алдыңғы толқынның қателіктеріне әбден тойған, бірақ шарасыз ұрпақтың ызадан күлкіге ұласқан мысқыл сөзі. Жалпы Лермонтов поэзиясындағы аңсары басым, таза, қулық-сұмдықпен еш ымыраға келмейтін жастық рухты Абай аудармаларында қапысыз жеткізеді.
Сондай аудармалардың бірі – «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?». Бұл өлең Лермонтовтың «Исповедь» поэмасының екінші, үшінші бөліктері. Түпнұсқадан ауытқымай, өлімге кесілген жас жігіттің соңғы сөзін ақын барынша тура жеткізген. Пірәдарға жаза алдында арылу сөзін айтып отырған жігіт сөзінде монастырь шалдарына өкпесі жатыр. Жастық пен кәріліктің парқын, әділет пен жаланың ара-жігін жас жігіттің көзімен суреттеп, сопысынған шалдардың да образын береді.
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?Антұрғандық қылығын Алла ісі деп,Нандырар қандай сопы, қандай молда?Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?Менің өмірім оларға қосылар ма?Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,Өз бойына жапсырып тұшынар ма?Сопысынсын, хақ десін, хақты ұмытсын,Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Абайдың Лермонтовтан аударған «Көңілдің күйі тағы да» өлеңіне қатысты дәйекті пікір айтқан, ақын тұлғасының, шығармашылығының білгірі Тұрсынжан Шапай көк қанат пейіш құсының мәніне, поэтикалық бейнесіне тоқталып былай дейді: «Лермонтовтың үміті сөніп, аңсар-құмары таусылғандай күйзелісті күй кешкен әдепкі романтикалық кейіпкерінің өмірсіз жанын әлдеқайдан ұшып келген көк қанат бейіш құсындай шабыт лепесі тірілтіп, тербетіп оятқандай болады. Сенісері, сырласары жоқ жат жерде көк қанаты жалтылдап, қатып-семген қу ағашқа қонақтап, бұрқасын-дауылды, мейірімсіз, суық тағдырына қарысып, ыстығы қыздырған, күні жарқыраған өзге бір аңсарлы қиырдың жырын жырлатқан ақындық шабыт – романтик Лермонтовтың байырқалы тыным мен аласапыран арпалыс арасында шарқ ұрған өз жанының бейнесіндей. Өз әнін өзге өлкенің аңсарымен әдіптеп отырған бейіш құсы – Лермонтов кейіпкерінің өз елінде жат жерде жүргендей жатырқау күйіне, романтикалық қарсылық, жалғыздық сезіміне меңзейтін де бейне».
Осы романтик Лермонтовтың жалғыздық сарынының ыстық лебі «Исповедь» поэмасында бар. Жан баласынан медеу таппаған жастың көңіліндегі «хүкімші шалдар» – қатал, қатты. «Жас уақытта өмір – гүлдің» парқынан алыстап кеткен, бейне еш қателеспеген, жастық кезеңінен өтпеген адамдарша бір өмірдің қиылып бара жатқанына бейжай қараған қалпы, үкімдерін өзгертуге құлықсыз пірәдарлардың болмысы тұр.
Өлеңде қарттардың сөзі жоқ. Гвалдикивирдың мұңын шағатын адам таппай, ең соңында арыздасуға келген қартқа қарата айтқан сөзіне ғана мән беріп, тек жастың өмірді құштар көңіліне қарап қалсақ, шалдардың образы оқырман назарынан сусып шығып кетер еді. Қазақ мәдениетіне жат рәміз кезінде айтылған сөздегі қарт мүлде басқа метамәдениеттің өкілі екенін көресіз. Оның әлеуметтік статусы да басқа. Онда ешқандай қайғыру жоқ. Өзінікі дұрыс сияқты. Қателеспеген сынды.
Туған-туысынан алыс қалған жас енді өзін өлімге қиған хүкімшілерге мұң шағуының өзінде символикалық мән жатқандай көрінеді. Осы аудармадағы жас пен кәріге қарасаңыз, өмірге кім жақынырақ? Екеуі бір-біріне кім? Жанашыр ма? Дос па, қас па?..
Хүкімші шалдар дегеніңіз кім? Онда нақты адресат жоқ. Жалпы сол үкім айтып, жаза кесетін топ. Ал жас – жалғыз. Әлсіз, қорғансыз. Топ қашанда – күшті, айтқанына көндіріп, айдауымен жүргізеді.
Хүкімші шалдар – ескілік. Ал жас – жаңалық. Ескілік ылғи жаңалыққа өш. Жаңалықтың жолы қай кезде де ауыр. Жаңалықтың жақсылығын танып, оны ел қабылдағанша, ескілік күшін көрсетіп, қарсыласып бағады. Шама келсе басып, жаншуды көздейді. Осы уақытқа дейін бізге жеткен жаңалықтар, адам өмірінде ізгілікке айналған сәби хабарлар жеңсе қайратымен, мықтылығымен жеңді. Лермонтов пен Абайдың жасы физикалық деңгейде өлгенімен, оның рухы сөз арқылы бізге жетті. Оның лебі біздің де көңілімізді шарпып, көкірегімізге қонды.
Ақынның және бір аудармасындағы қарт бейнесін айталық. Крыловтан тәржімалаған «Жарлы бай» өлеңінде бір кедей шал байларды сынайды. Ашкөздігін, тойымсыздығын айтып, өзі де бай болсам «былай істер едім» деп отырады. Сол сәтте бір адам дорба әкеп ұстатып: «Қалағаныңша ал» деп, бірақ серті барын да айтады. Байларды сынап отырған кедей шал өзі ашкөздікке батып, дорбаны тастамай ішінен алтын ала беріп, соңында өледі. Сараңдықтың, тойымсыздықтың кейпін киген бұл қартымыз ешқандай да даналықтың үлгісі бола алмай қалды. Ол ескіліктің де белгісі емес. Дорбадан алтынды жеткенінше алып, өзенге тастауы керек еді. Бірақ олай істеуге оның нәпсісі жібермеді.
Егер жоғарыдағы мысалда адам мен адам бір-біріне жау болса, кейде адам өзіне-өзі жау, дұшпан екенін де көрсетіп берді. Бұл адам баласының ішкі жан дүниесін қайшылықты, тойымсыздықты айпарадай ашқан бейне.
Мәдени дәстүрдің тереңінен тартатын осы бір оқиға адам табиғатының тағы бір қырын ашады. Адам баласы туғанда құл боламын деп тумайды. Бірақ орта мен тәрбие оны құлға айналдырады екен. Әркім өз жағдайының, статусының құлы.
Қоғамдық пікірге сай болуды, бастығының көңілінен шығуды, қызметінен айырылмауды ойлайтын пенделер қаласын, қаламасын құлға айналады. Ал ондай құл билік үшін өте ыңғайлы. Бұл қолайлы статус-кво сақталып тұруы үшін билік арнайы жүйе жасайды және оны ешқашан өзгертпейді. Өзгертуге болмайды.
Ашкөз адам – өз құлқынының құлы. Байлар ғана құлқынның құлы болмайтынын мысқылдап жеткізген осы аудармадағы шал – Белинский айтатын «кішкентай адам».
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыс реалистік әдебиетінде «кішкентай адам» ұғымы пайда болған еді. Ең алғаш Грибоедовтың «Ақыл азабы» туралы айтқанда қолданған осы ұғым әдебиеттанудағы бір үлкен терминге айналды. Орыс қоғамындағы әлеуметтік топтардың жігін, ештеңеге талпынбайтын, талантсыз, бастығының құлына айналған, маймөңке адамдардың бейнесін орыс жазушылары бірінен соң бірі жаза бастайды. Пушкиннің өзінің тұйық, тар әлемінде ғана ғұмыр кешкен Самсон Вырины, Гогольдің Петербор сияқты үлкен қаладағы ірі саяси қызметкерлердің арасында әділетке жете алмаған Акакий Акакевичі, Достоевскийдің тұрмыстың құлы боп, өмірден өз орнын таба алмаған Макар Девушкині бар.
Бұл «кішкентай адам» ұғымы әр жазушының шығармасында күрделеніп, жан-жақты ашыла бастайды. Осы жазушылардың әрқайсының кішкентай адамы өзінше бөлек категорияларға айналады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы Чехов бұл ұғымды мүлде тереңдетіп жібереді. «Құндақтағы адам», «Шенеуніктің ажалы», «Желіккен жеңгей» әңгімелері арқылы «кішкентай адамдар» тек қана бір әлеуметтік топқа ғана жатпайтынын, қоғамның әр қатпарында да «кішкентай адам» бар екенін жазды. Осылайша, бұл ұғым психологиялық категорияға айналды.
Крылов пен Абайдың жарлы байын алсаңыз да, ол жай ғана кедей адам емес. Ештеңеге талпынбайтын жан. Ол бар болғаны – өз ой жүйесінің құлы. Өзінен бай адамның дүниесін көре алмағанымен қоймай, өзіне аспаннан түскен байлықты көтере алмай қалды. Кедейдің осал психологиясы мен байлық ұстауға қалыптаспаған мәдениеті әшкере болады.
Оның ойында бай байлығына қалай жетті, мен қалай бай болсам деген сұрақ еш туындамайды. Ол айыптау мен бос армандауды ғана біледі. Әрекет ету, игілікке жету машақаты оның өмірлік мақсатына айналмаған. Байға жалданып ғұмыр кешіп, айтқанын істеп, бірақ барлық тіршілік табиғатынан оқшау шығып, соны сөз қылуды өміріне сіңірген. Өмірде еңбек етіп, дүние тауып, оны жаратып көрмеген жарлының аяқ астынан тап болған байлықты көтере де, ұстай да алмайтыны түсінікті еді. Ал осы ойды айту үшін Лермонтов неге шал образын таңдады?
Себебі ондай арамтамақтық жас адамға жараспас еді. Жастың әрекетсіз болуы адам табиғатына жат. Жаста қажыр, құлшыныс болады. Орыс ертегілер мен әдебиетінде осындай образдарды қарт адамдар арқылы беру дәстүрі де бар. Сондықтан ақынның көңіл ауаны бұл тұрғыдан кәріге ауады.
Абай аудармаларындағы қарт образдарын жағымды бейнеде көре алмаймыз. Бұл образдарда жастың алдыңғы буынға өкпесі, назы бар. Қарт жастықты басынан кешіріп, балғын кезеңнен өткен болса, жас әлі кәрілікті көрген жоқ. Екі буынның көзқарас, дүние таным қайшылығы сезіледі.
Оның үстіне жас – үміт. Оның бойынан жамандық көрсең, ертеңнен қалай жақсылық күтесің.
***
Абай алғаш баспа бетін көре бастаған өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялағанын білесіздер. «...Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: «Асса, басында мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз», – деп қалжыңдадым.
Сөйтсем сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен, оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын», – деді. «Жаз» өлеңіндегі Абайдың ауылы өз ауылы. Абайдың астындағы аяңшылы – Абайдың Әбдірахметінен алған аяңшыл күрең, төбел аты. Айқайшы шалы – сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары: Ақылбай, Әбдірахман болатын», – деп жазады Көкбай шәкірті.
Осы өлеңдегі қарттың қазақы бейнесі, дүниенің барақатты шағынан ләззат алып, қыз-қыз қайнаған тіршілік ағысы мен берекелі көрінісін тамашалап тұруының өзі тек үлкендерде ғана кездесетін жақсы бір қасиет болса керек.
Күллі ғұмырды бастан кешірген кезде ғана өзің өтіп кеткен жолдағы кішкентай қиындықтарды ауырсынып жүрген кейінгілердің әрекеті расымен күлкілі көрінетін шығар. Өмірде одан да маңызды нәрсе барын ұмытып, одан да асқан қиындықтар күтіп тұрғанын ескермейтін жастың балаңдығы мен тазалығына қарт қашанда сабырмен қарайды.
Ал Абай ше? Ол осы бір көріністі тұтас қамтып, суреткерлік түйсігімен аңдап, әдемі картина ретінде көз алдыңызға елестетеді. Бояу мен дыбысты егіз деп түсінетін ақындық екенін ескерер болсақ, тура осы өлең суретшінің қылқаламы арқылы полотноға түссе, сөзсіз жанды тіршіліктің жайлы, жайбарақат көрінісін, адам өмірінің ең бір қуанышты кезіндегі сан мың сезім арпалысқан шуақты сәтін бейнелеген ғажайып туындыға айналар еді. Және сол суреттің орталық тұлғасы, бар мән-мағынасын, көркін ашатын кейіпкер «байғұс шал» болатынына еш күмән болмаса керек. Өмірдің соншалықты аяулы екенін, ең бір қызық, ең бір сәулелі сәттердің соншалықты қадірлі екенін һәм соншалықты өтпелі екенін ұғындырар сурет бар бұнда. Негізгі акцент құс алып, ойнақтаған жастарға түсіп, қартаң кісі елеусіз ғана бақылаушы болғанымен өмірдің осынау көріністері ұзағынан, молынан болса деген тілеулес көңілі мен өзінің шарасыз кейпін мойындаған ұстамды қалпымен де тірлік, тіршілік философиясын сол шалыңыз сияқты ешкім түсінбес еді. Абайдың ақындық қуатымен танып, сезген көркемдік сыры және бұдан кейінгі жазар өлеңдерін өз еншісіне қайтарған шешімі осы өлеңінде.
«Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап».
***
Абай өлеңдеріндегі қарт бейнесі туралы жазбақ ойымыз пайда болғанда, ең бірінші оның образдан гөрі әдеби тәсілге айналғанын айтқымыз келген. Абай үшін қарттық, кәрілік, я шалдық жай ғана бейнелі сөз, көркем образ емес. Әдеби тәсіл. Кәдімгі қалыптасқан теориялық қағидаларыңызға салсаңыз да, теңеу мен кейіптеу, метонимия, символдық рең – қарт бейнесіне сүйенген.
Ең бірінші Абай шығармашылығымен танысқан кезімізде бәріміздің тұңғыш білген қартымыз – «ақ киімді, денелі, ақ сақалды». Осы хрестоматиялық өлеңнің өзінде қарт-қыс бейнесі біздің көз алдымызға ашулы, долы, зор, күшті ақсақал болып елестеген. Бейне арқылы оқырманға әсер етіп, жүрегін шымырлататын осы шығарманың тым жаттанды болып кеткен себебі ондағы образдың (кейіптеудің) мінсіз жасалғанына соншалықты назар аудара бермейміз. Қыстың бір боранды, аязды күнгі бейнесін ауыл көрінісі мен малшы арқылы (шидем мен тон қабаттап кисе де, бет қарауға шыдатпаған бораны бар), қар беті қатса да қажымайтын жылқының өзі теріс айналған үскірік кезін бір ғана қарттың мінез-құлқына сыйдырып жазған өлеңіндегі бейне Пушкиннің «Буря мглою небо кроет, вихри снежные крутя; то, как зверь она завоет, то заплачет, как дитя...» образынан да күшті, қаһарлы, әсерлі, тіпті – қорқынышты.
Кәрі құданың бейнесі арқылы табиғат мезгілін суреттеп тұрғанын тақырыбы арқылы санамызға сіңдіріп, ондағы образ байлығын, дәлдігін көп ойлануға мұрша бермейтіні сияқты кейде табиғат адам арқылы, адамды табиғат арқылы өзге тональді деңгейде суреттеп тұрғанын аңдамай қала береміз. Оған біздің санамыздағы Абайдың қалыптасып қалған тұлғасы кедергі келтіретіндей көрінеді.
Біз көбіне Абайды біздің ұлтымыздың ғаламат ойшылы деген бағаға жақын қабылдаймыз. Оның қара сөздеріндегі дидактикасына, моральдық принциптері мен ар-ұждан қағидаларына сүйенеміз. Абайды насихаттасақ та, ойшыл ақынды айта береміз. Бірақ Абайдың образ жасаудағы шеберлігін, ақындық қуатын, форма мен мағынаға қатар бойлағанын көп ескере бермейміз. Абай дегенде біздің ойымызға ең алдымен оның ғаламат ақындығы түсуі тиіс еді. Бірақ алдымызда ылғи әулие тұрады.
«Ақ киімді, денелі, ақсақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды».
«Сөз айттым, Әзірет Әлі, айдаһарсыз...» деген ақын сөзінде ең алдымен өзінің жыр жазғандағы сезінісі, талғамы жатқанын ескермейміз. Абай саналы түрде образ іздемейді. Ақынның міндеті де жаңа образ іздеп шалдығу емес. Бірақ Абай айтқан бейнелерді оған дейін қай қазақ ақыны айтыпты деп ойлануға тура келеді. Бүгінгі күннің өлшемімен қарасаңыз, қарапайым, түсінікті, солай айтуы да заңды болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес.
Ақындардың ой мен суретке құмарлығы ылғи бірге жүрмейді. Минимумдар мен максимумдардың арасындағы таңдауды ақындар бейсаналы түрде жасайды. Мысалы, бір кезде ағылшын ақындары минимум ой айтып, максимум әуезге мән берді. Техникаға, әдемілігіне, формасына барынша назар салды. Бұл үрдіс қазақ поэзиясында Абайдан кейін пайда болыпты.
Орыс поэзиясымен, сол арқылы Еуропа ақындарының да шығармашылығымен танысқан Абайға сөз сиқыры мүлде басқаша көрінді. Формалық, мазмұндық, стильдік жағынан да ақын мүлде басқа өріске шықты. Адам бойындағы терең психологиялық күйде өлең арқылы дәл беру, көркем суреттеу, нәзік жеткізу дәл қазіргі кезде де, дәл Абай айтқан деңгейге жете алды деп айта алмаймыз.
Табиғат лирикасы деп атайтын өлеңдердегі суреттеуді оқып отырып, мезгіл ықпалына ұшыраған дүние көрінісін адам өмірімен байланыстыра қожанжарластырып суреттегенде, біз айтып отырған қарт бейнесі көз алдымызға қатар елестейтіні де ақын қаламының шеберлігі, түйсігінің сезгірлігі болса керек-ті.
Жалпы табиғатты, ағаш, жапырақ, тау, орманды кейіптеп, оларды адам әрекеті сияқты суреттеу Абай қаламына тән. Айқын Нұрқатовтың: «...Дерексіз ұғымдарға тіл бітіру, жан беру, абстракциядан образға ауысу Абайдың стихиясы. Оның қаламынан шыққан сөздер сурет боп көрініп, үн боп естіліп жүре береді», – дейтіні осындайдан еді.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш, қурай.
***
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
***
Абайдың шал-кемпір бейнесін табиғатпен, оның құбылысымен параллель жасап, суреттеуінен біз оқырман ретінде салыстыруға мүмкіндік аламыз. Біздің көз алдымызға шал мен кемпір де, ағаш, қурай да елестейді. Екі салыстыру да бірін-бірі байытып, бірін-бірі айқындап, анықтап тұр. Оны Абай дәл біліп, осылай жыр жазайын-ақ демеген шығар. Бірақ бейсаналы түйсік тереңдігі, қуаты, суреткерлік дәлдігі ақынға осындай мүмкіндік берді.
Ал екінші шумақтағы синтаксистік параллелизмдегі өмір ағыны, болашақ пен өтер шақтың арасындағы контраст ақ пен қара сияқты ап-айқын көрінбей ме? Күн жылығанда суық жақтан алып-ұшып келе жатқан құстың қаба-қат қуанышы мен жаратылысы мезгіл көркі болса, өмір көркі – жастар. Осы екеуі де Абай қашанда ықыласпен қызықтап, ынтамен суреттеген объектілер. Ал өз тұрғыласымен көңіл сырын ашатын қарттардың көрден жаңа тұрғандай кейіпте суреттеуі тағы сол ақын қиялының күштілігі. Жастар – жайраңдасса, қарттар – жалбаңдасады. Осы екі етістіктің өзі тұтас екі буынның парқын айырып, суреттеп те тұр ғой. Сөзді дәл, өз орнында қолдануға келгенде Абайға пар келетін ешкім жоқ-ау...
***
Әрине, Абайдың сырлы қаламына телміріп, оның көркемдік құпиясына, терең шешімі мен пайымына, ойдан тапқан өзіндік олжасына тамсанып, одан арғыға бойлауға көбіне дәрменіміз жетпей жатады. Көңіл аңдағанды, жүрек сезгенді сөзбен жеткізудің де машақаты бір басымызда жетіп артылмай ма?! Талғам деген кірпияз өлшемнің таразысы ауырлаған сайын, біздің де осалдығымыз меңдеп, баяғы тіл қысқалық, талант кемдікке кеп тіреле береміз. Біз Абайды сүйгенде оның тұтас болмысын сүйеміз. Абайдың ақындығын барлық кемшін тұсымен (буын, ырғақ, бунақтар сандарының асып-кеміп қалатын тұстары) қабылдаймыз. Профессор Ы.Дүйсенбаев құрастырған Әуезовтің «Абай Құнанбаев» кітабындағы Мұхтар Омарханұлының ақынға қойған талап, берген баға, айтқан сөздерінің бәрі әділетті деп қабылдау қиын. Кеңестік жүйенің қатаң идеологиясының шеңберінде Абайға кінә тақпайтын тұста кінәлап, оның табиғат жаратылысын Жаратушының шеберлігіне телитін жолдарын тым қарабайырландырып сынайды. Діни контексте айтқан сөздерінің көпшілігін ескі сарын, миф деп айыптай айтқан сөздерін замана диірменінің күштілігінен ғана болған шешімдер деп ұқтық. Оны да Әуезов өзі сеніп, иланып айтып отыр дегенге – әддің жетпейді.
Сол еңбегінде Әуезов Абайдың өмір түйткілдерін, ғұмыр сәттерін, тіршіліктің кейбір кездерін айтып, арасында өзін де қоса кететін жерлерін дұрыс пайымдайды. Онда Мұхаң: «...Белинский: «Ұлы таланттың ішінде ішкі сыр, субъективті элементтің болуы – гуманизмнің белгісі. Бұл бағыттан қорықпаңыздар. Ол сізді алдамайды. Жалғанға әкетпейді. Ұлы ақын өзі туралы сөйлей отырып, өзінің «менін» айта отырып, адам баласы туралы айтады. Өйткені оның жаратылысында бар адам баласы тірлік еткен жәйдің бәрі бар. Сол себепті, оның қайғы-шерінен әркім өз қайғы-шерін ұғынады. Оның жанынан өз жанын таниды. Сөйтіп одан ақынды ғана көрмейді, адамды да көреді...» – деген. Дәл Абай басына, оның «мен» деп айтатын қайғы-шерлі зарына, мұңды жүзіне қарағанда, біз де осы ойларды арқау етеміз. Сөйтіп, Абайдың бас-қайғысын айтқан шығармаларында халық қайғысы жатқаны, жаңағыдай зарлы, мұңлы жеке жүрек шерінің өзінде де Абайдың позитивтік программасы жатқанын айрықша ескертіп өтеміз», – депті.
Абай шығармашылығында қарт образының динамикасы осы сәтте өзгеріс табады. Аудармадағы қарт бейнесі, өзі көрген, таныған қарт образы ақынның жасы ұлғайған сайын өзінің ішіне түседі. Ендігі қарт өзге емес – Абайдың өзі.
Ақынның өзі қартқа айналғанда оның сөзі суреттеуден гөрі сипаттауға, ішкі шер мен мұңды, көрген-баққанды, өмір сүре келіп тоқтаған байлам мен тапқан шешімді, жасаған қорытындыны жеткізуге арналады екен.
***
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды.
Жер қорығыш желгек шал
Желіп жүріп боздайды.
***
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?.
***
Абаймен замандас болудың қадірін замандастары білген жоқ. Брюсовтің ойымен айтсақ, Абай туралы көп нәрсені замандастарына қарағанда кейінгілер біледі. Өйткені ақынды кейінгілер көбірек зерттеді. Абайды өзінше таныған, білген адамдардың (о заманда бір-бірін көрмеген) бір кітапқа жинақталған естелігін кейінгілер оқыды. Оның өлеңдері мен қара сөздерін де өз замандастары түгел жаттап, оқыған жоқ. Ендеше, қарт Абайдың да образы, ішкі сыры, қайғы-мұңы, аңсар-арманы бізге мәлім екен.
Қартайған Абайдың өкініші – қалың. Сандалмамен күн кешіп, өтіп кеткен ғұмырына уақыт өтінде тұрып арзу айтқан ақынның даусы заманаларды көктей өтіп, бізге жетіпті. «Ақынның ұлылығы – халқына жігер, шабыт, өмірге құштарлық бергенінде» деген сөзді Константин Федин айтыпты. Абайдың өкініші өзінің нәзік жүрегін сыздатып, қайғыға салғанымен оқырманына жігер де, шабыт та береді. Абайдың алдына қойған мақсаты жеке басының мұраты емес еді. Абай мұраты халық мұраты, ел игілігі болатын. Ақын өкінсе, соған жете алмадым деп емес, жете алмадық деп өкінеді.
Абайдың «Қуанбаңдар жастыққа», «Жастықтың оты, қайдасың?», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңдеріндегі ақын даусына құлақ тоссаңыз, ғұмыр-дариясын молынан кешкен, сол кезеңде тапқаны да, жоғалтқаны да аз емес қарттың қарлығыңқы үні жетеді. Жүрегін бір ысытып, бір суытқан естеліктерін ой елегінен өткізіп отырған, сонау жылдар қойнауында қалып кеткен махаббаты мен ғадауаты да сағынышқа айналған, еркі өзіне тимеген кезеңі өкініш боп жабысқан, сеніскен-сенген достары алыстап, қызыққа толы күндері мен жылдары жылыстап кеткен кәріні көреміз.
Енді өмірінде қанша талпынса да бұрынғыдай болмайтынын сай-сүйегімен сезінген қартты көз алдында құлдилап бара жатқан тіршілігі ойландырады. Өмірге келген екенбіз, ешқандай жоспарсыз, оңды-солды күш-қуатты сарп етіп, әр неге аяулы күндерді өткізіппіз. Не үшін? Кім үшін жұлыстық? Неге бола араздастық? Дүниеде қадіріне жете алмаған күндердің, сәттердің сұраушысы болса, оған не деп жауап береміз?
Енді тым кеш. Мезгілі өткен шақтар бейне болмағандай. Алыста. Еміс-еміс есте қалған. Бұлдыр елес қана. Тек мәңгі ұмытылмастай жадыда таңбаланып қалған сөздер, сәттер бар. Және тұтас өтіп кеткен ғұмырың. Сонымен бетпе-бет қалған сен барсың. Жан азабыңды сезіп, сырыңды тыңдайтын, қайғыңа ортақтасатын пенде қалмаған. Ақын көңілің алабұртып, кеудеңдегі жүрегің толқып, тебіреніп қана мазаңды алады. «Жалғыз-ақ сырыңды айтар қаламыңа жабысып», тағы да өз жаныңмен табысасың.
«...Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Қасиет кетті, дос кетті –
Жете алмайсың, тоқтайсың...».
«Өлеңдегі сыры – Абайдың жүрек қанының ыстығы, жан даусының жаңғырығы. Даусыз. Бірақ өлеңнің аты – өлең. Сөз патшасы, сөз сарасы. Өнер. Өнер шартына жүгінсек, өлеңдегі Абай да – өнер туындысы, көркем бейне. Терминге жықсақ – лирикалық тұлға. Абайдың өзін-өзі шын өмірдегі сезінуінен бөлек бір сыр осында жатса керек. Ақындық құдірет иесі, яғни халқының бірден-бір тәлімгері ретінде Абай өлеңдегі өзін, саналы түрде, көпті көрген, көпті білген қарттың бейнесінде көруі әбден заңды...», – дейді Тұрсынжан Шапай.
Дүние ғажаптары мен өмір сырларын жете ұғып, адам жаратылысының, өмір сүру салтының жұмбақтарына мейлінше жауап тапқан ақын ішкі әлемін тұтас поэтикасына сыйдырды. Өзінің әлеуметтік статусын, физикалық күйін, рухани хәлін тәсіл ретінде пайдалана отырып, көркем образ жасады.
Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.
***
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?.
***
Қарттық деген ауылға Құдай ғұмыр берсе жетесің. Жас күніңде көріп, естіп жүргеніңмен, өзің жетпеген кез болғандықтан, терең де сезіне алмайсың. Қарапайым адамдардың өзі жас келген сайын, «осы екен ғой» деп бұрын естігендеріне таңғалып жатқанда, Абайдың санасында қандай төңкеріс болды десеңізші. «Қартайған, қайғы ойлаған» кезінде қырыққа енді ілінген Абайдың көңіліндегі таңданыс, қажу, ренжу, өкіну – бәрі көркем-эстетикалық ойына шарпысып, философиялық тұжырымдарға ұласты. Абай қарттыққа ілініп еді бұрын-соңды кешпеген сезімдерге тап болды, осы уақытқа дейін мазаламаған ойлармен кездесті.
Бұрын оқыған, аударған, жазған қарттары – Абайдың лирикалық кейіпкеріне мүлде ұқсаған жоқ.
Бұрын олар бір жақ, Абай бір жақ болса, енді – бәрі қосылып бір жағалауға шықты.
Өмірдің айтсаң жеткізе алмайтын, тек сүру арқылы ғана байқалатын дәурен қызықтары мен қайғысы, беймаза шақтары ақынның өз басына келгенде қарттыққа мүлде басқаша қарады. Оның рухани әлеміндегі өзгерістер суреткерлігіне әсер етті. Абай қарттықтан қорыққан жоқ. Оған өзгелер қалай жетеді – содан қорықты.
Бағашар Тұрсынбайұлы