«Аю отыр партада...» немесе бала танымы мен тақпақ
Неге екенін қайдам, тақпақ дегенде, ұйқас қуып жазыла салған жеңіл өлең еске түседі. Оның үстіне қазір қай мерекеміздің де тақпақсыз өтпейтіні тағы бар.
Балабақшадағы тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдері сөйлеуді енді үйренген балаға мерекеге арналған тақпақтар беріп, онысын қайта жатқа сұрап жатады. Әйтеуір баланың қалыптасу жолында тақпақтың маңызы зор, орны бөлек.
Дегенмен сол жаттаған тақпағымыздың қазір бірі де есте қалмағанын ойласаң, көкейіңде түсініксіз бір сауал туады. Бала танымын қалыптастырып, көкжиегін кеңейтуде тақпақ жаттаудың шынымен пайдасы бар ма еді деп ойлайсың. Әлде бұл кеңестік дәуірден қалған формалдық үрдістердің бірі ғана ма екен? Ол кезде мерекелерде идеологиялық мазмұндағы тақпақтарды айту арқылы баланың бойына «тәртіп», «жүйеге бағыну», «ортақ ойды қолдау» сияқты құндылықтар сіңірілген дейді мамандар. Байқасақ, сол үрдіс бүгінге дейін мызғымай, тақпақ жаттату дәстүрі баланың еркін ойлау қабілетін емес, дайын мәтінді қайталау машығын қалыптастырып жатқан сияқты. Жасыратын несі бар, қазіргі балалардың қызығушылығы мүлде басқа арнаға ауысқан. Бүгінгінің баласын бұрынғыдай бір ғана жаттанды мәтін қызықтырмасы анық. Ақпараттық дәуірде өскен бүгінгі ұрпақтың назары бейне, қимыл, әрекет, музыка, ойын сынды динамикалық мазмұнға бағытталған. Әйтеуір жаттатса да, не айтып жатқанын өзі де онша түсінбей тұрған балалар мерекелік сахналарда сан түрлі тақпақтарды жатқа соғып тұрады. Кей тақпақтардың құрылымы, формасы мен мазмұны тіпті бөлек әңгіме. Мектеп оқулықтарындағы тақпақтарды оқи қалсаң, бірі ұйқастан жұрдай, ал енді бірінің идеологиясы бала санасына тіпті жат, мәні бұлыңғыр. Дәуірлер өтіп, замандар алмасқанымен, адам ғұмырының айнымайтын заңдылықтары бар. Мысалы, бала қай заманда да, қай елде де бала боп қала бермек. Тек әр дәуірдің өзіне сай баласы, баланың сол заманға сай арманы мен талғамы болады. Бүгінгінің баласы – ақпараттың толқынының астында, технологияның құрсауында өсіп келе жатқан алғашқы ұрпақ. Мойындайық, қазіргі бала бұрынғыдай асық ойнап, «Айгөлек» айтып, алтыбақан теппейді, тақпақты да тез жаттай қоймайды. Осы тақпақ жаттату баланың қабілетін арттырып, дүниетанымын кеңейтуге, интеллектуалды ойлау жүйесіне септігін тигізе ме? Әлде бұл бір айналып соққанда қайтадан жаттандылыққа әкеп соға ма? Осы тақырып турасында «Жас Алаш» сауалына балалар психологі Ақгүл Құсайын, логопед маман Бейбіт Асанова және ақын Бекзат Құлшар жауап берді.
Ақгүл Құсайын, балалар психологі: Баланың IQ-ін тақпақ жаттау қабілетімен өлшей алмаймыз
Еліміздегі білім беру жүйесіне жиі айтылатын сынның бірі – балаға есепсіз мәтінді, тақпақты жаттату. Осы тақырып аясында үнемі дау туып, әйтеуір сын айтылып жатады. Яғни, балаға берілген білімнің түсінуден гөрі, жаттауға негізделгені жиі талқыланады. Менің ойымша, кез келген білімнің мақсаты баланың болмысын ашуға бағытталады. Солай болуы да керек. Әрине, дәл осындай принципке сүйенсек, балаға тақпақ не басқа болсын, жаттатудың пайдасынан гөрі кесірі басым дер едім. Себебі жаттау баланың білімді түсінуі, өзінше талдауы, үйренген ақпаратты өңдеуі, «өзімдікі» деп жаңа дүние тудыру сияқты жоғары деңгейлі қабілеттерін жеткілікті қолданбай қалуына кесірін тигізеді. Қазір мектепке дейінгі, тіпті жоғары оқу орындарында да көптеген пәндерде бұл әдіс тікелей оқыту құралы ретінде пайдаланылады. Әсіресе балабақша жасындағы және бастауыш сыныптардағы балаларға мереке сайын тақпақ жаттатып, өлең оқытатын үрдіс әлі жалғасып келе жатыр. Дегенмен мұны өз басым тиімді тәсіл дей алмас едім.
Иә, бір жағынан қарағанда, тақпақ, өлең жаттату есте сақтауға көмектесетін тәсіл. Дегенмен мұндай тәсіл ұзақ мерзімді тұрғыда тиімсіз. Себебі адам тек ақпаратты жаттағанда, оны өткенмен байланыстырып, өз санасында анализ жасап, сыни көзқарас қалыптастырып не ақпаратты өңдей алмайды. Негізі тақпақтар, жаттау баланың ақпаратты қысқа уақытқа сақтайтын жадында сақталып қалады. Сондықтан, мысалы, тақпақты жаттау кезінде, сол процесс барысында бала тақпақты қайта-қайта қайталап, еске түсіреді. Солай жаттайды. Мынандай мысал еске түсіп тұр. Әдетте бала ақпаратты емтихан алдында, қысқа уақыт ішінде жаттап алса, сол күнге дейін, емтиханға дейін есінде сақталып тұрады да, кейін ұмытылып қалатыны бар. Әдетте жаттау да тек «балл үшін» не «баға үшін», әйтеуір жаттау керек болғасын орындалатын тапсырмалардың бірі. Ал ақпаратты ұзақ мерзімді жадта сақтау үшін оны үнемі қолданып отыру керек болады. Тақпақты не басқа да ақпаратты жаттаудан гөрі оны түсінуге, талдауға, өз пікірін айтып, көзқарасын қалыптастыруға көбірек басымдық берген абзал. Егер тақпақта өмірмен байланыс жоқ болса, баланың қабылдауы қиынға соғады. Мысалы, кейбір өлеңдерде жасанды пафос, артық ұраншылдық немесе балаға түсініксіз ұғымдар кездеседі. Мұндай мәтіндерді жаттаған бала сөздердің дыбыстық жағын ғана меңгереді, ал олардың астарындағы ойды түсінбейді. Түсінбей жаттау – есте сақтаудың механикалық түрі, қысқа мерзімді жадта сақталып тұрады. Мұндай жаттау баланың дамуына пайда әкелмейді, керісінше, қызығушылықты төмендетеді. Мәселе тек ұйқас пен ырғақта емес. Баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін, ауыр ұғымдарға толы тақпақтар да көп. Мысалы, мектепке дейінгі балаға ел басқару, еңбек ардагері, өндіріс сияқты ұғымдар туралы өлең жаттату оның таным деңгейіне сәйкес келмейді. Ол ондай ұғымдарды өмірде көрмеген, сезінбеген бала оны қалай жаттайды? Қанша жеңіл болса да, бәрібір жаттау ауыр, қиын болады.
Осы орайда тақпақтың, балаларға арналған әрқилы жаттаулардың пайдасы жоқ деп сыңаржақ пікір білдіруге де болмайды. Әдетте тақпақтарды бала қайталай бергенде ми автоматты түрде есінде қалғанын еске түсіріп тұрады. Әсіресе, миы, ойлау жүйесі мен санасы жаңадан қалыптасып келе жатқан балалар үшін оң үлесі бар. Яғни, мидың белсенділігін күшейтеді, дүниетанымын кеңейтеді. Мысалы, мида тақпақ арқылы жатталған сөздердің жылдам оқуға келгенде үлесі зор. Бұл дегеніміз – көп тақпақ жаттаған бала тез оқып кетуге мүмкіндігі бар деген сөз. Дегенмен мұндай тақпақтар жаттандылыққа әкеп соғады. Ең үлкен кемшілігі де осы. Баланың ақпаратты терең түсінуіне, ой қорытуына үнемі тақпақ жаттату мүмкіндік бермейді. Мәселен, адам тек көбейту кестесін немесе сөз қорын жаттап алып қана өмір сүре алмайды ғой. Ештеңенің мәнін түсінбесе қалай өмір сүрмек. Анализ, түсіну, қорыту процестері жүру керек. Сәйкесінше, сол үшін тек тақпақ не жаттаулар баланың ақылды не ақылсыз екенін білдірмейді. Баланың IQ-ін тақпақ жаттау қабілетімен өлшемей алмаймыз. Тақпақ жаттай алмағанына қарап баланың қабілеті мен дарынын бағалай алмаймыз. Осы орайда, жоғарыда атап өткенімдей, тақпақ, түрлі жаттау тапсырмалары баланың санасында жаңа өнім тудыра алмайды, себебі бала мұндай тапсырмаларда пассивті рөл атқарады. Иә, бәлкім, жаттау мектепке даярлық, бастауыш кездерінде қолдануға болатын шығар, бірақ білім беру тәсілі ретінде талқылау, топтық жұмыс және пікір алмасу – осылар ғана баланың болмысын жақсырақ ашады.
Шетелде бастауыш сынып оқушыларына арнап тақпақтар мен өлеңдерді есте сақтаудың, жаттаудың тың тәсілдері бар. Яғни, оларда құр жаттай беру деген дүние жоқ. Тақпақтарды жаттауда түрлі сезім мүшелері мен ой-қиялды қосады. Балалар метафоралар мен символдарды қоса жаттайды. Осы тұрғыдан қарасақ, тақпақты тек қайталай беріп, судыратып жаттап алу онша нәтиже бермейді, визуализация және сезім арқылы да күшейтілуі керек.
Бейбіт Асанова, логопед маманы: Тақпақ жаттау мерекелік «міндетті орындауға» көбірек ұқсайды
Біздегі тақпақ жаттату үрдісі кейде Кеңес дәуірінен қалған формалдық сипаттағы дәстүр секілді көрінуі мүмкін. Ол кезде баланың шығармашылық ойлауынан гөрі тәртіп пен жаттау машығына көбірек мән берілді. Сол себепті қазіргі балабақша мен мектептерде де бұл дәстүр кейде автоматты түрде жалғасып келе жатыр. Мысалы, мереке сайын барлық балаға белгілі бір тақпақ жаттатып, сахнаға шығару әдетке айналып кетті. Ол бала қаласын, қаламасын, кейде ұрсып, кейде мақтап, кейде ауыр агрессиямен тақпақ жаттатып жатамыз. Шыны керек, көп отбасыда тақпақ жаттату процесі ата-анаға да, балаға да стресс. Осы процеске ата-аналар да, балалар да үнемі бір дайындықпен келеді. Ал сондағы негізгі мақсат көбіне-көп баланың қандай да бір ішкі қызығушылығын дамытудан гөрі тек мерекелік «міндетті орындауға» көбірек ұқсап кететіні рас. Оның үстіне қазір көптеген балабақша мен бастауыш сынып оқулықтарындағы тақпақтар бала дамуына қызмет етудің орнына, формалдық міндет атқарып отыр. Тілдің табиғи әуезділігі мен көркемдік қуаты сақталмаған, ұйқасы мен ырғағы нашар, кейде мағынасы түсініксіз немесе заманауи бала санасына жат идеологиялық сарындағы өлеңдер жиі кездеседі. Мұндай өлеңдер баланы тілге, поэзияға, ойға баулудың орнына, керісінше, поэзиядан алшақтатып жіберетін сияқты. Негізі бұл тақырыпта ақындар мен оқулықты жазатын мамандар жауап берген дұрыс шығар.
Дегенмен ғылыми тұрғыдан қарасақ, тақпақ жаттау жалпы балаға да, ересекке де өте пайдалы іс-әрекет екенін мойындаған жөн. Бұл мәселедегі негізгі түйткіл – оның формасында ғана. Егер тақпақ «жоспарды орындау үшін» ғана жаттаса, ол расымен жаттандылыққа айналып кететіні анық, бала шаршайды, мотивациясы төмендейді, тақпақтың да тілдік, танымдық пайдасы азаяды. Керісінше, егер өлең мен тақпақ жаттау баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына, эмоциялық қабылдауына сай ұйымдастырылса, оны дамытушы жаттығуға, ойынға айналдырып жіберуге болады. Мысалы, бала өзі ұнатқан тақырыптағы (жануарлар, табиғат, отбасы) өлеңді таңдап жаттаса, оны әрекетпен (қимыл, сурет, рөлдік ойын) байланыстырса, ми белсенділігі күшейіп, ақпарат эмоционалды жолмен есте қалады. Әдетте өлең мен ырғақты сөйлеуді біз мидың бірнеше аймағын бір мезетте жұмыс істеуіне ықпал ететін, белсенділігін арттыратын күрделі танымдық процесс деп қарастырамыз. Ең алдымен, бала түгіл, ересек адам тақпақ жаттағанда сол жақ ми жартышарындағы Брока және Вернике аймақтары белсенді жұмыс істейді. Бұл бөліктер сөйлеуді жоспарлауға, дыбыстарды дұрыс құрауға және сөздердің мағынасын түсінуге жауап береді. Яғни, кішкентай бала тақпақты қайталап айтып тұрған кезде сөйлеуді басқаратын нейрондар жұмыс істеп, тіл мен ми арасында байланыс пайда болады, мұндайда балада ақпаратты өңдеу процесі жүзеге асады. Ғалымдар тақпақ пен өлеңдерді жаттау баланың тілін, есте сақтау қабілетін, ойлау жүйесін және зейінін дамытатынын дәлелдеген. Себебі тақпақтарда ырғақ, ұйқас, қайталанатын дыбыстар көп болады. Бұл баланың сөйлеу тілі мен есту қабілетін жаттықтырады. Мысалы, бала тақпақты жаттағанда әр дыбысты анық айтуға, сөздердің дұрыс ретін сақтауға тырысады. Мұның бәрі сөйлеу мүшелерін жаттықтырып, артикуляциялық қабілетті жақсартады.
Кеңес заманында баланың тұлғалық ерекшелігі мен қызығушылығы ескерілмей, барлығы бір үлгіде тәрбиеленді. Ал қазір педагогика мен логопедия ғылымы жеке даму траекториясын мойындайды. Яғни, әр бала ақпаратты әртүрлі қабылдайды, біріне ырғақ, біріне бейне, біріне қимыл арқылы есте сақтау жеңіл. Демек, тақпақ жаттау үрдісінің өзін сақтау керек те, бірақ оның мазмұны мен әдісін жаңарту қажет. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ мектептерінде өлең жаттату міндет емес, керісінше, poetry reading немесе poetry appreciation атты арнайы сабақтар өтеді деп естігем. Бұл сабақтарда бала өлеңді жаттап қана қоймай, автордың ойын түсінуге, өз сезімін жеткізуге, интонация мен ырғақ арқылы мәнерлеп оқуға үйренеді. АҚШ-та да қазір poetry slams немесе spoken word сияқты бағыттар кең тараған. Мұнда балалар мен жасөспірімдер өлеңді сахнада еркін, өз мәнерімен оқиды. Бұл сөйлеу сенімін, сахналық дағдыны, коммуникативтік қабілетті дамытады. Ешкімге «дәл осылай айту керек» деген талап қойылмайды. Керісінше, әр баланың дауыс ырғағы мен түсінігіне құрметпен қарайды. Финляндияда тұратын әріптесім балабақшада балаларға табиғат, достық, отбасы, мейірім сияқты күнделікті өмірге жақын тақырыптағы қысқа өлеңдер беретінін айтқан. Бірақ оларды да міндеттеп жаттатпайды екен. Қайта тәрбиеші өлеңдерді әнмен, қимылмен, суретпен, ойынмен біріктіріп оқытады. Бала сол процесте сөздің мағынасын, әуенін, ритмін сезеді. Немесе бала өлеңді тыңдаған соң, өз әсерін айтып, сурет салады немесе сол тақырыпта шағын әңгіме құрайды. Бұл тәсіл мидың екі жартышарын қатар дамытады. Сол жақ бөлік тілдік жағына жауап берсе, оң жақ бөлік эмоция мен бейнені қабылдайды.
Бекзат Құлшар, ақын: Тақпақты чат джипитиден емес, балалар басылымынан іздесе...
Таным тақпақтан басталады. Ғылым дәлелдеген, зерттеулер көрсеткен артықшылықтарын түгендеуге кіріссек, есебіне жетіп болмаймыз. Әйтеуір, көп. Ең көрнеу дегендері – баланың есте сақтау қабілетін арттырады, ойлау жүйесін дамытады, тіл байлығын молайтады. Бастысы, тақпақ арқылы балада бейнелі ойлау қалыптасып, дүниетанымы кеңейе түседі. Бірақ бүгінгі балабақшада айтылатын өлең шумақтарын естігенде «мынауың тақпақ па әлде шатпақ па?» деп аңтарылып қалатынымыз жасырын емес. Балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері тақпақты чат джипитиден немесе интернеттен емес, балалар басылымынан іздесе дейміз...
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам болса, зүбәржат тасы – бала. Оның көңіл күмбезіне баса-көктеп кірмей, таным табалдырығын әдеппен аттау керек. Осы тұрғыда ересектер мен балалар арасындағы түсіністік маңызды орын алады. Орайлы тұста мына бір оқиғаның ойымызға оралып отырғаны.
– Балақай, өскенде кім болғың келеді? – дейді ойын білгісі келген бір ересек.
– Бақытты болғым келеді.
– Сен сұрағымды түсінбей қалдың-ау...
– Кешіріңіз, сіз жауапты түсінбей қалдыңыз-ау, – дейді әлгі бала.
Мысқыл сұраққа берілген мықты жауап кез келген ақыл иесін ойландырып тастайды. Расында, балаға бақыттан артық ештеңе керек емес. Оны түсіне білу керек. Тақпақ жаттамады деп баланы айыптаудың қажеті жоқ. Жаттата алмаған, қызықтыра алмаған үлкендердің өзі кінәлі...
Керемет жетістік ретінде жарнамаланып жатқанымен ютубтағы мультфильмдер де, бейне ойындар да ақыл қоспайды, қиялды байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды. Бұрын да, қазір де баланың интеллектуалдық өресін көтеретін жыр-тақпақ, жаңылтпаш, ертегілер. Әрине, олардың мазмұны заманына қарай өзгеруі керек. Балалар өздері естіп-көріп жүрген дүниелерді жеңіл қабылдайды, тез жаттайды. Ерен ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің айтқаны бар. «Менің ертегілерім балаларға емес, негізінен ересектерге арналған. Сондықтан ертегіні ересектер де оқыса ғой» дейді. Ендеше, балаларға арналған бір тақпақ оқып берейін сіздерге.
Супер жігіт
Қонақ келсе аңсаған,
«Ассалау» деп жар салам.
Сүлгіні іліп иыққа,
Құманменен қарсы алам.
Қысылмаймын, саспаймын,
Салт-дәстүрден қашпаймын.
Қолға суды құюды,
Үлкендерден бастаймын.
«Өсе берсін өркенің!»
«Жарқын болсын ертеңің!»
Деген тілек-батаны,
Алмаймын ба мен тегін?!
Құрметтейтін қонағын,
Қарапайым баламын.
Су құйып-ақ күні ертең
Супер жігіт боламын!
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ