Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:11

Айвазовский дауы: Әзербайжан мен Ресей арасында жаңа шиеленіс пайда болды

Ресей
Фото: zhasalash.kz

Ресейлік “Московский комсомолец” газеті Әзербайжанда суретші Иван Айвазовскийге орнатылған ескерткіштің сүрілуін сынға алып, бұл әрекетті нацистік Германиядағы ғалым Генрих Герцтің бюстінің алынуымен салыстырды. 

Газет 2 тамыз, сенбі күні “Баку Украинадан кейін ескерткіштерге қарсы соғыс жариялады” деген материал жариялап, Әзербайжандағы жағдайды тарихи мысалдармен байланыстырған.

Материал авторы Марина Перевозкина Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сүйене отырып, ескерткіштің алынуына Айвазовскийдің армян ұлтынан шыққандығы себеп болғанын жазады. Осыған ұқсас мысал ретінде ол Германияда билікке нацистер келгеннен кейін Карлсруэ университетінде неміс физигі Генрих Герцтің бюстінің алынуын еске салады. Герцтің әкесі еврей болғандықтан, ол “расалық тазалыққа” сай келмеген.

Автордың айтуынша, нацистік режим тіпті «герц» бірлігінің атауын өзгертпек болып, оны арийлік физик Гельмгольцтің атымен атауды ұсынған. “Алайда үшінші рейх жойылды, ал электр тоғының жиілігі әлі де герцпен өлшенеді”, - дейді Перевозкина.

Әзербайжан
Фото: forpost

Ол Айвазовскийдің шын есімі шоқындырылғаннан кейін Ованес Айвазян болғанын, оның армян ұлтына тиесілі екенін, бірақ Армениямен тек “қан арқылы” байланысы бар екенін айтады. “21 ғасырда да кейбіреулер үшін бәрін "қан шешеді", - деп жазды журналист.

Сондай-ақ Перевозкина Германияда нацистердің Генрих Гейне сияқты еврей шыққан жазушылардың кітаптарын өртеуін, ал Украинада Евромайдан кезінде Лениннің ескерткішін құлатқанын еске салады.

Материал соңында автор 1978 жылы Әзербайжан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы әрі кейін ел президенті болған Гейдар Әлиевтің Степан Шаумянды “армян халқының ғана емес, сонымен қатар әзербайжан халқының, бүкіл Закавказье халықтарының, көпұлтты және біртұтас кеңес халқының да ұлы деп атағанын” келтіреді. “Қазіргі Әзербайжанның негізін қалаушының осы сөзіне құлақ асуға болар еді”, - дейді Перевозкина.

Айвазовскийдің ескерткіші 29 шілде күні Қарабақта алынды. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі хабар таратқаннан кейін Әзербайжан СІМ өкілі Айхан Гаджизаде агенттікті елдің аумақтық тұтастығына құрметсіздік көрсетті деп айыптады. Себебі ТАСС жаңалығында қала “Ханкенді” емес, “Степанакерт” деп аталған. Осыған байланысты әзербайжандық мемлекеттік “Азертадж” агенттігі Ресейдің топонимдерін тарихи атаулармен атаймыз деп ескерту жасады.

Бұдан соң ТАСС екі рет материалды түзетіп, алдымен 31 шілдеде “Степанакерт” атауын “Таулы Қарабаққа” ауыстырды, ал 1 тамызда “Таулы” сөзі де алынып тасталды. Мәтінде “2021 жылы Степанакертте орнатылған ескерткішті өңірдің жаңа билігі Ханкендіде түсірді” деген формулировка пайда болды. Алайда ТАСС ресми түрде кешірім сұраған жоқ.

Екі ел арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі Екатеринбургтегі арнайы операция кезінде әзербайжандық азаматтар Зияддин және Гусейн Сафаровтардың қаза табуынан кейін басталды. Әзербайжан сарапшылары олардың азапталғанын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін Бакуде “ФСБ-ға жұмыс істеді” деген айыппен “Sputnik Әзербайжан” мемлекеттік медиасының басшысы мен 11 ресейлік азамат ұсталды.

2 тамыз күні Мәскеуде Уралдағы әзербайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шыхлинский тұтқындалды. Оның ұлы Мутвалы Шыхлинский 16 шілдеде Екатеринбургте қамауға алынған еді.