Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Айзат Жұманова ісі: Айбар Жанболат 14 жылға сотталды

Айзат Жұманова
Фото: ашық дереккөз

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін айыпталған Айбар Жанболатқа үкім шығарылды.

 Сот оны 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар Жанболат әйелінің туыстарына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Билибеков айыпталушының әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша саралап, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 15 жыл жаза тағайындауды сұраған еді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 33 жастағы Айбар Жанболат мас күйінде үйінің маңында әйелін ұрып-соғып, тепкілеген. Әйелі есінен танып қалған кезде де ол әрекетін тоқтатпаған. Кейін қан-жоса болған жұбайын өзі ауруханаға жеткізген.

Еске сала кетейік, бастапқыда қылмыстық іс «абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қозғалған. Алайда эксгумация мен қайта сараптамадан кейін айып «адам өлтіру» бабына қайта сараланды. Тергеуге бұған дейін Бишімбаев пен Шерзат Полат істеріне қатысқан белгілі сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров тартылды. Ол өлімнің себебі ауыр бас-ми жарақаты екенін растады.

Сонымен қатар сарапшы Айзаттың туыстары айтқан оның жүкті болуы мүмкін деген болжамды, сондай-ақ денесін атқа байлап сүйреткен деген күдікті де жоққа шығарды. Халимназаровтың айтуынша, жүргізілген зерттеулер барысында жүктілік белгілері де, сүйрету іздері де анықталмаған.

Айбар Жанболат жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету колониясында өтейді.