Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:10

Айзат Жұманованың қазасы: прокурорлар күйеуіне 15 жыл жаза сұрады

Айзат Жұманова
Фото: ашық дереккөз

8 қаңтар күні Талдықорған қаласында жас келіншек Айзат Жұманованың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы жалғасты.

Соттағы жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушылар оның күйеуі Айбар Жанболатқа 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды. 

Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қаралып жатыр.

Бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаттары істі неғұрлым ауыр бапқа қайта саралау туралы өтініш білдірген. Олардың айтуынша, сот барысында анықталған мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілген шеңберден әлдеқайда кең.

Жәбірленуші тараптың өкілі Зарина Мейрембаева бұл өтініштің әдейі әрі стратегиялық түрде берілгенін атап өтті.

«Біз Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес соттың айыпталушының жағдайын өз бетінше ауырлата алмайтынын жақсы түсінеміз. Алайда сотта анықталған фактілерді елемей кету – істі үстірт қараумен келісу болар еді», – деді адвокат.

Оның айтуынша, сотта Айзат Жұмановаға ұзақ уақыт бойы жасалған зорлық-зомбылық, тірі кезіндегі жарақаттар және жәбірленушінің қарсылығының тез басылғаны дәлелденген. 

Судьяның ұстанымы

Судья Әділет Бақытов ҚПК-нің 340-бабына сәйкес сот істі тек айыптау шегінде ғана қарай алатынын атап өтті.

«Іс айыпталушы сотқа берілген айыптау көлемінде ғана қаралады. Барлық материалдар толық зерттелгеннен кейін бұл мән-жайларға құқықтық баға берілуі мүмкін», - деді судья.

Адвокаттар бастапқыда Айбар Жанболаттың әрекетін ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 5-тармақтарына (аса қатыгездікпен адам өлтіру) қайта саралауды сұраған. Бұл бап бойынша жаза 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

Марқұмның туыстарының күдігі

Айзат Жұманованың жақындары тергеу барысына қатысты бірқатар сұрақтың әлі күнге дейін жауапсыз қалғанын айтады. Айзаттың туысы Раушан Дауренбекова жедел жәрдемнің неге шақырылмағанын, ауруханаға жеткізу жолындағы әрекеттердің күмәнді екенін алға тартты.

«Айзаттың денесіндегі жарақаттар оны сүйреп апарғанын аңғартады. Ал ауруханадағы видеода ол мүлде қимылсыз жатыр. Біздің ойымызша, ол жерге тірі күйінде жеткізілмеген», - дейді туыстары.

Бұған дейін сотта ауруханадағы бейнежазба көрсетілген. Кадрлардан жас әйелдің ауыр халде жеткізілгені анық байқалады.

Айыпталушының сөзі

Сотта жауап берген Айбар Жанболат қақтығыс қызғаныштан туғанын, сол күні 5-6 бөтелке сыра ішкенін айтты. Оның сөзінше, жанжал «екі жақты төбелеске» ұласқан.

Алайда марқұмның анасы күйеу баласының бұрыннан агрессивті мінез көрсетіп, ішімдікке әуес болғанын мәлімдеді.

Тәуелсіз сараптама

Сотқа тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров да шақырылды. Ол бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың істері бойынша да сараптама жасаған.

Сот процесі жалғасып жатыр.