Аз жадырап, көп жабыққан жыл

2020 жыл тарих қойнауына енер тұста ел спортының өткеніне үңілдік
Қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді.
Жыл аяқталар тұста алдымен биыл өмірден өткен спорт саңлақтарына тағзым етелік. Газет бетінде есім-сойларын келтіріп, құрмет көрсетелік. Кілең жайсаңдар кеткен жыл ретінде де биылғы маусым санада сақталар. Көкек айында Бекет Сапабекұлына уақыт болды. Қазақ спортының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Махмұтовты дүниежүзінің мамандары әлемдік бокстың кіндік әкесіне балайды. АІБА аталған әйдік ұйымды басқарған вице-президент барлық құрлықтың спортшылары мен бапкерлерін бауырына баса алды. Бір ғана бокс емес, дзюдоға да Бекет Махмұтовтың ерен еңбегі сіңіді. Ол қауымдастық президенті болған уақытта бірнеше спортшымыз әлемдік додада топ жарды. Максим Раковтың әлем чемпионы атанғаны да жылнамада жазулы тұр.
Қазақ халқының бағына біткен, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те тышқан жылы дүниеден өтті. Саңлақтың соңында атқарған ісі, айшықты ізі қалды. Жалпы, Жақаң ғана емес, бірнеше даңқты балуанымыз арамыздан кетті. Ағайынды Айтжан мен Қайрат Шаңғараевтар, самбо мен дзюдо да, сосын қазақша күресте толағай табысқа кенелген Самат Рамазанов пен Қуаныш Салықбаевты да қазақ халқы ұмытпайды. Қармақшы жұртын спортқа баулыған, бір өзі тұтас мектеп қалыптастырған, бір ғана үйірмеден 40-тан астам спорт шеберін тәрбиелеп шығарған, шәкірттерінің алды әлем чемпионы атанған, «Қазақ барысын» баулыған Әділбек Серікбаевтың да талқаны таусылды.
Қайрат Тұрлыханов! Бірнеше олимпиада чемпионын берген ауыр атлетика қауымдастығы президентінің де тұрағы қара жер болды. Бейжің мен Лондонда атой салған спортшыларымызға Қайрат Болатұлы дем беріп, жол ашып еді. Тұманды Альбиондағы таудай табысқа Тұрлыхановтың табандылығы мен талап қоя білуі негіз болды. Бір спорттың өзінен осынша қайраткер кеткен жылдың қаншалықты ауыр өткенін былайғы жұрт та сезінетін шығар. «Орнында бар оңалар» дегенді де қазақ айтады. Жарыста кеткен есенің орны жаңа маусымда толатын шығар, марқұм болғандардың Алла тағала иман байлықтарын нәсіп етсін!
Пандемия әлем чемпионаты түгіл, Токио олимпиадасының өзін кейінге шегерді. Сондықтан да қазақ спорты бәлендей бір биіктерден орын сайлай алған жоқ. Әйтпесе, өтіп бара жатқан жылдан да көп үміт күттік. Жапония жерінде олимпиада жалауы желбірегенде, ұпайымыз бүтінделіп қалар ма еді?!.. Мысалы, наурыз айында Йорданияда былғары қолғап шеберлері олимпиада жолдамасын сарапқа салғанда, Қазақстан қоржынының бүйірі толған. Амман рингінде жігіттеріміз жақсы өнер көрсетіп, мүмкін болған сегіз салмақта да мақсаттарына жетті. 52 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келіде Зәкіржан Сафиуллин, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзат Нұрдәулетов, 91 келіде Василий Левит, ең ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Қыздар арасынан Надежда Рябецтің де кешенді сынға қатысатыны мәлім болған еді. Амал не, төрт жыл салып келетін ойындар кейінге шегерілді. Көктемнен күзге дейін карантинде болған былғары қолғап шеберлері Қазақстан біріншілігіне қатысып, бір жетісіп қалды. Әйтпесе, жыл мүлде жарыссыз жабылар еді. Василий Левит жарақатына байланысты біріншілікке келмеді. Сәкен Бибосынов жас талант Махмұт Сабырханнан ұтылып, алтын медальдан құр қалды. Зәкір жартылай финалда қабағын жарып алып, финалда өнер көрсеткен жоқ. Токиоға баруы тиіс өзге жігіттер Қазақстан чемпионы атанды.
Балуандар да ұлттық біріншілік өткізуге рұқсат алды. Алматыда өткен ел чемпионатында айтулы спортшылардың бәрі дерлік кілемге шықты. Рас, кейбіреулері салмақ түсіруден бас тартып, сәл ауыр дәрежеде өнер көрсетті. Мысалы, еркін күресте Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков уақытша жаңа салмақта белдесті. Санаев чемпион атана алмады. Ал Ниязбеков жеңіс тұғырына көтерілді. Дәулет еліміздің бірнеше дүркін чемпионы! Токиода топ жаруы тиіс дейтін үміттердің бірі. Грек-рим күресінде Асқат Ділмұхамметов олимпиада ойындарына жолдама алып қойды. Дегенмен оның салмағында Демеу Жадыраев бар. Демеу де мықты балуан. Әлем біріншілігінің жүлдегері. Қанша жерден карантин болса да, ұлттық чемпионатқа тыңғылықты дайындалыпты. Қарсыластарын түгел ұтып, жеңіске жетті. Жолдама ала тұрып, Қазақстан чемпионатында сыр берген балуанның бірі – Мейрамбек Айнақұлов. Шілдеге дейін талай уақыт бар. Бұйырса, келер жылы көкек айында Алматыда құрлық біріншілігі өтуі тиіс, кімнің мықты екенін сол жарыс анықтап берер, бәлкім. Жалпы жағдай жаман емес. Кез келген салмақта бірін-бірі жібермейтін екі-үш үздіктің жүргені жақсы, әрине.
Дзюдошылардың да бабы қазір біркелкі емес. Олимпиадаға жақын тұрған Елдос Сметов қана. Тиісті ұпайларын керегінше жинап алған Сметов жақында Ақтауда өткен Қазақстан чемпионатына қатысқан жоқ. Қаңтарда Катарда өтетін лицензиялық жарысқа шығуы тиіс. Каспий жағасында Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов топ жара алмады. 66 келідегі қос мықты бұл жолы 73 келіде бақ сынап көрмек болыпты, қаңтарға дейін өздерін қинамай, таразы көрсеткен салмақ дәрежесінде белдесе салуды жөн көрген сияқты. Қайта Ерлан Серікжанов қола медальға қол жеткізді. Жұмақанов алысқа ұзаған жоқ. Жансай Смағұлов Қазақстан чемпионы атанды. Енді төрт турнир олимпиада жолдамасын сарапқа салуға мүмкіндік беретін ұпай таратады. Сол кезде қапы қалмауы керек. Катардағы жарыс, Бішкекте өтеді дейтін Азия біріншілігі көп мәселені шешеді. Бәсі биік жарыстың бірін Ташкент ұйымдастырады. Уыстап ұпай алса, бұл жігіттер де Токиоға таяп қалады. Ақтауда ауыр салмақтағылар арасында бәсекелестік артты. Негізі, 81 келіде өнер көрсететін Дидар Хамза 91 келіде топ жарды. 100 келіде Ислам Бозбаевқа жетер дзюдошы табылмады. Ислам осы салмақтағы серке Айбек Серікбаевты таза ұтты. Ең ауыр салмақ дәрежесінде де тартысты белдесулер өтті. «Қазақ барысы» Еламан Ералиев қайта бабына келіпті. Жастар арасында әлемдік додаларда көзге түскен Ғалымжан Қырықбай да көп ешкімге алдыра қоймады. Семейлік Ерасыл Қажыбаевтың да қарымы қатты. Алайда ең ауыр салмақта біз атаған саңлақтар емес, Өскеменнен келген Әділ Оразбаев чемпион атанды. Әділ жартылай финалда Ғалымжан Қырықбайды, финалда Ерасыл Қажыбаевты жеңді. Спорттық жылдың бір табысы осы десеңіз де жарасады.
Су ішінен медаль іздегендер Ақтөбеде жиналды. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де Қазақстан біріншілігінде бақ сынады. Брасс әдісімен малтып, үш бірдей қашықтықта ел чемпионы атанды. Баландиннің Ақтөбеге баруы да айта жүретін оқиға. Бұрын тек шетел ареналарында балықтай жүзетін саңлақтың Ақтөбедегі су айдынында өнер көрсетуі елеулі оқиға санатына жатпай ма?! Пандемия болмаса, Дмитрийлер әлем кубогы кезеңдерін аралап жүруші еді, әрине.
Велоспортшылар әлем біріншілігін өткізді. Біздің қыз-жігіттер еленбеді. Тек бір Александр Винокуровтың көңіліне қарайтын ел тұтас бір саланы тұңғиыққа жіберіп алғандай. Винокуров «Астана» командасын малданып, мардымды ештеңе тындыра алар емес. Велоклубтың өзін қазір Канадаға өткізіп жіберген бе, түсініксіздеу бір оқиға орын алып тұр. Түсініксіздер осы жылда қала берсін.
Сиыр жылынан үмітіміз мол. Он алты жыл дегенде Қазақстан чемпионы атанған Алматының «Қайраты» сияқты табыстарға кенелсін біздің спортшылар. Шілденің 23-і мен тамыздың 8-і аралығында Токиода олимпиада өтуі тиіс. Қазақ спортының бағасын беретін жарыс та сол. Айтпақшы, Қазақстан құрама командасының футболшылары Катарда өтетін дүниежүзілік доп додасының іріктеу сынына қатысады. Наурыз айында Франциямен доп тебетін Талғат Байсуфинов шәкірттеріне де сәттілік тілейміз. «Туған ай – туралған ет» деп білетін біздің қазақ жаңа жылдың көзді ашып-жұмғанша өте шығатынын дәл тұспалдайды. Өмір-өзенде өзегіміз талмасын, ендеше!