AZAL ұшағы төңірегіндегі дау: Ресей мен Әзербайжан келісімге келе алмай жатыр

Ресей Сыртқы істер министрлігі «Әзербайжан әуе жолдары» ұшағының Ақтаудағы апатына байланысты 12 миллион доллардан астам сақтандыру төлемдері жүзеге асырылғанын хабарлады.
Ал Әзербайжан Мәскеудің бұл мәлімдемесін жалған деп атап, «сақтандыру компаниясы AZAL мен оның жолаушыларына төлеген өтемақы Ресей үкіметінен ұшақты атып түсіргені үшін талап етіліп отырған өтемақымен мүлде бөлек мәселе» екенін жеткізді.
Ресей жағы не дейді?
4 қыркүйекте Ресей СІМ апатқа байланысты сақтандыру төлемдері жасалмағаны туралы ақпараттарды «жалған» әрі «қайғыны саяси мақсатта пайдалану» деп бағалады. Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылдың ақпанынан бастап «АльфаСтрахование» сақтандыру компаниясы AZAL ұшағына қатысты төлемдерді жүзеге асырған.
Мәліметке сәйкес, компания әуе компаниясына ұшақтың толық сақтандыру құнын — 1,003 миллиард рубльді (12,3 млн доллардан астам) төлеген. Сондай-ақ жолаушылардың зардап шегуі мен 62 адамның 46-сының қаза болуына байланысты талаптар да реттелген. Қазіргі күнге дейін жолаушылар мен қаза тапқандардың туыстарына жалпы 358,4 миллион рубль (шамамен 4,5 млн доллар) көлемінде төлем жасалған.
Әзербайжан жағының ұстанымы
Әзербайжан СІМ өкілі Айхан Хаджизаде Ресей мәлімдемесін «жұртшылықты адастыруға бағытталған» деп сипаттады. Оның айтуынша, сақтандыру төлемдері соңғы алты айда AZAL мен жолаушыларды сақтандыру келісімшартына сәйкес жүзеге асырылған.
«Бұл төлемдерді Ресейдегі сақтандыру компаниясы жүзеге асырғанымен, іс жүзінде халықаралық сақтандыру компаниялары Ресейде жұмыс істемегендіктен, AZAL ресейлік компания арқылы сақтандырылған болатын. Сондықтан бұл төлемдерді Әзербайжанның Ресейден ұшақты атып түсіргені үшін талап етіп отырған өтемақысымен теңестіру дұрыс емес», — деді ол.
Апат қалай болды?
2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға бағыт алған Embraer E190 ұшағы Қазақстанның Ақтау қаласы маңында құлады. Ұшақ Украина дрондарының Кавказ аймақтарына жасаған шабуылынан кейін Каспий теңізі арқылы Қазақстанға өткен сәтте апатқа ұшыраған. Нәтижесінде 38 адам қаза тапты, 29 адам аман қалды.
Әзербайжан билігі бейресми түрде ұшақ Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі зымыранымен атып түсірілгенін мәлімдеп келеді. Ал ресейлік тарап тергеу аяқталмай тұрып, қорытынды жасауға болмайды дейді. Тергеу нәтижелері 2025 жылдың соңына дейін жарияланатыны айтылған.
Апат Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп, дипломатиялық жанжал мен салқындыққа себеп болды.