AZAL ұшағының апаты: Minval ресейлік әскерилердің аты-жөнін жариялады

Азербайжандық Minval Politika басылымы 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына зениттік зымыран атылған сәтте кезекшілікте болған ресейлік әскерилердің аты-жөндерін жариялады.
Басылым бұл ақпаратты қайдан алғанын нақтыламаған, ал әзірге басқа дереккөздер оны ресми түрде растаған жоқ.
Minval келтірген дерекке сәйкес, шабуыл жасалған сәтте 51-дивизия ПВО-ның аға штурманы капитан Дмитрий Пудовкин, Оңтүстік әскери округі штабының кезекші офицері подполковник Владимир Яновский және 4-гвардиялық әуе-қорғаныс армиясының кезекші командалық пунктінің полковнигі Геннадий Еременко кезекшілікте болған.
Ресейлік Astra Telegram-арнасы дерекқорларға сілтеме жасап, аталған үш офицердің әскери қызметпен байланысы барын растады.
Зымыран ату бұйрығын генерал Толопило берген
Minval-дың 22 шілдеде жариялаған тергеу дерегіне қарағанда, әуедегі нысанға шабуыл жасау туралы тікелей бұйрықты 51-дивизия ПВО командирі, генерал-майор Александр Толопило берген. Бұл туралы подполковник Николай Орлянский ішкі тергеу кезінде айтып, Толопилоның бұйрығын капитан Пудовкинге жеткізгенін мәлімдеген.
Оқиға салдарынан Ресей мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас шиеленісіп отыр. 19 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Баку Мәскеуге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, жеті ай өтсе де, Ресей тарапы апатқа қатысты бірде-бір тұшымды жауап берген жоқ.
Ресей ресми қорытындыларды күтпек
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, Ресей халықаралық сотқа жүгіну — Әзербайжанның құқығы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынас күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр, бірақ Кремль бұл дағдарыстың уақытша екенін үміт етеді.