Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:54, 25 Мамыр 2021

Азамат ажары

None
None

      Ұстаз тек білім беруші ғана емес. Ол – адамдықтың мәдениеттілік пен адалдықтың үлгісі.

Оған қарап ойыңды да, бойыңды да түзей аласың. Сондықтан да әр шәкірт ұстаз бойынан үлгі аларлықтай қасиеттер іздейді. Ал мұндай қасиеттер нағыз ұстазда болады. Ұлағаттылығымен талай шәкірттің ықыласына бөленген, барлық талантты кезеңдерін ұрпаққа, білім саласына арнаған ұстаз деп Әли Мүсілімовті айта аламыз.       

                         

      Әли Мүсілімов мемлекетіміз тәуелсіздік алған күннен бастап  елбасымыздың сындарлы саясатының қоғамда, білім саласында жүзеге асуына ерен еңбек сіңірді. Бала кезінен ұстаз болуды армандап, алдына айқын мақсат қойып, білім қуып өсті. Жасынан зеректігімен көзге түскен Әлекең 1959 жылы Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын, 1965 жылы Қызылорда педа­гогикалық институ­тының физика-математика факультетін бітірді. Студент кезінен бастап үздік оқуымен, ұйым­дастырушылық қабілетімен ерек­шеленіп, ұстаздарының үміт күтетін шә­кіртіне айналды.

      Өзінің алғашқы еңбек жолын Қармақшы ауданындағы №105 қазақ орта мектебінде физика-математика пәнде­рінен сабақ беретін қарапайым мұғалім болып бастайды. Басқару­шылыққа бейімділігін танытып, басшылық назарына іліккен Әлекең көп уақыт өтпей-ақ директордың орынбасары, мектеп директоры лауазымына жоғарылайды. Кейіннен Қызылор­да медицина учи­лищесінің мұғалімі, бөлім меңгерушісі болды. Бұдан соң Қызылорда қалалық және облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 1983 жылдан 2001 жылдың мамыр айына дейін облыстық халыққа білім беру бөлімінің бастығы, облыстық білім бас­қармасы бастығы және облыстық білім департаменті бастығы ретінде елдің ықы­ласына бөленді. Мектептің тыныс-тір­шілігін, оның дамуын терең зерттей жүріп, білім беру, бала тәрбиелеу, ұстаз­дарды қалыптастыру туралы ойларын жинақтап, ғылыми мақалалар мен ең­бектер жазды. Елбасы­ның білім саласын ақпараттандыру бағдарла­масын жүзеге асыру мақсатында облыс көлемін­де мектеп жасындағы балалардың оқуға толық қамтылуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізді.

       Әли Мүсілімовтің тағы бір ерекшелігі – ізденіске, жаңа­шыл­дыққа өте жақын жан болуы. Атап айтсақ, ол облыс мек­теп­терін компью­терлендіру және ақпа­раттандыру мәселесіне жете көңіл бөлді. Мектептерді сол кезде алғаш шыққан «Корвет», «Ямаха» компьютерлерімен жабдықтау ісіне басшылық жасады. Оның тұсында орта білім беру саласы кабинеттік жүйеге көшірілді. Яғни өз алдына математика, биология, химия, физика және т.с.с. кабинеттер жасақтан­ды. Бұл әр пәннен терең де жүйелі білім беруге мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ ол өзіне де, әріп­тестеріне де қатаң талап қоя біле­тін-ді. Осындай жоғары талаптың нәти­жесінде мектептегі оқу үдерісі жақсарып, оқушылардың білім деңгейі артты. Мек­теп бітірушілердің жоғары оқу орын­да­рына түсу көрсеткіштері де жылдан-жылға өсіп отырды. Жыл сайын мектеп оқу­шыларына арналып өткізілетін респуб­ликалық олимпиадалар мен ғылыми жо­балар байқауында жүлделі дипломдармен марапат­талған оқушылар саны арта түсті. Жас дарындарды дайындауды да басты назарда ұстады. Оның тұсында мектеп мұғалімдері мен оқушылардың шетелде білім алуына қол жеткізілді. Осылайша Әли Мүсілімов облыстық білім бөлі­мін өте жоғары деңгейде басқара білді  деп айта аламыз. Сол кезеңде облысымызды басқарған Т.Есетов, С.Шау­хаманов, Б.Сапарбаев сынды білікті басшы­лармен қоян-қолтық жұмыс жасады. Ол кісі­лердің алдына орта білім саласының мәселелерін өткір қо­йып, әрқашан қолдау тауып отырды. Ұстаз-педагог орта мектеп пен жоғары мектептің арасындағы байланысты да­мытуға күш салды. Өйткені мықты ұстаз­дың қалыптасуы жоғары оқу орнында терең білім алуына негізделетіні белгілі. Ол Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде оқытушылық қызметті қоса атқарып, өзінің орта білім саласындағы жылдар бойғы жинаған тәжірибесін сту­денттерге үйретіп, болашақ маман­дарды сапалы даярлауға үлес қосты. Бір  сөзбен   айтқанда, Әли Мүсілімов еліміздің білім сала­сындағы реформаларға өзіндік қолтаң­басын қалдырды. Облыстық білім бас­қармасының жаңа нарықтық жағдайында мектеп оқушыларын еңбекке даяр­лауды ұйымдастыру жайлы тәжірибесі Білім және ғылым министрлігі арқылы бүкіл респуб­ликаға таратылды. Мектептердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға зор үлеін де қоса білді.

        Әлекең тек білім беріп қана қоймай, Арал, Қазалы аудандарында жабылып қалған мектептер мен Қызылорда қаласындағы А.Макаренко атындағы балалар үйінің ашы­луына бастамашы болды. Екі ғасырдың тоғысында, жаңа оқу жылы қарсаңында халықтық асар әдісімен Арал ауданындағы №21, №82, Жаңақорған ауданындағы №196 мектептерді күрделі қайта жөндеуден өткізді. Сөйтіп, жас ұрпақтың жаңа ғимаратта білім алуларына жағдай туғызды. Осы жылдар ішінде өзінің іскерлігі мен үлгісін көрсетіп, күні-түні дамыл көрместен шалғай ауылдар­дағы мектеп­тердің жай-күйімен танысып, әрбір туындаған мәселелерді жүйелі түрде шешіп отырды. Әрбір мектепке көңіл бөлініп, басталған іс жалғасын тапты. Ағамыздың салмақты мінезі, ақыл-парасаты, өз кәсібіне адалдығы Сыр еліндегі көптеген білім қуған, басшылық қызмет атқарған азамат­тарға үлгі болды. Ұлағатты ұстаз басшылық қызметін білім берумен, ғылыммен ұтымды ұштастыра білді. Ол өзін білікті ғалым ретінде де танытты. 1999 жылы «Мектеп оқушыларын нарықтық экономика жағ­дайында кәсіптік бағдарлау» деген тақырып­та – кандидаттық, 2003 жылы «Оқушыларды еңбекке даярлаудың ғы­лыми-педагогикалық негіздері» тақы­рыбында докторлық диссер­тациясын сәтті қорғап шықты. Әлекең докторлық диссертациясында жаңа экономикалық жағдайларға жас­тарды бейімдеу, нарықтық қатынастардың субъектісін дайындау бүгінгі күнгі негізгі әлеуметтік қажеттіліктердің бірі екенін атап көрсетті. Әлеуметтік-экономи­калық тұ­рақты даму және оның бәсекелестік си­патын қалыптастыру үшін кәсіпкерлік пен еңбек ету маңызды рөл атқаратынын дә­лелдеді. Ғылы­ми зерттеуінде еркін на­рықтық экономикаға өту барысында жас­тарды өмірге және еңбекке дайын­дайтын мақсатты әлеуметтік-педагоги­калық іс-әрекет қажеттілігі жөнінде тұжырымды ой айтады. Оның зерттеулерінің нәтижесінде 8 монография, 100-ден астам ғылыми мақала жарық көрді. осындай еңбекқорлығының арқасында Қазақстан педагогика ғылымдары ака­демиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды.

      Білім саласына, елге аянбай қызмет ете білген Әлекеңнің еңбегі де лайықты бағаланды десек артық емес. Атап айтсақ, оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қай­раткері атағы берілді. Сондай-ақ бірнеше медальмен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Бүкіл саналы ғұмырының қырық жылдай уақытын халыққа білім беру саласына арнаған ұстаз, ғалым, қайраткер Әли Мүсілімов жақсы өнегесімен жұртшылықтың жадындада қала білді. Қызылорда қаласының жаңа ықшамауда­нындағы кең көшеге оның есімі бе­рілді. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицей Әли Мүсілімовтың есімімен аталатын болды.

      Ұлағатты ұстаз өзінің отбасында да сүйікті жар, ардақты әке атана білді. Әли ағамыз қан­дай биікті бағындырып, қандай шыңға шықса да, оның қасында адал серігі жүрді. Асыл ағаның ру­хын аялап отырған Гүлбарам Сәдуақасқызы да белгілі ғалым, педаго­гика ғылымының кан­дидаты, Қызылорда мемлекеттік универси­тетінің профессоры. Оның шәкірттері де көп­теген ғылыми сайыстарда биік жетіс­тіктерге қол жеткізді. Әли Мүсілімов пен Гүлбарам Сәдуа­қасқызы қырық жылдай тату-тәтті ғұмыр кешті. Екеуі үш қыз, бір ұл тәр­биелеп өсірді.

      Жалпы, ұстаздық қасиетімен де, өмірлік өнегесі мен тәрбиелік тағылымы бүгінгі буынға үлгі бола білген Әли ағамыздың есімі ешқашан сөнбейді деп білеміз.

Тегтер: