Азамат Сатыбалды «Қазақфильмнің» басшылығынан кеткенін айтты

Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» киностудиясының басшылығынан кеткенін мәлімдеді.
«30 шілдеден бері Қытайдамын, мұнда халықаралық жобаға қатысамын. «Қазақфильммен» келісімім аяқталды, оны ұзартуды жөн көрмедім. Қазақ актерін бірінші рет осындай деңгейдегі халықаралық жобаға шақырып отыр. Бұл менің актерлік карьерамдағы ірі қадам, қазақ өнерін халықаралық аренаға таныстыру мүмкіндігіне ие болдым. Түсірілімдер бірнеше ай бойы Қытайда да, Қазақстанда да өтеді», – деген Азамат Сатыбалды Informburo сайтына берген пікірінде.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі Азамат Сатыбалдының қызметтен кеткенін жоққа шығарған болатын.
«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалдының қызметінен босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды», – деп жазды мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, шілденің ортасында Алматыда бір топ аниматор жеті айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтып, «Қазақфильм» киностудиясы алдында наразылық білдірген еді.