Азамат САТЫБАЛДЫ, актер: Қазақ қазақты жақсы көрмейінше, өспейміз

Өнер саласының көрігін қыздырып жүрген дарынды актер – Азамат Сатыбалды. Ол сахнада сомдаған һәм кинода ойнаған кейіпкерлерінің тізімі сала құлаш.
Әсіресе, жақында көгілдір экран арқылы жұрт көрген Мұқағали (Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін) сериалында есім сойы иісі қазақтың жүрегінен орын алған ақиық ақын Мұқағалидың рөлін сомдау Азаматтың актерлік өміріндегі жаңа бір биікке көтерілгенін көрсетеді. Осы орайда, Азаматпен жолығып, оның шығармашылығы жөнінде әңгімелескен едік.
— Әлеуметтік желілерде сізді «қай рөлді ойнаса да, өзінің табиғи образынан шыға алмайды» деген сын көп айтылып жүр. Бұл сынды қалай қабылдайсыз?
— Бұл қате пікір. Өйткені, көп адам актерліктің бағыт-бағдарын білмегеннен кейін шатасып жатады. Бұрын «Школа представления» болған. Кейіннен «школа переживания» келді. Яғни, бұл адам болып жатқан оқиғаны өзінің ішінен өткізу. Мысалы, бір адамның ішінде мың адам болмайды. Сол сияқты әрбір актер ойнап жатқан трагедиясын өзінің ішінен өткізеді. Қандай да бір образ болсын, мейлі ол – Мұқағали, мейлі Гамлет болсын, басындағы қайғыны өз ішінен өткізгеннен кейін өзінікі болып тұрады. Сондықтан да мұндай орынсыз сынды кәсіби деңгейі төмен адамдардың сыны деп қабылдаймын. Ал киноларды жетік білетін адам болса, бұндай сын айтпас еді. Мәселен, өмірде бір-біріне ұқсамайтын атақты актерларды айтар болсақ, Леонардо Ди Каприо – Ди Каприо болып, Брэд Питт әрқашан Брэд Питт болып қала бермек. Тіпті гений деп атап жүрген Мироновтың өзі де қай кинода болсын бірдей. Бір-біріне кереғар өтірік пікір көп. Кезінде бір адамның ойлап тапқан жалған пікіріне елдің бәрі жабыса кетіп, адам білсе де, білмесе де сын айтуы қалыпты жағдай. Сондықтан да оған мен ешқандай уәж айтпаймын. Өйткені, мен – Азаматпын, актермын. Өзімнің ойнау стилім мен ерекшелігім бар. Егер менің ойнау стилім көрерменге ұнаса, театрға келіп, спектаклімді көреді. Ұнамаса, келмейді. Безруков та, Мироновтардың барлығы да бірдей өзінің стилінде ойнайды. Сол себепті, қазіргі кезде актерлардың барлығы болып жатқан оқиғадан өзін өткізеді. Мен біреудің кейпіне кірмеймін, керісінше, оны өзіме жабыстырамын. Сосын ол кейіпкер өзімдікі болып шығады. Мұқағали ол – менің Мұқағалиым. Мен оны қалай тануыма байланысты, солай ойнап шықтым. Мұқағалиды басқа актер ойнаса, ол да өз стилінде, өзінің тануына қарай басқаша ойнап шығар еді. Сол үшін мен ойнаған әрбір рөл менікі болып саналады. Мен, тек актер ретінде шынайы жеткізе білуім керек. Және соған көнуіміз қажет. Кез кезген адаммен пікірталасқа да шыға аламын. Себебі, шетелдегі небір мықты деген актерлардың өзіне ұқсамайтын рөлдері жоқ.
— Дегенмен, көрермендер арасында «Мұқағалиды сезіне алмадық», «Ақиық ақынды кердең жүріс, өр кеуде қып көрсеткен» дегендер баршылық. Бұған не дейсіз?
— Мен өзім ұнатқан, өзім ғашық болған Мұқағалиды жасадым. Және де ақынның кердең жүрісі, не басқаша бір кейіпте болуы ақынға тән қасиет. Мұқағалиды көре алмайтын дарынсыз қаламгерлер қызғанып, сынайды. Шын мәнінде, Мұқағали ұлы адам. Ол сегіз қырлы емес, мың қырлы болған адам. Оны әркім әртүрлі айтады. Тіпті Жұлдыз ағамыздың өзі «Әкем жүргенде балағын теуіп, шалқаяқтап жүргенде топтың ішінде көрінетін» деп айтатын. Ал оның мінезін өлеңдерінен тануға болады. Өлеңдерінен қызуқанды ақын екенін аңғарамыз. Бізде сын ақ параққа қара нүкте түссе, барлығы сол тек қара нүктені көре қалады. Мәселен, ютубтағы пікірлерде үш жүз пікір болса, соның жетеуі ғана сынаған. Біз бірден сол жеті адамның пікірін көре қаламыз. Ал үш жүз адамның жақсы пікіріне қарағымыз да келмейді. Өйткені, қазір заман сондай. Кейбір адамдар «Мұқағалиды жеңілтек қылып жіберіпті» деп бірінші сериясын ғана көріп айта салады. Қалған үшінші, төртінші сериясын көрмеген де. Мұқағали үшінші, төртінші сериясында мүлде бөлек. Себебі, адамның өмірі бірқалыпта тұрмайды. Бірде төмен түсіп құлдыраса, бірде биікке өрлейді. Сол секілді сериалда да қызуқанды, от болып жүрген Мұқағали өлімге дейін барады. Ал үшінші, төртінші сериасын көрмеген көрермен бас салып бір сериядан ой қорытып, сын жаза кетеді. Таза, керемет сыншы болса, зерттеп, барлық сериясын көру керек. Бізде «қазақ қазақты ұнатпайтын» жаман қасиет бар. Сергей Безруков Пушкинді де, Есенинді де ойнады. Сол сериалдардың пікірлеріне қарасақ, «Наш Сергей, здоровье вам!», «Сіз кереметсіз!» деп жақсы пікір айтып, қолдау білдіріп жатады. Ал бізде қазақта «осыдан басқа актер жоқ па?» дегендей сын іздеп тұрады. Қазақ қазақты жақсы көрмейінше, біз өспейміз. Журналистер де жақсы жақты дәріптей білу керек. БАҚ өкілдері жаман жағынан дәріптеген сайын, халық та жаман жағына елең ете түседі. Хайп арқылы ат шығаруға болмайды. Сондықтан шетелдік киноларды көріп, актерлардың ойнау стилі мен жазушылардың жазу деңгейін көріп, саралай да білу керек шығар. Сырым батыр «Қазақты түсінбедім, әйелмен дос болсаң, барып қойды, еркекпен дос болсаң алып қойды. Ал осының бәрін қойып, тыныш жүрсең, бұл сорлы топтан қалып қойды деп сөгеді» депті. Сол секілді былтыр Мұқағали туралы кино түсірілген еді. Ол киноға «ақынды көре алмадық, ақынға тән мінез жоқ» деп сөкті. Енді сериалында мінез бар еді оған «Мынау бір ұшқалақ. Азамат өзін көрсетті» деп шықты. Сол үшін кинодан мені көрмеңіз, таза көрермен ретінде кинодағы өмірді көріңіз. Актер, ол – актер. Сондықтан адамның ішкі жандүниесіндегі Мұқағалиға деген махаббатына байланысты. Мұқағали көптеген жартылай ақындарға, ақынсымақтарға кедергі. Өйткені, олар Мұқағалидың деңгейіне жете алмайды. Жақсы жаза алмайды. Жазайын десе, алдында жанартау болып Мұқағали тұр. Ешкім «Мен керемет ақынмын» деп айта алмайды. Өйткені, елдің бәрі Мұқағалиды оқиды. Сол үшін өмірде де сыналған. Өлгеннен кейін де ол жайында ақындардан керемет деген сөзді аз естисің. Өлгеннен кейін де жарытып жатқан жоқ. Ондай жартылай ақындар туралы болашақта кино да түсірілмейді. Сол себепті, мен өзімнің таныған Мұқағалиымды жасадым. Кім не айтады, мені қызықтырмайды. Ал егер 99 пайыз нашар десе, сенер едім. Инстаграмда да, ютубта да көбіне жақсы пікірлер жазылып жатыр. Бір-екі адам жаман айтты деп еңсемді түсірмеймін. Көрермен ешуақытта өтірік айтпайды. Оның үстіне, актерлік шеберлігімді зиялы қауымның алдында таразыға салмаймын. Зиялы қауымның әрқашанда өз есебі, аржағында астарлы ойы болады. Зиялы қауым ешуақытта турасын айтпайды, тек өзінің діттеген ойы мен өзінің деңгейіндегі сынды айтады. Ал мен әрдайым көрерменге жүгінемін. Мені өсіретін де, бағалайтын да көрермен. Сол себепті, мен үшін зиялы қауым емес, көрермен таразы.
— «Менің Мұқағалиым» дегенді жиі айттыңыз. Мұның сыры неде?
— Ақындардың ішінде – Абай, Мағжан, Мұқағалилар менің жүрегімде ерекше орын алады. Сондықтан да Мұқағалиды бала кезімнен жаттап өстім. Көп сұхбаттарымда да «Мұқағалиді ойнасам» деп арманымды айтатынмын. Режиссерларға да айттым. Осылайша, араға көп уақыт салып, осы жасымда Мұқағалидің рөлін сомдау бақытына ие болғаныма қатты қуандым. Бір жағынан қорықтым да. Бірақ талай жыл армандаған соң, ішкі дайындығым мен актерлігім қабысып, сәтті шықты.
— Мұқағалиді қаншалықты зерттедіңіз?
— Көп зерттедім. Бір жыл уақыт дайындалдым. Мұқағали ағамыз туралы көп деректерді қарап, туған ауылына да барып қайттым. Оны зерттеп жүрген Бақыт Беделхан секілді азаматтармен сұхбаттас болдым. Солардың ақыл-кеңесін тыңдадым. Мұқағалидің өзін көрмеген соң, «ақын деген қандай болу керек?», деген сұрақтың жауабын Бақыт Беделханның кеңесінен ұғып, образды жасап шығардым.
— Кино түсіріліп, халыққа жол тартылып кеткеннен кейін сериалды көріп «Әттеген-ай, мына жерінде былай түсуім керек еді» дейтіндей өкінішіңіз болды ма?
— Жоқ, ондай өкініш болмады. Өйткені, өз деңгейімде білген, өзім таныған Мұқағалидің рөлін алып шықтым. Егер маған екінші рет мүмкіндік берсе, Мұқағалиды тура солай ойнап шығар едім.
— Әңгіме ауанын өзгертсек, қазақ театрындағы жаңа есімдер жайлы не дейсіз?
— Қазақ театры қазір жақсы қарқынмен дамып бара жатқан өнердің ішіндегі бір сала. Өйткені, театрдың қазіргі қарқыны шынымен де адамның көңілін қуантады деп нық сеніммен айта аламын. Оның бір дәлелі, Фархад Молдағали есімді режиссер дүниеге келді. Оның көптеген қойылымдары Ғабит Мүсірепов театрында жақсы шығып, көрерменнің көңілін аулап жатыр. Бір ғана Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» бір ай бұрын билет сатылымына шығарғанда, 2 сағаттың ішінде түгел өтіп кетеді. Бір қойылған қойылымды көрермен де айналып келіп көре береді. Бұл Фархадтай режиссердің талантты режиссер екенінің айғағы. Және Фархадтай режиссердің келуі театр әлемінің дамығаны деп санаймын. Әуезов театрында да Ерік Нұрсұлтан, Әридаш сынды мықты режиссерлар бар. Театр тірі ағза болғаннан кейін ешқашан бір орында тұрмайды. Әрі бағыт-бағдарын жоғалтпай, тек қана алға жылжып отырады. Сондықтан қазіргі театрдың бағыт-бағдарына, кейпіне ризамын.
+ Өмірде алға қойған мақсатыңыз орындалды ма?
— Әрине, жоқ. Егер алға қойған мақсатым 100 пайыз орындалса, онда өлуім керек. Өйткені, өмір бар жерде адамның арманы таусылмайды да, тоқтамайды да. Алда мақсаттар жеткілікті. Мұқағалиды ойнағаннан кейін тағы да басқа тұлғалардың рөлін ойнағым келеді. Қазір «Соңғы үкім» деген үлкен кинода Ахмет Байтұрсынұлы ағамыздың образын сомдайын деп жатырмын. Ғалым Доскен ағамыздың идеясы бойынша басты рөлге бекітілдім. Түсірілімді наурыздың басында бастаймыз. Бұл да мен үшін үлкен мақтаныш. Алаштың ұлы көсемдерінің бірі – Ахмет ағамыздың өмірін, сол кездегі толғанысын, трагедиясын жеткізу қиынның қиыны. Мысалы, менің түсінігімде Мұқағали – от болса, Ахмет Байтұрсынұлы – буырқанып жатқан су секілді. Екеуі екі түрлі образ болғандықтан, екеуін екі дайындықпен бастадым. Ахмет бабабымыздың жүріс-тұрысы, ішкі жан дүниесі Мұқағали ағамызда кездеспейді. Себебі, ол ұлт ұстазы болған соң, өте сабырлы, эмоцияға беріле бермейтін адам болған. Екі образ бір-біріне қарама-қайшы болғандықтан, актер ретінде маған екі рөлді де ойнау қызықты. Ал Мұқағалидан соң Мағжанды ойнасам, қиын болар еді. Екеуі де ақын, екеуі де мінезді болған соң, біршама ұқсап кетер еді. Ғалым Доскен ағамызбен жұмыс істеуімнің арқасында Ахмет бабамыздың рөлі де өз деңгейінде сәтті шығады деп сенемін.
— Ал өмірдегі ең үлкен, қайта түзеуге келмейтін қателігіңіз қандай?
— Ондай қателіктер жетеді. Пенде болғаннан кейін қателік бізге тән. Он рет қадам бассаң, соның біреуі қате болады. Кейбір адамдарда оның тоғызы, кейбірінде бесеуі қате болуы мүмкін. Мен пендемін, періште емеспін. Қателіктерімді түзеу арқылы өсемін. Мироновқа «Сіз ұлы актер болған соң, бойыңызда кемшілік жоқ шығар» деп айтқан екен. Сонда ол «менің тұла-бойым толып тұрған кемшілік. Әрбір қателігімді жеңу арқылы актерліктің шыңына шығамын» деген екен. Сол сияқты біздің де болмысызымыздың барлығы қателік. Сол қателікті жеңу арқылы толық адамды қалыптастырамыз. Ал толық адам кейпіне қашан баратынымыз белгісіз. Оның тек жолында ғанамыз. Сол үшін өзімізбен өзіміз күресіп, нәпсімізді жеңіп, толық адам болу үшін атсалысып, арпалысуымыз керек. Өзімізбен өзіміз күресіп, жетілдіріп, толық адамның деңгейіне жетуіміз шарт. Ал сол жолда қателіктер болады. Бірақ ақылды адамның ең үлкен дәрежесі саусағын бір рет сұққан тесікке, екінші рет қайта сұқпайды.
— Осы уақытқа дейін небір ірі тұлғалардың рөлін сомдадыңыз. Тағы да армандап жүрген рөлдеріңіз бар ма?
— Шыны керек, осы уақытқа дейін сомдаған рөлдерімді айтар болсам, мен бақытты актермін. Кинода да, театрда да өзіме тиесілі, болмысыма сай келетін рөлдерді өз орнымен, уақытымен орындап келе жатырмын. Ал болашақта өзімнің бейнеме қарама-қайшы рөлдерді ойнауды армандаймын. Өйткені, өзім үйреніп қалған образдан ауытқу актер үшін қызық.
— Мәселен, қандай?
— Болмысы бөлек адамды ойнағым келеді. Жындының рөлін ойнау арқылы да көптеген нәрсені айтуға болады. Әрі еркін ойнайсың. Сенің істеген әрекетің сол образға сияды. Актерға еркін ойнап, ашылу үшін Король Лирдағы Шутты ойнар едім. Шутты ойнау болмысыңа 100 пайыз еркіндік береді деген сөз. Ойыңа да, санаңа да, физикаңа да түгел сияды. Ал кейбір рөлдерде мәселен, ұлы тұлғалар – Абай, Ахметті ойнаған кезде образға байланысты белгілі бір қалыпта шектеулер болады. Сол себепті, Король Лирдағы Шутты ойнау менің арманым.
— Алға қойған мақсатыңыз қандай?
— Соңғы он жылда мен алдыға мақсат қоймайтын адамдардың қатарындамын. Алдыға мақсат қою – Құдайды ұмыту деген сөз. - Неге соңғы он жыл ішінде?
— Себебі, жетілдім. Көптеген нәрсеге көзім жетті. Ешқашан театрға директор болмаймын деп айтқанмын. Бірақ бәрібір болдым. Кім болатыныңды Алла біледі. Пенде ретінде мақсат қоюдан бұрын армандауды білуіміз керек. Арманда. Арманыңды Аллаға аманатта. Өйткені, саған Алладан әмір келіп, тағдырыңа жазылған болса, ол болады. Жазылмаса, болмайды. Шын мәнінде, тағдырыңа жазылған нәрсеге ешуақытта қарсы келе алмайсың. Алладан маңдайыңа жазылған әмір бар. Сондықтан алдыңа мақсат қоймай, жақсы өмірді, жақсы рөлді, жақсы жұмысты армандаймын. Сол арманымды аламын да Аллаға аманаттаймын. Егер соның бесеуі орындалса, мен бақыттымын. Ал мақсат қойып, мен 3 жылда мынандай болуым керек, 5 жылда былай істеуім керек деп алдыға қарай талмай жүгіре берсең, роботқа айналасың. Осылайша, мақсатқа қарай жүгірген сайын мақсаттың құлы болып, Құдайды ұмытасың. Мақсатың орындалмай қалатын болса, жүрегіңе дақ түседі. Сол үшін тек армандап, Алладан ғана үміт күту керек.
— Қазір сонда нені армандайсыз?
— Қайырлы, шынайы таза өмірді армандаймын. Өмірдегі адам болып келгендегі басты міндетіміз – адам болып кету. Адам болғаннан кейін жұмырбасты пенде болған соң, тағдырыңа не жазылғанын білмейсің. Қайырлы өмір сүре білген әрбір адам бақытты.
— Сізді не ойландырады?
— Жалпы, біз қазақ деген атауға лайықты өмір сүріп жатырмыз ба? деген сауал ойландырады. Мен ғана емес, әрбір қазақстандықты осы сұрақ ойландыруы тиіс. Қазақ деген атауды, ұлттың болмысын дұрыс алып жүрмін бе, лайықтымыз ба? деп. Лайықты болмасаң, өз-өзіңді қамшылауың тиіс. Ал лайықты болсаң, ол үшін қуанып, сол жолды жалғастыру қажет. Біз өзгеден қателікті іздемей, өзіміздегі қателікпен күресіп, жеңсек, ұлт ретінде Абай айтпақшы толық адамның деңгейіне жетеміз. Әлемге үлгі боламыз. Ал өз-өзімізді жақсы көрмей, бағаламай, сенбейтін болсақ, ұлт ретінде ешқашан өспейміз. Сондықтан бүгінгі өмірдегі басты ұстанымым Қазақ – қазақты жақсы көру керек.
— Әңгімеңізге рақмет!