Азаматхан Әміртай: «Байтақ» халықтың партиясы
Биылғы сайлау науқаны ерекше болмақ. Себебі, биыл сайлауға бірінші рет түсіп жатқан жаңа партиялар бар.
Соның бірі – «Байтақ» жасылдар партиясы. Бүгінгі сұхбатымызда партия төрағасы Азаматхан Әміртаймен алдағы өтетін сайлау мен партияның сайлауалды жұмыстары жөнінде сұхбаттастық.
— «Байтақ» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізілуде? Партияның мақсаты, бағыты қандай?
— Елімізде «Байтақ» партиясының үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Қазақстанның әр өңірінде 22 штабымыз бар. Басты штабымыз Астана қаласында орналасқан. Ал қалған өңірлердегілері белгілі жоспар бойынша өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 3 жарым мыңға жуық кездесу өтті. Соның ішінде ақпараттық қамту жағынан 3 миллиондай адамға ақпарат жеткізе білдік. Ал одан бөлек, көшелерге билбордтар ілініп, халыққа кең түрде партиямызды таныстырып жатырмыз.
Ал партиямыздың негізгі мақсатына келсек, адам денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Әрі осы екі құндылықтан құрылған саяси партиямыз деп есептейміз. Бұл екеуі де адам өміріндегі ең маңызды дүниелер. Халықтың қолдауына келсек, өте жақсы деп айта аламын. Себебі, әр өңірден, әр жерден халықтың жылы лебізі мен қолдауын естіп жүрміз. Біз – жасылдар партиясымыз. Экология басты мәселе. Ал елімізде экология мәселесі күйіп тұр. Қай аймаққа барсаң да қордаланып қалған осы мәселе алдымыздан шығады. Демек, жұмыс көп.
— Жақында партия өкілдері өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Жалпы іссапарларыңыз қалай өтті? Сіздердің тараптан қандай оң нәтиже бар?
— «Байтақ» жастар партиясы – тікелей қарапайым халықтың партиясы. Сол себептен, біздің күшіміз халықта деп санаймыз. Сондықтан да біз халықпен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Дегенмен ең бастысы – экологиялық зардабы бар өңірлерді, ауыл-ауылдарды, аудандарды араладық. Халық біз туралы толық мәліметті біледі. Қолдайды.
— Сайлаудың әділ өтіп, «Байтақ» партиясы парламентке барады дегенге сенімдісіз бе?
— Сайлаудың әділ өтетіні түсінікті. Сондықтан «Байтақ» партиясы жеңеді деп ойлаймын. Өйткені пртияның өтуі үшін бар күшімізді салып, жұмыс жасап жатырмыз. Әлі де тер төгетін мәселе көп. Айтпақшы, президент «Аманат» партиясының басшылығынан кеткенімен де, стратегиялық институттардың барлығы «Аманатқа» бағынышты. Әлгі мекемелер аманаттықтардың айтқанымен жасап отыр. Соның салдарынан, «Аманат» өзін жоғары қойып, өзге партияларды, соның ішінде біздің де пайызымызды төмен көрсетіп жатыр. Әрі әлеуметтік сауал – сұраныс жұмыстары да өтірік жүруде. Біз онымен келіспейміз. Мұның барлығын сайлау уақытында көре жатамыз. Бірақ біз сайлаудың әділ өтуі үшін арнайы бақылаушыларымызды қоямыз. Осылайша, өз дауысымызды ұрлатпайтындай жағдай жасаймыз.
— «Байтақ» партиясының негізгі мақсаты қоршаған орта мен адам денсаулығының қауіпсіздігі екенін айттыңыз. Осы орайда, қоршаған орта мен өнеркәсіпті дамытуды байланыстыра отырып, жұмыс жауаға болады ма?
— Тұрақты даму экономикалық өсу мен қоршаған ортаны қорғау теңгеріміне негізделген. Бірақ бұл адамдардың әлеуметтік өміріне, олардың әл-ауқатына тікелей байланысты. Біздің міндетіміз де осы тепе-теңдікті сақтау. Экономика мен өнеркәсіп әрқашан бірінші орында болғаннан кейін, ал экология артта қалып қойды. Әсіресе ТМД елдерінде. Ал оның нәтижесін көріп отырғанымыздай, адамдардың өмірі мен денсаулығына әсер етіп жатыр. Ал тұрақты даму проблемаларына қатысты мәселелер өте көп. Осы мәселелерді халыққа жеткізгіміз келеді. Астана, Алматы қалаларында ғана емес, басқа облыстарда да бар.
— Қазіргі уақытта партия қалдықтар мәселесін қалай шешуді көздеп отыр?
— Бізде кейбір кәсіпорындар, мәселен, алтын өндіру өнеркәсібі шығаратын қауіпті қалдықтар өте қауіпті. Сондықтан біз оларды қалай кәдеге жаратамыз, қалай қайта өңдеуге болатынын ойлауымыз керек. Мұнымен «Байтақ» партиясы айналысады. Ал бұл мәселені барлық жерде шешу үшін өндіріс қызметкерлері жасыл экономика қағидаттарын ұстануы қажет. Сонымен қатар қалалардағы бизнеске жасыл урбанизм ықпал етуі керек.
Әйтсе де, өкінішке қарай, қазір бұл салада осы мәселелерді шешудің конструктивті нұсқалары мен кешенді тәсілдерін ұсынбайтын экологиялық популистерді ғана көріп жүрміз. Бірақ солай болды екен деп, біз тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта оны түзетеміз.
— Сайлаудан жеңіп жатсаңыздар, партияның негізгі жұмысы қандай болмақ?
— Мәжіліске барсақ, осы саланың бәріне серпін береміз. Біз халықтың әл-ауқатын жақсартатын жаңа идеялар мен жаңа заңдарды сындарлы түрде ұсынатын боламыз. Мұның бәрі қыруар жұмыс.
Басты мәселе – халықтың елді өзгертуге деген ұмтылысы. Біз Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын жариялаған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асырғымыз келеді. Әрі бізде жаңа заңдарды әзірлеуге дайын сауатты адамдар мен сарапшылар көп. Жаңадан құрылған партия болсақ та, алдымызда көп жұмыс күтіп тұр.
— Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Тапсырыс беруші: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлаудағы «Байтақ партиясы» ҚБ Сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.