Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:25

Азаматтардың бет-әлпетін тану жүйесі Астана мен Алматыда іске қосылды

Камера
Фото: ЖИ

Азаматтардың бет-әлпетін тану жүйесі Астана мен Алматыда іске қосылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жобаны министрлік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген.

Жасанды интеллект технологияларын қолданатын ұлттық бейнебақылау жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қараусыз қалған объектілер туралы сигнал беруге және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді .

Теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, қиылыстар, сауда орталықтары сияқты нысандар смарт камералар арқылы бақыланады.

"Ақылды "күзетшілер" Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көпшілік арасында жоғалған балаларды, сондай-ақ із-түзсіз жоғалғандар ретінде тіркелген адамдарды жылдам табуға мүмкіндік берді", - дейді министрлік.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Астанада бейнесараптама жүйесінің көмегімен іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы және Алматы қаласында 30 адам анықталып, ұсталған.

Басқарма мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді түрде қолданылып жатқанын айтады.  Алдағы уақытта камералар санын көбейту арқылы бейнебақылауды кеңейту жоспарланып жатыр. Бұл кезең-кезеңімен іске асатын болады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, меншік нысанына қарамастан елімізде 1 миллион 359 мың бейнекамера болса, оның 310 мыңы орталық басқару мен полицияның кезекші пункттерінде орналасқан.