Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:25, 02 Маусым 2025

Азаматтардың жалақысы қатты өсіп кетті - Жұманғарин

Жұманғарин
Фото: primeminister

"Пандемия кезінде халықты қолдау үшін барымызды шаштық", - дейді ол.

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары республикалық бюджет шығыстарының не себепті артқанын түсіндіріп өтті. Серік Жұманғариннің айтуынша, 2020 жылдан бастап, яғни пандемия кезеңінен бері республикалық бюджет шығыстары шамамен 7–8 триллион теңгеге артқан.

«Сосын Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бері қордан алынған қаражат деңгейі 5 трлн теңгеден түспеді. Биыл жоспар бойынша келесі жылға нысаналы трансферттерді Ұлттық қордан сұрамаймыз. Ол деген қазір есептегенде – 3,2 трлн теңге. Осы ақшаны Ұлттық қорда қалдырамыз. Өйткені салық реформасынан жаңа кірістер күтеміз. Бірақ шығыстарымыз неге өсіп кетті? Себебі пандемия кезінде адамдарға қаражат бердік, экономика жарты жыл дұрыс жұмыс істеген жоқ, адамдар үйде отырды, 41 мың теңгеден бердік. Азаматтарымызды қолдау үшін барымызды шаштық қой», - дейді Жұманғарин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Сондай-ақ, Серік Жұманғариннің айтуынша, 2022 жылы елде жалақы көлемі айтарлықтай ұлғайған.

«2022 жылдың басында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтердік, содан кейін әрбір жыл индексация жасадық. 2020-2022 жылдары инфляция 22 пайыз болды. Соған байланысты міндетті түрде осы пайызға индексация жасадық. Сондықтан жалақы мықты өсіп кетті. Инфрақұрылымға да сол кездері қаражатты жақсы бердік. Соның әсерінен бюджеттің шығыстары көбейді», - деп түсіндірді Жұманғарин.

Министр Серік Жұманғариннің айтуынша, экономиканың өсуі мемлекет тарапынан оның дамуына бөлінген қаржыға тікелей байланысты. Ол бюджеттен бөлінетін қаражат инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік салаларды қолдауға, жалақыны арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатынын айтты. Бұл шаралар елдің ішкі экономикалық белсенділігін арттырып, жалпы ішкі өнімнің өсіміне оң әсер етеді.