Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 15 Наурыз 2022

Азаматтық алғандарға алданып қалмайық

None
None

Ресейдегі халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына байланысты шекара асуға асыққандар көп.

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, қазіргі кезде Ресей азаматтары Telegram желісінде топ ашып, Қазақстанға көшіп келуге ниеттеніп отырғандарын жазған.

Еліндегі жағдай тұрақталғанша, ресейліктердің біразы Грузияға көше бастады. Бүгіннің өзінде ол елге 20-25 мың ресейлік қоныс аударған. Қазіргі кезде грузиялықтар ресейліктердің жаппай қоныс аудара бастауына қарсылық танытып жатыр. Көрші елдегі жағдай тұрақталатын түрі көрінбейді. Яғни, бұл ресейліктердің Қазақстанға да көп күттірмей, келетінін аңғартады. Анығын айтсақ, ақпарат көздері бүгіннің өзінде Қазақстанға 9 мыңға жуық ресейлік қоныс аударғанын жазып жатыр. Дегенмен ҰҚК баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың сөзіне сенсек, көрші елден ағылып жатқан босқындар байқалмайды. Алайда бұрынғы тәртіп бойынша шекарадан келіп-кетіп жатқан ресейліктердің бары рас. Ал соңғы уақытта елімізге Ресейден қоныс аударғысы келетін жандардың саны артқанын әлеуметтік желілерде ашылған каналдардан байқау қиын емес. Мәселен, соңғы уақытта біздің елдегі бірнеше қалаларда қонақ үйде бос орын жоқ, ал үйді жалға алушылар артыпты. Тіпті, қонақ үйлері бос тұратын Қостанайдың өзінде шетелдіктер көбейіп жатқан көрінеді. Құдай қосқан көршіміз қоныс аударып қана қоймай, азаматтық алудан да дәмелі. Кісі қулығына құрық байламаған заманда азаматтық беруде абайлау қажет екенін көріп те жүрміз. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін елдегі ұлты өзге кейбір азаматтар ұлтараздықты қоздырып, бір бүйрегі көрші елге бұрылып жатқанын байқата бастады.

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан ресейліктердің елімізге жаппай көшуі Қазақстанның қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтады. Оның пайымынша, үдере көшуге тосқауыл қоймасақ, елге қоныс аударған бес-ақ қана миллион ресейлік Қазақстанның қауіпсіздігін әлсіретуі әбден мүмкін. Оның үстіне, онсыз да жұмыссыздары көп біздің елде жұмыссыздық деңгейі артып, халықтың тұрмысы нашарлайды. Өйткені қоныс аударушылар еңбек нарығында Қазақстан азаматтарымен бәсекелеседі. Сондықтан құзырлы орындар қазірден бастап, азаматтық беруде нақты шаралар мен шектеулер қабылдауы қажет. «Көшіп келушілерге елімізде тек уақытша тұруына рұқсат беру керек. Мәселен, «бір айдан соң, олар елдеріне оралуы керек», деген шарт қойған жөн. Ал Қазақстан азаматтығын алғысы келгендерге міндетті түрде қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан емтихан тапсыратындай, тетік қарастыру қажет. Бұл тек қана ресейліктерге ғана емес, кез келген шетел азаматына қатысты. Сондай-ақ бес жыл көлемінде заңды бұзбай өмір сүруі тиіс. Қолданыстағы Қазақстан азаматтығын алудың ережелерін қатаңдататын уақыт келген секілді», – дейді Мұхтар Тайжан.  

Сондай-ақ белгілі кәсіпкер, журналист Арман Шораев та Ресейден Қазақстанға көшіп келгісі келетіндерге шекараны ашпау керек екенін айтып үндеу жасаған еді. Оның айтуынша, Ресейді ешкім соққының астына алып жатқан жоқ. Сондықтан дәл қазір жаппай, өз елінен көшіп жатқандардың ісінде күмән көп. «Ертең Қазақстанға көшіп келсеңдер, сепаратист болатындарыңа ешкім күмәнданбайды. Сондықтан мен сендердің Қазақстанға көшіп келулеріңе қарсымын. Сендерді мұнда ешкім күтіп отырған жоқ», – деді ол.

Көші-қон полициясы алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартып, қазіргі кезде елдегі бірде-бір облыста азаматтық алуға өтініш білдірген ресейліктер жоқтығын жеткізді. Дегенмен көші-қонның қырағылығын қайдам, қазір қос азаматтықпен жүргендер жетерлік. Ата заңымыздың өзінде Қазақстанның азаматтығын басқа мемлекеттің азаматы ала алмайтыны жазылған. Қолданыстағы заңға сүйенсек, қазақстандықтар да басқа елдің азаматтығын алмас бұрын біздің есептен шығуы тиіс. Бұл үшін Ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алу туралы бір ай бұрын хабарлап, жеке куәлігін тапсыру міндеттеледі. Азаматтық туралы заңнаманы бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылып, елден де шығарылады. Алайда бұл заңнама азаматтық алудың ережесін айналып өтетіндердің әрекетіне тосқауыл болып отырған жоқ. Оның үстіне, азаматтық алудағы қолданыстағы заңнан бөлек, 2000 жылы күшіне енген төрт мемлекет арасындағы азаматтық алудың оңайлатылған тәртібі туралы келісім бар. Онда Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей азаматтары азаматтық алуда жеңілдетілген тәртіпте өтініш бере алатыны көрсетілген. Келісімнің 2-бабында тараптардың азаматтық алу үшін тиісті органдарға беретін құжаттары бар. Бұл бойынша өтініш, паспорт немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжат, туу туралы және неке туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі болса жеткілікті. Ал ішкі істер органдары осы келісімге сәйкес, құжаттар берілген күннен бастап, 3 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырады. Ал азаматтық алып жатқандардың өзге елдің азаматы екенін анықтайтын автоматты жүйе де, ортақ база да жоқ. Салдарынан, соңғы жылдары қос азаматтық алатындардың саны артып келеді. Қазақстандықтар арасында да шет мемлекеттің азаматтығын біздің азаматтықтан шықпай тұрып алатын жағдайлар кездеседі екен. Әсіресе, ауылы аралас, қойы қоралас көрші елге жақын аймақтарда екі елдің төлқұжатын арқалаған жандар көптеп анықтала бастады.

Не десек те қос азаматтық елдің ертеңі үшін қауіпті. Екі елдің арасында емін-еркін жүргендерге бүгін тосқауыл болмаса, ертеңгі күні бармақты тістеп қалуымыз да ғажап емес. Мәселен, тарихта қос азаматтыққа рұқсат еткен елдердің ұтқаннан ұтылғаны көп екенін де көріп отырмыз. Өйткені қос елдің төлқұжатын иемденгендер ертең қай елге бүйрегі бұрады? Құжаты қазақстандық болғанымен, жүрегі өзге жұртқа қарата соғып тұрса, опық жеген елдердің қарасын көбейтіп қаларымыз анық. Осы елдің нанын жеп, суын ішкен Жириновскийдің өзі құдығына түкірген сайын арқасы қозып, жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырып жататын өзге ұлттар жетерлік. Тіпті, жерімізді жалға алған көршілердің өз еліміздің территориясында тұрып, өзге елдің шашбауын көтеруге мәжбүр болғанын көріп отырмыз. Сол үшін әлгідегі азаматтық алудағы баптарды қайта қарап, жауапкершілікті қатаңдату уақыт күттірмеу керек-ақ.

Тегтер: