Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 15 Сәуір 2022

Азаматтық қоғамның аузын жаппақ

None
None

Демократиялы ел болуға көшкен елдерде азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге барынша, тырысып бағады.

Ал халықтың үнін естуді мақсат еткен біздің елде сөз бостандығы барған сайын қыспаққа алына бастады. Өйткені жоғары палатаның қарауында жатқан құжат кибербуллинге қарсы жұмыс істейді делінгенімен, жауаптылар жұрттың аузын жаппаққа білек сыбана кіріскен сыңайлы. Неге дейсіз бе? Заң жобасы қабылданар болса, Қазақстандағы WhatsApp, Facebook және Telegram шетелдік мессенджерлері бұғатталуы мүмкін. Бұл дегеніңіз – талай жылдан бері айтылып келе жатқан «азаматтық қоғамның ашықтығын қамтамасыз ету» деген ұранның бос сөзге айнала бастағанын ұқтырады. Елдегі заңгерлер мен қоғам белсенділері осылай дейді.

Соңғы жылдары балалар емес, ересектердің өзі де буллинг пен кибербуллингке жиі ұшырайтын болды. Әсіресе, әлеуметтік желіден келетін қауіп-қатер екі есеге көбейді. Тәулік бойы телефон мен смартфонға телмірудің соңы өзін-өзі өлімге итермелеуге сеп болып жатқанын да жоққа шығара алмайсың. Алайда қолданыстағы Қылмыстық кодексте «Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгез­дiк­пен қарау немесе оның адами қадір-қа­сиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп жазылған. Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотының судьясы Қуаныш Терлікбаев «өзін-өзі өлтіру – қандай да бір мән-жайлардың ықпалынан адам­ның өзін өмірден айыруы», дейді. Ал заңда өзін-өзі өлтіруге жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін бірнеше әрекет көрсетілген. Иә, біздің заңдарда барлығы бар. Тек оны қолдануға келгенде, кемшілік көп. Жәбірленушінің немесе марқұмның соңғы хатында айтылғанды негізге алу қиынның қиыны. Кодекс бар, желідегі жазба да бар, бірақ куәгер жоқ. Сондықтан кибербуллингтің құрбаны болғандардың соңғы үмітін ақтау соттың да қолынан келмейді. Мәселен, соңғы он жылға жуық уақытта ко­декстің дәл осы бабы бойынша қозғалған іске сот үкімінің оқылуы некен-саяқ. Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі маман­данды­рылған ау­данаралық сотында 2015 жылдан бері осы баппен айыпталғандар жоқ. Күн сайын болмаса да апта сайын суицид туралы сұмдық оқиғалар болып жататын Алматы қаласының өзінде соңғы жылдары өзін-өзі өлтіруге дейін жет­кізгені дәлел­деніп, жаза арқалағандар жайлы естіген емеспіз. Олай болса, бар заңның өзін қолдана алмай тұрып, үсті-үстіне ереже қабылдаудың қажеті қанша деген заңды сұрақтың қойылуы заңдылық.

Қайталама заң қажет пе?

Қазына қаржысына жыл сайын 5 млрд доллар шығын әкелетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы буллингтің алдын алу үшін аса қажет көрінеді.  Құжатты қараған депутаттар ереже заңға бағынатын азаматтарға, блогерлер мен қолданушыларға қиындық әкелмейтінін алға тартып әлек. Депутат Айдос Сарымның айтуынша, бұл кибербуллингпен күресуге және балаларды одан қорғауға бағытталған. Себебі желі әкімшілері Қазақстанның мемлекеттік тілін білмегендіктен, заңмен тыйым салынған қазақша контентті, соның ішінде, жала, порнография, зорлық-зомбылыққа шақыруды бұғаттамайды. Сол себепті алпауыт елдердегі интернетті ұлттандыру саясатынан ұтарымыз көп болатынын айтқандар Еуропаны мысалға келтіреді. Мәселен, Германияда 2017 жылдан бастап экстремизм, терроризм, порнография, қорлау, өтірік айту, жала жабу және тағы басқа контентті заңсыз деп танудың 22 негізі бар заң қабылданған. Осы заңның талабын орындамағандар 60 миллион еуроға дейін айыппұл төлейді. «Сондықтан ақша табуды ғана көздейтін және мойнына ешқандай жауапкершілік алғысы келмейтін техноалыптармен тиімді күрес жүргізудің жалғыз тәсілі тиісті заңды қабылдау» дейді депутаттар. Олардың ойынша, мемлекеттің ірі әлеуметтік желілердің иелерін бағындыратын басқа мүмкіндігі жоқ.

 Желідегі ақпараттың кесірінен, адам өзіне қол салса, қайғылы оқиғаға жауапкершілік әлеуметтік желі емес, мемлекетке қарата айтылады. Сондықтан әлеуметтік желі әкімшілері ел аумағында мемлекеттік тіркеуден өтіп, оларды заң жобасын дайындаған уәкілетті орган төбесінен қарауы керек. Демек, ендігі жерде елімізде күніне, орташа есеппен, 100 мыңнан астам қолдану­шысы бар шетелдік онлайн-плат­форманың иесі немесе заңды өкілі БАҚ саласында уәкілетті органмен қарым-қатынас жасайтын заңды өкілін де тағайындауы тиіс. Заңға қайшы деп тапса, кез келген ақпа­ратты желі 24 сағат ішінде өшіре алады. Бірақ буллинг пен кибербуллингке ұшырағандардың желідегі жазбалары айдан анық дәлелденіп тұрып, дәлел таппай тұрғанда, желіні бұғаттап, буллингті болдырмаймыз дегеннің бос қиялға айналмасына тағы кепілдік жоқ. Балаларды қорғау – бүгінгі күннің басты мәселесі. Дегенмен баланың құқығын қорғауды желеу етіп, әлеуметтік желілерді бұғаттау қисынға келмейді. Себебі буллинг бір ғана әлеуметтік желіге тіреліп тұрған жоқ. Кибербуллингті сылтауратып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді бұғаттаған елдердің арасындадамыған мемлекеттерді кездестіру қиын. Керісінше, бұл елдер сөз бостандығы бойынша рейтингтің соңына жайғасқан. Бұл заң нормасы қабылданса, азаматтардың ақпарат алу, оны тарату құқығы шектелмек. Мәселен, буллингті сылтауратқандар ертең билікке сыни пікір жазғандардың да жазбаларын өшіруі мүмкін. Оның соңы елдің халықаралық ұйымдардың мүшесі ретіндегі беделіне нұқсан. «Ол ғана емес, елге түсетін инвестиция азаяды. Бизнестің іскерлік белсенділігі төмендеп, жарнама мен электрондық сауданың дамуы тежеледі», –  дейді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының директоры Тамара Қалеева.

Сенімсіздік танытқандар көп

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу ке­зінде жыл сайын елімізде ондаған мың баланың құқығы бұзылғаны анықталады екен. Әсіресе, TikTok-тан жасөспірімдер арасында суицидті насихаттайтын 1,7 мыңға жуық бейнежазба табылыпты. Елдегі кейбір психолог мамандар жастар мен жасөспірімдердің арасында желідегі жазбалардың әсерінен, өзіне қол салу себептерін түсіндіргенде, блогерлердің ғажайып өмірі мен «сұлулығы» септігін тигізеді екен. Бел­гілі бір дәрежеде әлеуметтік желі­лердің осындай психологиялық тұрғыда қауіп-қатері бары рас. Кибербуллинг туралы арнайы заңдары бар елдерде ауыр эмоционалды іс-әрекет тудырған интернеттегі мінез-құлық қылмыстық әрекет саналады. Осы арқылы адамдардың құқығы қорғалады. Бұл тұрғыдан алғанда, заң жобасының тиімді тұстары бар. Алайда біздегі жағдайда құжатқа қарсылық танытқандардың саны неге көп? Себебі де жоқ емес. Әлеуметтік желіде адамның ар-намысына тигені анықталып тұрса да «қылмыстық құрам» табылмайды. Екіншіден, Қазақстанның бұдан бұрынғы Google-ға контентті жою туралы жолдаған сұрауларында суицидке басымдық берілмеген. Былтыр алғашқы 6 айда Google-ға Қазақстан контентті жою туралы сұрауларының ішінде ұлттық қауіп­сіздік (34) және билік өкілдерін сынау (34) санаты бойынша ең көп сұраныс жіберіпті. Алалай­тын мәлімдемеге 3, қалған санат бойынша 13 сұраныстың ішінде буллингке байланысты сұрау жоқ. Қауіпсіздік бо­йынша сұраныс жібергені түсінікті, ал  билік өкілдерін сынайтын жазбаларға мән бергені біртүрлі көрінбейді ме?

Осы аптада жоғары палатада құжат жобасы талқыға түспек. Заң жобасымен жұмыс жүргізіп жатқан сенатор Динар Нөкетаева жұмыс тобының отырысы аяқталып, комитет қарауына жіберілгенін жеткізді. Одан кейін пленарлық отырыста кем-кетігі тағы талқыланады, деп отыр.

Конституцияға қайшы

Адвокат Алмас Сәлпеков басы заң жобасы кибербуллингпен күрес деп басталғанымен, құжаттың мазмұны басқа арнаға бұрылған деп санайды. Әлеуметтік желілердің өкілдіктерін ашудың артында азаматтық қоғамның не айтқысы келгенін бақылауда ұстау мақсаты тұр. Ертең өкілдіктер бұл ақпаратты ұсынбаса, желіні бұғаттауға мәжбүр ету шарасын қолданады. Оның соңы қарапайым адамдарға әсер етеді. Ал әлеуметтік желінің жекелеген адамдарға психологиялық тұрғыда ықпалы анықталса, сот арқылы бұғаттау шарасын орындатуға мүдделі болуға тиіс. «Желідегі жазбалардың соңы суицидке апарған жағдайлар болды. Кибербуллинг нақты себеп болуы мүмкін кезде сот арқылы бұғатталуы керек. Адамның құқығына қол сұғу жағдайы сот арқылы ғана шешілуі тиіс. Мемлекеттік мекемеге сын айтқандар да қудаланбау керек. Әлеуметтік желілер бұғатталса, азаматтардың пікір айту құқығы шектеледі. Азаматтар кез келген жолмен өз пікірін айтуға құқылы. Осы құқықты шектеу Конституцияға қайшы», – дейді Алмас Сәлпеков.

Заңгер Мәди Мырзағараев та құжаттың пайдасынан зияны көп боларына сенімді. Өйткені әлемдегі және елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге белсене қатысып отырған азаматтық қоғамның құқығы тапталады. «Ақпараттық технологияға жауапты мекеме елімізде IT хабтардың жұмысын дамытуға талпыныс жасау керек. Осындай мүмкіндікке талпыныс жасап отырып, мынандай заң жобасын ұсыну талпынысымыздың тамырына балта шабумен бірдей. Желі арқылы нәпақасын тауып, халықтың қаржылық сауатын ашып, жұрттың мұң-мұқтажын жеткізу мен мемлекеттік органдардың былықтарын жариялау кибербуллинг ретінде қарастырылмау керек. Желіде кибербуллингтің көбейгенін жоққа шығармаймын. Бірақ көлік апаты көбейді деп көлік қозғалысын тоқтатып, заңсыз аң аулап жатқандарды көріп тұрып қару сатуды шектеген жоқпыз. Ендеше, әр нәрседе пайдасы мен зияны қатар жүреді. Сол үшін әлеуметтік желінің жалпы қоғамға пайдасын түсіндіріп, зиянын барынша саралауды үйрету керек», – дейді заңгер. Оның пайымынша, балалардың құқығын ұран ету интернет кеңістігін мемлекеттік бақылауға алудың құралы ретінде қарастырылып отыр. Әйтпегенде, біздегі бар заңдардың жұмыс істеуін жақсартып алсақ та жетіп жатыр. Сол баптардың өзін толық қолдана алсақ, желідегі жүгенсіздікті реттеуге септігін тигізер еді.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан заң жобасына түбегейлі қарсы. Оның сөзінше, құжаттың артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру ғана тұр. Егер заң жобасы осы күйінде қабылданса, оның қызығын Қазақстанды 50 жылға кері кетіргісі келетін, елде Кеңес Одағы кезіндегідей, цензураны күшейтіп, адам құқын таптауға ниетті шенеуніктер ғана көреді.

Қорыта айтқанда, буллинг пен кибербуллингке тосқауыл қою әлеуметтік желіні бұғаттаудан бұрын, телефонға телмірген балалардың отбасындағы тәрбиесінен басталуы керек-ақ. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде кибербуллингтің зардаптары туралы түсіндіретін арнайы мамандарды дайындап, информатика пәніне кибербуллингке қарсы қосымша сабақтар енгізу қажет.

Тегтер: