Азат ӘКІМ. Екі күн, екі түн

25.09.2018, 19:00

3

Екі күн, екі түн(әңгіме)[caption id=«attachment_18127» align=«alignnone» width=«255»] Азат ӘКІМ[/caption]Астана тұрғыны Айшуақ зейнеткер, ай сәулесіндей момын, тыныш кісі.  Саналы ғұмыры өткен жұмыс орнының ұмытпайтынына тәубе, жыл сайын Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесі күні азын-аулақ сыйлықтарын табыстағасын еңбек ардагерлері ілтипәтқа мәз. Осы дәстүр Наурыз дастарқанында жалғасын тауып жататыны да көңілге жұбаныш.Үлкен ұлы мен қызы шаңырақ құрғасын тұс-тұсына кетті, тұңғышы Санат Алматыда, қызы Көкшетауда. Есік көргенге үйленген кенжесі де оңаша күндерін кешуде, келіншегінің ізінен еріп келген баласы жас. Кемпірі төркін жұртында, марқұм болған немере ағасының жетісі берілгенше сол жақта болмақшы.Кенжесі Демесін. Университетінде сырттай оқуға ауысқасын базардағы алыпсатар әйелі екеуі сауда-саттыққа біржолата көшті. Кейбір жиі айтатын сөздері жаттанды.– Шешеміз ара-тұра сырқаттанып қалады. Әкеміз ешқашан ауырмайды, денсаулығы мықты, уайым-қайғысы жоқ.– Кез-келген адамның уайымы болады, балам. Ал енді қалқайып жүргенімді көп көрме. Ажал айтып келмейді, — деп жауап берді соңғы көргенінде.Бес қабатты, көп пәтерлі тұрғын үй ауласындағы түрлі ағаш бастарында жарыса шықылықтаған ұсақ құстар, табиғат жаңарған, жасарған, тал-терек жапырағын жайған көктем айы. Айшуақ жеңіл-желпі киіммен дүкеннен азық-түлік алып қайтты, сыртта салқын, өкпек  жел бар екен. Шаншу қадалды ма? Тыныс алған сайын тесіп ауыратын кеуде тұсы ғана емес, бір зұлмат күш  тұла-бойын қалтыратып әкетіп барады. Қалта телефоны арқылы базардағы баласына науқастанып қалғанын сөз етті.– Түстен кейін барармын, — деді кенжесі. Туып-өскен шаңырағына келіп қайтуы үшін бірнеше рет қоңырау соқпаса, Демесінінің айтқан сөзі айтылған жерінде қалатыны белгілі. Айшуақ өзімен өзі сөйлесті.– Қаперінде жүрсе болғаны. Біржолата қисайып қалсам, серейіп, қатып қалсам, үн-түнсіз қалсам, бәлкім, іздеп келер.Тұла-бойы күйіп-жанып тұрғасын төсегіне жатты. Көз алдында қыста да көкөнісі, жеміс-жидегі үзілмейтін Көкбазар, киім-кешегі жұпыны Тақыман елес берді. Тақыман Алматыда, теміржол техникумында бірге оқыған жігіт. Қандай себебі болғанын кім білсін, көзі жәудіреген келіншегін, кішкентай бөпесін, тым жақсы жұмысын тастап, бір күнде кезбеге айналып шыға келді. Көкбазар жол үсті, әрі-бері өткенінде жиі көретіні жүдеу-жадау Тақыман. Тақыманның ендігі ойы туып-өскен жері Түркістан қаласына жетіп жығылу еді. Қинайтыны жолпұлы.– Пойызға билетіңді алып берейін, ертең түсте келемін, — деді Айшуақ. Ертеңіне түсте Тақыман үйреншікті орнында көзіне түспегенімен бір аптадан соң «Саяхат» сапаржайында кездейсоқ ұшырасқанында әңгімесі өзгеріпті.– Түркістанға баруын барармын, бірақ көзге күйік боламын ғой. Жақсы ит өлімтігін көрсетпес, — дейді.Қыс алдында бір аяғын сүйретіп басып жүргенін көрді, жанында жас әйел, бас жазатын сұрағасын қолына шараппұл ұстатты. Тақыман көзі күлімдеп ризашылығын білдірмеді, өмірі әдептен озбайтын, ішімдік азып кеткен түр-түсін ғана емес, мінез-құлқын да өзгертіп жібергендей.Жаңа жыл қарсаңында Айшуақ әлгі жас әйелмен «Арасан» моншасы жанында кездесті. Қайыр-садақа дәметкені ғой, бір алақаны жаюлы.– Тақыман қайда жүр? — деп сұрақ қойған. Әйел ләм-лим деместен төмен қарап тұрғасын Айшуақ қайталап сұрады.– Тақыман қайда?– Өліп қалды, — деді атау керенің  шөлінен ындыны кепкен әйел әрең тілге келіп.Ілгеріде Айшуақ Көкбазар іргесінде Тақыман қиылып қоймағасын жанына отырып әңгімелескені бар, жарты кесе шарабын ішті.– Өзіңе өзің би, бостан тірлікке не жетсін?!.. Қатарымызға қосылмайсың ба?  Жаратқаннан басқа ешкімнің алдында есеп бермейсің.Айшуақ ештеңе демеді. Осы күні ойлап қараса, бірсарынды, күйбең  тірлігінің Тақыманның пешенесіне жазылғанынан өзгешілігі шамалы. Жас күнінде көшенің бір бұрылысынан шыға келетін қайырымды адам өмірдің мән-мағынасын түсіндіретіндей үміті болушы еді. Алдамшы үміті әлдеқашан құрдымға батты, іздегені отбасында да жоқ болып шықты. Жарық дүниеден қанағат таппағасын көңілі жетімсіреп жүргені.* * *Шәй қойып ішуге дәрменсіз, ажалына көрінсе керек, бүкіл өмірі көз алдында тізбектеліп өтіп жатыр. Қалашық сыртындағы бақшалықтың басы, кетпенін иығына асқан әкесінің  ойы бас арықтан бақшалыққа су жығу, шешесі көкөністің арам шөбін отап жүр. Нәресте шағы, ештеңені түсініп жарытпайтын Айшуақ қос жанындағы құдыққа еңбектеп жеткендей, шақырайған күн ыстық, құдықтағы мол, салқын суға түскісі келеді. Періште қаққан шығар, құдықтың бір қабырғасына жабысып тұрған бойы бір қарыс шал үрей ұялатты. Артынан үн-түнсіз келген шешесі қолына көтеріп алысымен әлденені төндіріп айтуда, сөйлеп жүріп беліне таққан көлдей орамалымен қостың көлеңкесіне қаққан қазыққа бір аяғынан байлап қойды.Ойын баласы кезінде жастары қатар жүгірмектер қатты сөз айтса, абыржып, қаймығып қалатыны өзіне аян. Олармен араласқысы келмейтінінің сыры осындай, ара-тұра көршінің кішкентай қызымен ойнағаны болмаса, әке-шешесіне үйірсек. Жалғызы болғасын ата-ана мейірімі ерекше, айналып-толғанып отырғандары.– Қой аузынан шөп алмайсың. Өскесін қандай шөпжелке кездеседі? Қарадай басынып алатын біреуі тап келе ме? — дейді шешесі кейде уайымдап.– Құдайдың көзі түзу болсын, — деп әкесі сөз қосады.Мектебінде қақ-соқпен ісі жоқ. Үшінші класс оқушысы, сабағы біткесін үйіне қайтты. Қалашық көшелерінің бірінде қарсы жолыққан өзі құралпы Жетен деген бала тоқтатып қойды.– Менімен төбелес, — дейді.– Неге төбелесемін?!.. — деп шошып кетті Айшуақ. Әке-шешесінің тәлім-тәрбиесі, төбелесті жаман балалар ойлап тапқанын айтып тұрғанында Жетен тұмсығынан оңдырмай соқты. Кейін сол баланы әудем жерден көрсе, жалма-жан бас сауғалап қаша жөнеледі. Аш құлақтан тыныш құлақ, әлгі тентектің үй-іші көп ұзамай әкесінің қызмет бабымен облыс орталығына көшіп кетті.Көп сөйлемейтін, көркем кітапты жандосындай көретін Шынтас көршісі, жасы қатар, оқитын мектебі басқа. Айшуақ аттестатын алатын жылы аудандық сот Шынтасты түрмеге кесті, үкімі екі жыл. Үлкендердің сөзіне қарағанда, болашағынан үміт күттіретін жас. Бір күні Мәдениет Үйінің бір қабырғасына бақандай әріптермен совет өкіметіне қарсы саяси сөздер жазыпты. Оның арты әлгіндей. Көршісінің үйі шырағы сөнгендей жым-жырт,  Айшуақ та Шынтасты жамандыққа қимай ұзақ уақыт іштей қайғы кешті.Теміржол техникумында оқып жүргенінде тартатыны темекі, анда-санда шарап пен сыраға да кет әрі емес  қатарларынан аулақ жүреді. Сабаққа ынтасы, үлгірімі өте жақсы. Көрші топта оқитын Гүлжайна сырласы, күнде дерлік үзілісте екеуі ұсақ-түйек әңгіме көйітетін. Бір күні Гүлжайнаның куратор апайы қыздармен оңаша өткізген тәрбие сағатында дипломдарын  алғандарынша жігіт-желеңді ұмытуды шегелеп тапсырыпты.– Бір пәлеге ұрынып қалсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер, — деп ескерткендей. Гүлжайна аяқ астынан өзгеріп шыға келді, күндегідей емес,  әңгімелесуге құлқы жоқ. Кейін ұл мен қыз ара-тұра бой тасалап тілдескендерімен Айшуақ сол бойжеткенге ұнататынын айта алмай-ақ кетті.Теміржол техникумын бітіретін жылы әке-шешесі бірінен соң бірі дүниеден озды, есінен танып жүргенінде  дүкенші Зылихамен танысып-біліскені  көңіліне медет болғандай. Еті тірі, пысық қыз, Айшуақтың марқұм ата-анасы туралы жанашыр,  қамқор сөзі  сүйіспеншіліктеріне жол ашты.Оқуларын үздік бітірген үш бала, ішінде Айшуақ та бар, екінші Алматы теміржолында еңбек жолын бастады. Айлығы жақсы, ел қатарлы шаңырақ көтеру ендігі бір ойы.  Көп ұзамай үйлену тойлары өтті, жас жұбайлар пәтер жалдаудың, түрлі себептермен жиі қоныс ауыстырудың қиыншылығын бастарынан кешті, ақырында бір жылдан соң Целиноград қаласына көшіп келді. Келіншегі Зылиханың туып-өскен жері осы өлкеде, Айшуақ Арқа өңіріне бірте-бірте бойы үйреністі, кеңпейіл елін ұнатты. Жұмысқа тұрған мекемесінде бригадир, көп ұзатпастан мастер сияқты жұмыстар жүктелгесін теміржолдың талай шақырымдарын жаңартты, шойынжол бойында үлкен-кіші көпірлер тұрғызды. Жұмыстың көпшілігі қол күшіне зәру, бірқатар жаңалықтар енгізілгені, жаңа техникалар пайда болғаны бертінде. Ұзақ жылдар жатақханада күндерін кешті, осыдан да болар,  теміржол кәсіподағы үш бөлмелі пәтер кілтін бергенінде жаны қалмай қуанғанын неге ұмытсын?!.Өмір бірақ тақтайдай тегіс жол емес. Бәйбішесі Демесініне аяғы ауыр кезінде жолаушы пойызы жолдан шығып кетті. Өлім-жітімнен аман. Бәрібір жолдың осы бөлігіндегі шойынжолды жаңғыртуға бас-көз болған Айшуақ прокуратура өкілінің беті қатты тергеуінен құты қашты. Үш күн ішінде тиісті мамандардан құрылған арнайы комиссия жаңадан төселген жолдың апатқа ешқандай қатысы жоқтығын анықтағасын өрекпіген көңілі барақат тапты.Қай жылдары еді, Құдай-ау? Ия, үлкені Санат жетінші класс оқитын кезі. Кешкісін еріккен балалар орталық көшедегі әмбебап дүкеннің терезесіне кесек лақтырып сындырыпты. Млитса қылмысы үстінде екі баланы ұстайды, соның біреуі Санат. Айыппұл төлегендерімен айқай-шуы Айшуақты сорлатты. Республикалық гәзеттің меншікті тілшісі  қараусыз, жүгенсіз кеткен жасөспірімдер туралы өткір мақала жарияласын. Кеңес заманы, қалалық партия комитетінен теміржол басшылығына балаларының тәлім-тәрбиесіне тиісті мән бермейтін ата-аналармен әңгіме өткізу, әкімшілік шара көру туралы ресми хат түседі. Айшуақтың үш ай бойы жұмысынан босап қалатыны осы уақыт, үш ай бойы теміржолдың орталық кеңсесінде аула сыпырушы болды. Ара-тұра азды-көпті таныс үлкен бастығы өзі бұрылып келіп амандасады.– Жағдай қалай, замандас? — дейді.– Жақсы, — деп Айшуақ бір ауыз сөзбен шектелетін. Бастығы Жадырасынның туып-өскен ортасы, тамыры ауылда. Тағы бірде кездескенінде Айшуақты қолтықтап алған Жадырасын іштартып сөйледі.– Қырқы кетті, қырық бірі де кетер. Сабыр түбі – сары алтын, тілектес адамыңның біреуі менмін.Қашан, қай күні бар билігі әйелінің қолына көшкені белгісіз, Зылихасы миын шағып бітті.– Ұялмай-қызармай бізбен бірге дастарқан басында қалай отырасың?  Аула сыпырушы болғанша, өліп-ақ қалғаның жақсы еді, — дейді. Күнделікті қитұрқы сөздері жүйкесін жұқартты. Бәйбішесіне салса, болған іске тұңғыштары Санат емес, күйеуі кінәлі. Осындай көңіліне қаяу түсірген түрлі жағдайлар болды ғой. Олардың бәрін жіпке тізіп жату қажет пе? Үш айдан кейін жаңа бұйрық шықты, Айшуақ бұрынғы жұмысына қайтадан бекітілді.Теміржол жұмысының тәртібі қатал, уақытпен санаспай жұмыс істейсің,  іссапары жиі, шаңырағына жан шақыру үшін келеді. Балалары әйелі Зылиханың ақыл-кеңесімен ержетті, оның үстіне екі ұлы мен қызының түр-сипаты шешелеріне тартқаны көзге ұрып тұр.Ақыры, міне, бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетті, бәрібір жаңалығы, қуанышы жоққа тән. Таңертең төсектен тұрысымен кемпірінің  қуыратынын немесе асатынын мұқият жуып-тазалап, турап, тоңазытқышқа салып қояды. Тағы бір шаруасы азық-түлік алу үшін ара-тұра ескі базарға, сондай-ақ жақын дүкендерге бару. Кемпірі оянысымен шайы алдында, бірінен кейін бірі басталатын сериалдарын өліп-өшіп қарап отырғаны. Шәлкем-шалыс мінезі бұрынғыдан да бетер, ананы-мынаны айтып шыбын жанын қуырып бітеді. Есі кірмеген балаға жақсы-жаман төңірегінде ақыл айтқанға ұқсайды сөзі. Әңгімесін:– Әй, сормаңдай! — деп бастайтын.Ортаншысы, қызы Мәруа  Көкшетаудан Астанаға келсе, әкесіне  тиісіп сөйлейтіні шешесінен жұққан мінез.– Сенің ауырмай-сырқамай жүргенің анашымның күтім-бағымының арқасы. Анашым  болмаса айналаң тастай қараңғы түн болар.Әрдайым үн-түнсіз қалатын Айшуақ төргі бөлмеге өтісімен төсекке теріс қарап жатты.  Әлден уақытта кемпірінің айқайы шықты.– Жанымызға кел, ортақ әңгіме айтып отырғанымыз. Бөтен емессің, тыңда, — дейді қосағы.Сүйретіліп дастарқан басына келді. Осы шаңырақтың қәртайып өлген,  ақылды  мысығы туралы қызы мен кемпірі қызу әңгіме соғып отыр.– Мысық құрлы қадірім болмады-ау, — деді ішінен.Өмір сүріп жатқан қоғамы да жаттай көрінеді. Жолаушы көліктерінде, дүкендерде, Есіл жағалауында тотықұстай орысшасынан жаңылмайтын қандастары. Қайда барсаң да осындай кеп. Үш ғасыр бойы патша отаршылдығы, жетпіс жылдан астам уақыт совет өкіметі жүзеге асыра алмаған орыстандыруды тәуелсіздік жылдары ішінде өзіміздің билік жасап тынды.* * *Биылғы көктемнің бір күні көкірегінде жазулы. Анда-санда балконынан ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көпшілікке көз жүгіртеді, жастардың дауыстары жарқын, көшені толтырып бара жатқандары. Түбіне бойлап қараса,  Айшуақ көптен бері көшеде жүзі жарқырап жүрмеген сияқты.– Кінәлі кім? Кәрілік пе?-деді балконында тұрғанында дауыстап сөйлеп.– Екеуіміз егізбіз. Мәселе ұлғайған жаста емес, біз ата-баба өсиетін ұмыттық.  Ел мен жер үшін күрескендер сотталуда. Ұлттың мақсат-мүддесіне  қарсы тұратындардың ішкені алдында, ішпегені артында,   шен-шекпен де соларда. Осындай өмірде қандай мән-мағына бар? — дейді көлеңкесі. Дауысы жіңішке.– Не айттың? — деген Айшуақ тіксініп қалғаны.Уақыт ұлы сәске, балконының бұрышына тығылған қамшы сабы көлеңкесі көлденең киліккеніне қынжылатындай, аузына су құйып алғандай тым-тырыс. Айшуақ та қайтып сұраған жоқ.Сырқатының беті жаман, есі кіресілі-шығасылы. Пәтерінің бір кілті кенжесінде, баласы ат құйрығын кесіскендей хабарсыз. Ұйқылы-ояу  кейде сандырақтайды.– Қойыңдаршы, Құдай үшін қойыңдаршы, ыстығым көтеріліп жатыр, — деді дауыс көтеріп. Тұс-тұсынан төніп отырған кемпірі мен бала-шағасы жарысып Айшуақты жазғырып жатқан секілді.Адам жады қатпар-қатпар, сол қатпар-қатпардың тереңінен жылт еткен жақсылық іздейді. Айшуақтың жап-жас күні. Студент кезінде каникулында елге келген сайын әке-шешесінің шығарда жаны басқа.  Шешесінің жалғызына сақтап жүрген сыбаға дәмі мол, керегіңе жаратарсың дейтін әкесі қалтасына ақша тыққыштап әлек. Ата-анасы  жанында Құдайдың еркесі.Екі күн, екі түн өтті, таң алдында түс көрді. Түс бекерге ене ме? Алыстан ат арытып әке-шешесі іздеп келіпті. Өзі студент екен дейді.– Айкөнә, тыныш жата алмадық, ойымыз ең болмаса тәуір болып кеткеніңше жаныңда болу,-деп шешесі керуетінің бір шетіне жайғасты. Оң алақанынан аялап ұстап, сипалап отыр. Айкөнә еркелетіп айтатын аттары.– Бұрын-соңды ауырмайтын едім, апа, — деді Айшуақ. – Жайма төсенішті жаңалайсыз ба?– Жарайды, жаным. Қара терге түсіпсің, шөлдеген шығарсың, шәй іш.– Көкем қайда? Жаңа жүр еді ғой.– Әкең тәуіпке кетті.Сол арада әкесі жетті тәуіпті ертіп. Тәуіп қара қойдың құйрық майын қыздыруға кірісті. Қолын шайып келген әкесі жанына тізе бүккен.– Жарығым-ау, сен төсек тартқалы бері мазамыз қашты,-дейді маңдайына қолының сыртын тигізіп. – Күйіп тұр, салқын тимесе неғылсын.– Көке, амандық хатымды алдыңдар ма?– Жақында алғанбыз, сұрақтарымызға толық жауап жазыпсың, шешең екеуіміз қуанып қалдық.Айшуақты белуарына дейін шешіндірген, кеудесін ыстықтау сұйық маймен ысқылаған тәуіптің алақаны шипалы. Сөзі майда.– Тәуір боласың, балам, — дейді.Ара-тұра қысатын көкжөтелі басылды. Шешесінің сүт қосқан қою шайын сағыныпты, екі-үш кесе ішкесін тіктеліп отыратын халге жетті.– Жазылып кеткенше бір-екі күн бола тұрыңдаршы, — деді Айшуақ әке-шешесіне өтініш айтып.– Ойбай-ау, қайда барамыз? Осында боламыз, құлыным! — деп екеуі  жарысып тіл қатты.Түсіне көлеңкесі де енді. Көз ұшындағы көкжиекке дейін сұлап жатқан көлеңкесі бойын тіктегенінде төбесі көк тіреп тұра қалғаны. Жаратылысы тылсым, құдыретті күштей көрінді.– Құдай бар, әділет өлген жоқ, өмірдің мән-мағынасы сонда, — деді күндей күркіреп.Бұл жолы да түсін жақсылыққа жорыды оянып кеткен бойда. Күн сәскелікке ұзарыпты, төсегіне қарсы үлкен жәшік айнасында құр сүлдесі. Кейде іздейтіні қатары Медет, қаптаған ұл-қыздары әкесі десе құрақ ұшып тұрады. Сондай-ақ құрдасы басына қандай қиындық түскенімен түсін бермейтін, қашан көрсең де көңілді. Екеуі әңгіме-дүкен құрса Айшуақтың бойы жеңілдеп қалатындай. Үйіне қоңырау соққанында Медет бауырының Мойынды шипажайында жыл сайынғы ем-домын қабылдап жатқанын  есітті.Бір жылдан асыпты, кемпірі ыстық тамақ істегені болмаса, басқа үй шаруасына жоқ, аяқ-қолының буындары ауырғасын қолына ұстаған ыдысы да түсіп кетіп жатқаны. Тұрақты түрде екі аптада бір рет пәтерін жиыстыратын жас әйел тазайын. Сол келіншекпен хабарласуы керек, пәтері ыбырсып кетіпті. Бүгін қай күн? Іргедегі  монша жұмыс істей ме? Қай асханадан ыстық сорпа ішкені дұрыс? Осындай  ұсақ-түйек шаруа бас көтеріп шыға келді.Тағы бір ойы қашанғысындай кенжесінің хал-жағдайын білу. Демесінінің әңгімесі  ылдым-жылдым, көбінесе ақыл айтумен аяқтайды сөзін. Әлденеден көңілі тартпағасын ол шаруаны ыждағаттағысы келмеді, ертең тілдеспекші. Асырап бағатындай көрген осы Демесінін уайымдағаны болар,  бірде дастарқан үстінде кемпірі бұрқ ете түсті.– Әй, сормаңдай, бала мен келіннің неге кетіп қалғанын сен білесің. Соны айтпайсың ба? — дейді. Айшуақтың ішкі жорамалы болғанымен шарасыздық танытып терең, ауыр күрсінді, бірдеңе десе кемпірі шап ете қалатыны белгілі. Кенжесі өзінен жасы  үлкен әйелінің үйінде күшік күйеу ретінде тұрып жатыр.Сыртта күн түнеріңкі, Айшуақтың да көңілі сынық. Кемпіріне, жиі қыдырып келетін қызына, екі ұлына батырып-батырып айтып тастайтындай көрінеді көкірегінде жиналып қалғанды. Бір бүйірінде жатқан қыжылы ғой, бәрібір ешкімнің бетіне келмейді, Құдай берген  балалары, ішкі шерін аман болсын, жақсы болсынменен тарқатады. Кемпірі ара-тұра ауырып қалса да, Айшуақ өзін қоярға жер таппай іштей елжіреп аяп жүргені.Жаңа жылдан бері анда-санда қылаң беріп жүретін ойы қатты сырқаттанған екі күн, екі түн ішінде түпкілікті шешімін тапты. Көңілі үнемі қоңылтақсып жүргесін шығар,  ата-анасы жанына ертерек барғысы келеді, ата-ана ықыласы аңсайтыны. Оның жалғыз жолы – ақ бұйрықты өлім, өлімнен жан-дүние тыныштығын табатын сияқты. Бүгін осы құпия тілек-өтінішін тұңғыш рет дауыстап айтты бір Алла алдында құлшылық еткен мінәжат сөзінде.Фото: ok.ru
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34