Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер: Көлеңкелі экономиканы цифрлы таңбалау арқылы тыя алмаймыз
Қазірде үкімет экономиканы әртараптандыру, отандық бизнестің әлеуетін арттыру жайын жиі айтады. Үкіметтің сөзіне сенсек, отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін барлық жағдай жасалып жатқан тәрізді.
Алайда шағын және орта кәсіпті игеріп отырған кәсіпкерлердің көбісі кең нарыққа шығуға қысым көп екенін, мемлекет тарапынан беріліп жатқан гранттарға, субсидиялар мен жеңілдіктерге қол жеткізудің қиындығын жиі айтады. Тіпті отандық бизнестің «бағын ашады» деген үмітпен Еуразиялық экономикалық Одаққа (ЕАЭО) кіруіміздің өзін қателік санайтындар да бар. «Отандық экономиканы көтереді, өркендетеді» деп құрылған кәсіпорындардың үмітті ақтамағанын, талай реформаның нәтижесі құмға сіңген судай жоқ болғанына іші ашып жүргендер де аз емес. Біз осы және басқа да сұрақтар төңірегінде белгілі кәсіпкер Азат Қонысбекпен сұхбаттасып көрдік.
– Азат Құсманұлы, үкімет қазір экономиканы әртараптандыру жайлы жиі айтады. Біздің отандық бизнес осы үдеден шыға алып жатыр ма?
– Қағаз жүзінде отандықбизнес экономиканы әртараптандыруға үлес қосып жатқан шығар. Бірақ іс жүзінде «толымды істер атқарылып жатыр» дей алмаймын. Біз статистиканы көркемдеуді, әсемдеуді өте жақсы көреміз. Ал шынайы жұмыс істеуге келгенде бетпердеміз ашылады. Экономиканы әртараптандыру жоспары да тура осындай. Сыртынан қарағанда барлығы әсем, ал, шын мәнінде, мәселе көп.
– Мысалы, қандай мәселелер?
– Мәселен, кезінде қағаз жүзінде небір зауыттарды, фабрикаларды аштық қой. Қарағандыда күн батарейкаларын шығаратын зауыттың ашылуы да болды. Қаскелеңде спорт ойындарына арналған доп шығаратын зауытқа дейін аштық. Экс-президент Назарбаев өзі барып ашып, бір апта өтпей қайта жабылып қалған зауыттар да болды. Келісесіз ғой...
– Әрине, келісемін. Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда тіркеліп қойып, жұмыс істемей тұрған 120 мың кәсіпорын бар екен. Басқа емес, Ұлттық статистика бюросы мәліметтерінің өзі осылай дейді.
– Көрдіңіз бе, осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты компаниялар, кәсіпорындар көптеп ашылды. Экс-президент өзі барып ашып, «серпінді жоба» ретінде таныстырылған талай компаниялар мен кәсіпорындардың ашыла салып жабылғанын да білеміз. Үдемелі-индустриялық жобалар ретінде ашылған ондаған зауыт пен кәсіпорындардың бір жыл өткен соң дағдарысқа ұшырап, өнім шығармаған күйінде жабылғаны да белгілі. Мысалы, 2003 жылы «жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді» деген ұранмен Балқаш мырыш зауыты ашылды. Ол шараға Назарбаев қатысты, зауыт құрылысына 120 млн доллар қаражат жұмсалды. 2009 жылы бұл зауыттың жұмысы тоқтады. Бұдан соң Оңтүстікте «Ютекс» мақта өңдеу кешені ашылды. Оның да ашылуына экс-президент арнайы барды. Үкіметтегілер кешенді ашатын кезде «Қазақстанда бұрын-сонды мұндай компания болған жоқ» деп алаулатты. Бұдан соң 2006 жылы Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биохим» зауытын салтанатты түрде ашты. Жобаның құны 88,6 млн АҚШ долларын құрады. «ТМД көлемінде теңдесі жоқ» деп сипатталған бұл компанияның өнімінің 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы экспортта сатылмақ болған. Компания 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істеуі тиіс еді. 2012 жылы бұл кәсіпорын банкрот деп танылды. Тізе берсек, кезіндегі жалаулатып-алаулатып ашылған жобалардың нәтижесі қазір құмға сіңгендей жоқ болды. Егер сол кезде ашылған кәсіпорындар бүгінде жұмыс істеп тұрғанда бюджетте тапшылық болып нақ қазіргідей тарықпас едік. Үкіметтің экономиканы әртараптандыруға соның ішінде экспортты әртараптандыруға қатысты жоспарлары ойдағыдай орындалған болар еді. Біздің қазіргі экономиканы әртараптандыруымыз «әртараптандырды-мыс» деген аңыз іспетті болып кетті. Сондықтан да менің қазіргі шараларға көңілім толмайды. Тіпті басқа саланы айтпай-ақ қояйық, біз экспортты әртараптандырудың өзін көзбояушылық жасап отырмыз. Экспорт саудасында өңделген өнімдердің көлемін арттыра алмасақ та, арттырдық деп есеп береміз.
– Иә, жуырда ғана Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстанның экспортында өңделген өнімдер көбейіп келеді» деп есеп берді. Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан экспортының шамамен 35 пайызын өңделген өнімдер құраған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық.
– Негізінде, нақты зерттеп көрсек, бұл статистиканың да жалған екенін пайымдаймыз. Экспорттағы «өңдеу өсімін» дұрыс түсіну үшін тауарлық топтардың нақты құрамына талдау жасау қажет. Министрлік ұсынған статистикада өңделген тауарларға жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдер кіреді. Бұл топқа минималды өңдеуден өткен өнімдер, яғни, «шикізат текстес» өнімдер мен реэкспорттық тауарлар (компьютерлер, телефондар, ұшақтар, іштен жанатын қозғалтқыштар және т.б.) да енгізіледі. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның негізгі «өңделген» экспорттық тауарларының қатарында табиғи уран, катодты мыс, феррохром, мырыш, күміс, алюминий және тағы басқа өнімдер болған.
– Бұл дегеніміз, «өңделген экспорттың» басым бөлігі іс жүзінде өңдеудің төмен деңгейіне ие, шикізатқа жақын өнімдерден тұрады деген сөз бе?
– Иә, тура солай. Мұндай тауарлардың үлесі Қазақстанның ресми «өңделген экспортының» шамамен 52 пайызын құрайды. Бұған қоса бізде реэкспорт та «өңдеу» ретінде көрсетіледі. Реэкспорт дегеніміз – бұл шетелден әкелінген импортталған тауарды сол күйінде немесе аз ғана өзгеріспен қайта өңдеусіз басқа елге қайта экспорттау процесі. Яғни, ел тауарды өзі өндірмейді, тек аралық буын ретінде сатып алып, басқа нарыққа өткізеді. Мысалы, ұшақ, смартфон, турбореактивті қозғалтқыш, түрлі-түсті монитор, тағы басқа заттар. Мұның барлығы Қазақстанда шығарылмайтын реэкспорттар болып саналады. Шын мәнінде, статистикадағы реэкспорт пен «шикізат текстес» экспортты алып тастағанда, өңделген өнім экспортының нақты көлемі 2024 жылы ресми жарияланған 28,6 млрд доллар орнына 10,8 млрд доллар болып қалады. Осыған сәйкес, үлес те шамамен үкімет көрсетіп отырған 35 пайыздан 13 пайызға дейін, яғни, үш есеге төмендеп сала береді. Негізінде, Қазақстаннан экспортқа шығып жатқан өнім – бидай, аздаған ұн және ет. Терең өнделген өнімдердің экспортталып жатқанын естімейміз, көрмейміз. Қазір біз экономиканы әртараптандыру дегенді желеу етіп, түрлі жобаларды, арнайы экономикалық аймақтарды, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асырған болып жүрміз. Менің бір қауіптенетінім – осы бір жобаларды орындау барысында тағы да сол даңғазалық басым болып, бюджеттің қаражатын, Ұлттық қордан алынған қаражаттарды желге шашып алмасақ етті. Бұлай болатын болса, енді мұндай шашармандыққа экономика шыдамайды.
– Сонда не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бір ғана мысал айтайын, бізде Алматы облысының іргесінде 2024-2025 жылдары ресми бекітілген «Алатау Сити» деген жаңа қала пайда болды. Бұрынғы Жетіген ауылы қала статусына ауысып, 2024 жылдан бастап Алатау қаласы атауын алды. Тағы да біраз ауылдар осы қаланың құрамына енді. Жоспарға сай, қаланың жалпы аумағы шамамен 88 000 гектар. Үкімет қызды-қыздымен «Алатау Сити» екінші Сингапурге айналады деп те салды. Қала өнеркәсіп-логистикалық кластер ретінде жасалып жатыр. Бұл жерде өндіріс орындары, қойма, тасымалдау, экспортқа бағытталған зауыттар болады деседі. Аграрлық өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, тауар өндірісіөңдеу салаларына инвестициялар тартылуда. Халықаралық индустриялық кластерлер, жоғары технологиялар - Alatau жобасы «болашақ индустриясы» дейсіз бе, барлығы айтылып жатыр. Бірақ Alatau City-де нақты «ашылған» өндіріс орындарының ресми, расталған толық тізімі әлі жарияланған жоқ. Яғни, көп жоспар бар, бірақ «қай нысан дайын тұр, қайсысы жобада» деген нақты айқын ақпарат жеткіліксіз. Ең қызығы, бұл қалаға қосылған ауылдардың инфрақұрылымы нашар. Орталықтандырылған су жоқ. Жергілікті халық суды құдық қазып ішіп отыр. Тұрғындар электр энергиясының бағандарын да өздері сатып алып, үйлеріне электр жарығын да өздері кіргізген. Айта берсе мәселе жетеді. Сөйте тұра біздің атқарушы билік осындай инфрақұрылыммен Сингапур жасағысы келеді.
Негізінде мұндай жобаларды Алматының іргесіндегі Алатаудан емес, анау Қаратаудан, Кентаудан, Жаңатастан бастау керек еді деп ойлаймын. Себебі Алматыға жақын елді мекендерде қайтсе де тіршілік болады. Әкімдері іскер болса мұндай аймақтарға инвестиция тарту да жеңілірек. Осы жаңадан құрылған Алатау қаласына ірі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов келіп, өз бизнесін бастамақшы екен. Мұндай ірі кәсіпкерлерді тоқырап қалған ауылдарға апару керек. Олар ауылдарға барып, өндіріс орындарын ашсын, халықты жұмыспен қамтысын. Сол кезде біздің экономикамыз әртараптанып қана қоймайды, шартарапқа есік ашылатын еді. Ауыл-аймақ дамып, өнідірістік қабілеті артып, өнім өндіруде бәсекеге қабілетті болған кезде ештеңеден қаймықпай, экономикамызды нықтап алар едік. Өкінішке қарай, біздің үкіметте отырған министрлер де, жергілікті әкімдер де ірі кәсіпкерлерге ешқандай талап қоя алмайды. Сөзін өткізе алмайды. Оған білімдері де жетпейді. Өзі бізде бес бірдей дипломды қалтасына басқан, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, шетелде білімін жетілдірген шенеуніктер өте көп. Бірақ істеген істерін адам түсінбейді. Әрбір министрлікте отырғандар өз саласын жете түсінбейді, зерттемейді, сондықтан да олардың ісі өнбейді. Атқарушы билікте мұндай білімсіз кадрлар көп. Алдымен осы мәселені шешіп алмасақ, сауатты кадрлар легін жасақтай алмасақ, бастаған реформадан оңды нәтиже көру қиын. Біздің қазіргі отандық бизнестің де қанатын кеңге жайып, кең нарыққа шыға алмай жатқанының бір себебі де осы саланың жұмысын үйлестіретін сауатты мамандардың болмауынан. Мысалы, 2014 жылы ЕАЭО-ге ендік. Бұл одаққа енетін кезде үкімет кәсіпкерлерге үлкен нарық ашылды, мүмкіндіктер көбейді деген болатын. Керісінше, осы одақ кәсіпкерлерді қысып, тынысын тарылтып, әбден ығыр қылды. Бұл одаққа кірген кезде жауапты ведомстволар сауатты ұсыныстарын, талаптарын, ойларын айта алған кезде біз қазіргідей қиналмас едік.
– Рас, ЕАЭО-ге кірген кезде «кәсіпкерлерге кең нарық ашылады» дегенді естідік. Алайда сіз тәрізді кәсіпкерлер ЕАЭО жұмысын үнемі сынап жатады. Сонда одақ аясында қандай себептер отандық кәсіптің тынысын тарылтып отыр?
– Жоғарыда айтқанымдай, біздің үкіметтің ісі мен сөзі қабыспай жататын сәттер өте көп. Өз басым, Еуразиялық экономикалық одақты да сондай шала-жансар, піспеген бастамалардың қатарына қосамын.
– Одаққа кірерде нені ескермедік деп ойлайсыз?
– Қандайда бір экономикалық одаққа енгенде ол елдің экономикасы, болашағы әбден зерттелуі керек. Экономикалық тұрғыда ғана емес, заңы, мәдениеті, руханияты жетілген, бізден көш ілгері елдермен серіктес болуды ойлағанымыз жөн. Канада, Жапония, Германия, Сингапур сияқты елдермен байланысып, экономикалық одақ құрып жатсақ онда түсінуге болады. Ал Ресейді халықаралық сарапшылар дамыған елдердің қатарына қоспайды. Ресейдегі ахуал қазір бүкіл әлемді ойландырып отыр. Көрші елдерге үстемдігін жүргізгісі келетін елмен серіктестік байланыс орнатарда кез келген мемлекет ойланады. Біздің үкімет одаққа енерде ең алдымен осыны ескерген жоқ. Бұл одақ кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым халыққа да кері әсерін тигізіп отыр.
– Мысалы...
– Қарапайым халықтың арасында өзіне көлік алғысы келетін, техниканың тілін білетін адам қазір орыстың машинасын алғаннан гөрі немістің машинасын алуды жөн көреді. Ресейдің зауытынан шыққанына үш жыл болған көлігінен, немістің 10 жыл болған көлігінің сапасы артық. Осы тұста Ресей қулыққа басып отыр. Біз қазір Ресейден зауыттан шыққанына үш жыл болған көліктерді алатын болсақ, кедендік БАЖ салығы өте төмен болады. Германиядан басқа да Еуропа елдерінен көлік әкелетін болсақ, олардың кедендік салығы үлкен. Міне, Ресей қарапайым халыққа осылай ықпал етіп, өзінің сапасыз көліктерін біздің нарыққа тықпалап отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін де бізге үйіп әкеліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Ресей біздің нарықты сапасыз тауарларымен, өнімдерімен жаулап алуда. Бұл, өз кезегінде, кәсіпкерлерге де, халыққа да кері ықпалын тигізуде. Бұдан бөлек, Ресей қазір одаққа өзге мүше елдерге өз бастамаларын таңа бастады. Соның бірі – тауарларды таңбалау (орысша нұсқасы – маркировка товаров). Мәскеудің ойынша, барлық затты таңбалау контрабандаға, контрафактіге тосқауыл қояды. Таңбасы жоқ тауар «жалған» деген сөз. Бірақ контрабандаға да, қолдан жасалған өнімдерге де еш тоқтау болмады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айынан бастап, Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады. Бұқара халық қазір дәрі-дәрмектің қатты қымбаттағанын байқады. Себебі препараттардың әрбір қорабын маркалау тегін емес, ақылы. Тиісінше, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылардан, сырқаттардан өндіреді. Осылайша, одақ аясындағы осындай қисынсыз талап халықтың қалтасын қағып отыр.
– Демек, «елдегі қымбатшылықтың дендеуіне Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары да әсер етіп жатыр» деген сарапшылардың пікірінің жаны бар ғой...
– Әлбетте жаны бар. Қымбатшылық болады. Бірақ біздің атқарушы билік одан бас тарта алмай отыр. Үкімет осы арқылы көлеңкелі экономиканы жоямыз деген ескі әніне басуын қояр емес. Цифрлы таңбалаудан фармацевтика нарығындағы көлеңкелі экономика жойылады деп айта алмаймын. Ресей шетелдік дәрілерді Қазақстан арқылы көлеңкелі жолдармен тасуды өрістетіп жатқанда, көлеңкелі нарық өспесе, кеміген жоқ. Бұдан бөлек, одақтық таңбалау тон, ішік, зергерлік бұйымдар, аяқкиімдер, темекі өнімдері, алкоголь өнімдерін, қапталған су мен спиртсіз ішімдіктерді, жеңіл өнеркәсіп тауарларын және басқасын қамтитын болады. Сарапшылардың айтуынша, Мәскеу осы арқылы өзіне ұнамайтын елдердің өнімдерін одақ аумағына енгізбей, тежеп отыр. Кәсіпкерлер мен тұтынушылар тарапынан бұл өткір сыналып жатыр. Отандық бизнес Мәскеудің бұл бастамасынан мүлдем бас тартуды талап етіп келеді.
– Ал мұндай талаптарды үкімет орындай ала ма?
– Табандаса орындауға болады. Қазір отандық бизнес сүт өнімдерін таңбалау жобасын тоқтата алды. Бұл қымбатқа түсетін қажеті жоқ жоба. 2020 жылы басталған сүт өнімдерін маркалау жөніндегі пилоттық жоба сүт өнімдерінің құнын тек өндіріс кезеңінде шамамен 30 пайызға қымбаттатып жіберді. Аяқкиімдерді таңбалау да бизнеске қымбатқа түсуде. Бұл дегеніміз – қазақстандық шағын бизнес әрдайым ұтылып отырады деген сөз. Шынында, бұл өз еңбегімен өсіп-өніп, өз күшімен көтеріліп келе жатқан кәсіпкерлер үшін ауыр талап. Қосымша қаражатты қажет етеді. Бұдан отандық бизнес дағдарысқа кетеді. Қосымша қаражаты жоқ бизнес таңбалау ақысын шығарған өнімінің үстіне қосады да, қымбатшылық дендейді. Сайып келгенде, мұның соңы тағы сол қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады.
– Негізінде, көлеңкелі экономиканы, цифрлық таңбалау арқылы жеңеміз дегенге сіз өзіңіз сенесіз бе?
– Жоқ, мүлдем сенбеймін. Көлеңкелі экономиканы цифрлы таңбалау арқылы тыя алмаймыз. Жемқорлардың жемсауын бір ғана таңбалау жояды деу – ертегі. Кеденінен бастап, үкіметіне дейін қомағайлықтан тыйылғанда ғана экономика дамиды. Көлеңкелі экономика сонда тыйылады. Бізде барлық саланы жемқорлық жайлаған. Тендердің айналасында жемқорлық. Кеден жемқорлықтан тыйылған жоқ. Ресейді де жемқорлық дендеп тұр. Жемқорлық жайлаған екі елде қандай көлеңкелі экономиканың тыйылуы болсын. Көлеңкелі экономика әр елдің заңы мықты болғанда тоқтайды. Үкіметте сауатты, білікті, өз ісінің білгірлері ғана емес, адал қызметкерлер жиналғанда ғана көлеңкелі экономика тоқтайды. Ал бізде, керісінше, үкіметтегілердің дені өз ісін білмейді. Осыдан барып Ресей айтса да, басқа айтса да бас шұлғып, соның жетегінде кетеді. Біздегі ең негізгі кемшілік осы. Ресейдің атқамінерлері Қазақстанды өзінің бір құрамдас пұшпағындай көреді. Қазақ елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені қаперіне кіріп шықпайды. Егер біздің министрлер қазақша ойын жеткізе алмай тұрса орыстың қаперіне қайдан кірсін. Осы одақты жөнге келтіретін бірден-бір қару бұдан былайғы келіссөздерде қазақ тарапынан жасалатын құжаттар орыс тілінде емес, қазақ тілінде жасалса. Ресейліктер түсінгісі келсе аудармашы әкелсін!
– Бас шұлғу, жетекке еру, біліксіз маман, тіл білмеу тақырыбы айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Қалай ойлайсыз, бізде неге бұдан қорытынды шықпайды?
– Өйткені үкіметте есту, айтылған пікірге құлақ асу жоқ. Кезінде Кеңестік кезеңде колхоз төрағасы қызметіне жету үшін қарапайым қара жұмыстан бастап сатылап көтерілетін. Қазір «Болашақпен» оқып, орыс, ағылшын тілін білсе болды, министр болып шыға келеді. Өз басым, сол «Болашақпен» оқып келгендерді бірінші ауылға, өндіріс орындарына жіберіп, қара жұмысқа жегу керек деп ойлаймын. Ол жерлерде қандай мәселелер бар көздерімен көрсін, үйренсін. Қазақстанның шетел емес екенін, олар оқып келген шетелдегідей дамып үлгермегенін білсін. Содан кейін барып ақыл тоқтатқан кезде бір лауазымға тағайындауға болады. Өз саласын жете түсінбейтін, өз тілін білмейтін, қажет болса қазақылықтың не екенін ұқпайтын министрлер елдің мүддесін бірінші орынға қояды деп айта алмаймын. Сондықтан үкіметте сауатты, ұстанымы мықты кадрлар болса, кемшіліктер азаяр еді. Болашақта осыған қатты мән берілуі керек. Сонда біздің дамуымыз дұрыс жолға түседі, елдің келешегі үмітті болады...
Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ