Азат Сұлтанов Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды
Азат Сұлтанов Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Азат Сиражиддинұлы Сұлтанов Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.
Ол шілдеде қызметінен босатылған Рүстем Құрмановтың орнына тағайындалды.
Азат Сұлтанов 1984 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы жеке компанияда заңгер болып бастаған. Осы жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің заң бөлімінің сарапшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі Инновациялық саясат және жоғары білім департаментінің бас сарапшысы, ассистенті қызметтерін атқарған.
2015-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаментін басқарды. 2016-2017 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары болды. Сондай-ақ 2017-2023 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-технологиялық және техникалық саясат, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы департаменттерін басқарды.