Азаттық үні бұл домбыра
Астана күніне орай Жетісу облысында бірқатар шаралар өтті. Соның бірі – Ұлттық домбыра күніне байланысты 7 шілде күні Талдықорған қаласында, «Жастар» саябағында «Жетісу күйі» орындалды.
Облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға облыстағы мәдениет мекемелерінің домбырашылары, аудандық және қалалық мекемелердің өнерпаздары қатысты. Бір мезетте үш мың адам «Жетісу күйін» орындап, тұрғындарды шаттыққа бөледі.
Айта кету керек, аталмыш күйдің авторы Таңатар Алшабеков. Жетісулық тұрғындар бұл шараның тәрбиелік мәні зор екенін, мұндай бастамалар ұлттық идеологияны арттыратынын айтуда.
Талдықорған қаласының тұрғыны Әлішер Мүрсәлімов жыл сайын осындай шаралардан қалыспайтынын, отбасымен келіп тамашалайтынын мысал етті.
«Ұлттық домбыра күніне байланысты ұйымдастырылып отырған «Үкілі домбыра» мәдениет бағдарламасын тамашаладым. Өзім ғана емес, отбасыммен келдім. Маған ұнағаны – үш мыңнан астам адамның «Жетісу күйін» орындағаны болды. Жалпы, мұндай шаралар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, қазіргі жастардың патриоттық сезімін оятуға қажет деп санаймын. Өзім күйшілерді құрметтеймін. Таңатар Алшабековтің «Ғасырлар үні» деген тамаша күйі барын да білемін. Жетісу күй өнерінің биік шыңы Қожеке Назарұлының да өнерін насихаттап жүремін. Балаларыма күйдің құдіретін үнемі айтып отырамын», – дейді.
Жалпы, шараға келгендердің дені Жетісу күй өнерінің тарихын жетік біледі. Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалағандар жайлы сыр шертеді. Облыс тұрғындары жергілікті биліктің мәдени шараларды ұйымдастыруға, оны ары қарай дамытуға, өркендетуге деген бастамаларын қолдайды.
«Былтыр Жетісу күй мектебінің атасы Қожеке Назарұлының 200 жылдығын атап өттік. Ұлы күйші Жетісу өңірінде дүниеге келген. Күй мектебінің негізін қалаған. Қожекенің «Қолға алынар алдында», «Түрмедегі қинау», «Кер толғау», «Шалқайма» секілді күйлері тарихи оқиғалардан сыр шертсе, «Арыздасу», «Естірту», «Арман», «Нұрқаны жоқтау», «Күй шақыртқы», «Қос келіншек», «Тарпу», т.б. күйлері халықтық салт-дәстүрмен сабақтасып жатады. Қожеке Назарұлының өмірінің біраз бөлігі Қытайда өтті. Азапқа толы қамшының сабындай қысқа өмір жолында халықтың қуанышы мен қайғысын арқалай жүріп, керемет тыңдармандардың көңілінен шығатын 100-ден аса күй шығарған. Біздің мақсат – осы күйшілердің бізге қалдырып кеткен мұрасын өлтірмеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Сондықтан да осындай шаралар ұйымдастырылуы керек. Жастар күйдің құдіретін ұғынып, қазақтың мәдени құндылықтарын қастерлеуі қажет», – дейді жетісулық тұрғын Ә.Мүрсәлімов.
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданы Қоңыр ауылында жаңадан салынған блок-модульді медицина нысанының құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, Қоңыр ауылы аудан орталығынан 78 шақырымда орналасқан. Халық саны – 706 адамды құрайды.
Ауыл тұрғындары бұған дейін ескі медициналық ғимаратқа барып ем қабылдап жүргендерін, ол ғимараттың талапқа сай еместігін, енді, міне, еңсесі биік жаңа медициналық мекемеге қолдары жеткеніне риза.
Қоңыр ауылының тұрғыны Б. Ермекова:
«Жаңа медициналық мекеменің ашылғанына өте қуаныштымыз. Әсіресе қарттар үшін ыңғайлы болды. Заман талабына сай медпункт ашылып, дән ризамыз», – деді.
Блок-модульді медициналық нысан Алакөл ауданы әкімі аппаратының тапсырысы негізінде мердігер QazDamuConstruction ЖШС 33 млн теңгеге салған. Ғимараттың жалпы аумағы 103 шаршы метрді құрайды. Аталмыш ғимаратта 6 бөлме бар. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 15 емделушіге алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратымен жүрек қағысын тексеру, жедел және шұғыл медициналық көмек қызметтерін көрсетеді. Мекемеде штаттық бірлікке сәйкес 3 қызметкер қызмет етеді.
«Жалпы, дерек бойынша Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан тұрғызу жоспарда бар. Соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынады, сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады», – дейді Жетісу облыстық әкімдік өкілдері.
Ә. ҚАЙЫРБЕК
Жетісу облысы