Әзербайжан AZAL ұшағының апатын қасақана жасалған деп санамайды

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Fox News арнасына берген сұхбатында 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines рейсінің әдейі атып түсірілгеніне сенбейтінін айтты.
— Біздің жалғыз талабымыз – бұл оқиғаны ресми түрде мойындау, кінәлілерді жазалау және толық көлемде өтемақы төлеу, - деді ол.
Әзербайжан тарапы бұл мәселеде Мәскеудің ұстанымын «тиімсіз» деп бағалап отыр. Президент 2014 жылы Донбаста құлаған малайзиялық ұшақ ісінің тергеуі 10 жылдан аса уақыт жүргізілгенін еске сала келе, қажет болса, Баку да ұзақ күтетінін айтты.
AZAL-дың Embraer E190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ сол күні Каспий теңізі арқылы ұшып өткен. Ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы аман қалған.
Әзербайжан тарапы бейресми түрде ұшақты Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қателікпен атып түсірді деп санайды. Алайда Ресей билігі тергеу әлі аяқталмағанын алға тартып, түпкілікті қорытынды жасауға ерте дейді. Тергеу нәтижелері 2025 жылдың соңына дейін жарияланады деп жоспарланған.
Ұшақ апатына байланысты Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста елеулі салқындық пайда болды. Оқиға екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленісті күшейтіп отыр.
Шілдеде Әзербайжандық Minval Politika басылымы 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына зениттік зымыран атылған сәтте кезекшілікте болған ресейлік әскерилердің аты-жөндерін жариялады.
Minval келтірген дерекке сәйкес, шабуыл жасалған сәтте 51-дивизия ПВО-ның аға штурманы капитан Дмитрий Пудовкин, Оңтүстік әскери округі штабының кезекші офицері подполковник Владимир Яновский және 4-гвардиялық әуе-қорғаныс армиясының кезекші командалық пунктінің полковнигі Геннадий Еременко кезекшілікте болған.
Ресейлік Astra Telegram-арнасы дерекқорларға сілтеме жасап, аталған үш офицердің әскери қызметпен байланысы барын растады.
Зымыран ату бұйрығын генерал Толопило берген
Minval-дың 22 шілдеде жариялаған тергеу дерегіне қарағанда, әуедегі нысанға шабуыл жасау туралы тікелей бұйрықты 51-дивизия ПВО командирі, генерал-майор Александр Толопило берген. Бұл туралы подполковник Николай Орлянский ішкі тергеу кезінде айтып, Толопилоның бұйрығын капитан Пудовкинге жеткізгенін мәлімдеген.
19 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Баку Мәскеуге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, жеті ай өтсе де, Ресей тарапы апатқа қатысты бірде-бір тұшымды жауап берген жоқ.
Ресей ресми қорытындыларды күтпек
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, Ресей халықаралық сотқа жүгіну — Әзербайжанның құқығы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынас күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр, бірақ Кремль бұл дағдарыстың уақытша екенін үміт етеді.