Әзербайжан AZAL ұшағының апатына байланысты Ресейге халықаралық шағым дайындап жатыр

Әзербайжан билігі 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының ұшағына қатысты Ресейге қарсы халықаралық сотқа шағым дайындап жатыр. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, апатқа жеті ай өтсе де, Ресей тарапы нақты жауап бермеген.
«Оқиғаның анық-қанығы белгілі, бірақ бізге тек "тергеу жалғасып жатыр" деген жауап келеді. Бас прокурорымыз Ресей Тергеу комитетіне бірнеше рет ресми сұраныс жолдады, бірақ нәтиже жоқ», — дейді Әлиев.
Әзербайжан тарапы бұл мәселеде Мәскеудің ұстанымын «тиімсіз» деп бағалап отыр. Президент 2014 жылы Донбаста құлаған малайзиялық ұшақ ісінің тергеуі 10 жылдан аса уақыт жүргізілгенін еске сала келе, қажет болса, Баку да ұзақ күтетінін айтты.
AZAL-дың Embraer E190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ сол күні Каспий теңізі арқылы ұшып өткен. Ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы аман қалған.
Әзербайжан тарапы бейресми түрде ұшақты Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қателікпен атып түсірді деп санайды. Алайда Ресей билігі тергеу әлі аяқталмағанын алға тартып, түпкілікті қорытынды жасауға ерте дейді. Тергеу нәтижелері 2025 жылдың соңына дейін жарияланады деп жоспарланған.
Ұшақ апатына байланысты Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста елеулі салқындық пайда болды. Оқиға екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленісті күшейтіп отыр.