Әзербайжан Иранмен шекараны ашты
9 наурыз күні Әзербайжан мен Иран арасындағы шекара арқылы жүк тасымалы қайта ашылды.
Тиісті шешімді Әзербайжан министрлер кабинеті қабылдаған. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 наурыз күні сағат 10:00-ден бастап Әзербайжан мен Иран арасындағы мемлекеттік шекара арқылы жүк тасымалдайтын барлық көлік түрлерінің кіруі мен шығуына қайта рұқсат берілді.
Бұл шешім екі ел арасындағы тасымалдарға да, транзиттік жүк тасымалдарына да қатысты.
Нахчыванға жасалған шабуыл
Әзербайжан билігінің мәліметінше, 5 наурыз күні таңертең Иранға тиесілі екі дрон Нахчыван әуежайы мен Шакерабад ауылындағы мектепке шабуыл жасаған.
Оқиға салдарынан екі адам жарақат алған.
Әзербайжан аумағына дрон шабуылы жасалғаннан кейін президент Ильхам Әлиев елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақырған.
Ол Әзербайжан Қарулы күштеріне – Қорғаныс министрлігіне, Мемлекеттік шекара қызметіне және арнайы мақсаттағы барлық бөлімшелерге №1 мобилизациялық дайындық шеңберінде кез келген операцияға дайын болуды тапсырған.
8 наурыз күні Пезешкиан Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесті. Пезешкиан Иранның Әзербайжанға жасалған дрон шабуылына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Иран президенті сондай-ақ Әлиевтің Бакудегі Иран елшілігіне барып, Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты көңіл айтқанына алғыс білдірген. Сонымен бірге Тегеранға гуманитарлық көмек көрсету ниеті үшін ризашылығын жеткізген.
Мәлімдемеде Пезешкиан Нахчыванға әуеден жасалған шабуылдың Иранға қатысы жоқ екенін айтып, бұл оқиға толық зерттелетінін атап өткен.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті соңғы оқиғалар кезінде Иранда көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына байланысты тағы да көңіл айтқан.